Бекзәкір ҚҰРАЛБАЕВ, кәсіпкер, меценат: Ана ұлағаты өмірлік ұстанымыма айналды
2020 ж. 21 наурыз
3315
1
-Бекзәкір мырза, біздің қалың оқырмандарымызға түсінікті болу үшін әңгімемізді өзіңіздің туып-өскен, бергісі бүкіл қазаққа, арғысы әлемнің біраз бөлігіне жақсы танымал қасиетті Қазығұрт қойнауынан бастасақ...
- Ия, Қазығұрт – алты Алашқа аян, құт қонған қасиетті мекен. Мен өзімнің осы өңірде туып-өскенімді қашан да мақтан тұтамын, қайда жүрсем де жүрегімнің түкпірінде жататын рухани да, табиғи да баға жетпес асыл қазынам іспеттес. Кімге де болса туған жері ыстық көрінері хақ. Кіндік қаны тамған жерге адам баласының тамыры байланады деген пікірлерді естіп жүрміз, сол рас екен. Ал, табиғаты тамылжыған, бір көрген адамның жадында жатталып қалатын, тарихы да тереңнен сыр шертетін Қазығұртты қадірлемеу, мақтаныш етпеу мүмкін емес. Өзге ұлттарды айтпаған күннің өзінде, қарға тамырлы қазақтың барлық ұлыс-руы өкілдері тұратын бұл құт мекен өз алдына бір бақыт пен ырыс аралы десе де болады. Адамдарының бір-біріне деген ыстық ықыласы, сыйластығы өз алдына, ұлттық салт-дәстүріміз, өнері мен мәдениеті берік сақталған ерекше өлке. Біз сол ата-әжелеріміздің, әке-аналарымыздың, алдыңғы буын ағаларымыздың ыстық алақанын сезініп, мейірім шуағын бойымызға сіңіріп өскен бақытты ұрпақ өкілдеріміз.
Ауданымыздың өркендеуіне, Қазығұрт қойнауын мекендеген «Майбұлақ», «Жамбыл» сияқты көптеген елді-мекендердің бүгінгідей дамуына өздерінің есепсіз үлесін қосқан жерлестеріміздің есімі ешқашан ұмытылмайды. Әрине, даңты жолды жүріп өткен ата-әкелеріміздің басым бөлігі бақилық болып, соңына өшпестей із қалдырса, ер азаматтардың бірқатары бүгін де ортамызда өзгелерге үлгі, өнеге болып жүр. «Елдің даңқын ер шығарады», «Ер есімі ел есінде» - деп жатады данышпан халқымыз. Олай болса, алдымен ел мақтанышына айналған тұлғалардың біразын атай кетейін.
Қарағозы Әбдәлиев, Кеңес Одағының батыры, соғыс және еңбек ардагері.
Сабыр Рахимов, Кеңес Одағының батыры, Ұлы Отан Соғысы жылдарында Орта Азия халықтары арасынан шыққан тұңғыш генерал.
Қалаубек Тұрсынқұлов, жазушы, белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы хатшысы, Саха Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Саха Республикасы Мемлекеттік сыйлығы мен өзге де әдби сыйлықтардың иегері. Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Әбдіжүсіп Мақсұтұлы, Қазығұрт ауданының медицина саласын 25 жыл
басқарып, денсаулық ісіне ерекше үлес қосқан. Аудандық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы. Қазығұрт ауданының Құрметті Азаматы.
Әбдізәкір Мақсұтұлы, еңбек ардагері, бірнеше жыл мал шаруашылығында еңбек етіп, Ленин аудандық дайындау мекемесі директорының орынбасары қызметін атқарған.
Арап Медетұлы, соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз. Бірнеше орден мен медальдардың иегері.
Сауран Еділұлы, соғыс және еңбек ардагері, Жамбыл бөлімшесіне тұңғыш гидроэлектростанция салған ел ардақтысы. Қазығұрт ауданының Құрметті Азаматы.
Қамбар Құралов, соғыс және еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз. Шәкірттері
Республикамыздың түкір-түкпірінде еңбек етуде.
Әпен Дәулетұлы, соғыс және еңбек ардагері, Жамбыл бөлімшесі құрылғанда Оймауыт, Қызылата және Көкібелді кесіп өтетін орталық көшеге тасыған тасты арба қорабынан өз бетінше төгетін механикалық тәсіл ойлап тапқан өнертапқыш.
Нәжен Жамалбеков, соғыс және еңбек ардагері, Жамбыл бөлімшесінің мектебінде ұзақ жыл жемісті еңбек еткен ұлағатты ұстаз.
Әлихан Көшіков, соғыс және еңбек ардагері, Чехославакияның қаһарман партизаны.
Егемқұл Тасанбайұлы, соғыс және еңбек ардагері, ОҚО-ның бірнеше ауданында партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. Өзбекстанда облыс басқарған және ӨзбекКСР-ның Ауыл шаруашылығы Министрі болған мемлекет қайраткері. Жетісай, Қазығұрт аудандарының құрметті азаматы.
Әдіхан Өмірәліұлы, соғыс және еңбек ардагері, ел басқара жүріп «Ленин», «Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» ордендерінің иесі. Қазығұрт ауданының Құрметті Азаматы.
Әділ Сасбұқаев, соғыс және еңбек ардагері, Партия саласында аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметінен ОҚО-тың партия комитетінің ІІ екінші хатшысы лауазымына дейін көтерілген. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесіне үш рет депутат болып сайланған. ОҚО және Қазығұрт ауданының Құрметті Азаматы.
Шарақымбай Мырзабайұлы , Қазығұрт (бұрынғы Қаратас) аудандық Ішкі істер бөлімін басқарған. 1938 жылы колхаз бастығы кезінде мақта шарушылығындағы жетістіктері үшін Мәскеу қаласындағы Халық шаруашылық жетістктерінің Бүкілодақтық Көрмесіне (ВДНХ) қатысқан. Аш-жалаңаш отбасыларға үнемі көмектесіп, қарасып тұрғандықтан «атымтай жомарт» деген атқа ие болған. Атақты Тұрар Рысқұловпен дос-жаран болған.
Қыйлыбай Медеубек, Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу-институтын 36 жыл басқарған, КСРО және ҚазКСР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ленин атындағы бүкілкеңестік ауыл шаруашылығы академиясының вице-президенті, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
Әлихан Көшіков, соғыс және еңбек ардагері, Чехославакияның қаһарман партизаны.
Рахманберді Әбдірайымов, «Коммунизм» совхозын Кеңес Одағына танымал еткен қоғам қайраткері, «Октябрь революциясы», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендері мен бірнеше медальдармен марапатталған.
Раманқұл Атымтаев, соғыс және еңбек ардагері, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында жауапты қызметтер атқарған. Өскелең ұрпаққа айтары бар көпті көрген ақсақал еді.
Бекбосын Көбеев, заңгер, Әділет полковнигі, 40 жыл прокуротура саласында еңбек етіп, ОҚО-ның Бас прокуроры қызметін ондаған жыл атқарған. КСРО және ҚР Прокуротурасының еңбек сіңірген қызметкері.
Тілләбай Мақұлбаев, ҚКСР-ның Еңбек сіңірген экономисі. Қазығұрт ауданының Құрметті Азаматы.
Бектемір Өтемісов, Еңбек ардагері, Жамбыл бөлімшесін ұзақ жыл басқарған басшы.Ауылымыздың дуалы ауызды ақсақалы.
Нұрлықыз Қонақбаев, Ауданымыздан шыққан алғашқы шахматша қыз. Оңтүстік Қазақстан өлкесінің 4 дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ Саратов және Ашхабат қалаларында өткен ауыл-село спортшылары арасындағы Бүкілодақтық жарыстарда үшінші орынға көтерілген.
Жұмын Шарахымбайұлы, Қаратас аудандық комсомол ұйымының бірінші хатшысы, «Қызыл-таң» колхазында ұзақ жыл бас бухгалтер, бас экономист болып істеген. Бірнеше дүркін облыстық, өлкелік шахмат біріншіліктерінің жеңімпазы. Республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған.
Бұл ауылымыздың бетке ұстар, ерлігімен де, еңбегімен де ел құрметіне бөленген азамаматтарыздың бір парасы ғана. Ұзақтау да болса бұл тізімді көпшілік назарына ұсынуым орынды деп ойлаймын. Жерімізді жаудан қорғап, екпінді еңбегімен ел ырысын арттырған осы алдыңғы буын ағаларымыз болмаса біз бүгінгі күнге жетер ме едік?! Сондықтан бүгінгі біздер қандай да бір жоғары табыстарға жетсек те сол қиын-қыстау заманды бастан кешіріп, біздерге бақытты бейбіт өмір сыйлаған аталарымыздың, әкелеріміздің атын алдымен атауымыз ләзім. Біз олардың ісін жалғастырсақ, келер ұрпақ біздің ісімізді ілгері апарады. Ол үшін кейінгі жастарымыз елінің тарихын, өзінің ата-бабаларының, әке-аналарының ерлікке, жеңіске толы өмірлік жолын жете білгені жөн. Киелі Қазығұрт жұртын жинап өмірден өткен ата-бабалар рухына құран бағыштап, ас беруді ұйғаруымыздың бір себебі осындай ізгі мақсатпен байланысты. Ұрпаққа ұлағат, тарихқа мұрағат болып қалсын деген ниеттен туындады. Бұл ас ішіп, аяқ босату емес, ұрпақтарымызға тәлім-тәрбие беретін, елдің ауызбіршілігін қалыптастыратын маңызды шара. Өкінішке орай, кенеттен пайда болған коронавирус індетінің таралуына байланысты бұл шараны алдымыздағы сәуір айына шегіндіруге тура келді. Дегенмен жақсылықтың ерте, кеші жоқ, бұйыртса алдағы айда өткізсек деген жоспарымыз бар.
–Ұлағаты мол, үлгі-өнеге алар ортадан шыққан екенсіз, өз еңбек жолыңызды қалай бастадыңыз?
–Туған жерде өмір-бақи тұрақтап қалу бар адамның бірдей пешенесіне жазыла бермейді. Ол заңды да шығар. Біреулер оқу-білім қуып, біреулер қызмет бабымен кеңбайтақ еліміздің әр өңіріне, тіпті шетелге де мекен ауыстыруына тура келетіні бар. Мен де жасөспірім кезімде, он бес жасымда білім қуып, Алматыға таяу Талғар қаласына оқуға аттандым. Содан бері міне табаны жалпақ елу екі жыл өтіпті. Ол арнаулы мектепке республикамыздың аймақтарынан үлгерімі жақсы оқушылар шақырылатын. Мектепті табысты аяқтап, сол кездегі Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына (қазіргі Қазақ Ұлттық аграрлық университеті) оқуға түстім. Жоғары оқу орнын үздік бітіріп Алматыда қалдым. Ол кездер институтты бітірген жас мамандарға қызметке тұру үшін жолдама берілетін және екі жыл сол орында жұмыс істеуге міндеттелетін. Мамандығым көкөніс шаруашылығына байланысты болғандықтан көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін өңдейтін зауытқа (қазіргі «Бахус») жұмысқа тұрғаныммен ұзақ тұрақтай алмадым. Өйткені қала өміріндегі қиындықтар алдымнан шықты. Қалада үйің болмаса, күйің де болмайтыны белгілі. Сондықтан пәтермен тез қамтитын Алматы ауыр машина зауытына қарапайым жұмысшы болып орналастым. Бұл мекеме жас жұмысшыларға бірден жатақхана беретін, баспанамен де қазіргідей жылдар бойы ипотека төлейтіндей емес, тегін қамтамасыз ететін. Әрине, біреулерге табақтай дипломмен жұмысшы болып жүргенім ерсі көрінген. Ал жаңадан отау құрған жастар үшін баспана негізгі мәселе. Ең бастысы, қайда болса да ерінбей еңбек ете білу қажет. Бұл жағынан қиналған емеспін. Ауылда өскен балаға жұмыстың ауырлығы жоқ. Жастайымнан мал бағып, бау-бақша өсіріп қара жұмыспен шынығып өскендіктен бірден төселіп кеттім. Айла-қулығы жоқ қарапайым жұмысшы ортасының бір ерекшелігі – алдымен адал атқарған еңбегіңе, соған деген ынта-жігеріңе қарайды. Ол жағынан жолым болды, өзімнен анағұрлым үлкен тәжірибелі әріптестерім осы қасиетімді көре білді, қолдай білді. Зауыт басшылары да соған орай пәтер беріп, кезектен тыс жеке жеңіл көлік сатып алуыма көмектесті.(Бұрындар көлік сатып алу үшін ұзақ кезекте тұратын). Қызметімді өсіріп цех шебері етіп, одан да жоғары луазымдарға тағайындады, ұйымдастыра білетін қабілетіме қарай көптеген қоғамдық жұмыстарды сеніп тапсырды.
–Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?
–Бұл жерде елдегі жағдай, заман талабы әсер етті деуге болады. Жалғыз мен емес, көптеген адамдарымыз кооперативтік қозғалысқа қатысып, кәсіпкерлікке, бизнеске араласқаны белгілі.Бүгін де солай. Ол да оңай жұмыс емес. Алғашқыда 1994 жылдары негізі қаланған «Төре» деген шағын фирмадан бастап, күндіз-түні аянбай еңбек етіп өндірісті кеңейтуге тура келді, жұмысшылар саны 650-700-ге дейін жеткен кездер болды. Ағаш өңдеу, меттал және пластик құрылғыларын шығару сияқты бірқатар нақты өндіріс орындарын аштық, құрылыспен де айналыстық. Соған орай пайда да түсе бастады. Компания 2005 жылы Қазақстан Республикасы «Сапа менеджменті жүйесінің ҚР СТ 9001-2001» сертификатына ие болды. Бұл кәсіпорын беделін көрсететін үлкен жетістік болатын. Әрине, кәсіппен айналысудың өз қыр-сыры көп, бастысы – жұмысты ұйымдастыра білу қажет. Ұйымдастыра білу өз алдына, ұжым болған соң қарамағыңдағы адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жасау да міндет. Олардың мамандығына қарай шеберлігін арттыру арқылы жұмыс сапасын көтеру өндірістегі аса қажет талап. Өз басым жақсы маманды бізде жылына сан рет ауысатын министрлерден жоғары бағалаймын. Халықтың материалдық байлығын қолмен жасап жатқандар да солар емеспе?! Осыны ескере отырып, 15 шақты мамандарымызға баспана сатып алып бердік. Оған қоса қазір біздің жұмысшылар толықтай жатақханамен қамтылған, тегін үш мезгіл тамақ беріледі. Түскі тамақты тура жұмыс басына жеткізіп береміз. Сол сияқты өндірістегі арнайы жұмыс киімдер де тегін ұсынылады. Жатақханада жуынатын орын, жұмыстан соң еркін демалуға барлық жағдайлар жасалған.
–Өндірісте шешілмей жатқан өзекті мәселе көп. Қаржы бөлінетін мемлекеттік сатып алу саласы жемқорлыққа толы екені белгілі. Қазір тендер деген тарқатылмаған түйін іспеттес, оны ұтып алудың өзі қиямет-қайым десек қателеспейміз.
–Ол рас, тендерді ұтып алу қиын, өйткені бұл жерде де тамыр-таныстық, «көз қысты, бармақ бастылық» орын алатыны жасырын емес, оны күнделікті жаңалықтардан естіп, көріп жүрміз. Біз тендерге қатыспаймыз, соны ұтып алған бас мердігерден қажетті көлемдегі жұмысты атқарып беруге келісеміз. Қосалқы мердігер ретінде жұмысты сапалы және дер кезінде атқару басты міндет. Бұл тұрғыдан біздің кәсіпорын жақсы жағынан көрінгендіктен көптеген бас мердігерлер өздері бізге ұсыныс жасайды. Қазір бірнеше мектеп және өзге де ғимараттардың сейсмикалық шыдамдылығын арттыру жұмыстарын жасап жатырмыз. Бұдан да басқа тапсырыстар түсіп тұрады.
–Өзіңізбен аралас-құралас болып жүргендер, сыртыңыздан білетін көпшілік те Сізді ұлтжанды азамат, қайырымды, мейірімді жан деп біледі екен. Өзіңіз осы бағамен келісесіз бе?
–Біріншіден, кім маған қандай баға берем десе де өз еркі, өз құқығы. Мені әспеттеп жоғары көтеріңдер деп айту ойымда жоқ, ол барып тұрған әдепсіздік болар еді. Жалпы өзімді жарнамалауға қарсымын, сондықтан БАҚ өкілдеріне сұхбатты өте сирек беремін. Екіншіден, менің түсінігім бойынша әрбір қазақ ұлтжанды болуға міндетті.Ондаған жылдар бойғы өзге ұлтқа бағынышты болу біздің осы бір қасиетімізді әбден әлсіретіп тастағаны белгілі.Ата-бабаларымыздан қалған сол қасиеттерді қайта қалыптастыруымыз керек. Алысқа бармай-ақ күні кеше ған өткен Алаш арыстарының ұлты үшін жанын пида еткенін қалай ғана ұмытамыз? Ол үшін тілімізді, дінімізді, ділімізді,озық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді берік ұстану басты парызымыз.Бұл ұлтшыл болып ғасырлар бойы бірге тұрып келе жатқан өзге ұлыстарға тізе батыру деген сөз емес.Бірақ өз тілімізді, ұлттық құндылықтарымызды қадірлей білгеніміз жөн. Бүгінгі жастарға үнемі айтып келе жатқан пікірім де осындай. Сол үшін маған қырын қарағандар да, өздерінше қыр көрсеткендер де болды. Ондайлар өз ұлтын бағалай білмегенді өзгелер де сыйламайтынын әлі де түсінбей жатқанға ұқсайды.
Үшіншіден, қайырымдылық, мейірімділік деген асыл қасиет қазақтың қанында қашан да болған. Бұны жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ата-бабалардан жеткен аманат деп түсінуіміз шарт. Мақтанғандай болып көрінсем де, сұрақ қойылған соң оған жауап беру міндет. Бар байлығыңды о дүниеге алып кете алмайсыз, қолдан келіп тұрса өзгелерге көмек бергенге не жетсін. Жер бетіне жұмақ орната салсам деген ниет болғанмен, мүмкіндік үнемі жете бермейді. Туған ауылымызға су жүргізуге, көріктендіруге біраз атсалыстым.
Жеріміз кеңбайтақ болғанмен біз халқымыздың саны жағынан аз ұлтпыз. Анау бір жылдары шетелдегі қандастарымыз атамекенге оралып, қатарымызды толтырған қуанышты сәттер әлі есте. Олардың алғашқы кездер баспанасыз, жұмыссыз жүріп қиналғанын да көзбен көрдік. Сол бір қысылтаяң кезеңде біздің кәсіпорын ұжымы қандастарымызға қолдан келгенше қамқорлық көрсету керек деп шешкен болатын. Ол үшін Алматыдан алыс емес Есік қаласы саяжайында сатылуға қойылып бос тұрған отыздан аса үйлер мен жер телімдерін сатып алып қандастарымызды орналастырдық. Ескі үйлердің орнына жаңасын тұрғыздық. Сөйтіп жоқ жерден «Ауыл-Төре» деген бүтін бір елді мекен пайда болды. Олардың көшіп келу қаражатын көтеріп, ауылды көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Қандастарымызды жұмысқа, балаларын мектепке орналастыру істерін де атқардық. Халқымыздың санын өсіруді қолдау мақсатында осы ауылдағы отбасында туылған бірінші балаға 20 мың теңге, екінші балаға 40 мың теңге бөлініп отырады. Алда атқарылатын жұмыстар әлі де көп, ауылға мектеп, балабақша, емхана сияқты мекемелер аса қажет. Жергілікті билік ол кезде көмек бермесе де ендігі жерде осы мәселені шешуге жәрдем береді деген үміттеміз.
Адам болған соң арман мен үміт үзілмейді. Мені табысты кәсіпкер ретінде армандарымның, жоспарларымның бәрі орындалып, қолға алған істерімнің бәрі ойдағыдай атқарылып жатыр деп ойлайтындар да бар. Жоқ, олай емес, бір сілтеп қалып ойымдағыны лезде іске асыра қоятындай менің де қолымда сиқырлы таяқ тұрған жоқ. Өткен жылдардың бірінде Қапшағай тас жолының бойынан қазақтың этноауылын салсақ па деген жопарымыз болған-ды. Оның түпкі мақсаты – өзіміздің ұлттық тұрмыстық салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен тарихымызды көрсету болатын. Қазақтың кілем тоқу, киіз басу, түрлі зергерлік бұйымдар жасайтын қолөнерімен айналысуға мүмкіндік жасап, кәсіпкерлікті де дамыту еді. Сол бұйымдарды шеттен келген туристерге сататын сауда орындары, қонақ үй, мейрамханалары да жобаланған еді. Қазақтың киіз үйлері, қазақ эпос жырлары кейіпкерлерінің мүсіні бейнеленген демалыс бақтары тағы да басқа ұлтымызға қатысты мазмұн кеңінен қамтылған-ды. Өкінішке орай, ол жоба мен жоспарымыз жоғарыдан қолдау таппады, қағаз жүзінде қалды. Егер сол жоспарымыз іске асқанда ұлтымыздың тарихын, рухани байлығын көрсететін тағы бір орталық пайда болып, келер ұрпаққа жетер еді ғой. Айтайын дегенім – адамның ойлағаны үнемі орындала бермейді. Осы демеушілік жасау үшін бірқатар кәсіпорындарымызды банкке кепілдікке қойдық та. Ақшаны дер кезінде қайтарып үлгереміз деп есептедік. Бірақ, оның реті келмей олар басы бүтін банктерде қалды. Бірақ, оған өкінбеймін, ең бастысы сол қаржыға қаншама адамдарымыз тұрмысын түзеді. Демек, ол босқа кеткен жо
–Әңгіме барысында анаңызды жиі еске алатыныңызды аңғардық. Соған қарағанда бүгінгідей ел таныған азамат болып қалыптасуыңызға тигізген әсері өте зор болған секілді.
–Ия, ол рас! Біздер үшін ол ана ғана емес, әке де бола білді. Әкемізден ертерек айырылғандықтан біздің барлық ауыртпалығымыздың бәрі сол анамыздың иығына түсті. Оқыту, өсіру,тәлім-тәрбие беруді бір өзі атқарды. Оның өзінің өмірі де жастайынан қиындықпен өткен екен. Анамыз Айша Әкімқызы атақты төре тұқымы Әкім Ахметұлының кенжесі болыпты. Айша анамыз ата-анасы мен алты бірдей ағасынан ерте айырылып, жетімдіктің зардабын көп тартқан. 1932 жылы 70 жастағы әжесімен ғана қалып, Тәжікстанға жер аударылып, көмір кенішінде ауыр жұмысқа жегілген. Бар кінәсі төре тұқымы болғаны. Соны жасыру үшін кезінде өзін Арғын, Найман немесе тағы басқа руданмын деп жалтаруға да тура келген кездері болыпты. Содан 1936 жылы елге Өзбекстан арқылы айлап жүріп, жүдеп-жадап, көптеген қиындықтар көріп туған ауылға әзер жетеді. Елге аман-есен келген соң колхоз жұмысына белсене араласады. Анам ешқандай жұмыстан бас тартпай еңбек етіп, ерлер атқаратын қиындығы мол шопан да болған. Еңбегі бағаланып, ел сенім артып аудандық кеңеске депутат болып та сайланған.Алты құрсақ көтеріп, соның үшеуін аман-есен тәрбиелеп өсірді. Сол үш перзенттің ең кенжесі менмін.
Әрине, анам болмаса, анамның тәрбиесі болмаса менің бүгінгі жетістіктеріме жете алмайтыным айдай анық ақиқат. Тіпті титтей ғана табыстарым болса да, сол аяулы анашымның арқасы. «Балам, қашанда жақсылық жаса, әрі әрбір күннен жақсылық күт. Бірақ, жасаған жақсылығыңды еш уақытта ешкімге міндет қылма, жақсы адамның қасында жүріп, жақсылыққа әуес бол. Тек қана жақсылық ойла, ал жамандық іздемей-ақ өзі келеді» деген ғибратты сөзі менің жадымда мәңгілік сақталып, өмірлік ұстанымыма, болашақтағы бұлжымас берік бағытыма айналды. Асыл анамның ақыл-кеңесі, берген ұлағатты тәлім-тәрбиесі мені өмір бойы адастырмай алға жетелеп келеді. Бұл менің жүрегімді жарып шыққан – имандай шындығым.
–«Өлі разы болмай – тірі байымайды» деген аталы сөз бар. Қазығұрт өңірінде өсіп-өніп елге еңбегі сіңген тұлғаларды еске алып, олардың рухына Құран бағыштауды ниет етіпсіздер. Ниеттеріңіз қабыл болсын, сіздерді ата-бабаларыңыздың аруағы қолдасын!
-Әумин!..
Зейнолла АБАЖАН
ЖАҢА ТАНЫС
Табысқандай сары сүйек жекжатыммен,
Ойда жоқта таныстым БЕКЗӘКІРМЕН.
Мұрнын тескен тайлақ қой алыптарың,
Жүзеді деп ойлаушы ем тек зәкірмен.
Шаруасы жоқ руың, тек, затыңмен,
Жадырадым тілдесіп бекзат ұлмен.
Күндеріме өкіндім босқа кеткен ,
«Ішіп қойды, жеп қойды, деп жатырмен».
Отырса да келместің арбасында,
Қалбаңдайды көп құзғын жар басында.
Күн мен түндей аунаған, беу, дүние-ай,
Жақсылық пен жамандық арбасуда.
Айта бермей билікке тек қана сын,
Үйі - жайын салдырып шөп қорасын.
Қандастарға «Төре» деп ауыл салған,
Алдырып сыртта жүрген шет баласын.
Үйдің жақсы болмағы ағашынан,
Жігіт тамыр тартады нағашыдан.
Болам деген жастарға іс үйреткен,
Бір жан екен қазаққа жаны ашыған.
Бетегесіз , бедерсіз бел болмайды,
Алтын тонсыз , ағасыз ел болмайды.
Талай жігіт жасап жүр ауыл қамын,
Тектілердің көзінде шел болмайды.
Қорқытпа деп Абылай түсіменен,
Сенемін деп бірліктің күшіне мен.
Есте қалған ерлерге бата сұрап,
Танылып тұр, ас беріп, ісіменен.
Сауын айтқан үш жүзге асы қайда,
Хан Кененің дей бермей басы қайда?
Бір жеңнен қол, жағадан бас шығарсақ,
Қазағым-ай, берекең тасымай ма?!
Болат ШІЛІКБАЕВ
14 .03 . 2020 жыл Алматы
qazaquni.kz