Құралай АҚҚОШҚАРОВА: Көктем мерекесімен құттықтаймын!
2020 ж. 29 ақпан
2186
0
– Құралай Ахметқызы, сіздің білімге деген құштарлығыңыз бала кезден зор екенін білеміз. Бір сәт сіздің жастық шағыңызға көз жүгіртсек...
– Мен осы ару Алматыда дүниеге келдім. Өмірдің қызығы да, шыжығы да осы қаламен тығыз байланысты. Ал білімге деген құштарлық отбасындағы тәлім-тәрбиеден деп білемін.
Мен Алматыдағы №25 орта мектепті алтын медальмен бітірген түлектердің бірімін. Жоғары білімді қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде алдым. Таңдауым оқу орнының физика факультетіне түсті. Оқуда озат студент ретінде лениндік стипендиат атандым. Қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан табыла білдім. Университетте жүріп комсомол ұйымын басқардым, комсомол съездеріне делегат, республика комсомол Орталық Комитетіне мүше болып сайландым.
Үшінші курс оқып жүрген кезімде, яғни, сонау 1971 жылы Мәскеуде өткен студент жастардың бүкілодақтық 1-ші слетінің беделді жиынының Төрайымы болдым. Алқалы жиынның төрінде КПСС Орталық Комитетінің Бас Хатшысы Л.И.Брежневпен қатар отырып, шараның тізгінін қолға алып, атағынан ат үркетін әлемге әйгілі ғалымдар мен министрлерге сөз бердім.
Сол заманда он бес одақтас Республиканы қол астында ұстаған, СССР атты алып державадағы миллиондаған жастардың арасынан суырылып шығып, ауқымды жиынды басқарған маған Л.И.Брежневтің өзі шараның өте жоғары деңгейде өткенін айтып, арнайы алғысын білдіргені бар.
– Қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосқан нәзікжандыларымыздың бірі өзіңіз. Тарқатып айтып беріңізші, осы бағыттағы жұмыстарыңыз қалай бастау алды?
– Жоғары оқу орнын тәмәмдаған соң, Мәскеудегі СССР Ғылым академиясындағы А.А.Байков атындағы Металлургия институтының аспирантурасына түсіп, білімімді одан әрі жетілдірдім. Сол жылы профессор Кирилл Гуровтың жетекшілігімен Киев қаласында «Особенности взаимной диффузии в многофазных бинарных системах» атты тақырыптағы кандидаттық диссертация қорғауға қол жеткіздім. Осылайша басталған ғылымға деген құлшыныс одан әрі қарай сәт сайын дами түсті. Университет оқытушысы, деканның орынбасары, декан, кафедра меңгерушісі сынды қызметтік сатылардан өте отырып, ҚазҰУ-дың Ғылыми кеңесінің шешімімен «Университеттің Құрметті кафедра меңгерушісі» атағын иелендім.
Ғылыммен біте қайнасқан оқытушылық өмірімде «Молекулярная физика и термодинамика», «Механика» және Физика. Теория.Есептер. Сұрақтар. Оның шешудің жолдары» кітабы (Н.Қойшыбаевпен, бірігіп жазған) жарық көрді. Сонымен қатар, жүздеген ғылыми мақалалардың авторымын.
Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің ұсынуымен жарыққа шыққан жоғары оқу орындарына түсуші талапкерлер мен студенттерге арналған кешенді оқу құралы физика саласындағы қазақ тілінде тұңғыш рет шыққан еңбек ретінде ерекшеленіп, жастардың игілігіне қызмет етуде. Қазақ ғылымының дамуына кәсіби маман ретінде қосып келе жатқан үлесім мені биік дәрежеге жеткізді. Қазақ Ұлттық инженерлік академиясының академигі, профессор атанып, ҚазҰУ-дың алтын медалі де кеудемізде жарқырап тұр. Мұның барлығы әлбетте, еселі еңбек пен осы жолда төгілген маңдай тердің жемісі деп білемін.
Ғылым жолындағы азды-көпті еңбегімізді бағалап, әрі әйелдер мерекесі қарсаңында осыдан бес жыл бұрын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевпен кездескен сәтім де әлі күнге дейін есімде.
– Ата-анаңыз да елі үшін еңбек еткен елеулі жандар екені белгілі. Ол кісілерден алған үлгі-өнегеңіз туралы да аз-кем сыр ақтарсаңыз?
– Бүгінде қарап отырсам, ата-анам бойымызға тек ғана ізігіліктің дәнін сеуіпті. Ол кісілер бізге «бұлай жасамаңдар» деген тыйымды көп айтпайтын. Өздерінің өмірдегі шынайы қалпымен-ақ балаларына үлгі көрсете білген жандар дер едім. Атап айтсам, менің әкем – Ахмет Аққошқаров СССР-дың шет ел iстерi министрлiгiнiң Жоғары Дипломатиялық мектебiн бiтiрген. Республикамыздың әртүрлi мемлекеттiк салаларында жоғары лауазымды қызметтер атқарған. Анам – Патшайым Тәжiбаева литология ғылымының негізін салған, Шығыс әйелдерi арасында шыққан тұңғыш геология-минереология ғылымдарының докторы, Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесi академик, профессор. Ғылымға деген мендегі құштарлық ананың қанымен дарыған десем артық айтқандық емес. Еңбекқорлықтың ерен үлгісін көрсетіп кеткен аяулы жандардың перзенті ретінде осынау үдеден шығуға бар күш-жігерімді сала білдім деп ойлаймын..
Ата-анамыз көзден кетсе де, көңілден кетпек емес. Ол кісілердің ерен еңбегін дәріптеу – перзенттік парызымыз.
Қазақ қыздарының ішіндегі тұңғыш геолог-ғалым Патшайым Тәжібаеваның 100 жылдық мерейтойы былтыр Алматының төрінде жиырма төрт елдің ғалымдарының қатысуымен өтті. Осынау шара аясында халықаралық ғылыми конференция өтіп, анамыз туралы жаңа кітаптың тұсауы кесілді.
Бүгінде Патшайым Тәжібаева атында Алматыда, Шымкентте, Қазығұрт ауданында көшелер бар. Түркістан облысында екі бірдей мектеп ғалым атында. Осыдан он жыл бұрын Төле би ауданында ғалымға ескерткіш қойылса, жақында Леңгір қаласындағы Патшайым Тәжібаева атындағы №3 мектеп ауласына ғалымның екінші ескерткіші қойылды.
– Арқасүйер азаматының абыройы асқақ, беделінің биік болып, елінің шынайы ықыласына бөленуі – жұбайының қолдауының арқасында екендігі белгілі. Жазушы Сәбит Досановтың өміріндегі сіздің орныңыз қандай?
– Сәбит Аймұханұлы менің Алладан кейінгі қолдаушым да, қорғаушым. Меніңше, кез-келген шығармашылық адамы қаншалықты талантты болса да, егер отбасындағы жай-күйі қалыпты болмаса, онда ол адамның қаламынан керемет туындылар туады деп айта алмаймын. Жалпы, бір-бірімізді түсінісе білгендіктен, қиындықта жасымай, қуанышта тасымай, әрбір күнімізге шүкіршілік айтып өмір сүріп келе жатқан жайымыз бар.
– Сәбит ағамыздың сізге жасайтын қандай сыйлықтары ерекше ұнайды?
– Шын жүректен жасалған кез-келген сыйлық керемет емес пе?! Әрбір әйел затының гүлді көрсе, көңілі гүлдей жайнай түседі ғой. Сәбеңнің әрбір мерекеде маған сыйлайтын гүлдерін көргенде, қатты қуанамын.
– Ұлағатты ұстаз, ардақты ана ретінде бүгінгі қыздарға қандай ақыл-кеңес айтқан болар едіңіз?
– Бүгінде жас отбасылардың арасындағы ажырасу мәселесі мені қатты алаңдатады. Бұл тұрғыда біз ең алдымен, «Қызға қырық үйден тыйым» керектігін қыз баланың санасына сіңіріп өсіруіміз керек. Өмірлік серігің ең бастысы – адал, жауапкершілікті сезіне білсе жеткілікті. Ерлі-зайыптылардың арасында бір-біріне деген сенім отбасылық өмірдің баянды боларына ықпал етері анық. Жігіттеріміз қыздарды аяласа, қыздарымыз ерін ардақтаса, онда әрбір шаңырақта шаттық орнайтыны сөзсіз.
– Аналар мерекесіне орай өзіңіздің ақжарма тілегіңізді де білдірсеңіз...
– Барша аналарымызды, ақ жаулықты әжелерімізді, қаракөз қыздарымызды Аналар меркесімен шын жүректен құттықтаймын. Ана – тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні. Жер бетінде ананы ардақтамайтын халық жоқ. Бала өмірінің нәрі – ана сүті. Халқымыздың рухы, жаны болып табылатын тілдің де басқа емес «ана тілі» деп аталуы бекер емес. Бұл – ұлттың тілі, салт-дәстүрі, тарихы, әдебиеті мен мәдениеті жас ұрпақ бойына ана сүтімен даритыны ана қадірінің айрықша екендігін айғақтап тұр. Аналарымыз жайнай берсін, жасай берсін!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz