Ұлттық рухтың айнасындай
2020 ж. 21 наурыз
1596
0
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.
Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды», – деп қоғамдық сананы жаңғыртудың маңыздылығына аса мән береді. Бұл тұрғыда ұлттық спортымызды дамыта отырып, ұлттық рухымызды көтеріп, санамызды одан әрі жаңғырта түскеніміз дұрыс.
Қазақ халқы үшін ұлттық ойындардың ұлтымыздың өмірінде алатын орны ерекше. Біздің ұлттық ойындарымыз күштілікті, алғырлықты, мергендікті, төзімділікті, қырағылықты және шабандоздықты талап етеді. Елімізде ат спорт түрлерін дамытуды және жаңғыртуды мақсат тұтқан Ат спортының федерациясы жұмыс істейді. Ұлттық спорт ойынының ел арасында көп тарағаны – аламан бәйге. Бәйге осы күнге дейін өз маңызын жоймаған спорт түрі. Бәйге табандылыққа, батылдыққа, тапқырлыққа үйрететін ұлттық спорттың бағалы түрі болып табылады. Елімізде спорттың осынау түрін кеңінен дамытуға мүмкіншілік мол. Республикамызда мініскер аттарды өсіретін арнаулы жылқы заводтары бар.
Ел бойынша аламан бәйгемен қатар, көкпар ойындарының дамуына да ерекше көңіл бөлінуде. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан көкпар ойынының дамуын барынша қолға алуда. Қырғызстан, Өзбекстан және тағы басқа да түркі тілдес мемлекеттер арасында көкпардың алға шығу жолдарын қарастыруда. Күні бүгінге дейін түрлі додалар ұйымдастырылды. Олардың бірі – дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Аталмыш ойын барысында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды.
Ал ақыл-ой ойындарына келсек, бұл тұрғыда тоғызқұмалақ ойынының алар орны ерекше. Тоғызқұмалақ ойының Рухани жаңғыру аясында тиімді құрал ретінде пайдалануға болады. Себебі, осы ұлттық ойынымызды көбі білсе де, аса көп көңіл бөліне бермейді. Бұл ұлттық ойынымызды басқа ойындарға қарағанда дамытуды қолға алу қолайлырақ. Мәселен, ат ойындарында шабандоз кез-келген адам бола алмайды, ол үшін көп тер төгілу керек, орасан жұмыс атқарылуға тиісті. Ал тоғызқұмалақ ойынын алып кету әлдеқайда жеңіл және көп шығынды қажет етпейді.
Қалай осы ойын түрін жаңғыртуға болады? Ең бірінші кезекте тәрбие тал бесіктен, отбасыдан басталады дегендей, әр қазақтың төрінде ұлттық аспабымыз домбыра ілініп тұрғандай, тоғызқұмалақ ойынының құралдары әрбір үйден табылса, жаңғырудың алғашқы қадамы да осы болмақ.
Екіншіден, тоғызқұмалақ ойынының мәнін түсіндіру арқылы, кез- келген жанның ақыл-ойының шыңдалуына, ми қызметін дамытуына және қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға көмектесетін шахмат ойынынан кем түспейтінін айта кету керек. Мектептерде, жоғарғы оқу орындарында, жұмыс орындарында, қарттар үйі және балалар үйінде шеберлік сыныптар мен жарыстар өткізу арқылы оны жандандыруымыз, ел арасында танытуымыз керек. Қазір «DOMBYRA PARTY» сияқты «TOGYZ KUMALAK DAY» деп аталатын іс-шаралар ұйымдастырылса, мектеп, жоғары оқу орын қабырғаларында тоғызқұмалаққа арналған секциялар ашылып, арнайы бөлмеде қоңырау уақыттарында ойнауға мүмкіншілік жасалынса нұр үстіне нұр болатын еді.
Бұл ұлттық ойынымыз ұмытылып бара жатыр. Сондықтан, қанша жерден өзгерістер болсын, әлем дамысын, ұлттық ойындарымызды дамытып әрі оларды жаңғырту біздің болашақ ұрпақ үшін жасалатын міндеттеріміздің бірі.
Кенесары СЕЙДАЛИЕВ, Аружан ДОҒДЫРБАЙҚЫЗЫ
qazaquni.kz