ЖУСАН ИСІ немесе адасқанның оралуы
2020 ж. 24 мамыр
1810
0
Отырықшы елдердің ежелден табиғатпен біте-қайнасқан қазақты: «Бұлар қыста ақ қар, көк мұзға оранып, өз-өзін ширатады. Алты ай жазда гүлге оранады» деп сипаттайтыны бар. Мұның мәнісі – көбіне көшпенділік тұрмыс-салтын ұстанатын осынау халық күннің суық мезгілінде күздік пен соғым етін пайдаланып, қазы-қарта жеп, жылы кезеңдерде көбінесе ақты, яғни, айран-сүт, құрт-май, саумал-қымызды талғажау етеді екен. Осыған байланысты сонау он тоғызыншы ғасырдың отызыншы жылдарына дейін ауру-сырқау дегенді көп біле бермеген жұрт есебінде бағаланған. Былайша айтқанда, «флора, фауна» дүниесін жақсы білген...
Және бір ғажабы, нешеқилы гүлдің атын дәл қойып, саналуан қасиетті шөп түрінен дәрі-дәрмек жасаған қазақтың жанына жақын өсімдіктің бірі – жусан екенін аңдаймыз. Айталық, 1223-1277 жылдары Мысырда билік құрған әйгілі Бейбарыс сұлттанның үнемі жусан исі мен қымызды аңсайтыны туралы суреттер ойға оралады. Немесе, көрнекті жазушы Сайын Мұратбековтің «Жусан исі» деп аталатын хикаяты еске түседі.
Демек, әуелден «Бір қозы туса, бір түп жусан айыр шығады» дейтін елдің байламына салсақ, осынау қарапайым ғана қышқылтым өсімдікке ең алдымен бақ-береке, ынтымақ-бірлік, ұғымдары сіңіріліп, туып-өскен топырақ киесі баланатындай. Ал мұны, әдетте, әрқалай жағдаймен жыраққа кетіп, атамекенді аңсаған жан жіті түйсінеді.
Қазір дүйім елге кеңінен мәлім – біздің де көптеген қандастарымыз Сириядағы лаңкестер құрмақшы болған халифат серкелерінің уағызына сеніп, қатты адасты. Сол қара байрақты басшылардың діни экстремизм лаңымен әлгі елге өздері ғана кетіп қоймай, онда әйелі мен шиеттей бала-шағасын қоса апарған бауырларымыз да бар.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай келеңсіз жәйттерге орай былтыр арнайы нұсқау беріп, «Жусан» операциясын жасатқаны аян. Міне, осы тапсырма бойынша аталған әрекет үш мәрте атқарылды. Соның нәтижесінде елімізге 137 әйел мен 357 бала қайтарылды.
Әрине, бұлар алдымен Түркия шекарасының түбіндегі босқындар лагеріне жеткізілді де, одан туған жерлеріне әкелінді. Ең өкініштісі, жасөспірім балалардың бірқатары соғыс зардабынан жетім қалыпты.
Жоғарыда тоқталғанымыздай, «адасқандар» арасында жас әйелдер де көптеп кездеседі. Солардың бірі – Алматы облысы Панфилов ауданы Дарбазақұм ауылының тумасы Айдана Рақымбекова еді.
Бүгінде өз ауылында, ата-анасының қолында тұратын Айдана сол Шам аймағына қандай тағдырмен барғанын әңгімелеуден тартынбайды. Тіпті, онда бастан өткерген қиындығын өзге қандастарымызға сабақ ретінде баяндап беруді міндетім деп санайды.
Қарап отырсақ, бұл қарындасымыз да бастапқыда ару шаһар Алматыға арман арқалап он жеті жасында келіпті. Болашақ жарымен де осында танысып, көп ұзамай тұрмысқа шығады. Бір күні күйеуі жас келіншегіне өзінің жұмыс істеп, тұрмыстарын түзету үшін Дубайға аттануды ұйғарғанын мәлімдейді. Сөйтеді де, ешбір ағайын-туыстың ақыл-кеңесіне құлақ аспастан, діттеген мемлекетке аттанып та кетеді.
Айдана сәл кейінірек пайымдаса, жолдасының діни көзқарасының өзгеруі Алматыда жүрген күндерде-ақ басталған екен. Яғни, оған Мысырдан келген ресейліктер қатты ықпал еткен көрінеді. Міне, солар азғырып, оны Дубайдан бір-ақ шығарады. Айдана да бұл аралықта дүниеге келіп үлгерген жас балаларын ертіп, күйеуінің соңынан кетуге бел буады. Бұл – 2012 жыл еді.
Жолдасының «жұмыс» деп жүргені – соғыс өрті тұтанған Сириядағы жиһад екен. Жас әйел де Құдай қосқан қосағының көзқарас, тіршілік салтымен санасуға мәжбүр болады.
Сөйтіп жер қара, күн жылыда атышулы ДАИШ ордасына тап болған жас әйел келіншек екі баласымен әлдебір мекен етіп, күн кешеді. «Жұмысына» таң азаннан шығып, түн ауа оралатын күйеуі бейбіт Шам өлкесінің тас-талқанын шығарған қара тулы халифаттың Муаскарасында қызмет етеді. «Әскери шатыр» деген мағынаға ие Муаскара, анығын айтқанда, нағыз лаңкестер орталығы екен. Ондағы әмірлі басшылар «жалдамалыларды» қай шаруаға жегетінін өздері білетін. Айдананың жолдасы болса соғыс ошағына бөлінген болып шықты. Оның өзін келіншек күйеуі аяғынан қатты жараланған кезде ғана білді. Үйде бір айдай жатып өз-өзін емдеді. Дегенмен, қатыгез жетекшілер оның жарақатының толық жазылуына да қарамастан, алапат өрт ортасына тағы салды.
Осылайша жан-жақтан жиналған нешеалуан ұлт өкілдерімен мидай араласып, ақыры арабтардың қатарына қосылған күйеуі 2017 жылдың көктемінде қазақтар Катибасына кіріпті. Бұл – әскери отряд деген сөз көрінеді. Осында жүріп, шекара күзетуге шыққан кезінде жұбайы тағы жараланды. Алайда бұл ретте де шайқас қимылдарының күшейгенін, әскерде сарбаздар саны күрт азайғанын айтқан басшылар жолдасын тағы да күштеп соғысқа аттандырады. Кейде «адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деген сөз рас па деп ойлай бастаған-ды. Себебі, бұғанша және екі бала туып үлгерген Айдана мұндағы өздерімен тағдырлас қазақ әйелдерімен танысып, алыстан туған-туысқандары келгендей шаттыққа кенелген. Бірақ бұл шаттығы ұзаққа созылмады – күйеуі майданда мерт болыпты.
Ертеңіне-ақ пәтер қожайыны жетіп келіп үйді босатуды талап етті. Солайша аяқ астынан жесір қалған келіншек өзі секілді әйелдер тұратын мадафаға ауысты.
«Жығылғанға – жұдырық» дегендей, төрт бірдей баламен жат жұртта жүріп қан жұтқан мұны біреулер мұнда да сыйғызбады – төрт баласымен үйден қуып шыққандай етіп басқа қуысқа көшіреді. Осыдан бастап сандалу күшейді – баспана іздеп үй жағалады, бір үзім нанға зар болды.
Солайша, өзі секілді жесірлермен бірігіп арғы жағадағы иелері өліп, қаңырап бос қалған немесе құлаған үйлерді сағалауға кірісті.
Біраз уақыт бала-шағасын ерткен жүз елудей әйел бос тұрған бес бөлмелі үйді паналады. Тек мұнда жарық та, су жоқ екен. Ішер нәр іздеп далаға шығудың өзі мұң болды. Себебі, ондағы жергілікті халықтың салты бойынша әйел адам көшеге шықпауы керек көрінеді. Ақыры, аштық қысқан өңкей жесір әйел балаларын ертіп зекет тарататын орындарды жағалауға кіріседі. Қаңғыған аш-арық байғұстарды кім аясын, арабтардың бұл міскіндерді мүсіркеп көмек қолын созуы былай тұрсын, таяқтап қуып жіберген сәттері де жиілепті. Тіпті, «Мұнда неге келдіңдер? Соғысты бастаған сендерсіңдер!» деп айыптауға көшіпті. Бір-екі уыс ұн алатын ақшалары қалмаған соң малға беретін кебек жеп жан сақтаудан өзге амалдары қалмайды. Өстіп, бір жағынан, бомба алапатынан бас сауғалап, қаша-қаша, Суса, Ракка, Мосул, Шаддат, Кишма қалалары арасында кезек босып, Бағұз қонысындағы қалқайып төрт қабырғасы ғана қалған үйді паналап жүргенде снаряд жарықшағы Айданаға да тиеді. Құдай сақтағанда, жара аса ауыр емес еді. Әйтсе де, қатты қиналады. Дәрі-дәрмек жоқ. Осылайша өлместің күнін көрген келіншек тағы бір елді мекенге қоныс аударады. Сөйте жүріп, әуе шабуылына тап болғанын ұмытпайды. Жазық далада қалған өңкей жесір бала-шағасын атылған оқтан сақтау үшін жерді үңгіп, окоп қазып алуға тырысатын. Сол күндердің ауыртпалығын еске алған Айдана:
– Бізді әбден алдаған екен. Онда күйеуім жиі айтатын шариғат заңдары ескерілмейтін. Бізді мүлдем жақтырмайтын. Көрген жерден кірпіше жиырылып, теріс айналатын. «Өй, мыналар тағы келді, соғысты бастаған осылар. Тамақ тек жергілікті халыққа беріледі. Сендерге жоқ! Не үшін келдіңдер?» – деп тепсіне сөйлейтін. Соның бәрі жалған ағымның жетегіне ергендіктен екен, – деп терең күрсінді. – Ақырында Бағұз қаласында да әуе шабуылы үдеп, бас көтере алмадық. Сөйтсек, қалың адамның арасында оқ-дәрі салынған жүк көлігі бар екен. Әлгі жарылып, айналамыздағы жарылыстан көз аша алмай қалдық. Баламның қолына снарядтың жарықшағы тиіп, жарақат алды. Көз алдымызда адамдар құлап жатыр. Қазып алған окопымыз қорған болды. Әйтпегенде түгел қырылып қалар едік. Дәрігерлік көмек көрсету мүмкін емес. Сондайда адамның адамдығы анық көрінеді екен. Тереңірек окоп қазып алғандар шырқырап жалынсаң да кіргізбейді. Сол күнгі жарылыстан бізге бермей қызғанған азық-түлік қоймасы жарылды. Ұшып жатқан оққа қарамастан еңбектей жүріп, балаларға талғажау болар нәрсеге таластық. Сондағы алғаным бір қорап печенье мен бұршақтан жасалған ботқа.
Тағдырдың жазуымен Шам өлкесіндегі соғыстың зардабын басынан өткерген қалың әйел күрдтердің қолына өз еріктерімен беріледі. Олар ұзақ әрі мұқият тексерді. Сол аралықта далаға қонған сәбилердің біразы таңға дейін шетінеп, қыстың ызғарынан талай бала ұйқыдан оянбады. Жиырма шақты жеткіншекті жатқан жеріне жерлеген күрдтер бұларды көліктерге тиеп, жолға шықты. Жиырма сағатқа созылған сапардан соң лагерьге жеткен босқындар дәрігерлік тексеруден өтіп, аздаған азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сонда жатып Қазақстан Республикасының «Жусан» операциясымен әйелдер мен балаларды қаңтар айында елге әкеткенін естіді. Сәуір айының ішінде келген қазақстандықтар бұларды есепке алып, алдағы күнде «Жусан-2» операциясымен әкететінін айтады.
Мамырдың 6-сы күнін Айдана еш ұмыта алмайды. Өйткені, бар көрген ауыртпалығын артқа тастап, туған елге оралған күні болатын. Содан бері Елбасына, Отанға рахмет айтудан танбай келеді.
– Алғысымыз шексіз. Бізді бұлай қарсы алады деп ойламаған едік. Бізді ойлағаннан да жақсы қарсы алды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен рахмет айтамыз. Өз басым білімсіздіктің, қараңғылықтың зардабын тарттым. Намазды Ханафи мазхабымен бастасам да күйеуімнің айтуымен салафилік-уаһһабилік ағымның жетегіне түсіппін. Оның дұрыс еместігін елге келген соң білдім. Алғашында Ақтауда оңалту орталығында жатқанымызда теолог мамандар сабақ беріп, ненің не екендігін ұғындырды. Сол арқылы қателігімізді білдік. Мысалы, уаһһабилік ағым өкілдері намаз оқымайтын адамды кәпір деп санап, оны өлтіруді, мал-мүлкін тонап алуды халал есептейді. Соның дұрыс еместігін осында келіп білдім. Ал, Сирияға барғандар Ислам шариғатын мүлде ұстанған жоқ. Нешетүрлі сұмдықтар орын алып жатқанын естідік. Тіпті, гомосексуализммен айналысқан баланың жазаланбағаны көп әңгіме болды. Соған қарап ешқандай шариғат шарттарының орындалмағанын білдік. Менің ең басты қателігім – білімсіздік екен. Күйеуімнің айтқанына ілесіп жүре беріппін. Бір кітаптың бетін ашып көрмеппін. Ендігі жастарға айтарым – іздену, білім алу басты міндет. Біреуді ұстаз тұтсаң басқа да еңбектерді оқып көр. Ең алдымен, іздену керек және өзімізге етене мазһабты ұстанған дұрыс. Сонда ғана адам адаспайды екен, – деген Айдана алдағы күндеріне алаңдайды. Ес біліп қалған балаларын жеткізуді, солардың оқып, білім алуын армандайды. Өз басына түскен ауыртпалықты өзгелердің көрмеуін тілейді.
Иә, бір тағдыр – бір әлем! Шалыс басқан қадам иесін сынап-мінеп, кемсіте беру жақсылық әпермейді. Керісінше, халқымыздың «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген қанатты сөзімен оларға қолдау көрсетіп, демеу берген жөн болар.
Мәди ӘСЕТҰЛЫ,
Алматы облысы