Сандық кеңістіктегі библиография қызметінің ерекшеліктері
2020 ж. 10 маусым
1275
0
Жақында «Сандық кеңістіктегі библиография қызметі» тақырыбында халықаралық онлайн семинар өтті.
Онлайн-семинар жұмысында сандық кеңістіктегі библиография қызметінің бағыттары теориялық және тәжірибелік тұрғыда зерделеніп, кітапханалардың ақпараттық-библиографиялық қызметінде Интернет-технологияларды қолданудың жаңа тенденциялары анықталды. Әсіресе қазіргі жағдайда кітапхана оқырмандарының ақпараттық қажеттілігін қамтамасыз етуде алғышарттардың бірі әрі бірегейі болып табылатын виртуалды анықтамалық-библиографиялық аппаратты және анықтамалық-библиографиялық жұмыстың жаңа түрлерін және библиографиялық ақпаратты пайдаланудың креативті мүмкіндіктері талданады.
Онлайн-семинардың модераторы болған педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Мұңалбаева Үмітхан Дәуренбекқызы жиынның ашылуында сөз сөйлеп, былай деді:
– Библиографтардың кәсіби кездесулері маңызды катализатор болып табылады. Қазіргі заманғы библиографиялық сервис – бұл кітапханалық-ақпараттық қызмет саласындағы теориялық және әдіснамалық өріс. Соңғы онжылдықта кітапхана қызметтері компьютерлерді, цифрлық жүйелер мен Интернетті пайдаланумен байланысты үлкен өзгерістерге ұшырады. Жаңа технологиялар сұранысты беру, ақпаратты қабылдау және жеткізу процестерін едәуір жеңілдетті.
Онлайн семинарға қатысқан Алматыдағы Ұлттық кітапхана басшысы Бақытжамал Қайырбекқызы да өз пікірін былайша білдірді:
– Әр кітапхананың библиографиялық бөлімі еліміздің мәдени және интелектуалды мұрасын сақтауға бағытталған және ол мұраны қолжетімді, заманауи ету болып табылады. Ұлттық библиографияны «Ұлттың тарихи жадының куәгері» деп бекер айтпайды. Ұлттық библиография өз елінің
халықаралық ақпараттық кеңістікке қосылуына және мәдени өзара серіктестігіне қатысуға жағдай жасайды. Ұлттық кітапхананың ғасырға жуық тариы бар, кітапханамыхзға биыл 110 жыл толып отыр. Әмбебеп библиографиялық ақпарат жасауды біз әлі күнге дейін жалғастырып келеміз.
Жалпы алғанда, әмбебап библиографиялық ақпарат жинау барлық құжаттар бойынша жүзеге асырылады. Келесі қатысушы спикер ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы библиография бөлімінің басшысы Жібек Жексенбаева мекеменің библиографиялық қызметі туралы өз ойын ортаға салды.
– Библиография жалпы адамзатқа, қоғам мүшелеріне білім берудің барлық тармағын қамтып, зерттейді. Әрі насихаттайтын әдістемелік саланың бір тармағы болып табылады. Әр мемлекет өзінің ұлттық библиографиясын жасақтауға мүмкіндігі бар. Осының негізінде елімізде 1930-жылдың 19 шілдесінде құрылған, өзінің 80 жылдық тарихы бар Ұлттық кітап палатасының жұмысын айтуға болады. Кітап палатасы заманауи талаптарға сай жұмыс атқарады. Басты жұмыстарының бірі, Қазақстан баспаларынан шығарылған барлық кітаптарды халықаралық стандарттарға сай тіркеп, статистикалық есепке алып, баспа және баспасөз өнімдерін жинап библиография құрастыру. Осының негізінде библиографиялық көрсеткіш шығарып, мәңгілік болашақ ұрпаққа сақтайтын ғылыми библиографиялық мұра қалады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы ақпараттық-библиографиялық сервис қызметінің жетекшісі Жанар Даумова Сабешқызы библиография қызметіне қатысып, өз ойын былайша жеткізді:
– Библиография – барлық ғылымдардың дамуына көмекші бола тұра, кітап оқуға, кітап таңдауға басшылық жасайтын құндылыққа ие ғылым саласы. Заманауи библиографиялық қызмет кітапхана саласының маңызды бағыты болу өзектілігін сақтауды жалғастырып келеді. Қазақстан кітапханалары ақпараттық-библиографиялық қызметттің дәстүрлі және инновациялық, сандық формалары мен әдістерін қолдана отырып,
автоматтандырылған және дәстүрлі библиографиялық іздеу форматында жұмыс істеуде. Дәстүрлі ақпараттық-библиографиялық ақпаратты іздеумен қатар, автоматтандырыған ақпараттық библиографиялық қызмет көрсетілуде. Кітапханалардың анықтамалық библиографиялық аппараты электронды сипатқа ие болуда. Корпоративті ақпараттық ресурстар библиографиялық және толық мәтінді ресурстар жүйесінде маңызды орын алады. Ақпараттық – библиографиялық қызметте Интернет және ақпараттық технологиялар көмегімен жаңа жұмыс түрлері мен библиографиялық өнім дайындау процестері автоматтандырылуда.
Халықаралық форумның онлайн-көрсетілімі ZOOM.us. платформасында және Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының Facebook парақшасында тікелей эфирде көрсетілді. Іс-шараға облыстық, өңірлік және Ресейдің кітапханашылары қатысты. Онлайн жиын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен өтті. Іс-шараға өңірлік, республикалық және Ресей кітапханалары қатысты.