Ұлт өнерін ұлықтаған
2020 ж. 22 ақпан
3088
0
Берік Жүсіпов жайында үзік сыр
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор Қазақ – мыңдаған жылдардан бергі қалыптасу, даму белестерінен өткен ежелгі, байырғы ұлт. Қазақ ұлты – әлем өркениеті атты планеталық ұғымның тарихи арналарының көрнектісі. Адамзат тарихының басталуынан бүгінгі сәтке дейінгі аралықтағы миллиондаған жылдар деректері қазақ халқының ата-бабаларынан кейінгі ұрпақтарына үздіксіз жалғасып келе жатқан ұлағатын айқын байқатады. Ол – ұлттық-отаншылдық дүниетаным ұстанымы. Қазақ ұлтының нағыз ұландары – есін білгеннен бастап, егделеніп бақиға аттанғанға дейін ата-бабалар қалыптастырған ұлы қазыналарды, салт-дәстүрлерді, рухани құндылықтарды көзінің қарашағындай сақтап, ұрпақтардың жадына сіңіріп, кейінілерге аманат етумен келеді. Қазақтың ұлттық тарихындағы рухани құндылықтарды ұлықтау дәстүрін дамыта жалғастырып келе жатқан сондай ұлдарымыздың – ұландарымыздың бірі – Берік Жүсіпов. Берік Мырзалыұлының берік ұстанымы – Алла сыйлаған табиғи дарынының аясындағы істерді жүзеге асыру: біріншісі – табиғи дарыны мен нағыз жырау дәстүрін дамытқан үздік орындаушылық өнерімен халық мұрасын насихаттауы; екіншісі – қазақтың ақындық жыршылық, әншілік, күйшілік дәстүрлі өнері салаларындағы рухани құндылықтарды жинау, кітап етіп жариялау, зерттеу еңбектер жазуы. Ол байырғы сақ, ғұн, түркі өркениеті дәуірлеріндегі және одан бергі ғасырлардағы, біздің заманымыздағы фольклор мен әдебиет мұраларын жыршылық өнерімен үздіксіз жырлап келеді. Республикамыздың, шетелдердің сахналарында, телеарналарда, радио бағдарламаларында – оның бейнесімен үні көрермендердің көз жанарларына, тыңдаушылардың құлақтарына берік ұялады. Оның бейнесі де, үні де – қазақтың ұлттық келбетін, бүкіл болмысын елестетеді. Берік – танымал ғалым. Оның қаламынан туындаған ғылыми-зерттеу кітаптары да қазақ тарихы, әдебиеттану, фольклортану, өнертану, этнография, т.б. – гуманитарлық ғылымдар салалары үшін маңызды үлес болып қосылды. Мысалы, «Мырзастағы жыр мектебі» (1992 ж.), «Жиделі Байсын күйлері» (2000 ж.), «Сыр бойының жыраулық-жыршылық дәстүрі» (1999 ж.) т.б. кітаптары бар. Беріктің зерттеу еңбектері бір-бірімен сабақтас өзекті мәселелерді қамтуымен ерекшеленеді: біріншісі – қазақ әдебиеті тарихын құрайтын көрнекті ақын-жыраулардың шығармашылығы туралы тұжырымдары; екіншісі – ақын-жыраулардың мұраларын орындаушы жыршылардың-термешілердің өнері ерекшеліктерін саралаулары; үшіншісі – қазақтың күй өнерінің табиғаты, күйші-орындаушылар, күйші-композиторлар туралы бағалаулары. Қазақтың ақын-жыраулары – ұлтымыздың әуелгі пайда болуынан бастап, қалыптасуы, даму кезеңдерінің барлығында да барлық жастағы адамдарды рухани жігерлендіруші, тәрбиелеуші қызметімен дараланған қайраткер, ұстаз-тәрбиеші тұлғалар. Шығармалары арқылы ұрпақтардың адамгершілік-имандылық қасиеттері иелері болуына ғасырлар бойы ықпал етіп келді, бұл қызметінің болашаққа да жалғасатыны айқын сезіледі. Берік қазақ әдебиеттануы, фольклортануы ғылымының бұрынғы-соңғы көрнекті зерттеушілерінің дәстүрін өзіндік үлесімен жалғастырып жүр. Арал теңізі жағалау атыраптарына мәлім Нұртуған, Жаңаберген, Жәмет, Дәріғұл, Нартай, Құлжан, Смағұл, Мұзарап, Әбілхан, Мырзалы және т.б. ондаған ақын-жыраулардың әдеби мұраларын жүйелеп, ғылыми байыптауларын жазды. Осы аталған ақын-жыраулар шығармаларын, жалпы қазақ фольклоры мен әдебиеті мұраларын халық арасында жырлап таратушылар, жыршы-термешілер өнері хақында да филология мен өнертану тұтастығындағы бағалау пікірлерін білдірді. Мысалы, Қызылбай Жұбатов, Үмбетәлі Сапаров, Берекет Омаров, Әбдіқұл Әбиұлы, Қаппар Жармағамбетов, Темірхан Ерғалиев, Құдайберген Жасекенов, Набат Ойнарова, Рысбек Әшімов, Сұраған Мырзаев, Бекұзақ Тәңірбергенов, Демеубай Жолымбетов, Сәбит Омаров, Мүбин Биімбетов, Амангелді Сәрсенбаев және т.б. жыршы-термешілердің орындаушылық өнеріне туралы, алғашқы ой-тұжырымдарын жазды. Берік Мырзалыұлы еңбектерінің көрнекті бір саласы – қазақтың күй өнері туралы зерттеулері. Мысалы, күйші-композиторлар Бәйімбет Кенжеғұл, Құрманай Төремұрат (шамамен XVIII ғ.), Домақ Тәппет (шамамен XVIII ғ.), Асан Көнек (шамамен XVIII ғ.), Бекпенбет (шамамен XVIII ғ.), Қоңырат Әлшекей (1847–1932), Тама Әкімгерей (1978–1932), Құрақтың Досжаны, Шыналы (1913–1982), Қаражанның Төлегені, Исламбек, Үсен төре (шамамен ХІХ–ХХ ғғ.), Шал мырза (1850–1934), Жалдыбай Елеукеұлы (1894–1945), Қазанғап Тілепбергенұлы (1854–1927), сонымен бірге күйші-орындаушылар (Нәби, Балқашбай, Зайыр, Қобылаш, Қаппар, Әбдіқадір, Нұржаубай, т.б.) туралы да алғашқы дерекнамалық-өнернамалық пікірлерін жүйеледі. Зерттеушінің күй өнерінің тарихына, жанрына байланысты өзіндік теориялық байыптаулары сонылығымен айқындалады. Ақын-жыраулар, жыршы-термешілер, күйші-композиторлар, күйші-орындаушылар шығармашылығын өзара сабақтас, үндес болмысымен байыптаған зерттеушінің «Жалпы Сыр бойы күйлерінің ерекшелігі олардың ән тектестігінде, жырға жақындығында», – деуі де дәстүрлі өнердің поэтикасын кешенді қарастыруға жетелейді (Жиделі Байсын күйлері, 275-бет). Зерттеуші ұзақ жылдар бойы өзі тірнектеп жинаған нақты деректерге сүйеніп, үнемі тың ойлар, тұжырымдар жасайды. Зерттеуші Беріктің үздіксіз жарияланып келе жатқан мол шығарлы 100-ге жуық мақалалары да талантты зерттеушінің зерделі ойларының кеңдігін аңғартады. Мысалы, «Мен жырмен ауырған» жанмын (1998 ж.), «Боздақ әнші» (2001 ж.), «Би Алмат, батыр Алмат, Сахи Алмат» (2001 ж.), «Қолдан Қобыланды жасау кімге керек?» (2003 ж.), «Қазанғап қай өңірдің күйшісі?» (2004 ж.), «Айтыстың Арқадағы ақтабаны» (2004 ж.), «Шаһнама туралы шындық» (2004 ж.), «Көшеней» (2006 ж.), «Тапал ахун және Сыр бойындағы діни қайраткерлік» (2008 ж.), «Алты алаштың ардағы» (2008 ж.), «Дүл дүл ақын, дүр Манап» (2008 ж.), «Сыр – Алаштың анасы» (2008 ж.), т.б. Беріктің ұлттық рухани құндылықтары ұлықтаудағы жүзеге асырған ғалымдық-қайраткерлік істерінің көрнекті көрсеткіштерінің қатарында классик ақындарымыздың мұраларын тұңғыш рет толық жинақтарын жариялауы айрықша маңызды. Базар жырау Оңдасұлының «Жамиғы қазақ бір туған (терме, толғау, өлеңдер мен хикая-дастандар)» (2008 ж.), «Ізтілеуұлы Тұрмағамбеттің шығармалары» (2007 ж.) атты кітаптарын академиялық ғылыми басылым етіп жарыққа шығарды. Сонымен бірге ақын Орнықбай Сұлтановтың «Жанқожа батыр» тарихи поэмасын да құрастырып жарыққа шығарды (2006). Бұл – қазақтың ұлттық сөз өнері мұраларының ұрпақтардың мәңгілік жан азығы болуын жүзеге асырудың нақты көрсеткіші. Қазақ тарихындағы жырау атауы шығармашылық ақындық өнері мен қоғамдық-әлеуметтік қайраткерлік қызметі тұтаса танылған тұлғаларға берілген. Асан Қайғының, Шалкиіздің, Доспамбеттің, Марғасқаның, Қазтуғанның, Жиембеттің, Тәтіқараның, Бұқардың және кейінгі кезеңдердегі жекелеген солар тектес тұлғалардың жырау аталуы себебі осындай шығармашылығы мен қоғамдық-әлеуметтік қайраткерлігі тұтаса танылуы себебінен болғандығы – танылған ақиқат. Берік – қазақ тарихындағы нағыз жыршы-жырау. Ол табиғи дарыны жыршылығы арқылы қазақ ақын-жырауларының мұраларын бала кезінен жырлаумен келеді. Халықтың тыңдаушылық санасына сіңісті болған атақты ақын-жыраулардың авторлығымен қалыптастырған дәстүрлі өнер мектебі жолындағы сарындарды, саздарды, мақам-әуендерді өзі орындайтын толғау-термелер мәтіндеріне қолданудың өзіндік үлгісін қалыптастырды. Ешнияз сал Жөнелдікұлының, Базар Оңдасұлының Жиенбай Дүзбенбетұлының, Мұрат Мөңкеұлының, Сәрсенбай Бөртебайұлының, Нартай Бекежанұлының, Нұртуған Кенжеғұлұлының, Тайжан Қалмағанбетұлының, Болман Қожабайұлының және т.б. – қазақ даласының барлық аймақтарындағы жырғаулық-ақындық өнер шығармаларын байырғы және соңғы құбылыстарын сақтай орындауы – Берік ұстанымының шабытты қуаттылығын дәлелдейді. 1990 жылы жарық көрген «Жыр күмбезі» атты күй табағы да оның жыршылық-термешілік өнерін халыққа таныта түсті. Берік Мырзалыұлы бала кезінен басталған, қазіргі жалын атқан жігіттік шағына ұласқан кезеңіне дейін сан ғасырлық тарихындағы ақын-жыраулардың лирикалық ән-өлеңдерін де, дидактикалық-философиялық толғау-термелерін де, эпикалық қисса-дастандарын да ұлттық-классикалық дәстүрлі өнердің кемел деңгейінде орындап танытып келеді. Қазақ фольклорының және ақын-жыраулар мұраларының үлгілері – адамзатты имандылық-адамгершілік ұлағаты рухымен тәрбиелеу құралы. Адамдар санасына эстетикалық-психологиялық әсер-ықпал жасайтын ақын-жыраудың шығармашылық болмысын терең пайымдаған, ұлттық өнердің мұраларының толыққанды қалпының сақталуын ойлаған ғалым-қайраткердің тұжырымдары ұлт құндылықтарын бағалаудың жаңашыл сипатын аңғартады: «Мәдени құбылыс ретінде жырауды ұлы теңізге теңесек болады. Ал, оның қазіргі өнер түрлерін сала-салаға бөлініп кеткен көкше теңізге құяр тұстағы сағаларына балай аламыз. Жырау өнерін зәулім бәйтеректің діңіне бала сақ, оның берері мол бұтақты саясын қазіргі өнер түрлеріне бағыштауымыз лайық. Қазіргі өнер салаларын және оның аймақтық ерекшеліктерін абсолют дәрежесіне көтеру-киіз үйдің қай сүйегі қадірлі деген мағынасыз салыстырумен бірдей. Себебі, жырау – киіз үйдің тұтас сүйегі... Жырау шығармашылығының құрылысы – оның тікелей міндетіне байланысты туындайтын құбылысы. Ал, ол міндет жалқы емес, жалпы міндет, әрі кезек күттірмейтін қилы міндет. Жыраудың жырын ән деп те, күй деп те, өлең деп те қабылдауға болады. Ғасырлар бойы қалыптасқан саз бен сөз үлгілерін мақсатты түрде пайдалану – жырау шығармашылығының басты ерекшелігінің бірі. Себебі, ол – дәстүр иегері. ... Жырау шығармашылығына аймақтық тұрғыда баға беру – түбірімен, қате көзқарас. Себебі, бұл мәдени типтер – әр заманның өкілдері. Құрылымы жағынан жырау шығармашылығы әлеуметтік ой-пікірді реттегіш (социорегулятор). Ал, жеке адамның мінез-құлқы мен қоғамның міне-құлқы сәйкес келе бермейтіндігі белгілі. Профессионалдық ән-күй мен жыраулық ән-күй әртүрлі мінез-құлықты, көңіл-күйлерді бейнелегендіктен, жырау – мемлекеттік қайраткер, ал, әнші-күйші – қауымдық қайраткер. Бірақ, сахарада хандық билік жойылуына орай былайғы жерде жырау қызметі де өнерпаздыққа, қауымдық қызметке ойысты. Бірақ, жыраудың әні мен күйінде биік пафос пен өршіл рух ілкі мағынасын сақтап қалды. (Жүсіпов Б. Жиделі Байсын күйлері. Оқу құралы. – Алматы: Ғылым, 2000. – Б. 62.). Берік Мырзалыұлының шығармашылық жолы бірнеше кезеңдерден құралады. Біріншісі – Арал теңізді жағалауына жақын Ақбасты, одан кейін Жалағаш ауданындағы Аққошқар ауылдарында өткен балалық щақ; екіншісі – Құрманғазы атындағы ұлттық консенваториясындағы студенттік, одан кейінгі Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде оқытушы, консерваторияның «Халық әні» кафедрасы меңгерушісі қызметі; үшіншісі – «Жетісу» акционерлік қоғамында, «Тайқазансервис» мекемесінде менеджер, 2004–2006 жж. Нұр–Мүбәрак Египет–Ислам мәдениеті университетінің докторанты, «Қазақстан» телерадио корпорациясындағы журналистік шығармашылық қызметі; төртіншісі – Қызылорда облысы мәдениет басқармасының бастығы екендігі. Өзбекстандағы Тамды Тауелібай атырабынды фольклор мен әдебиет мұраларын жинап, эпик жыршылар өнері дәстүрін насихаттауға да жаңа серпін әкелді. Мәдениет саласында басшылық қызметке болған кезеңіндегі ұйымдастырып өткізген жұмыстары да уақыт талабымен үндескен сипатымен танылды. 1925–1929 жылдары Қазақстанның астанасы болған Қызылорда қаласының тарихи шежіресін жинақтап, мемлекетіміздің жаңа Елордасының 10 жылдық мерейтойына арнап Президент музейінде өткізілген «Сыр бойы – тұнған шежіре» тақырыбымен облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспонаттары бойынша қойылған көрменің де тағылымы – әсері мол болды. Облыстық филармонияның жанынан бишілер, «Сырдария» атты фольклорлық-этнографиялық ансамблы топтарын кұрды. «Жанкент» фоль-эстрада тобы да іске кірісті. Облыс аудандары орталықтарындағы, ауылдарындағы 208 кітапханаларды жөндеулерден өткізу, ұлттық және әлемдік классикалық көркем әдебиет шығармаларымен толықтыру қолға алынды. Облыстық тарихи – өлкетану музейіндегі экспонаттарды толықтыру, жинақталған жәдігерліктер, негізіндегі республикалық, облыстық ғылыми-теориялық конференциялар өткізу де жүзеге асырылды. Мысалы, ислам діни оқымыстыларының бірі ахун Нұрмұхамед Қадырұлының 160 жылдық мерейтойы негізінде «Тапал ахун және Сыр бойындағы діни қайраткерлік», көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 110 жылдық мерейтойына арналып «Темірбек Жүргенов – алты Алаштың ардағы», «Қазақ фольклорының жауһары – «Қыз Жібек» жырына 500 жыл» атты ғылыми-танымдық конференциялар өткізілді. «Қазақстан – патшалар қорғанының мекені» атты суретшілер пленэрінің (французша plein аuir – ашық ауа) – күннің жарығының және атмосфераның себепші болуынан ауа ортасындағы өнер туындыларының қайта жаңғыртылуы) өткізілуі де ІХ–Х ғғ. Сырдария өзені орта, төменгі ағысы жағалауларындағы оғыз-қыпшақ өркениетіне, ондағы қалалар (Жанкент, т.б.) мәдениетіне арналған туындыларға жаңаша бағдар ықпалын жасады. Ежелгі ғасырлардағы қазақтың отырықшылық мәдениетінің көрнекті орталықтарының бірі «Шірік Рабат» қалашығында ашық аспан астында өткізілген көрме-конференция да жаңа ізденістерді қорытудың, жинақтаудың жаңашыл бастамасын айқындады. Қазақ әдебиеті мен театр, бейнелеу өнері салаларындағы көрнекті тұлғалар тұғырында танылған қаламгерлер Сайлаубай Жұбатыровтың, Абдул-Хамид Мархабаевтың, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Әлия Арысбаеваның мерейтойлық кештерінің, әйгілі композитор Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылығына арналған «Туған жер» атты республикалық композиторлар мен әнші орындаушылар конкурсының өткізілуі де жұртшылықтың ризалығына ие болды. Берік облыстық мәдениет саласын басқарған кезде облыс көлеміндегі 560-қа жуық тарихи, архитектуралық ескерткіштерді фотосуретке түсіріп, халыққа кеңінен таныстыру, жаңаша зерделеу жұмыстары қолға алынды. Республикаға мәлім эпик жыршылардың арнайы фестивалін өткізу де өнердің халықтық дәстүрлі тағылымен нығайта түсті. Облыс орталығынан «Әртістер үйін» салу арқылы жеті ауданында және мемлекетіміздегі басқа аймақтарында жүрген талантты драма-театры әртістері мен әншілерді, басқа да өнер түрлері шеберлерін туған топыраққа топтастыру бағдарындағы іс-шаралар жоспарланды. Қызылорда облысының 70, Қызылорда қаласының 190 жылдық мерейтойлары – мемлекетіміздегі азаматтардың барлығына ортақ мерекелер. Осыған байланысты 2008 жылдың 15 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында «Қазақстан – Сыр елі» тақырыбымен өткен республикалық суретшілер симпозиумы, сонымен бірге Алаш қозғалысының 90 жылдығына арнаған республикалық ғылыми-танымдық конференция да ұлттық-отаншылдық көзқарастар ұлағатын дәлелдеді. Беріктің білікті ұйымдастырушы басшы тұғырындағы қызметінің тағы бір елеулі көрсеткіші – 2008 жылғы желтоқсан айының 1-4 жұлдызы аралығында Алматы қаласында «Сыр – Алаштың анасы» тақырыбымен Қызылорда облысының мәдениеті мен өнері мүндерінің өткізілгені. Ол – орталық баспасөз клубындағы тақырыптық баспа сөз мәслихатымен басталды. «Қазақ концерт» бірлестігінің орталық концерт залында «Сырдан соққан күй-самал» атымен қойылған Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен «Дидар» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің, әнші-күйшілердің мерекеашар концерті де әсерлі болды. Дәстүрлі жыршы орындаушылардың «Сырдария саздары» концерттік бағдарламасы да, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясындағы «Сыр елім менің» қорытынды гала-концерті де халықтық өнердің эстетикалық тағылымы қуатын айқындай түсті. Бұл – Берік Мырзалыұлының өз қызметі арқылы жыр мен әуез халық жүрегінің мәңгілік тұтастығы екендігін дәлелдеген көрнекті ісі. Берік Жүсіпов – «Сыр бойының жыраулық-жыршылық дәстүрі» тақырыбымен диссертация қорғаған зерттеуші, филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Республикалық «Жігер» фестивалінің (1987), Халықаралық «Түрксойдың» Мұрагер» сыйлығының (1999), республикалық «Дарын» мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты. Ол Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының басшы қызметін атқаруы кезінде де Қазақстан Республикасының барлық өңірлеріндегі дәстүрлі халық шығармашылығының өкілдерін әлем өркениеті кеңісітігінде танылуында бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Қазақстанның рухани жаңғырудағы қазіргі дамуына Ұлы Даланың бұрынғы-соңғы ата-бабалық құндылықтарын сабақтастыру бағдарындағы жаңашыл істерге лайықты бағдар бере білді. Қазақ фольклорындағы эпостық дастандар поэтикасына арналған зерттеулерін де жүйелі, нәтижелі жүргізіп келеді. Қазақтың рухани мәдениеті арнасында зерттеуші ғалым, білікті ұйымдастырушы басшы, фольклор мен әдебиет мұраларын шебер орындаушы жыршы-әнші, сөз және әуез (ән, күй) мұраларының тиянақты жинаушысы, т.б. – саналуан шығармашылық және қоғамдық-әлеуметтік қызмет тұтастығымен халқымызға танымал тұлға Берік – біздің заманымыздың нағыз жыршы-жырауы. Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты стратегиялық бағдарлы мақалаларының, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының арнасында атқарылып жатқан игі нәтижелер – ұлтымыздың ұлықтаған қайраткер ұлдарымыз бен қыздарымыздың белсенді, білікті еңбектерінің көрсеткіші. Тәуелсіз Қазақстанның әлем өркениетті кеңістігіндегі мәртебелі биіктіктерге көтерілуі Берік Мырзалыұлы сынды дарынды өнер қайраткерлерінің саналы-сапалы қызметі арқылы жүзеге асатыны ақиқат. Бұл – қазақ ұлтының өршіл талаппен, табиғи дарын-талантпен ғасырлар бойы сақталып, дамып, үздіксіз жалғасып келе жатқан ұлттық болмысының ұлағаты. qazaquni.kz