САРЫБАУЫР АТ
2020 ж. 05 шілде
2886
0
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениеті туралы басымдықты бірінші орынға қоя отырып, жылқыны халқымыздың қазақы болмысын айқындайтын басты құндылық ретінде дәріптеді. Елбасымыз аталмыш мақалада:«Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды», – деп жазды. Төменде Елбасының осынау жазбасына үн қосып, Қазақ елінің қасиетті жерлері, рухани жаңғыру, туған жер, ел бесігі – ауыл, жылқы тақырыбында қалам тербеген оқырманымыздың жүрекжарды сыры ұсынылып отыр.
***
Елбасы мақаласын оқи отырып, бесінші класта жүрген кезімде, нақтырағы, бұдан елу жылдай бұрын, ауылда қой кезегіне барғаным есіме түсті.
Ат жағдайының оп-оңай шешілетініне күмәнім жоқ-ты. Сондықтан да, бұрын көбіне велосипедпен баратын самал белдер қойнауындағы жылқышы ауылы – «Тікенекті» жайлауына аяңдап, жаяу жеттім. Аядай ғана алаңқайда отырған бес үй. Тасада. Білетін адам болмаса жылқышы ауылы екен деп ешкім ойламайды. Өйткені топырлаған үйір-үйір жылқы да жоқ мұнда. Абыр-сабыр қарбаласқан да ешкімді көре алмайсың. Соған қарағанда, жылқышылар өмірі де жатқан бір жұмбақ әлем, өзі...
Төбесін көлеңкелеген желі басында он-он бес құлынды бие шыбындап тұрады. Қалған қылқұйрықты түпте... Ішкеріде жусатып, сауын биелерді анда-санда ауыстырып отыратын секілді. Кезекке мінетін көлікті сол жерден алмақшымын.
Жылқы жарықтықтың сезікшілдігі ме екен, желідегі жануардың қайсыбірі жайлауға бөгде адамның кіргенін аңдағандай, тау ішін күңірентіп, оқырана кісінейді. Қалғандары да қозғалақтасып, бір-біріне үн қосып, пыр-пыр пысқырынады. Айнабек ағамның есік алдында жүргенін сонадайдан көріп, қуанып қалып едім. О кісі – нағашым. Шешемнің жалғыз інісі. Осындағы бас жылқышы. Мені көргенде мәз болып, әдетінше:
– Өй, көктен түстің бе-ей? Қайдан сап ете қалдың?! – дейді даланы басына көтере дабырлап. Әйелі Орынтай пеш қасында күйбеңдеп, нан пісіріп жүр екен. Ол да:
– О-о! Құлан ғой! – деп қуанып жатыр алжапқышына қолын сүртіп тұрып. – Мамаңның қалы қалай? Үй-іштерің тегіс аман ба? Жүр, үйге кір!
Жылқышылардың ойнап жүрген ұсақ балаларының да кенет аңтарыла қалып, одан бірінен кейін бірі сүріне-жығыла жүгіріп келіп, кіп-кішкентай қолдарын созып таласа амандасатындары қызық. Олардың шешелері де бұл кім екен кеп қалған деп, киіз үй есігінен бастарын қылтита қарайды кезек-кезек...
Қашан барсаң, Орынтайдың дастарханы жасаулы тұратын салты. Кірген бойыңда үнемі ақ дәкемен жабулы жұратын наны мен құрт-май, кәмпит-сәмпитін ашып:
– Кел, төрлет. Жоғары шық. Қымыз іш! – деп бәйек болады.
Айнабекке келген шаруамды күлбілтелемей бірден айттым.
– Жеті-сегіз күнге ат тауып беріңіз. Әжем үйінің қой кезегіне бару керек боп қалды, – дедім.
Айнабек зайыбы екеуі үрпиісіп, бір-біріне қарайды. Ұзақ үнсіздіктен кейін кінәлі адамдай кібіртіктеп, жасқаншақтай көз тіккен нағашы ағам желкесін қасып, ауыр күрсінді.
– Қымыз ішсеңші! – деп қойды одан тостаған толы сусынды бұған қарай қос алақанымен ақырын тақаңқырай түсіп.
Орынтай да жаңа ғана табадан шыққан ыстық нанды турап, алдына қойып тұрып:
– Жесеңші! Май жағып же. Қымыздан ал! – дейді.
Қуыстандым. Бергісі келмей отыр ма... Әлде, баласынып сенбегендері ме. Мұнысы несі екен деп күдіктенемін.
– Бір-екі күн бұрын айтқаныңда... Ыңғайы болмай тұрғанын қарашы... – Айнабек күмілжіді. – Кеше ғана екі атты қойшыларға беріп жіберіп ем...
Енді мен ыңғайсыздандым.
– Жарайды, онда. Келген шаруам сол еді, – деп шығуға айналамын. Мән-жайды онша түсіне қоймасам да, мініс көлікті ала алмайтыныма көзім жетті. Несіне отыра беремін. Ертерек кетуді ойладым. Бірден тастай түйіліп алғанмын. Жоқ болса жоқ шығар. Бермесе, амал бар ма. Қойды велосипедпен-ақ бағам ғой... Қайта, әуресі аз, соным ыңғайлы шығар деп едім. Нағашыма іштей ренжіңкірегенім де рас-тын. Бұрын-соңды қолқа салып көрмеппін. Бекер сұраған екем деп өкіндім...
Бір қарасам, тауды айналып, келген ізімен кері салып келеді екенмін. Қабаржыңқырап отырып, жеңгем ықыластана ұсынған дәмнен ауыз тиген-тимегенімді де аңдамаппын.
Әлден уақытта қыр астынан дүрсілдеген әлдебір түсініксіздеу дыбыс естілді. Тұяқ дүбірі секілді. Бұрылып қарағанымда, көкжиектен Айнабектің кеудесі көрінді. Одан оның аттылы екенін байқадым. Қалбалақтап, желе-жортып келеді. Жетегінде шоқырақтаған және бір ат бар...
– Не деген жүрдексің-ей?! – дейді ентігіп. – Атпен қуып әрең жеттім ғой!
Жиенінің көңілін қимай, қатты қиналса да, тығырықтан жол тапқандай. Енді мен қысылдым. Буынсыз жерден пышақ ұрып, әбігерге салдым ба деп қипақтаймын.
– Бекер әурелендіңіз ғой!
– Е, ештеңе етпейді. Мына атты көрші... Басқа лаж жоқ...
Орынтай мен шығып кеткен соң: «Мұның не?! Өмір бойы өкпелеп кететін болды. Масқара қылмай, өз атыңды берсең де бір амалын тап!» деген сияқты...
Жетектегі атты барлық әбзелімен әкеліпті. Тіпті, ердің қас темірі мен жүген, өмілдіріктегі өрнектерге дейін сәйкесіп, жарасып тұр. Жарқ-жұрқ етеді. Сәлден соң ғана барып атақты Сарыбауыр атты танығанмын. Бұлай кездесемін деп ойламаппын. Ол да құйрық-жалы төгіліп, монтия қарайды. Қайбір бәйгелерде алдыңғы орындарды бермей жүрген ұшқырлығымен бірге жуас мінезімен де ерекшеленген өте бір сүйкімді жануар еді. Кең танауы делдиген, кеудесі талыстай қарагер ат. Төсінің түгі аздап жирен түсті болғандықтан «сарыбауыр» атанған жылқы. Жаратқанның құдіреті ме, өзі, мақұлық болса да, тұла бойын кернеген бұла күшті көрсеткісі келмей төменшіктеп тұруды қалайтындай. Жақыннан алғаш көруім, сүйегі аса бір ірі де емес екен. Сида денелі ғана бесті ат.
– Мынаған қарашы! – деді Айнабек жерге түскен соң сұқ саусағымен Сарыбауыр аттың алдыңғы екі сирағын нұсқап.
Тұяқтан екі елідей жоғары... тұсаудың ішкі жақ сіңір еті оңбай қажалып қалыпты. Тұсамыс қиған. Қатты ыржиып, қанталап тұр. Жараның жиегін қаптаған сап-сары, қалың ірің...
– Не болған бұған?! – дедім түршіккеннен аузыма басқа сөз түспей.
– Өй, «қазақ» десең өзіңе тимей ме?! – Айнекең налыды. – Сейсенбайдың Нартайы алып еді өткенде... Жанымды қоймай, жалынып-жалпайып... Жоғалған сиырымды тауып ала қояйын деп.
– Нартай өз ағаңыз емес пе еді?! – Айнабекке Нартай дегеннің жамағайын туыс боп келетіндігін білетінмін-ді.
– Ой, өйткен ағасы бар болсын! Қызық адам екен нағыз. Тұсаған бетімен қоя берген ғой. Және құнтсыз, безбүйрек адам қайбір жетіскен тұсамыс тағады. Темірдей бірдеңемен олақ-солақ байлап қоя берген де. Алысқа ұзап кетпесін деген дәмесі. Жануар бейшара не білсін. Әлдебір жайсыздықты сезіп қалған соң неғұрлым алысырақ кеткісі келіп, тапырақтап секіріп қаша берген бес күн бойы. Әлгі байғұс өз малын іздеуге шықпапты да. Барсам, сиыры түгілі, өлердегі сөзін айтып сұрап алған менің атымның қайда жүргенін білмейді...
– Өзі қайда екен?
– Жатыр үйінде. «Қышқылдатып». Атымды зорға таптым шығандағы Қарашілікке дейін барып. Үйренген жері сол еді. Енді бір-екі күн жүрсе екі тұяғы тұтастай қырқылып түсіп қалғандай екен қажала-қажала. Мынау – қазір аздап жазылғандағы түрі. Әлі де болса кішкене біте түссе деп ем ғой жарақаты. Ал басқа аттың, расында да, реті болмады саған бере қоятындай. Жоқ!.. Шынын айттым ғой. Не істейін енді. Сен сенбейсің...
Жараны көргенде аттан бас тартқым келген. Нағашымның ниетін де сонда ғана барып түсінгендей едім. Қисынсыз киліккендей болыппын.
– Айнеке, мінбей-ақ қояйын, жарайды. Жазылсын біраз...
– Ой, түк етпейді. Міне бер. Тек қатты қинамасаң болды. Шаппай, беталды...
***
Қарағанды-тырсалы, қылқанбозды кезеңдер мен жасыл мүк басқан аласа таулар, тастағы мен құмдағы аралас сортаң жазықтар алқабында небір тартымды көрініс, тосын бояулар тұнып тұрады. Бірақ бірталай уақыт тып-тынық болып тұратын ауа райы кілт өзгеріп, теріскей тұстан суырып соққан өкпек жел кейде өңменнен өтіп, ығыр қылатын әдеті бар секілді. Одан соң тау арасына кірген қойдың да тоқтайтын түрі көрінбеді. Өңмеңдеп тастан-тасқа секіріп, жортып жүріп жайылады. Дегенмен, тұс-тұсқа безіп, шашырай өрген малдың соңынан босқа салпақтай берудің де қажет емесін бір күннен соң-ақ аңдап қалдым. Қойды өзек-өзекке бітік шыққан қалың құндызшөп, қияқөлеңге салып қойып, биіктегі ықтасындау бір тастың түбінде жантайып жата беру керек екен. Әрі-бері үдере жусаған мал онша алысқа да ұзамайды. Белгілі бір межеге жеткеннен кейін, кенет қайтадан кері бұрылып, өздері-ақ айналып келіп тұрады. Тек ит-құстан абайла...
Менің бір жазғы кезекті қатарынан бір-ақ бағып шығайын деген ойымды ауылдағы үлкендер қуана қолдаған тәрізді. Тіпті, аяңдап, елді-мекенге келген сәтінде алдымнан шығып қалған қарттардың бірі маған кәдімгіше тоқтап сәлем беріп, ананы-мынаны сұрап, бірталай әңгімелесіп тұрды. Одан:
– Ниетің дұрыс. Бұл да бір әжептәуір жауапты нәрсе ғой. Тәңір жарылқасын, балам! – деп арқамнан қағып, қолпаштап та қойды.
Өріске шыққан алғашқы күннен бастап-ақ қалт еткенде Сарыбауыр айғырдың аяғын емдеумен айналысқанмын. Атты Айнабектен алған бойда шешеме айтып, дәріханадан мол пеницеллин мен екі құты Вишнев майын, екі жүз грамдай медициналық спирт... Бірнеше буда дәке сатып әкелгем-ді.
Тобылғының шыбығынан жіңішке істік жасап алып, аттың жарасының арам қанын ақырындап қана түртіп ағызып, іріңін тазалаған соң әдемілеп сүртіп, май жағып, мұқият орап тастаймын. Одан араға үш-төрт сағат салып, бинтті қайтадан ашып, жарақатты және тазалаймын да, күшті дәріні сеуіп, тағы да таңып қоямын. Сөйтіп бұл «процедураны» төрт-бес мәрте қайталаған соң жараның орны бірден құрғап, қарақотырланып, лезде-ақ жазыла бастаған. Әйткенмен, шөп-шалам түсіп, шаң-топырақ басып, бұта жырып кетпесін деген оймен орауды шешуге асықпадым.
Кеш бата қойды қырдан құлатып ауылға келіп, атты едәуір суытқан соң ертоқымын сыпырып жатқан сәтте кенет өзімді кейінгі екі-үш күннің ішінде-ақ сонша өсіп кеткендей сезінгенімді аңдадым. Соған қарағанда, «Ат жалын тартып міну» деген, шынында да, адамды дереу сақайтып, есейте бастайды-ау.
Шағын ғана түкті орамалмен Сарыбауыр аттың төгілген ұзын кірпіктерінен... мөлдіреген тостақандай көзінен бастап жіпсіген денесін тұтастай мұқият сүртемін.
Атым аунағанды ұнатады екен. Үйдің ауласынан қозы көш жерде ақырын ғана сылдырап ағып жатқан өзенге жетектеп суаруға апарғанымда, жағадағы көгалға қайта-қайта жата кетіп, аяқтарын сереңдетіп, ұзақ аунайды. Одан атып тұрып, дүр сілкініп... арқырай кісінеп, жайқалған көгарыш шалғыннан ұзағысы келмей, қас қарайғанша көп айналшықтайды.
Жұлдыз жамыраған салқын тау, майсаң белдер қойнауындағы тамылжыған ауыл түні мені қатты еліктіреді. Шалғайдан ауық-ауық шаңқылдаған байғыздың үні, құрылдаған бақа мен шегіртке шырылы... Тұс-тұстан абалап үрген ит, маңыраған мал «симфониясы» біразға дейін тыншымай, көңілімді алыстарға тартып, елегзіте түседі. Бұрыла беріп сонау іргедегі қараңғы түн құшағында мүлгіген биік жоталардың сыртынан сорая көрінген Ұялы тауының сұлбасын шаламын. Талай аралаған жерлерім. Баурайында қарақаты мен итмұрыны жайқалған сол қия белдер әрі қарай созыла-созыла көк терегі мен ақ балтыр қайыңы аралас Ақтоғайдың қыратты адыр жондарына, әйгілі Қызыларай белесіне жалғасып, Қарқаралының балқарағай ормандарына... шалқар Шайтанкөл мен Үшқара, Қушоқы биіктеріне барып бір-ақ тіреледі. Шалдардың айтуынша, бұл да басынан небір алмағайып дәуірлерді өткерген есіл жұрт, қайран атамекеннің бір пұшпағы ғана.
***
Көп ұзамай Сарыбауыр ат ауданда өткен шопандар тойындағы аламан бәйгіде бірінші болып келіп, ауыл даңқын асырды.
Әрине, көпшілік жерлестерім жүйріктің аяғын таяуда ғана менің емдеп жазғанымнан хабарсыз еді...
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Қарағанды облысы.
qazaquni.kz