Кітап безендіру ісінің үздігі
2020 ж. 29 ақпан
3985
0
Суретші-баспагер, ұстаз Бейсен Серікбай алпыс жасқа толды
Осыған орай , өзі қызмет ететін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректорат фойесінде суретшінің үлкен көрмесі өтті. «Суретші, баспагер, дизайнер» атты осынау халықаралық іс-шара Т.Қожакеев атындағы мәжіліс залында «Қазіргі баспа ісі мен дизайн өнері» атты мәжіліске жалғасты. Алматы көркем-сурет училищесін, сондай-ақ Алматы мемлекеттік театр және көркем-сурет институтын (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) «суретші-дизайнер» мамандығы бойынша бітірген Бейсен Серікбай өзінің осы саладағы қырық жылға таяу еңбек өтілінде мыңға жуық кітап безендірген екен. Ол 1987 жылдан бері «Жазушы» баспасында көркемдеуші редактор, жетекші көркемдеуші редактор болып үзбей жиырма бес жыл суретші-дизайнерлік қызметтер атқарыпты. Білікті маман 1987-2005 жылдар аралығында «Жазушы» баспасынан жарық көрген мыңдаған көркем шығарма мен оқулықтың көркемдеуші редакторы ғана емес, олардың жоғары дәрежеде безендірілуіне, нақышы мен өрнегіне сүбелі еңбек сіңірген. Барлық республикалык баспалармен тығыз байланыста жүретін суретшінің көптеген дүниежүзілік, халықаралык, республикалык кітап көрмелеріне қатысып, жүлдегер атанғанын көреміз. Бейсен Фуатұлы Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің республикалық «Кітап – рухани азық» көрмесін өткізу жөніндегі комиссиясының 2005 жылғы 28 ақпандағы шешімімен «2004 жылдың үздік көркемдеуші редакторы» атанды. Ол – 1992 жылдан бастап Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі. 1999 жылдан Қазақстандағы графика саласы суретшілері ассоциациясының мүшесі. Алғашқы Дүниежүзі қазақтары құрылтайы төлтаңбасының авторы. Баспа саласында отыз жылдан артық уақыт қызмет етіп келе жатқан Бейсен Серікбай 1999 жылдан «Көркем» баспасының директоры болып қызмет атқарады. 2006 жылы «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» атағын, Алматы каласы әкімінің «Мақтау грамотасын» иеленген. 2007 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Жылдың ең үздік кітабы» атты конкурсында 1 дәрежелі дипломмен марапатталған. 2013 жылы ҚР Ұлттық кітап палатасының «Кітап саласының дамуына, ғылым мен кітап мәдениетінің қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін» Құрмет грамотасын алған. 2014 жылы И.Федоров атындағы МГУП сертификатын иеленді. Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы жанынан «Дизайн» мамандығын ашуға тікелей үлес қосқан білікті маман 2018 жылы «Дизайн» мамандығы бойынша магистратура бөлімінің ашылуына зор еңбек сіңірді. Бейсен Фуатұлының жеке көрмесі Әл-Фарабидің 1150 жылдық және Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларының аясында өтті. Іс-шараны өзі жүргізген журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы жиылған көпшіліктің алдында Бейсен Фуатұлының кеудесіне «Ерен еңбегі үшін» медалін тағып, иығына қазақы дәстүр бойынша шапан жапты. Сондай-ақ жиын барысында Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Айгүл Рамазан, Еуразиялық Дизайнерлер одағының президенті Ермек Асылханов, Қазақстан Дизайнерлер одағының президенті Қамбар Көшеров, еліміздегі алдыңғы қатарлы баспалардың басшылары мен газет-журналдардың редакторлары, ҚР Ұлттық Мемлекетік кітап палатасының басшылығы да мерейтой иесін өз саласындағы жетістіктерін білдіретін арнайы медальмен, дипломдармен марапаттап, сый-сияпаттарын жасады. Енді бір сәт көрме кезінде айтылған жекелеген лебіздерге кезек берейік. Сағатбек Медеубекұлы, ф.ғ.к., журналистика факультетінің деканы: – Біздің 85 жылдық тарихы бар Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 1998 жылы журналистика факультеті жанынан ашылған Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының бір уығы болып қадалып, оның шаңырағын биіктетіп келе жатқан Бейсен Серікбайдың еңбегі ерекше. Әуелде дизайн кафедрасын ашамыз дегенде бірге жүрдік, көп ақылдастық. Алматыдағы, Астанадағы түрлі жоғары оқу орындарына шапқылап бардық. Бұл, бір қарағанда, оңай нәрсе көрінгенімен өте күрделі жұмыс еді. Әсіресе, бүгінгідей бюрократтық, шенеуніктік өмірде кедергілер көп кездеседі екен. Сонда Бекең қара нардың жүгін көтеріп, осы бағытта зор қайрат көрсетті. Енді, міне, сол еңбектің жемісін көріп жатырмыз. Алғашқыда қиналғамызбен, төккен тер ақталды. Кейін кафедраға талантты, қабылетті шәкірттер көптеп тартыла бастады. Бұл кісі – нағыз ұлт патриоты. Әлеуметтік желі арқылы халықтық мүдде жолындағы көкейкесті ойларын батыл айтады. Өте шыншыл, ақиқатшыл жан. Мұның бәрі оның биік азаматтық болмысын айшықтайтын қасиеттер. Табылды Мұқат, суретші: – Бейсенді ертеден танимын. Артымыздан ерген ініміз үнемі жаңаша ізденіс үлгісін көрсетіп, өскелең талғамға сай, озық заман талабы негізіндегі бағытта батыл өзгерістер енгізіп келеді. Әсіресе, кейінде дизайн саласында айшықты қолтаңба қалыптастырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Оның әрбір жұмысынан жаңаша мәнер, нәзік талғампаздық іздері анық байқалып тұрады. Нұрдәулет Ақыш, жазушы, ғалым: – Бейсенмен Дүниежүзі қазақтарының алғашқы Құрылатайы өткен сәттен бері жақсы таныспыз. Кейін онымен бірге осынау қоғамдық ұйымда қатар еңбек еттік. Суретшілік салада қырық жылдан бері жүрген Бейсен Серікбайдың қыруар қолтумалары бар. Бірақ, өкінішке қарай, соның бәрін халық тани бермейді. Бір ғана мысал айтсақ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы эмблемасындағы шаңырақ бейнесінің авторы осы Бейсен бауырымыз екенін көпшілік біле қоймайды. Осындайда ойға оралады, сол конкурсқа жер-жерден небір нұсқалар келіп түсті. Бірақ ең үздік жоба ретінде осы Бейсен Фуатұлының жұмысы таңдалды. Былайша айтқанда, дүбірлі өнер додасында жас суретшінің таланты жарып шықты. О кезде бұл өз шаруасымен айналысып жүретін шағын ғана қарадомалақ жігіт еді. Өзіне кейбір қарындастарымыз қызыға қарап қоятыны есімізде. Сонда олар: «Мына жігіт сөйлемейтін адам ба? Ешкіммен жуыспайды ғой өзі!» – деуші еді. Біз: «Жоқ, ол сөйлейді. Оның қылқаламы сөйлейді!» – дейтінбіз. Мына көрмеден-ақ көрдік, безендірілген қаншама кітаптың әрқайсы үшін мол шығармашылық ізденіс қажет екені түсінікті. Әрбір графикада суретшінің айрықша мәнері жатыр. Бейсен реалистік бағытта да жұмыс істейді. Ол туындыларының арасында адамның қиялын қанаттандыратын, сезімін тербейтін, аяулы балалық шаққа жетелейтін немесе ауылға тартатын еңбектер де көп. Енді, міне, ол ұстаздық етіп жүр. Шәкірттері Бейсен ағаларына тартса, арман жоқ. Байбота Қошым-Ноғай, ақын: – Бейсен графикамен ертеден айналысты. Ол бағытта да мықты дүниелері көп. Ол кілең атақты ұстаздардан дәріс алды, мықты суретшілермен қанаттаса еңбек етті, небір дарынды қылқалам шеберлерінің арасында жүрді. Мыңдаған кітапты безендіру оңай іс емес. Бейсен менің бес кітабымды безендіріпті. Солардың әрқайсынан суретшінің саналуан қыры көрінеді. Ол автордың айтайын деген ойын кітаптың бетіне шығарады. Соларға қарап тұрып, белгілі кітаптің мазмұнын оқып тұрғандай әсерге бөленесіз. Бейсеннің суретшілік талантын содан-ақ көруге болады. Бейсеннің арғы атасы Құнанбай заманында би болған екен. Ойлап қарасақ, сондай асыл текті бабаларының қасиеттері осы бауырымыздың да бойынан табылатындай. *** Кеш соңында Бейсен Серікбайдың өзі де бізге: – Өзімнің отыз жылдан аса еңбегіме есеп бергендей осынау үлкен көрменің өтуіне айтарлықтай ықпал еткен әріптестерім мен аға-әпкелерім, іні-қарындастарыма шексіз алғыс сезімімді білдіремін. Өз басым көрменің жеке авторы ретінде ең алдымен қара шағырағымыз – ұлттық университет басшылығына, екіншіден, журналистика факультеті жетекшілеріне, үшіншіден, өзіміздің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының шексіз алғысымды білдіремін. Осындай іс-шаралар алдағы келешекте жастардың, дарынды шәкірттеріміздің де дамып, шыңдалуына, жан-жақты өсуіне ықпал ететініне кәміл сенімдімін. Біз өз жетістіктерімізге өзіміз ғана қанағаттанып қоймай, жасаған жұмыстарымызды, атқарған еңбегімізді елмен бөлісіп, жастарға үлгі етіп жариялап отырсақ, сонда еліміздің болашағы, мәдениеті, өнері дами түседі деген ойдамын, – деді. Құлан САҒАТҰЛЫ qazaquni.kz