Қазақтай бауырмал ұлт тарихта болған емес!
2020 ж. 18 шілде
2267
0
АЛ, ОНЫ ДӘРІПТЕУ – БӘРІМІЗДІҢ ПАРЫЗЫМЫЗ
Маусымның 22-і күні 16.00. сағат шамасында фейсбукте саудың тамағын жеп, жындының сөзін айтатын біреудің посты жарияланды. Ол мынау. Ағеділ Айтуаров: «Оңтүстік өңірінде қазақ жоқ десе де болады. Ұйғыр мен өзбектен өлердей қорқатын, өтірік бабасымен мақтанып, жеті атасынан бері құлдықтан көз ашпаған қазақ атын жамылған қорқақ, екіжүзді, туғанын да сата салатын, жер, ұлт, тіл, отан деген нәрселерді санасына да, қанына да бермеген, тексіздеген дүбәра тобыр ғана бар десек дұрыс болады». Оған бірден шымкенттік Момбек Абдакимулы (аты-жөні өзінің жазуымен беріліп отыр – авт.) жауап қайтарды: «Ағәділ, не оттап отырсың өзің?! Сенің кіші жүзің қашан келіп оңтүстікті жаудан тазартып еді? (осы жерде және ары қарай қарайтқан мен – Ө.А.).Тарихты білмейтін дүмбілез, шаласауатты ақымақ, кімнің әруағын басынып отырсың өзің?! Жерінен ауып келген кіші жүзіңнің жартысы оңтүстікте тұрып жатыр. Олар да сен айтқандай қорқақ шығар онда...» Күлеміз бе, жылаймыз ба?!. Ағеділ деген неменің кім екені постты бастаған сөзінен-ақ көрініп қалды. Ал, Момбек, күнгейдің тарихына қалам сілтеп жүрген білдей жазушы аты бар адам емес пе? «Тарихты білмейтін дүмбілез, шаласауатты ақымақ, басынып кімнің әруағын отырсың өзің?!» дей отырып, өзінің қазақ-жоңғар соғысының тарихының иісі мұрынына бармайтынын байқатып алды, әйтпесе, стратег Әбілқайыр хан 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды» басталғанда-ақ батыстағы Еділ бойының қалмағы мен шығыстағы жоңғардың түпкі ойы қазақты екі жақтан қыспаққа алып, біржолата жою, сөйтіп ұлан-ғайыр даланы иемдену екенін бірден тап басып таныған. Таныған да Аюке ханға шығысқа аттануға жол бермей, өзі оларға жорыққа аттанған. (Ал, ойраттардың бір бөлігі ХVІ ғасырда қазақ даласының солтүстігі арқылы оның батысынан бір-ақ шыққан кезде, олардың түпкі ойы қазақты қоршауға алу еді. Бұл идея оларға Шыңғыс хан өлгеннен кейін моңғолдардың Қытайды жаулап алу үшін, бір бөлігі оның шығысы арқылы 5 жылда Қытайдың оңтүстігінен барып шыққан, сосын екі жақтап қытайды жаулауға кіріскен тарихынан келген болатын). Әбілқайыр осылайша екі жыл соғысып, Еділ қалмағы қазақтың арқасына пышақ сұға алмайтындай етіп, бас көтертпей тастағаннан кейін 1724 жылы қарулы қолымен келіп Түркістанды азат еткен болатын. Бірақ, жоңғардың үлкен қолы көмекке келгенде, Түркістанды ұстап тұруға шамасы жетпейтінін біліп, кейін шегінген. Сол себепті енді әбден дайындалып, әрқайсысы онға татитын тәжірибелі, шыныққан, шыңдалған сарбаздарымен 1726 жылы Ұлы Азаттық жорығына шыққан. Оны Төле бастаған қазақ билері де 1726 жылы көктемде Ордабасыда бүкіл қазақ әскеріне Бас қолбасшы етіп, соңында қалың қолы, өзінің қолбасшылық білімі мен беделі болғаннан соң сайлаған. Ең алғаш жеңісті бүгінгі Бадам стансасының күнбатысындағы жазықтағы айқастан бастап (бұрынғы Мамаевка, кәзіргі Көлтоған аулына кіберістегі жотадағы қаптаған төбе – «бауырластар зираты», шейіттердің әрқайсысын арулап қоюға жағдай көтермеген соң солай көмілген), Арқадаға атақты «Қалмаққырылғанда» жалғастырып, 1730 жылы Аңырақайда жоңғардың белін сындырумен аяқтап, 4 жылда осы Шымкент, Сайрам, Түркістанымыздан бастап, Іле-Балқашқа дейінгі жерді азат еткен жоқ па еді? Еңбегі, ерлігі болмаса «Қалмаққырылғанның» қасында «Әбілқайыр өзені», Шу мен Талас өзенінің арасында «Әбілқайыр даласы», Қаратау қойнауында «Әбілқайыр бұлағы», Аңырақай шайқасы өткен өңірде, Хантауынан Шуға қарай созылып жатқан «Әбілқайыр жалы» деген тау атауын қазақ не үшін берген? Батыстағы адай бауырлардың осы Азаттық жорығы «Сауран айналған» деген атпен сақталған. Адай қолының басшысы Шотан батыр атында Жезқазған жақта жер бар. Олар сенің мына сөзіңді естісе не дейді, Момбек, рахмет айта ма саған?.. «Жерінен ауып келген кіші жүзіңнің» деген не сөз, Момбек?! Олар өз елінде күнін көре алмай келіп пе сонда?! Есіңде болсын, Қазығұрттағы адай, рамаданнан бастап, Алтайға дейін ойдым-ойдым талай Кіші жүз руының жұрнағы бар. Олардың бүгінгі ұрпағы кешегі зұлматтардың салдарынан ата-тегін ұмытып та қалған, «Кіші жүз екенімізді білеміз, ал, тарата алмаймыз» дейді. Менің өзім соларға 1994 жылы жер сілкінісінен соң Зайсанға жұмысшылар апарғанда, сосын 2014 жылы іссапарда Талдықорғанда жүргенде жолықтым. Алтайдағы найманда «найман-тама» деген ел бар, найманға сіңіп кеткен тамалар өз атын ұмытпас үшін осылай еткен. Олар қайдан жүр Алтайда? Кіші жүздің алғашқы толқыны Әбілқайырмен бірге 1726 жылы келген. Төрт жылдық Ұлы жорықтан соң хан еліне қайтқан кезде оған дейін Кіші жүздің жігіттерінің қырылғаны қырылып, аман қалғанының бір бөлігі еліне қайтқан, ал, екінші бөлігі қалып қойған болатын. Неге? «Біз о баста осылай шықанда жоңғарды Алтайдан асыра қуып, қазақ жерін жаудан біржолата азат етіп қайтамыз!» деп анттаспап па едік? «Өзекті жанға - бір өлім», сау адам өле ме, соғыстағы адам өле ме, оны бір Алла біледі, қаламыз!» дескен олар. Солардың ерлігін бағалаған, бүгінгі біз сияқты емес, сөз бен істің қадырына жете білген бабаларымыз орталарынан ойып орын берген! Ақын Сараның айтыста Төребайдан жеңілуі Сөзімізге бір ғана дәлел келтіре кетейік. «Айтыс» кітабының 2-томындағы Жағалбайлы Төребай ақынмен айтысқанда өз елінің ұрысын «батыр» деп мақтаймын деп сөзден ұсталған Ақын Сараның сасқанынан қарсыласына қайта-қайта «келімсексің» деп тиісе берген сөзі мен оған Төребайдың қайтарған жауабын ықшамдап берейік. Сара: ...Белгілі әйелде ерке, сал екенім, Біледі үйсін, найман Сара екенім. Атақты Біржан салдан бата алғанмын, Біледі ел өлеңге ебім бар екенін. Мен білем Алшын жері тар екенін, Қонысқа жағалбайлы зар екенін. Жүз қырық үй жағалбайлы кірме елсін, Ығында жүретұғын Қарекеңнің. Төребай: ...Мен де білем сенің де бар екенің, Найманда ақынсымақ Сара екенің. Біржанға он сегізде мұңың шағып, Құтылған Жиенқұлдан жан екенің. Мәлім ғой маған-дағы үйсін, найман, Менің де хабарым бар әр жағдайдан. Арғын менен қыпшақты кемсітем деп, Жеңілдің сүйіндік арғын Жәмшібайдан. Сара, сен емессің ғой онша ақын, Біржанның арқасында шыққан атың. Көп сөйлеп, көк езу боп шалқи берсең, Найманның шығарасын жаман атын. Сара: ...Баруға өз еліңе еріншексің, Даулы іске келгенде көңілшексің. Менімен Төребайым салғыласпа, Сен келген біздің елге келімсексің. ...Кірмесің жағалбайлы затың алшын, Шапқылаумен күні өткен неткен жансың. Еліңе би болам деп шіренбе сен, Бір кезде төреге ерген шабармансың. ...Өрлеп кетем мен сөзді айтқан сайын, Аз ғана Алшын белгілі сенің жайың. Жетісуда күн көрмей еліңе қайт, Осымен айтыс бітті, Төребайым! Төребай: ...Аз алшын болсамдағы шеттегем жоқ, Өзіме үйсін, найман беттеген жоқ. Көрместен босқа сөйлеп сандаласың, Аттарын төрелердің ерттегем жоқ. Жалайыр Шыбындыдай қыстау берді, Қарсы алды, еш біреуі кет деген жоқ. Соңыма үйсін, найман жігіті ерді, Бәрін де жолдас еттім, жек көргем жоқ. ...Анадан сен туғанда мен де туғам, Мен де сендей жасымнан өлең қуғам. Кірмесің деп бетіме салық қылма, Талайын сендейлердің сөзбен буғам. Мен емес адасатын ел таба алмай, Жүргем жоқ баратұғын жер таба алмай. Жақсысы үйсін, найман өтінген соң, Қалып ем сол себепті елге бармай. Осы кезде Сара жеңілгенін мойындап, былай дейді: Төребай, сөзді тауып жеңіп кеттің, Дауым жоқ айтар түйір бос ұстасып. Кешегі он сегіздің шағы болса, Кетер ем өзіңменен қол ұстасып. Ұлың болса болса қыз берем, би Төребай, Болайық құда екеуміз, бек достасып! (Екі ақын құдандалы болады...) Тілеу батыр кім? Міне, мәселенің мәні қайда жатыр! Қазақтың елі үшін қанын төгіп, жанын қиған ата-бабаларымыздың аруағын «сенің кіші жүзің қашан келіп оңтүстікті жаудан тазартып еді?» деп неге қорлайсың, Момбек? 1711 жылы «Сайрам соғысына» сонау Ақтөбеден 17 мың қолды бастап келіп, соңғы шайқаста 10 мың сарбазы мен кіші ұлы Жолдаяқтан айрылған, өзі де опат болған, әйгілі Мөңке бидің әкесі Тілеу Айтұлы батыр мен сол шейіттердің мазары Сайрам кентінің ортасында қалғанын сен шынымен білмегенің бе, Момбек? Батыр мен оның ұлына арналған ескерткішті қоюға Шымкент қаласының әкімдерінен қоятын жер ала алмай, орталық стадионның қасындағы жер қандай айқас-тартыспен – төлебилік Құдайберген ақсақалдың аталы сөзіне тоқтай білген сол кездегі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахимовқа рахмет! – алынғанынан, ескерткішті орнатып жатқан кеште мүсін авторына бірнеше «ақсақал мен көксақал» (ондайларды «көксоққандар» деп атаған дұрыс шығар...) келіп, «кім ол біз білмейтін Тілеу деген, неге орнатасыңдар бұл жерге?» деп қиғылық салғанынан хабарсызсың, әрине. Сірә, сенің «ағаларың» болса керек олар, өйткені бүгін елдің ақсақалы болар жасқа келген сенің сөзіңнің түрі мынау... Демек, сен сол ескерткіштің ашылғанынан да бейхабарсың, одан бергі бірнеше жылда бұл кім екен деп қызығып, сұрастыруға да жарамағансың ғой. Ал, «ұрының аты өзіне сай болады, батырдың қатыны өзіне сай болады» демекші, Тілеу батыр жорыққа аттанарда бәйбішесі: «Бір тілегімді беріп, осы жарыққа бармаңызшы, беліңізде Мөңкеден де атақты болар ұл кетіп бара жатыр, барсаңыз қайтпайсыз...» деп өтінгенде де атының басын бұрмаған. Мені танитын жігіттер рушылдық, жүзшілдік деген аурудан аман екенімді біледі. Ал, бірақ, мен сен «кіші жүзің қашан келіп оңтүстікті жаудан тазартып еді?» деп отырған, сол Әбілқайыр ханмен жас кезінде бірге келіп, 1754-55 жылдардағы жоңғарды жаппай қуған көп жорықтың бірінен соң қайтыс болған, денесін бураға артып, Түркістанға, Әзірет сұлтан кесенесіне әкеліп қойған, кесененің ішіне жерленгендер тізімінде 67-ші болып: «Шеркеш Сүтемген батыр» деген жазулы тұрған Сүтемгеннің ұрпағымын. Ол енді сен сияқты сауатты надандардың жаласынан өзін қорғай алмайды, сол себепті мен жауап беріп отырмын... 12 ата Байұлының ішіндегі Шеркештің Қосымының Құдайберлісі дейді бізді. Күнгейде Құдайберліден Сүтемгеннің бауыры Итемген екеуінің ұрпағы ғана бармыз, қалған ағайынның бәрі Батыста. Сүтемгеннен тарағандардың арасынан атақты актер Асанәлі Әшімов пе әйгілі гимнастшы қыз Әлия Юсупова шықты. Кіші жүздің одан кейінгі толқынының бәрі де күнін көре алмай «ауып келген» жоқ, Момбек! Олардың бәрі сансыз көтерілістердің салдарынан жерінен қуылды. Бұл жөнінде жаңатастық жазушы Пернебай Дүйсенбиннің «Үркердей болып көшкен жұрт» деген кітабында толық жазылған. Немесе, олардың ашаршылықтың алапат азабы әкелген. Сенің ата-бабаң ашаршылыққа ұрынған жоқ па еді?.. Ең соңғы толқын, Тәуелсіздік келіп, біздің нұрланған көсемдердің «көреген саясаты» ауылдың бәрін қаңыратып тастаған соң келді. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» Айдаладағы не айтып не қойғанын білмейтін Ағеділ емессің, абыройы бар азаматсың, соны кішкентай да болса сақтап қалғың келсе, елден, одан да бұрын аруақтардан кешірім сұра, Момбек! Қазақтай бауырмал халық әлемде жоқ! Оның солай екенін ата-бабаларымыз Манас батырдың қасынан табылған заманда-ақ дәлелдеп қойған. Манастың ең сенімді серігі Алмамбет пен Ер Көкшеден бастап қазақтың талай ерінің есімі аталады айтулы эпоста. Ноғайлының Қырлы қаласы мен Сырлы қаласын қызылбастардан азат етуге Қобыланды батыр мен Қараман батыр қалың қолмен аттанған. Қазан қаласын орыстардан қорғауға шыққанда, қазақ батырлары уағдаласқан жерге уақтылы жиыла қоймай, соған ашуланғаннан жалғыз аттанған тама Шора батырдың жолда боранға ұшырап, адасып, жаурап, сол кезде Алла-Тағаладан: «Мен Қазанға жеткенше, қар жаумасын, нұр жаусын! Мен Қазанға жеткен соң, қар жаумаса қан жаусын!» деп тілейтіні бар... Тарихты білмейтін, әруақты сыйламайтын жалғыз Момбек болмаса керек. Солардың кесірінен, одан да бұрын осындай теңдессіз бауырмалдықты отыз жылдан бері насихаттайтын, жалпақ жұртқа ерлердің ерлігін, елдің елдігін жария қылатын, паш ететін Ұлттық идеяның, соған жұмыс істейтін Ұлттық идеологияның жоқтығынан Әзірет Сұлтанға зиярат етуге шыққандар алдымен Сайрамда жатқан оның атасы Ибрахим мен анасы Қарашаштың мазарына зиярат етеді, ал, сол Қарашаш-ана мазарынан 200 метр жердегі төбеде Сайрам соғысына сонау Ақтөбеден келіп мерт болған 10 мың сарбаз жатқанын ешкім білмейді. Ешқандай белгі, көрсеткіш тақта дегенді таппайсыз. Міне, идеологияның жоқтығының дәлелі. Себебі, ондай мәселемен айналысу бірінше кезекте мемлекеттің, өкіметтің міндеті ғой. Ана жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Суханберді Оразалин осы тақырыпты көтеріп, көлемді мақала да жазды. Өзгерген ешнәрсе жоқ. Есесіне бүгін бізде бір рудан 24 министр, төраға лауазымында адамдар жүр... Өмірзақ Ақжігіт qazaquni.kz