Талғат Теменов: Иманғали жұмысты шала істей алмайды
2020 ж. 06 шілде
3681
0
Астана қаласының өсуіне, өркендеуіне , қанат жаюына, қанатын кеңге сермеуіне ең алдымен Қазақстанның барша халқы үлкен көмек көрсетті. Одан кейін қала жұртшылығы. Әрине, солардың бәрінің басы-қасында жүрген ол әкім. Алты балам бір басқа, Алпамысым бір басқа демекші талай әкімдер істеді. Бірақ, солардың ішіндегі Иманғали Тасмағамбетовтың орны ерекше. Иманғали – қағілез, зерек, шешімді тез қабылдайды. Сосын, бюрократиялық шенеуніктік бойкүйезділік Иманғалидың бойында жоқ. Иманғали қашан да, кез-келген мәселені бірден шешетін түнгі жасындай жарқ ете қалатын өзінің іскерлігімен Астананың өсуіне, өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Әлі есімде, сонау Астана Арена стадионы Иманғалидың кезінде бой көтерді. Сонымен бірге Астана Опера, одан басқа көптеген мидициналық орталықтар салынды, бой көтерді. Бірақ солардың ішіндегі әсіресе маған ерекше жақыны осы Астана Арена стадионы мен осы Астана опера театры. Кезінде Димаш Ахметович Қонаевтан бір журналист «Сізді не мазалайды?» - деп сұрапты. Сонда «Мені мазалайтын Қазақфильм мен Қайрат» деген екен. Зер салған адамға бұл Елдің, Мемлекеттің имиджі. Яғни Қазақфильм Қазақ елінің мәдениетін, әдебиетін, тарихын, болмысын, музыкасын әлемге дәріптесе, "Қайрат" футбол командасы арқылы Қазақстанды төрткүл дүниеге паш ететін команда. Яғни, осы екеуі де Мемлекеттің имиджі. Осы тұрғыдан келгенде, Иманғалидың іскерлігі, оның осы ғимаратты салуы, әсіресе Иманғалидің аяғына етік басына каска киіп алып сол құрылыста жүруі. Ерте демей, кеш демей қалада салынып жатқан асфальтты өзінің тікелей түнде келіп тексеруі. Болмаса қысты күні жауған қарда бүткіл жүргізушілердің тамағын ысытып беріп, түнгі сағат үште оларға жігер беруі Иманғалидан басқа әкімге бұйырмаған. Бұл Иманғалидың шын мәніндегі Елге, халыққа жанашырлығы деп бір ұқсаңыз, екіншіден ол Иманғалидың өзіне тән менталитеті, ол оның стихиясы, болмысы. Иманғали – кез-келген жұмысты шала істей алмайды, ол барымен, нарымен, жанымен істейді. Иманғали осы Астанада жүрген кезде қаншама жолдар, қаншама көшелер салынды. Мына, біздің Астанадағы аэропортқа баратын Сарыарқадан Тұранға бара жатқан жолды қарасаңыз екі жағының бәрі жарқыраған самаладай. Ар жағында Назарбаев зияткерлік мектебі,Қорғаныс министрлігі, оң жағындағы Ғылыми ғарыш орталығы. Осылардың барлығы Иманғалидың кезінде бой көтерді. Мен алғашқы рет, ең бірінші рет сол даңғылмен кетіп бара жатқанда: мына мидай далада неге салды екен деп ойласам ол сол кездегі қала әкімінің болашақты зерделеуі, болашақты меңзеуі, болашаққа үлкен жоспары екен. Сонымен қатар, «Мәңгілік Ел» монументі. Бұл да бүгінгі Астананың брендіне айналып бара жатқан Бәйтеректен кейінгі қаламыздың көрікті жерлерінің бірі. Мәңгілік ел, Тұран сынды даңғылдар, Ботаникалық бақ, осылардың барлығы дер кезіндегі Иманғалидың басты жоспарындағы құрылыс обьектілері. Бүгінде халықтың көз қуанышына айналған елдің сүйікті қыдыратын жері. Суретке түсетін, дем алатын, тынығатын, көлікпен кетіп бара жатқанда көркіне қарап көз тоқтататын ғимараттар. Сонымен қатар, Тәуелсіздік сарайы да Иманғалидың кезінде салынды. Әсіресе, Иманғалидың 7 мамыр күнгі өткізген әскери парады, бұл да осы азаматтың қазақтың рухагниятындағы, экономикасындағы, саясатындағы орны ерекше, жөні бөлекше ұлы тұлға екенін көрсетеді. Иманғалидың зеректігі, оның қазақша-орысша бірдей сөйлеуі, сосын кез-келген ортадағы, әсіресе зиялы қауымдағы үлкен ағаларымыздың Иманғалиға арқа сүйеуі, одан рухани-моральдық қолпаштау күтетіні оның бәрі заңдылық. Өйткені Иманғали әкімдердің ақыны, ақындардың әкімі... Сондықтан бүгінгі астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының туған күнінде әкімдерге көз тоқтатып қарасаңыз Қазақ халқының ішінде де, Елордамыздағы Иманғали Тасмағамбетовтың орны да, жөні де,жолы да, істеген ісі де жарқырап жатыр. Өйткені, бұл Иманғалидың болмысы. Бұл Иманғалидың Еліне, халқына, қалаға деген таза шын махаббаты. Бүгін біз соның куәсі боп отырмыз, сол азаматтарды бүгін біз еске алып, осындай азаматтардың Елордамыз Нұр-Сұлтанға еңбек еткеніне Біз ризашылдығымызды білдіргіміз келеді. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының мерейтойы құтты болсын. Елордалық Елімізді, жұртымызды "Қала күнімен" шын жүректен құттықтағым келеді. Көп ұзамай, көптен тосқан Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың жаңа ғимараты бітуге аз қалды.Сол жақсы күндердегі, өнер мейрамындағы, өмір мейрамындағы қуанышты сәттерде бас қосуға Аллам нәсіп етсін деймін. Сіздерге жалғыз ғана тілек-аман болыңыздар, мына індеттен тезірек құтылуға жазсын! Дендеріңіз сау, бастарыңыз аман, бауырларыңыз бүтін болып, жақсы күндеріміз, қуанышты күндеріміз көп болуға шын жүректен тілектеспін.
Талғат Теменов,
Қазақ үні