Жанұзақ Әкім: «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫН ҚАЙТА ЖАНДАНДЫРУ КЕРЕК
2020 ж. 13 сәуір
1374
0
Қазір ана тілі жан ашырларының арасында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын қалай жақсартамыз деген үлкен мәселе талқылануда. Бұл іске сол Қоғам басшылығындағы Ерден ҚАЖЫБЕК, Ғарифолла ӘНЕС, Алматы қалалық, Қарағанды, Қызылорда облыстық филиалдарының жетекшілері Құсман Шалабаев, Темірғали КӨКЕТАЙ, Сәдуақас АҢСАТ тағы басқа белсенді азаматтар араласуда.
Біз де Қоғам жұмысына бұрындары біраз араласқанбыз. Қазіргі жағдайынан хабардармыз. Соңғы жылдары Қоғамның белгілі себептермен жұмысының жүрмегені белгілі. Аты айтып тұрғандай қоғам о баста ана тілімізді Конституцияда бекітілген мемлекеттік мәртебесіне көтеруге халықты жұмылдыруға, ұлттық рухты көтеруге, биліктегілерге ықпал ету үшін құрылды. Қазір оның өзі дәрменсіз күйде қалып отыр. Жарғыға сәйкес жылына бірнеше рет өтіп, қордаланған мәселелерді талқылап, белсенді жұмыс жасауға бағыттайтын Қоғамның пленумдарын айтпағанда 5 жыл сайын өтуге тиіс Құрылтайдың өтпегеніне де биыл 9 жыл болады. Осының алдындағы құрылтай 7 жылдан кейін өткен. Қорында бір тиын қаржысы жоқ, қарамағында бір адамдық штаты да жоқ Қоғамды бұл күйінде әрі қарай қалдыруға болмайды. Не жұмысын жандандыру керек, не оны тарату қажет. Мен тарату емес, оның бүкіл қоғамға әсер ету жұмысын жандандыру, яғни қайта құру керек деп есептеймін. Сондықтан Қоғам жұмысын түпкілікті өзгерткен жөн. Яғни басқару, ұйымдастыру, атқару жүйесін бүгінгі қазақ тілінің жағдайына сәйкестендіру қажет деп ойлаймын.
Басында Қоғам Әбдуәли ҚАЙДАР ақсақалдың беделімен ашылды, сол кісінің бағытымен жүрді. Сонан кейін Өмірзақ Айтбаев ағамыз жалғастырды. Алайда соңғы 30 жылда қазақ тілінің ойдағыдай дамымай, совет кезіндегідей орыс тілінің көлеңкесінде қалу себебі, біріншіден, жоғарғы мемлекеттік құрылымдардың осыдан отыз жылдай бұрын мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тілімізге құлықсыздығынан болса, екіншіден, бұл Қоғамның өзінің бастапқы белсенділігінен айрылып, тоқырауға ұшырауынан деуге болады.
Қоғам басшылығы қазақтың ұлт десе, тіл десе ішкен асын жерге қоятын азаматтарын жержерден өзіне тарта алмады. Керісінше, айналасына оның атын өз пайдасына жаратуға тырысатындар немесе ана тілі үшін тырнағын да қимылдатпайтын жалған белсенділер жиналды. Сол себепті енді барлық облыс, қала, аудандардағы Қоғамның филиал жетекшілеріне талдау жасап, жұмысы барын қалдырып, жоқтарын қайта сайлап, құрамдарын да түбегейлі өзгерту керек. Ескеретін нәрсе Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Орталық Қазақстан, оның ішінде Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарындағы филиалдар жұмысына қатты көңіл бөлу керек. Олардағы қазақ тілінің ахуалы баяғы совет кезіндегі жағдайдан алға кеткені шамалы. Сонан соң биылдан қалдырмай Қоғамның құрылтайын өткізу қажет. Қоғамның Жарғысы сонау 90-жылдары қабылданған. Сол құрылтайда жаңа Жарғы қабылдау керек. Жаңа Жарғыдағы Қоғамның басқару жүйесіне мынандай өзгерістер енгізілсе деймін. 14 облыс, 3 республикалық қалалардағы басқару құрылымында 3-5 тең төрағадан болып, олардың әрқайсысы бір салаға жауап бергені жөн. Мысалы, Астанада бірі мемлекеттік органдармен, бизнес компанияларымен жұмыс істейтін, бірі қаладағы білім саласындағы мектептер, оқу орындары, жоғары, арнайы оқу орындарымен жұмыс істейтін, енді бірі коммуналдық шаруашылық, тағы басқа саладағылармен айналысуы керек. Әркім өз саласына жауап береді. Барлығы тең құқылы. Бірақ бір координатор болғаны жөн. Ол Қоғам жұмысын ұйымдастыра, үйлестіре отырып, кем дегенде айына бір рет жинап, басқалардың есептерін тыңдап отыруы керек. Ал басқарма мүшелері 9-11 адам болса жетеді. Олар мәселелерді көтеріп, көпшілікті соған жұмылдырып, кей проблемаларды билікке жеткізіп, шешілу мәселесін қадағалап отырады.
Қоғамның Орталық құрылымын да қайта қарау керек. Құрылтай бұрынғыдай 5 жылда емес, 3 жылда бір өткені дұрыс. Қазіргі облыстардағы бары-жоғы белгісіз филиалдар мен Жарғыға сәйкес емес пайда болған алқа мүшелері, вице-президенттермен құрылтай өткізуге болмайды. Өткізердің алдында жоғарыда айтқанымдай, облыстардағы құрылымдарды қайта сайлап алу керек.
Орталықтың жаңа құрамын сайлау кезінде мынау ақсақал, мынау қарасақал, мынада ғалымдық атақ бар, мынаның билікке жақындығы бар деп қарамай, «Қазақ тілі» қоғамын, тілімді көгертемін деп жүрген қайраткерлік қабілеті бар, саяси жұмыста, қоғамдық ұйымдарда ысылған, тәжірибесі бар белсенді жұмыс істейтін адамдарды таңдау керек. Қоғамның президенттігіне басқа жерде жұмыс істеп айлық алып жүргендерден емес, Қоғамның ұйымдастыру жұмысын да, материалдық мүмкіндігін де жолға қоя алатын, Орталық аппараттың штатына, басқа да ұйымдастыру шараларына қаржы көзін таба алатын деңгейдегі адамды іріктеп сайлау керек. Қоғам атқарушы биліктен тәуелсіз болғанда ғана белсенді, еркін жұмыс істей алады. Билік құрылымында істейтін, оларға тәуелді адам келсе, жұмыс жүрмейді. Бұл қоғамдық ұйым.
Сын жоқ жерде батпақ басталып, тоқырау белең алады. Сондықтан Төралқа құрамына келгендер бір-бірімен қырқысу үшін емес, еркін ойлы, істің алға басуы үшін бәсекелестік туғыза алатындар болғаны жөн. Орталық орган барлық деңгейдегі құрылымдардың жұмысына талдау жасап, олардың есебін тыңдап отыруы керек. Есепсіз жүрген жұмыс ол баяғыда Брежневтің кезінде совет үкіметін құлатуға негізделген басқару жүйесіндей немесе қазіргі біздің биліктің ісі тәрізді болып кетуі мүмкін. Болмаса, Жазушылар одағындағыдай масқара болып, бірін-бірі беттен алып, қырқысуға дейін барады.
Не керек, қазір «Қазақ тілі» қоғамының бары-жоғы белгісіз. Ал алда атқарылатын жұмыс шаш-етектен. Сол себепті ойланатын да, Міржақып Дулатұлы айтқандай, оянатын да кез келді, ағайын! Бізден, «Қазақстан альянсынан» қандай көмек керек, соны қарастырыңыздар. Бүкіл партияларды, Парламент депутаттарын Қоғамның мүшелігіне тартайық. Біздікі соған атсалысу үшін жасап жатқан жанашырлық ұсыныс. Өз пікірлеріңізді білдіріңіздер, қоғам болып талқыға салайық.
Сөйтіп Қоғам жұмысын жандандырайық, жаңартайық, ағайын!
Жанұзақ ӘКІМ,
Еуропа Ғылым академиясының мүшесі,
Халықаралық адам институтының президенті