ӘНШІ ӘЛЕМІ
2020 ж. 30 мамыр
3252
0
Қайрат Байбосынов туралы сыр
Мамыр айының аяқ тұсында ҚР Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, профессор, әнші-ұстаз Қайрат Байбосынов жетпіс жасқа толады. Өзім шәкірті ретінде осынау сәтті пайдаланып, студенттік кездердің кейбір жарқын сәттерінен үзік сырларды – ұстазымның ұстаздық бейнесі, әншілік сипаты, кісілік тұлғасы жайында аз-маз ой бөлісуді жөн санадым. Қайрат ағам үнемі көңілді жүргенді мұрат көреді. Айналасымен жадырап, жайнап, қалжыңдасып, амандасуды өзіне міндеттеп алған сияқты. Үнемі ізденіс үстінде, ой жетегінде болғандықтан ба екен, ойын басқа жаққа бұрғысы келмейтін сияқты көрінеді кейде. Артық сөзбен шаруасы жоқ, сөйлесе қиыннан сөз табатын адам.Өнерге жан-тәнімен берілген. Қолына домбыра алса, тоқтамай кемінде бір сағаттай ән шырқайды. Көкірегі қойма сырсандық па дерсің! Қазақтың шоқтығы биік әндерінің түгелін біледі десем, артық айтқандығым емес. Кейбір әндердің тарихын айта отырып, шабыттана, арқалана, әнге басқанда, делебеміз қозып, шәкірттері – біз орынымызда қозғалақтап отыра алмай кетеміз. Сұрапылдығы сондай, арман-қиялдарға барып-келіп, әнмен шалқып, өзіміздің қайда жүргенімізді ұмытып та қаламыз. Енді бұл кісінің мінсіз ән зергерлігін, ән орындау техникасын сөзбен жеткізу өте қиын. Әнді бірде былай құбылтса, келесіде мүлдем басқаша өрнектеп, бір жағынан енді ұстадым-ау деп отырғанда, екінші жағынан сытылып шығып кетеді. Қарапайым ғана бір әннің бірнеше нұсқасын біледі, қай кезде үйреніп қай уақытта салып алғаны беймәлім жұмбақ. Айтылмай жүрген, әлі илеуге түспеген әндерді бір екі естіп алып құлпыртып, өзіңе қайта үйретіп, басқа сырларын ашып бергенде бас шайқайсың. Ойының ұшы-қиыры жоқтығына таңданып отырғаныңда, ұрымтал сәтті пайдаланып, тысқа шығып кетеді. Аңдып отырған біз, есік сырттан жабылды-ау дегенде, домбыраны ала салып, жалма-жан, шыдамсыздана, жаңа ғана айтқан әндерінің кейбір тұстарын айғайға басып-басып қайталап есте сақтап қалуға тырысамыз. Сырттан бой жазып, сыныпқа қайта кіргенде, тым-тырыс отыра қалатынбыз. Бір қызығы, сабақ барысында шыбынның ызыңы естілмес тыныштық орнайтын. Иә, ағамыз жай ғана күлімсіреп:«Жаңағы қышқырып-пысқырып, қиқылдап айтып жатқан әндеріңді қайталап айтыңдаршы ал» – деп бір-біртіндеп тыңдайды бізді. Енді ән айтып көр, бағанағы бүлкіл жоқ, сасқалақтап ештеңе көрсете алмай қаласың. Шыдамында шек жоқ, барлық әнімізді тыңдап болып, өзі домбырасын алып қағып-қағып жібереді де, жіберген қателеріңді қойдай тоғытады. Өзіңнен-өзің ұяласың, тіпті. Ол ол ма, домбырамен ән сүйемелдеу барысында, күтіп алып шығарып салатын жерлерінде Қали, Байғабыл, Қосымжан, Жүсіпбектердің қағыстарын өзінше өңдеп, түрлентіп құйқылжытқанда жаның кіреді-ау. Сол аралықтарда диктофонымыз қосулы тұрады, бірнеше ән жазып аламыз. Жаңағы ән айтысынан соң, домбырадағы ешбір әншіде жоқ қағыстарды тыңдағаннан кейін,өзіңнен-өзің ән айтқың келе береді. Сабақ барысы мен үшін өте қызықты өтетін. Бір таң қалатыным, шәкірттерін қалай дамыту керектігін, қайрау, жану, шабыттандыру, намыстандыру дегендерді өте жақсы меңгеріп алған. Жалғыз мен ғана емес, барлық шәкірттері таңертеңнен кешке дейін әнге дайындалып жүреді. Әсілінде, нағыз әншінің ең басты қаруы – домбырасы. Домбыра жүрмесе, ән де жүрмейді. Оны кез келген өнерпаз жақсы білсе керек. Кезінде Үкілі Ыбырайдың қалтасында бірнеше тиек жүретін көрінеді. Әннің мінезіне қарай тиектері де ауысып отырыпты. Байқап қарасаң, домбыраның атқаратын қызметі зор. Шамамен, ұстазымда алты жеті домбырасы бар, әр сабақ сайын кезек-кезек әкеліп бізге ойнатады. Бастапқыда домбырасын тастап, тысқа шығып кеткенде, білдірмей тыңқ еткізіп шертіп жіберіп,өз домбыраммен салыстыратынмын. Қызық болғанда, соған қарап, мен де дыбыс іздей бастадым. Домбыраларын өзі жөндеп, бетін ашып жауып алатын шеберлігі бір төбе. Жақсы домбыралары жетерлік. Бірақ неге бетін ашып, қайта жөндей береді десем, ертеректе бір тамаша домбырасын жоғалтып алыпты. Сол дыбысты үнемі іздейді екен. Оны сөз арасында өзі айтып отырады. Домбыраларының көбісін әдемілеп өрнектеп тесіп алады. Құдай бұл кісінің бойына сал-серінің болмыс-бітімін үйіп-төгіп бере салғандай. Он үш жасында орындаған, Қ.Асановтың «Қарамашы, қадамашы көзіңді», «Қызылорда вальсі», Ғазиздің әні «Ғазизді», С. Сейфуллинның «Тау ішінде», Мәдидің «Қарқаралы» әндерін тыңдасаң, сол уақыттың өзінде әнші болған екен ғой деп қайран қаласың. Расында, ұстазымызға Құдай әншілікті тумысынан берген сияқты. Өйткені өзіндік қиялы, өзіндік мінезі, даралығын айқындап тұрады. Қайрат ағаның әнді бұзбай, түп нұсқасымен сөзін ауыстырмай айтыңдар дегенін естіп келеміз. Сосын әндерге артық иірім қосқанды, соған ұқсас иірім қайырымдардың қайта-қайта қайталанатын тұстарын қадағалап жүреді. Ұстазы Жүсекеңнен үйренген әндерінің ноталарын өзгертпей, қаз қалпында, үтір нүктесіне дейін тура сақтайды. Бір байқағаным, менің ұстазым да, ұстазымның ұстазы да домбыра ойнауға аса шебер. Қайрат ағаның айтуынша, Жүсекең – Әбікен Хасеновтің, Мағауия Хамзинның күйлерін желдіртіп шертіп отыратын. Бұл жайында белгілі күйші, профессор Орынбай Дүйсен ағамыздың айтқанынан да естідім. Ал енді Қайрат аға шертпе күйлерді жастайынан әнмен қатар алып жүріпті. Жас кезде бұдан да көбірек үйрену керек еді дегенін бірде естіп қалғанмын. Дайрабайдың «Дайрабайын», Әшімтайдың «Қоңыр қазының» оң бұраудағы нұсқасын керемет шертеді. Енді екі өнер алыбының ән орындау және домбыра тарту, айырмашылықтарын тарқатып көрейік. Жүсекеңнің дауысы – тенор, ал Қайрат ағанікі – баритон. Домбыра тартыстарында да айырмашылықтар өте көп. Жүсекең талдап тартса, Қайрат аға көсілдіріп жүргізіп тартады. Яғни, бұл жерде Қайрат аға – ұстазының домбыра тартысын одан сайын дамытып,түрлендіре түскенін байқай аламыз. Бұл ойым нақтырақ болуы үшін Жаяу Мұсаның «Сапар» әнін екі тарапта салыстырайық. Жүсекең бұл әнді оң бұрауда айтса, Қайрат аға теріс бұрауда орындайды. Егер Қайрат аға бұл әнді оң бұрауда орындағанда, әншілерден ерекшелігі айырмашылығы болмаған болар еді. Бұл әнде басты құндылық, айырмашылық, әншінің ән айтуынан бөлек өзінше өрнектеп (импровизация), жан-жақты құбылтуында болып отыр. Қос тұлғаның қазақ ән өнерінің дамуына, өркендеп ғылыми айналымға түсуіне қосқан үлестері қазақ әншілік өнерін бірнеше сатыға өсіріп отыр. Қайрат Әукенұлының әзілсүйгіш, өте көңілді адам екенін бірқатар өнер адамдары жақсы біледі. Бірақ ұстазым сабақ барысында бөтен әңгімені жақтырмайтын, тиып тастап отыратын. Ұстаздық арақашықтықты сақтап жүреді. Сол қасиеті маған қатты ұнайды. Алдында құр босқа отырмаймын, үнемі ән жаттап айтумен боламын. Бір орайы келіп, Жаяу Мұсаның «Гауһар қыз» деген әнін үйренгім келді. Қайырмасында «Ахау Бәлдижан, Бәлдижан» деп басталатын жері бар, кейбір әншілер «Әлдижан, Әлдижан» деп те айтады. Соның себебін сұрадым. – Аға, «Бәлди» деген не сөз, қыздың аты ма? – деп едім, – «Бәлди» емес, «Балғи» деп түзеді. – Мен кейбір әншілерден «Бәлди» деп естіп қалып едім, – деп едім, – Жоқ бұл енді қызды еркелеткендегі емеуріні ғой, Жүсекең «Балғи» деп айтатын деді. Расында Жүсекең «Балғижан» деп орындайды екен. Аудио жазбасынан тыңдап, көзім әбден жетті. Әннің сөздерін кейіннен барып,бірақ саралап қарайды екенсің. Оған дейін тек ән үйренумен боласың. Сол жолы ән үйрене отырып ұстазымнан оңашада көп әннің шығу тарихы жайлы мағлұмат алдым. Қайрат ағамен кейде ұялы телефон арқылы да ән жайында әңгімелер болып тұрады. Аяулы әншіні таныған соң, беделді, атақтылар жағалайды ғой. Бірде телефон шалып, әзіл айтып, күлдіріп алды да, бірден шаруаға көшті. – Тәп-тәуір әнші бір досым бар еді. Уақытында келіп ән үйреніп жүретін. Сол құрдасым ән шығарыпты. «Үйренесің бе?» деді. – «Үйренемін»... Көп ұзамай ән де келді. Енді аманатты тез орындауға көштім. Әнді үйренуге кірісіп кеттім. Үлкен сенім артылып тұрғаннан соң, жай шығара салмайсың ғой, түн ұйқыңды төрт бөліп, көңіл жібітер туынды жасауың керек. Бір жағынан, бірі профессор, екіншісі академик болса не амал. Намысқа тырысып үміттерін ақтау керек. Әнді ұзақ дайындап, тыңдап көрсін деп аудиоға салып жібердім. Ұстазым тыңдай салысымен, телефон шыр ете қалды. «Мұңлы ән болса, былай істе, былай жаса» деп тапсырма береді. Тапсырмаларын тыңғылықты орындаймын. Одан кейін басқа тәсілге салып, әнді талдап, тарқатып, шама жеткенше өзгертемін. Кей күндері дауысы құрғыр шықпай әлекке салып, амалсыз сөздерін жаттап іштей ыңылдап жүремін. Әлденеше уақыттарда бұлқынып әнге басып кеп жібересің. Дауыс әбден бабына келді-ау дегенде, жаңағы әнді айтсаң, басқаша шыға келеді. Қуанып қайта аудио жолдаймын. Бірнеше күн жауап жоқ, үнсіз қаламыз. 2014 жылдың мамырында Қазақ ұлттық өнер университетін бітіретін болдым да,«Аққу жеткен» атты шығармашылық ән кешім өтті. Ауыл жақтан ата-анам келіп, кешімді тамашалады. Сол кеш соңында ұстазым сөз сөйлеп тұрып, әкеме бұрылып: – Бұл ұлдарыңыз сіздерден кеткеннен бергі қыр-сырын менен артық білмейсіздер. Биыл Құдай қаласа оқуын әрмен қарай жалғастырады деп ойлаймын. Әлі тағы магистратурасы бар деді. Әкем мен шешемнің қуаныштан төбелері көкке сәл ғана жетпей тұрды, ұстазыма алғыстарын да білдірді. – Шын жанашырлық деген осы, – деді әкем, сөз барысында. Одан асқан маған қандай қуаныш керек, Қайрат ағаның сол сөзі үлкен өмірге жолдама болды. Магистратураға да түсіп, ұстазымнан қайта дәріс ала бастадым. Иә, Қайрат аға мені жақсы деңгейге жеткізуге үлкен үлес қосты. Бар қажетті дүниелерді ұсынып та келеді. Қандай ән керек болса, әлі күнге дейін үйретіп, бар білгенімен бөліседі. Ән үйретіп қана қоймай. өмірлік жиған-терген тәжірибелерінде айтып отырады. Сол берген дәрістерінің арқасында, талай өмір сынақтарынан сүрінбей өтіп келеміз. Ұстазымның бір ғажап қасиеті – шәкірттерін бөлмейді, тең көреді. Әрқайсысымен әртүрлі дайындық жасайды. Ұстазым салған сара жол мені тура жолдан ешқашан адастырған емес. Сабақ барысында айтқан әңгімелерін, үйреткендерін қазір өз шәкірттеріме мақтанып айтыпотырамын. Қайрат ағадай алып әнші, қазыналы ұстаз болу кез келген шәкіртінің арманы деп ойлаймын. Бұл кісінің алдынан сабақ алып, шәкірті атанудың өзі мен үшін үлкен бақыт. *** Енді бір сәт Қайрекең туралы сөзді жыр жолдарымен кестелеп көрсем. ҚАЙРАТТЫҢ ҚАЙРАЛУЫ (Ұстазым Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиевтың әңгімесін еске алғанда) Ән десе бұл қазақтың есі бар ма, Өнер жарыс болған соң десі бар да. Заманы серіліктің өтсе-дағы, Рухы бебеулетер көшіп алға. Жастық жалын алаулаған от шығар, Бұл адамның көрмегені көп шығар. Елеңдесең өткен күнге қарайлап, Бал дәуреннің естелігін ап шығар. Аламанда қара үздірген тұлпардай, Қалмаушы еді, тасып ән де, шырқалмай. Қияға ұшып қалықтаған қырандай, Қырағы еді тұлғаларым сұңқардай. Кемеңгерім асыл еді-ау ақтаңдақ, Осы өнерден өнеге алған тапқан бақ. Істерінен сансыз үлгі қалушы ед, Жер қайысып, опырылып шапқанда-ақ. Бірде сабақ барысында тосыннан, Әңгімелер шығып қалды қасымнан. Елең етіп құлақ тіге тыңдасам, Жүсекең мен Ғарекең тұр тасынған. Ғарекең де сұрап жатыр жайды көп, Жүсекең де көңілі сынық, қайғы көп. – Қайрат қалай? – деп ыңғайлап сұрағын, Бүкіл сырын Жүсекеңе жайды кеп. Сөз бастады ұстазым жай күрсініп, Айтып салып болғанынша құлшынып. «Қайрат осы бола алмайды-ау» деп тағы, «Әншілігі тым алыста, үн сынық». Сөзін ұстаз қысқа осылай қайырды, Өн бойыма суыт сезім жайылды. Ту сыртында шығар жолғы есіктің, Тыңдап тұрмын, жинай алмай бойымды. – Жәнібек ше? – деді тағы Ғарекең, – Өзі ақын, өзі әнші, бала екен. Ал Жүсекең бұл сұраққа тосылмай, – Жәнібегім, – деді, – әнші жан екен. Сұхбат тынып бір арнаға бекісті, Бір-біріне құрмет тағы етісті. Қарқ-қарқ күліп Ғарекең де жылыстап, Екі жаққа жадырасып кетісті. Бұлдыр көңіл семіп кетті буылып, Ішті жатыр намыс оттай қуырып. Түсіп төмен түсініксіз келемін, Жан дүнием жүрек жасқа жуылып. Содан бері бір тоқтамға келе алмай, Ұзақ жүрдім өзі-өзіме сене алмай. Болсам болам, бордай тозам дедім де, Қорлығына ұстазымның көне алмай. Әнге бастым, не бүк, не шік, болардай. Азар болса дауысын құртып алған деп, Ойлап қойдым аса ыждахатты талғаммен. Күні түні айғай салып, ән айтып, Талай күнді бастан кештім арманмен. Сондағы әнім екі үш әннің маңайы, Бұрынғы әннің қайталанды талайы. Бір жетіге толар толмас кезеңде, Шырайланды нұрлы таңның арайы. Дауыс кетті шартарапқа шарықтап, Ар-намысым пешенеме болып бақ. Домбырамды ала салып жоғары, Көтерілдім оймен ұстаз жорықтап. Отыр ұстаз осқырынып асаудай, Сойы бөлек есік пен төр жасаудай. – Ал әніңді шырқа, – деді бұйырып, Сөз көтеріп, мыс көрсетіп, басаулай. Ән шырқауға аса құмар кейіппен, Ән бастадым бірден алып биіктен. Қоңырлатып орта жолда сыздақтап, Толғай түстім іштегі бар күйікпен. Бір қарасам өксіп отыр сылқылдап, Екі беті діріл қағып былқылдап. – Қалиім-ай, әлі тірі екенсің ғой, – деп, Қос жанары кетті үздіксіз жылпылдап. Орынынан көтеріліп келді де, Маңдайымнан сүйіп бата берді де. Мағмұрланып айналаға көз тігіп, Насыбайын тастап қалды ерніне. Сол әңгіме қайрау болды ғажабы, Түйсіндіріп өнер дейтін тазаны. Мені сөйтсем байқап қалған Ғарекең, Әзілменен берген екен жазаны. Жүсекең де сөзін қостай жөнелген, Қара бұлтты қаптай түсіп төбемнен Сондай қызық жайлар өткен басымнан, Болған жайды өріп көрдім өлеңмен. Бұл бір дәурен елегізген ерке күн, Болашағым, естелігім, ертеңім. Оқырманым сен өлеңді оқи тұр, Ал мен болсам домбырамды шертемін. Сырым МҰХАМЕТЖАНОВ, өнертану ғылымдарының магистрі Ермек ҮН БОЯУЫ Әйгілі әнші Қайрат Байбосыновтың әуелде суретші болуға талпынғанын көпшілік біле бермес. Болашақ Халық артисі өзінің жан әлемін тербеген құбылыстар сырын бастапқыда қылқалам арқылы жеткізуге құлшынған. Сұңғат өнеріндегі мұның да алғашқы қадамдары Сәкен, Ілияс, Бейімбет портреттерін салудан басталған секілді. Ертеректе көптеген жас талапкерлер өтетін өзіндік «мектеп» еді бұл. Одан соң біртіндеп Ленин кескіні айшықталады. Міне, осыны игерген жан шеберліктің ең шыңына жеткен деп саналатын-ды. Өсти-өсти, кәдімгіше қанаттанып, тәжірибе ұштап, натюрморт, пейзаж жанрына құлаш ұра бастайсың. Қайраттың бұл бағытта орындаған бес-алты балаң қолтумасы әлі де сақталған көрінеді. Қиялшыл, дарынды жеткіншектің әуестігі ақырындап фотосуретшілікке ұласыпты. Бұл саланың да қыр-сырын әжептәуір меңгерген жастың түрлі этюдтерінен сәтті ізденіс іздері анық байқалады. Әсіресе, кеңістік пен жарық мүмкіндіктерін пайдалану, ракурс таңдау бағытындағы тапқырлығы жоғары бағаға лайық. Және, әрине, ескі суреттер ұшқыр уақыттың айшықты мезеттерін ұстап қалуы арқылы да қымбат. Өнер сапарымен жер-әлемді түгелге жуық шарлаған Қайрекең сонау сексенінші жылдарға дейін үйреншікті фотоаппаратын тастамаса керек. Мәселен, «Гүлдер» ансамблінде жүріп, Алжир мемлекетіне немесе Париж, Римге барғанда түсірген алғашқы дүниелерінің ішінен Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Әзидолла Есқалиевтердің кескіндері сонша сүйкімді көрінеді. Осыларды тартқан шебер о тұста он тоғыз жаста екен… Әншінің кейінгі бір ермегі – шақша жасау. Бұл, енді, ұлт өнеріне ежелден ынтық адамның баяғы сал-серілер ғұрпына айрықша қызығуының бір көрінісі ме деп пайымдаймыз. – Шақшаны аршадан қиюшы ем. Қасиетті ағаш қой, – дейді өзі. – Исі бұрқырап, көңіл сергітеді. Титтей ғана шашақты, қайыс тығыны бар қоңыр шақша күн өтіп, жыл озған сайын жаңара да беретіндей. Кеуіп қалмайды. Лак жаққандай жылтырап, түрлене түседі. Қайрекең қолынан шыққан сол бұйымдардың хикаясы да мол секілді. Көрген адамдар: «Тү-у, не деген әдемі нәрсе! Тіпті, үріп ауызға салғандай етіп қалай жасағансың! Маған берші осыны! Сен тағы жасап аласың ғой өзіңе» – деп жата-жармасатын көрінеді. Бермесе, ретін тауып ұрлап тынады. Бүгінде талай насыбай құтысы жер-жерде жүр. Әйтеуір, бір жақсысы, алғандар «Қайраттың сыйлаған бұйымы еді!» деп мақтан тұтып айтып жүретін сияқты. Иесі осыған да риза. Қазір әнші үйінде екі шақша жатыр. Біреуі – кезінде Президентке бата берген атақты ақын Шәкір Әбеновтікі. «Қайратжан, осыны көзімдей көріп ұстап жүрші!» деп тарту етіпті. Аты аңызға айналған қиқар шалдың тура өз мінезіндей әлекей-шүлекей, ерекше дүние. Екіншісі – досы, марқұм Жәнібек Кәрменовтен қалған ескерткіш. Бұл да түр-сипаты бөлекше бұйым. Әлбетте, әншінің негізгі «дерті» – домбыра. Әр жылдары қарағайдан шауып, екі-үшеуін жасапты. – Біреуін шәкіртім Ерлан Стамғазиев ұстап жүр. Бәрін де бар өнерімді салып, оюлап, әспеттеп жасап ем… Қарап отырсаңыз, Қайраттың жастайынан домбыраға құмартуы әбден қисынды да екен. Дәулескер домбырашы, шертпе күй дүлділі Сайдалы сары Тоқаның ұрпағы. Әкесі Әукен (Әубәкір) де қобызшы, домбырашы кісі. Әм он саусағынан өнер тамған өте ісмер адам болған. – Үйде әкей жасаған кішкене қалақ домбыра тұратын-ды. Үні керемет. Майда қоңыр. Шешем марқұм ешкінің ішегін шиырып керіп, кептіріп, ызып, шек тағып беріп отыратын. Мен де кейінгі домбыраларымнан ылғи сол күмбірлеген дыбысты іздейтінмін. Негізінде, аспап жасау аса қиынға соқпайды. Мәселе – үнде. Осы тұрғыда талай әурелендім. Үйге келе сала домбырамды ақтарып тастайтын «ауруым» ұзаққа созылған. Бет тақтайды ашамын да, ішін түгелдей қайта өзгертемін. Бірақ діттеген нәтижеге жету қиын. Ертеңіне дыбыста тағы бір кінәрат бардай көрінеді де, құрал тағы жайрайды… Иә, талғампаз тыңдаушы өнердегі мәнері бөлек Қайрат Байбосынов домбырасының да өзгеше шалқып, жүрек тербейтін қасиетіне тәнті болар еді. – Мен кейде шанақты тесетінмін де. Кейбіреулер: «Мұныңыз не? Дыбыс лағып кетпей ме?!» деп таңырқап та жатады. Бірақ ішкі түйсігім бәрін сездіріп тұрады ғой. Тегінде, менің домбыраларымның үні де өзімнің баритон дауысым сияқты шығар. Тембріме сай… Одан соң әнші домбырасын жөндеу үстінде өткенді-кеткенді ой елегінен өткізіп, қиялы шартарапты шарлап отырса керек-ау. Яғни, бұл да үлкен ізденіс үдерісі. – Әрине, мұндайда орындалатын әрбір әннің иірімін екшеп, іштей әрлеп отырасың. Домбыраны қай жерінде қалай шертсем, нендей ілмектер қоссам деп өз-өзіңмен сырласқандай күй кешесің. Аспап үні, сөз жоқ, әлгінде айтылғандай, тағылатын шекке де тікелей байланысты. Ал бұл түйткіл қалай шешіледі? – Ол рас, домбыра үні ширықпай, шыңқылдамай, мандолина немесе балалайка сияқты шырылдамай, тұнық шығуға тиісті. Мұндайда әр нәрсенің ішкі сұлулығын түйсіну шарт. Кейбіреулер баяғыдай қоңыр үн шығару үшін кәрі қойдың ішегі қажет, бәлен керек, түген керек дейді. Бірақ бұлар бір-екі тартқаннан кейін дымқыл тартып, суланып, тарқап, бұзылады. Әрі, қайта-қайта мұндай шек алмастырып жататын уақыт қайда. Домбыра деген оқтаулы мылтықтай әрқашан әзір тұрғаны жөн. Қазір шет елдерде шектің неше қилысы дайындалады. Технология дамыған заман емес пе… Сергек көрермен әншінің аспап пішініне де жіті ден қоятынын аңдайды. – Базбіреу сахнаға қалай болса солай, можантопай домбырамен шыға салады. Тура, қар тазалайтын күректей қылып, жалпайтып… Немесе сымпиған жіп-жіңішке бірдеңесін шолтаңдатып жүреді. Домбыраң да үзіліп түскен тамшыдай мөлдіреп, жұтынып тұрса қандай ғанибет! Бабаларымыз аттың сұлулығын, қыздың әсемдігін талмай жырлаған. Сол секілді қолыңдағы аспабың да тартымды болсын. Жалпы, пішіні де, үн бояуы да сұлу, сазды, назды келіп, бәрі өзара орайласып, біртұтас ансамбль құрап жатса дейсің. Бұл үшін, әрине, суретші болу керек… *** Бәрі дұрыс. Тек, біздіңше, басты мән қай істі де жоғары деңгейде атқаруға ұмтылатын жаны жайсаң және аса кішіпейіл жанның асқан шеберлігінде жатады. Құлтөлеу МҰҚАШ