ШЫРҚАУ БИІК
2020 ж. 31 қаңтар
2115
0
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков туралы үзік сыр
Президент Қ-Ж.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе» деп атап көрсетті. Сондай-ақ мемлекет басшысы өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында да: «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес.Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс» – деді. Демек, дамудың жаңа белестеріне құлаш ұрған еліміз Өнер мен Әдебиетті және сол салада еңбек ететін кәнігі мамандарды айналып өте алмайды. Көпшілік қауым назарына ұсынылатын жазбада автор актердің белгілі образға кіру, әрбір бейнені сомдау бағытындағы жанкешті еңбегі мәнін ашып, кейіпкер болмысына терең бойлауға ұмтылады. Кеңес, негізі, ылғи айналасындағы құбылыстардың өзінен бал жинаған арадай, алдағы образына қажетті материал іздейді. Белгілі қойылымға қатысты әдебиеттен бөлек психологиялық оқулықтарға дейін ақтарып, ұзақ еңбектенеді. Әрбір пьеса алдында қанашама тер төгеді. Сондай тынымсыз ізденуінің бірі Ленин бейнесін жасауда жүрген-ді. Ең алғашқы «Қызым саған айтам» деген дүниелерінен бастап «Қысылғаннан қыз болдым», «Кроссворд», «Қос анар» шығармалары бірінен кейін бірін Қарағандыда қойылған Сәкен Жүнісов енді бұларға «Өліара» пьесасын әкеліпті. Осындағы Ленин ролі Кеңеске тиген. Қазақ жерінің территориясын бөлудегі ықпалын білгендіктен бе, осы тұлғаға деген ерекше құрметі пайда болған еді. Рольдің өзіне бұйырғанына қатты қуанды. Іштей ұзақ толғанып, образға кіріп, жағдай ауанын жіті сезінудің алғашқы даярлығын түкпірде орналасқан қала мекемелерінің біріндегі кең залға әлденеше күн түнеуден бастаған. Төртінші қабатта орналасқан аумағы атшаптырым бөлмені іштен іліп алады да, жылтыраған шырағданның жарығымен пьеса мәтінін ежіктеп, жападан-жалғыз, дөңбекшіп жатады. Үңірейген залдың кеңдігі сонша, тырс еткен дыбыстың аяғы күңгірлей естіліп, бойға сұмдық үрей ұялатады екен. Күз мезгілі-тін. Бірде түнде аяқ астынан күн күркіреп, найзағай жарқылдап, нөсерлетіп жаңбыр жауды. Сонда атып тұрып, терезеден сыртқа қарап: – Апырай, бейбіт күндегі азғантай қиындықтың әсері мұншалықты, о дәуірдегі ауыртпалық қандай болды екен! – деп таңданды. Одан Мәскеудегі Бүкілодақтық театр ұйымы деген кеңсеге хат жазып, баяғы Петербургтегі Ленин жатқан түрмелерді аралауға, Москвадағы музейлермен танысуға рұқсат сұрады. Төрағасы Василий Лавров деген кісі екен, ол алдымен жеке кездесуге шақыртып, азырақ тілдескен соң қажетті орындарды зерттеу үшін арнайы жолдама жазып берді. [caption id="attachment_109265" align="alignnone" width="2275"] SONY DSC[/caption] Абақтылардың іші жағалай көкпеңбек тас. Табаны да цемент. Іші алакөлеңке. Айнала төңірек ызғар шашады. Ондағы тәртіп бұзғандарды бұғаулап қоятын зілдей шынжырлар мен темір кісендерді, мойынға тағатын ағаш қамыттарды көріп, жаны түршіккен. Москвадағы Ленин жұмыс істеген кабинетке кіріп, креслосына отырып, телефон тұтқаларына дейін ұстады, кейбір оқыған кітаптарын парақтады. Мұны жолбасшы ретінде ертіп жүрген милиция майоры: – Асықпай танысыңыз. Қажетіңізге жарайтын құжаттарды көшіріп алуыңызға да болады. Бәрі өз құзырыңызда, – деп кеңшілік танытқан. Бұдан соң Москвада Ленин ролін сомдау арқылы ғана төрткүл дүниеге танылған Юрий Каюровпен тәжірибе алмасудың сәті түскен. Екеуі біраз жұмыс істеген соң атақты артист аңтарылып: – Сіздің тұлғаңыз, жүріс-тұрысыңыз Лениннің болмыс-бітіміне керемет ұқсайды! Мұндай сәйкестікті өмірімде бірінші рет көріп тұрмын. Гримм жасағанда кескініңіз көсемнен тіптен айнымай қалады. Сыртқы кескін-келбет туралы ешбір алаңдамасаңыз да болады екен. Сондықтан сіз кейіпкердің сыртқы кескінінен бұрын оның ішкі иірімдеріне, табиғи мінезін ашуға көбірек күш салғаныңыз дұрыс, – деп ақыл қосты. Қарағандыға оралған соң театрдың көркемдік кеңесінің мүшесі, жазушы ағасы Жайық Бектұровтан ақыл-кеңес алуды түйген-ді. Талай жыл айдауда жүріп, көп жәйттен үркесоқтап қалған о кісі аса ашыла қоймағанымен, зейінді жігіттер түсінеді-ау деп ойлайтын сияқты, ара-арасында сыр шертіп, Жақып Омаров екеуіне бастан кешірген күндердің кейбір қасыретті беттерін ашар еді. Негізінен, кейбір «жанашыр достарының» ықпалымен итжеккеннен бір-ақ шыққан Мағжан Жұмабаев, Бүркіт Ысқақ, Зейін Шашкин туралы әңгімелерді де алғаш осы кісіден естіпті. Жәкең бұларды көрсетіп, үстілерінен арыз жазған елге танымал үш-төрт фамилияны да сыбырлай жеткізгенінде, сенер-сенбесін білмегендей, таңдай қаққаны бар... Кеңестің «Өліара» пьесасына қатысты сауалының мәнін түсінген соң: – Олай болса, балам, ертең түске қарай біздің үйге кел. Кеңірек отырып сөйлесейік, – деді. Келгенінде, Жайық аға түкпірдегі кабинетіне бастап барып, актердің қолына сарғайған, ескі журналды ұстатты. Әжептәуір қалың. Журналдың аты, жаңылмаса, «Русская печать». Парижде шыққан... Жәкең осыдан кейін мейманының жүзіне сонадайдан бірталай уақыт барлай қарап отырды да, талабын айтты: – Кеңесжан, саған қоятын бір ғана шартым бар. Бұл құпия екеуміздің арамызда қалады. Ешкімге тіс жарма. Журналды осы жерде отырып оқисың. Көшіруге де болмайды... Бірталайдан кейін ғана барып, мәселе мәнісіне дендесе, бұл – эмигрант орыс жазушысының сонау 1920 жылдары Ленин туралы жазған мақаласы екен. Негізінен, революция көсемінің жағымсыз қырларын ашады. Жазбада, әсіресе, оның шектен тыс қатыгездігі сөз болады. Қаламгер пролетариат серкесінің «Егер тісіңіз ауырса, зардабы өзгелеріне тимеу үшін сырқат тісті дереу жұлып тастаңыз!» деген қағиданы жиі қайталап, осыны әрдайым өз тәжірибесінде қолданғанына тоқталыпты. «Ол жауларын үнемі жойып отырды. Сол секілді Свердловтың қолымен патша Николай ІІ әулетін жас балаларына дейін атқызып, сүйектерін өртеткен, әне, сол!» – деп жазыпты. Бұл едәуір ұзақ материалды оқып біткенінше өзінің қара терге түскенін аңдайды. – Міне, Кеңес! Жағдайға ептеп болсын түсінген шығарсың? – деді мұның еңбекпен мұқият танысуына мүмкіндік жасап, көрші бөлмеге шығып кеткен Жәкең оралып келіп. – Саған қосатын ақылым – роліңде бәрінен бұрын Лениннің осы жағын қаперге ал! Әйтпесе, іс-әрекетіңнің бәрі жаттанды болып, жасандылыққа ұрынасың. Әрине, Ленин жолдас кемеңгер адам. Сондықтан оны біржақты тым сұмырай етіп те көрсете бермессің. О кісіде мейірім де жоқ емес қой. Екі ортаны тап! Дәлдік қажет. Сонда ғана көсемнің шынайы бейнесі шығады. Егер ол қаттылыққа бармаса, діттеген мақсатына ешқашан жете алмас еді... Наркомпрод қызметкері Блюханов деген жұрт аштан қырылып жатқан тұста вагон-вагон астықты алдымен Волга бойына аттандырудың орнына жағдайы тәуірлеу Сібір аймағына жөнелтіп жіберіпті. Ал халі мүшкіл өңір осыдан тіптен тұралап қалған. Мұны білген Ленин оған: – Повольжедегі елді аштан қырған тікелей сенсің! – дүрсе қоя береді. – Сен халықты қолдан өлтірдің, бәрін әдейі жасадың! Анау: – Мен астықты бәрібір басқа елге емес, өз халқымызға жөнелттім ғой, Владимир Ильич! Олар да жетісіп жатқан жоқ. Азық-түлікті Волга жағасына енді жібереміз, әлі де кештік етпейді, – деп кешірім сұрайды. – Жоқ! Іс бітті. Трибунал арқылы кетесіз! Блюханов жалынып, жылап жіберіпті. – Бір жолға кешіріңіз. Қателікті түзейміз. – Жоқ, болмайды. Сен қасақана істедің! Сөйтіп қызметкер байғұс атылып кетеді... «Өліара» қойылымы сәтті өтті. Ойынды нөкерлерімен қоса зайыбын да ертіп келіп көрген облыстық партия ұйымының бірінші секретары Александр Коркин спектакльден кейін қатты риза болып Кеңесті шақыртқан: – Қойылым керемет биік деңгейде көрсетілді. Әсіресе, Владимир Ильич бейнесіне өте ризамын. Енді со кісінің бейнесін жасаған актермен амандасып, қолын қыса кетейік, – депті. Бұл сахнадан түскен бойда аймақ жетекшілері отырған бөлмеге: – Сәлеметсіз бе, Александр Гаврилович жолдас, – деп кіріп келгенде жиналған қауымның есі шығып, дүр ете түсті. Орнынан атып тұрып, екі қолын бірдей көтерген обком басшысы мәз болып: – Айнымайды! Ғажап, ғажап! – дей берген. – Сіз маған өте ұнадыңыз! Өте, өте! Серіктері де шуылдай жөнелген: – Ғажап! Тамаша! Құдды тірідей Лениннің өзі!.. Сонадайда тұрған пьеса авторы Сәкен Жүнісов: – Мұндай спектакльді мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керек қой! – деп қалды. – Әрине, әрине! Ұсынамыз! Ұсынылады!.. Идеология жөніндегі хатшы да: – Оған сөз жоқ, Александр Гаврилович. Мен қолдаймын! – деді бас шұлғып. *** Әріптес досы, танымал театр сыншысы Әшірбек Сығай Кеңеске: – Сенің қарапайымдығыңды ұнатамын. Жан-жүрегіңде титтей кірбің жоқ. Иба-ізетті де ұмытпайсың. Абай атамыз айтпақшы, бауырым деп адамзаттың бәрін сүйетін мейіріміңді жақсы көремін, – деуші еді. Бірақ, неліктен екенін, жаратпайтындар да көп болып шықты. Күнде кездесіп, көзіңе күле қарап, жылмия амандасып жүргенімен, шынтуайтқа келгенде, тіпті, атарға оғы болмай, сонша жек көреді екен... Алматыдан Әшірбек қоңырау шалған. Бұ кезде ол Мәдениет министрінің бірінші орынбасары. – Кеңес, қал жақсы ма? Мәселені бірден айтайын: сен қызметті дереу таста. Өз еркіңмен театрдың директорлығы қызметінен босау туралы өтініш жаз. Саған айтатын ақылым сол, – деді. Сөйтсе, театр ұжымындағы кейбір «жанашырлары»: «Директор қызмет бабын пайдаланып, өз-өзін мемлекеттік сыйлыққа ұсынып отыр. Мұндай жөнсіздікке жол бермеуді сұраймыз» деп Орталық партия Комитетіне арыз жазыпты. Сәкен Жүнісовтің сонау «Өліара» спектаклін обком мен министрліктің шешімі арқылы жергілікті шахтерлер қауымының жоғары сыйлыққа ұсынғаны рас еді. Бұдан кейін қойылымды астанадан арнайы комиссия келіп көрді. Жоғарғы Кеңестің депутаттары келіп тамашалады. Труппа спектакльді Алматыға барып, зиялы қауым алдында, профессор-оқытушылар, академиктер алдында көрсетті. Бәрі де жоғары бағалаған... Әңгіме аяғы осылайша ыңғайлана бастаған күндердің бірінде Әшірбек Төребайұлы хабарласып: – Кеңес, қойылымға қатысты документтерді алып тезірек Алматыға жет. Одан соң Сәкен ағаң екеуің маған кіріңдер. Іс оңтайлана бастағандай. Тек кейбір ұсақ-түйек жәйттерді реттеуіміз қажет, – деп еді. Ертеңіне-ақ барды. Сол екі ортада Ғабит Мүсіреповтің інілерінің бірі Сәкен Жүнісовке қоңырау шалып: – Сізге Ғабең үйіне тезірек соғып кетуді сұрап отыр. Айтатын маңызды шаруасы бар екен, – депті. Ғабит ағамен ертеден араласатын Сәкең заңғар жазушыға жалғыз өзі кіріп шығуды ұйғарған: – Кейінде Ғабеңнің мазасы болыңқырамай жүр еді. Қалай қабылдайтынын кім білсін, мен өзім кіріп-шығайын. Кеңес, сен он-он бес минуттей мына саябақта күте тұр, – деп жөнеле берді. Бұл бақта отырғанында Қарағанды аймағы туралы «Оянған өлке» романын жазған Ғабит Мүсірепов туралы, жазушының араға отыз жыл салып, кешелері ғана сол шығарманың жалғасы «Жат қолындағыны» бітіргенін ойлаған. – «Айтпақшы, о кісі сыйлық сайысына түсіп жатқандардың бірі Қарағанды театры екенін біле ме екен?!»... Жарты сағат шамасында Сәкең де келіп тұр. Ұнжырғасы түсіңкілеу. Сөйтсе, Ғабит аға да шаруаны бірден айтыпты: – Сендердің «Өліара» пьесасын сыйлыққа ұсынып жатқандарыңды естідім. Дұрыс-ақ. Жолы болсын! Бірақ саған айтатын бір жағдай – Қазақстан Жазушылар одағы Мұхтар Әуезовтің «Алуа» спектаклін де дәл сол бәйгеге қосты. Оны жастар театрында Райымбек Сейітметовтің қойып жатқанынан хабардар шығарсың... Өзіңе мәлім, мен сол мемлекеттік сыйлық комиссиясының мүшесімін. Сені жек көрмеймін. Бірақ дауысымды Мұхтарға беремін. Оның алдында күнәһар бола алмаймын. Қысқасы, шақыртқан жұмысымның жайы осы еді. Маған ренжімеңдер, – депті. – Ғабеңнің әңгіменің ашығын айтқанына рахмет. Дегенмен, бұл жолы бізге бәйге жоқ, Кеңесжан! – деді Сәкен ағасы да мұның бетіне ажырая қарап. Әшірбек те осыны айтқан: – Ғабең айтса, жағдай түсінікті. Биыл үміт жоқ. Спектакльді қайтарып алыңыздар. Бақты келесі жолы сынайсыздар... О жолы сыйлық, айтқандай-ақ, «Алуаға» бұйырды. «Өліара» екі жылдан кейін қайта ұсынылған. Орталық Комитетке жөнелтілген әлгі арыз, міне, дәл осы кезде жазылған еді. Кеңес Әшірбек Төребайұлынан: – Әшеке, құпия болмаса, арыз иелері кімдер екен? Аты-жөні бар ма? – деді қабаржыңқырап. – Аттарын айтпай-ақ қояйын. Әрине, өзіңнің де ішің сезер. Төрт-бес кісі... Ұяттары білсін... Ешбір қиналмастан өтінішін беріп, актерлікке ауысты. Көп ұзамай дүбірлі бәйге хабары да жеткен. Комиссия сыйлықты бірауыздан Сәкен Жүнісовтің «Өліара» спектакліне беріпті. Пьеса авторы, басты рольді сомдаған Кеңес Жұмабеков, қоюшы-режиссер Ерсайын Тәпенов, суретші Мұрат Мақсұтов, актер Сердеш Қажымұратов бесеуі мемлекеттік сыйлық лауреаттары атанды. Бұл 1986 жыл еді. Сыйлықты өз қолымен тапсырған Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Кеңесті бірден шырамытып: – О-о, бұл өзің бе?! – деді жарқылдап, шаттана қарап. – Жарайсың! Ризамын. Жап-жас екенсің ғой әлі. Алда да талай аласың марапатты! Құттықтаймын!.. Кеңес те қуанды, әлбетте. Тек тағы да сол сәтте: «Әттең, өмірімдегі осынау айшықты мезетті не әкем, не шешем көре алмады-ау!» – деп іштей алабұртып тұрды. Бұған дейін анасы Әсима тәтей де дүниеден озған-ды. Әкесінің: «Балам, қашанда жақсыларға жақын жүр!» деген өсиеті есіне түсті. Жайық, Ебіней, Ақселеу, Жақып... ағаларының кескіні көз алдынан өткен. Мына белеске шығуыма жәрдемдескен, негізінен, сол кісілер ғой деп ойлады. Алғаш театрға келгенінінде абдыраған бұған: «Аса абыржыма, бәрі реттеледі. Істің басы қатты болса аяғы тәтті болады» деген ұжым директоры Зейнолла Жақыповты елестетті... Қарағандыға оралғандарында режиссер Мұхтар Қамбаров, әсіресе, Кеңес інісінің табысына есі шығып: – Жиырма жасыңда театр табалдырығын қобалжыңқырап, жасқана аттап, бір үміт, бір күдікпен келіп едің. Енді міне, адал еңбек, маңдай тердің арқасында заңғар шыңға көтерілдің. Жанған еңбегіңнің зеңгір көгі бұл... Шырқау биігің! Қарағанды сен үшін ғарыш айлағына айналды, – деп насаттанды. *** Әрине, талай адамды өнер мен әдебиет, білім мен ғылым биігіне самғатқан Қарағандыны тура мағынасында космодром деуге келе қоймас. Дегенмен, қарап отырсаң, Сарыарқа даласының әлемге әйгілі қаншама ғарышкердің қону алаңы болғаны рас қой. Мысалы, Андриан Николаев, Павел Попович, Валентина Терешкова, Валерий Быковский, Владимир Комаров, Константин Феоктистов... Борис Егоров, Алексей Елисеев, Владимир Шаталов, Евгений Хрунов, Борис Волынов... Георгий Щонин, Валерий Кубасов, Анатолий Филипченко, Владислав Волков... Виктор Горбатко сынды ғарышкерлер әр жылдарда бірінен кейін бірі осы қала төңірегіне қонып жатыпты. Түсінде күндей күркіреген айлақ дүбірін де, мұздай құрсанған тұңғиық алқаракөк аспан кеңістігін де емес, төрт-бес бұзау жайылған алақандай ғана көкорай шалғынды көріп, Жер-Анаға жеткенше дегбірі қалмайтын ұшқыштарды құшақ жая қарсы алған Қарағанды бұлардың әрқайсының жүрек түкпірінде мәңгі сақталғаны анық. Осыларды түпсіз аспан әлеміне шырқатып, одан алақан тосып қайта күтіп алып жататын Қазақ елі, шынында, неткен қастерлі еді!.. Осындай жағдайға сай қала мейманханаларының бірі ғарышкерлерге арналған Бүкілодақтық Денсаулық сақтау бөліміне айналдырылыпты. Серейген көк терегі мен жайқалған ақ қайыңы аралас ну тоғай арасына орналасқан кешен құрамында кішірек емхана мен шағын спортзал бар. О заманда үйлердің бәрі екі қабатты ғана. Қонған ғарышкерлерді тікұшақпен алып келіп, ес жиғызып, күнделікті тірлікке қайта бейімдетін орталық мамандарының бәрі дерлік мәскеуліктер. Ұшқыштар мұнда бірер тәулік тексеруден өтіп, өз-өздеріне келген соң үйлеріне, бала-шағасының ортасына аттандырылады. Кеңес осы ғарышкерлердің бірталайын жақыннан көрген. Ал қол беріп амандасып, бір ауыз лебіз алмасқан адамы – әйгілі Валентина Терешкова екен. (Айтпақшы, аталған орталыққа осы кісінің ғарыштық шартты атына сәйкес кейін «Чайка» деген ат берілген)... Валентина Николаевна 2007 жылы «Қарағанды – аңсарым» ән фестиваліне арнайы келді. Қасында атақты композитор Александра Пахмутова бастаған үш-төрт «нөкері» бар. «Чайка» кешені бұ кезде адам танымастай өзгерген; ғимараттар саны да өсіп, еңсесі биіктеп кеткен кез еді. Сонда дүниежүзіндегі тұңғыш ғарышкер әйелдің қазақ жерінен көтеріліп, осында қайта оралғаны туралы естелігін айта келіп: – Мен сендерді керемет жақсы көремін, қарағандылық туғандарым! – деп шаттанған бейнесі ұмытылар ма... Ал Қарағанды Тоқтар Әубәкіров үшін нағыз самғау айлағы болғаны рас... Сынақшы-ұшқыш ретінде Совет Одағының ең жоғары атағын иеленген алғашқы қазақ ғарышкері он бес жасында Теміртаудағы ДОСААФ-тың парашютшілер үйірмесіне жазылып, осы қаладағы құю-механикалық зауытына токарьлық жұмысқа кіріпті. Одан темір жонушылық кәсіпті жалғастыра жүре, іргедегі Қарағандыдағы ұшқыштар секциясына ауысады. Өзі: «Менің идеалым – даңқты ұшқыш, жерлес ағам Нұркен Әбдіров» дер еді. Сайыпқыран Нұркеннің де ұшқыштық ғұмырбаяны Қарағанды аэроклубы курсанттығынан басталғаны белгілі. Бірде Тоқтар он жасында Нұркен ескерткішін көру үшін өздерінің «Восток» совхозынан жетпіс шақырым жердегі ұшқыш туып-өскен Бесінші ауылға жаяу келіпті. Жаз айы көрінеді, ұзақ жолдан қатты шаршаған бала сол күні түнделетіп қайта қайтудан жүрексінген де шығар, әлгі ауылда әлдебір ақсақалдың үйінде қонады. – Ата, мен далаға жата салайын, күн жылы ғой, тоңа қоймаспын, – деген сияқты. Содан қария: – Өзің біл, балам. Әйтеуір, мұнда шағатын шыбын-шіркей жоқ, – деп үй іргесінде тұрған арба шанағының табанына қалың шөп төсеп, көрпе-жастық шығарып береді. Бала түнде түс көреді. Түсіне Нұркен кіреді. Ұшқыш жарқыраған әлденені бұған: – Мына жұлдыз саған аманат!– деп ұсынады. Бұл қос қолын бірдей созып, лапылдаған әлгі шоқты ұстаған сәтте Нұркен бейнесі де ғайып болған екен... Драматург, режиссер ретінде де бірнеше пьеса даярлаған Кеңес кейін Нұркен жөнінде де, Тоқтар туралы да бірқатар қойылым жасап ұсынды. Бұларда да, көрерменге ой салатындай, өмірдің өзінен алынған шытырман тартысты тұстар жетерлік. Мысалы, Нұркен Әбдіров немістер «қара тажал» деп атаған «Ил-2» ұшағын 1941 жылы сынақтан өткізіп, Сталинградтан Куйбышевқа алып келген жеті нұсқаушы-ұшқыштың бірі-тін. Бұлардың қасында қарағандылық жас ұшқыш Алексей Осипенко да бар. Нұркен тәжірибесі аздау осы жерлесін үнемі назарда ұстап, білгенін үйретуден жалықпаған. Әлгі сапарда Осипенконың ұшағы жолда сәл ғана қателікке байланысты апатқа ұшырай жаздайды. Кінәлі қарағандылық ұшқыш дегенді естіп қалған әлдебір шенді оны бірден қазақ есебіне жатқызса керек, оқиға орнына дереу жетіп келіп, іс мәнісіне дендеп жатпай-ақ: – Мен баяғыда-ақ айтып едім ғой, мұндай адамдарға қымбат техниканы сеніп тапсыруға бола ма?! Бұлар атқа мініп шапқаннан өзге дым білмейтін жабайы халық емес пе! – деп кіжінеді. Сонда Нұркен: – Жолдас полковник, ұлттың жаманы болмайды ғой. Тек арасында сіз секілді кеудесіне нан піскен сыңарезу өкілдері кездесіп қалатын шығар! – деп тосылтқан екен. Мұндай қорлауды маңайындағылардан Тоқтар да көріп баққан секілді. «Сондықтан ылғи намысқа тырысып, оқу-жаттығу сабақтарында үнемі алда болуға ұмтылыппын» – дейді өзі. Тоқтар туралы бертініректе әріптесі, сынақшы-ұшқыш, Совет Одағының Батыры Валерий Меницкий «Менің аспандағы өмірім» деген кітабында: «Корабльге қонатын кез жеткен кезде оған бірінші болып Су-27К ұшағымен Виктор Пугачев, ал арада қырық минут өткенде МиГ-29К машинасымен Тоқтар Әубәкіров қонды. Біз бұл ерлік үшін бөркімізді аспанға аттық. Тек ешкім өзге бір фактіні ескермейді – арада тура бір сағат өткенде Тоқтар авиатасығыш алаңнан қайта көтеріліп ұшып кетті. Ол – мұндай батыл әрекетті іске асырған алғашқы адам. Ал Су-27 қайта ұшу үшін корабльде үш тәулік бөгелді... Кейінірек Тоқтар Совет Одағының Батыры, еңбегі сіңген сынақшы-ұшқыш, ұшқыш-ғарышкер болды, авиация генерал-майоры шенін алды. Демек, атақ-даңқы жеткілікті және ол мұның бәріне лайықты, бәріне де өз еңбегі арқылы жетті» – деп жазыпты. Әйткенмен, сондай деңгейге өздері шыға алмаса да, етектен тартып, үнемі мұрын шүйіретіндер қатары азаймаған екен. Тоқтар ғарышкерлер отряды құрамына кірген кезінде кей қызметтесі: – Әй, космос сенің не теңің?! Бәрібір ұшырмайды ғой. Бекер далбасалап несіне әуре боласың? – деп күлген көрінеді. Қызғаныштан шығар. Не дерсің... Кеңестің Тоқтар өміріне қатысты даярлаған сценаларының бірінде болашақ ғарышкердің бүлдіршін шағында ауылдан ұзақ кетіп, анасы Кәмилаға еріп, тау арасына шыбық отауға баратын көрінісі бар. Сонда бала мен шеше арасында тартымды қимыл, қызықты диалог көрсетіледі. Міне, сол қойылым шығарылған мерекелік іс-шараға кейіпкердің өзі шақырылған-ды. Бірақ кеш үстінде Кеңес тұңғыш немересінің туғаны туралы хабарды естіген соң үйге қайтып кетуіне тура келген-ді. Концерт аяқталған бетте Тоқтар Оңғарбайұлы қатты риза болып, ұйымдастырушылардан: – Қойылымның авторы кім? – деп сұрапты. – Бұл – белгілі актер, сценарист, режиссер Кеңес Жұмабековтің туындысы еді. – О-о! Кеңесті жақсы білемін ғой. О кісі қайда? – Кеңекең жаңа ғана ұлы Мейрамның келіншегі босанғанын естіп, қатты қуанып, үйіне қайтып кетіп еді. Алғашқы немересі екен... Бұл қуаныш бөлісуге келген бір-екі жолдасымен түнгі он екіге қарай үйде дуылдап отырса, қалта телефоны шырылдайды. Қараса, қоңыраулатып тұрған – Рымбала Омарбекова. Облыстық Мәдениет басқармасының бастығы: – Кеңесжан, мас емессің бе? – дейді. – Жоқ-қ, ойбай! Әзірше сап-саумын, – деп күлді. – Онда қазір сенімен Тоқтар Оңғарбайұлы сөйлеседі. Кеңес абдыраңқырап қалды. Қасындағылар да түн ішінде мазалап тұрған кім болды екен дегендей, мұның аузына аңтарыла қарап отыр. Әсіресе, Майра көзі бақырайып, сұраулы жүзбен төніп алған. Бұл телефон тұтқасын алақанымен көлегейлей беріп, оған сыбыр ете қалды: – Тоқтар Әубәкіров... Сол кезде зайыбы да күліп, қол сілтеген: – Қойшы! Еріккен артистердің бірі ғой. Банкеттен кейін қызып алып, пародия жасағысы келіп тұрған шығар. Ішкілері келсе шақырсайшы. Сөйткенше ғарышкер де даусы саңқылдап сөйлей жөнелді: – Алло, Кеңес, қал жақсы ма? Сценарийді керемет жазыпсың, қатты толқыдым. Тіпті, шешемді тірідей көргендей, көзіме жас келді. Балалық шағымды көз алдыма елестеттің, өте ризамын!.. Қасындағылар әңгімеге енді ғана сенгендей Кеңес сөйлесіп тұрған телефонға құлақ тіге қалыпты. Батыр сөзін жалғайды: – Жаңа естідім, немерелі болып жатыр екенсің. Құттықтаймын. Егер қарсы болмасаң, немереңнің атын мен қояйын... Кеңестің есі шығып кетті. Қолқалап шақыртып қолға түсіре алмайтын адамы өз ықыласымен перзентіне ат қойып бермекші. – Ойбай-ау, әрине, әрине, Тоқа! Ешбір қарсылық жоқ... Қайта, өте қуаныштымыз... Тек, мына жолдасыма айтыңызшы, сіз екеніңізді білсін... Тұтқаны Майраға ұстата қойды. Тоқтардың даусы естіліп тұр: – Ә, иә, келін, немеренің бауы берік болсын!.. – Ой, аға, рахмет, рахмет!.. Сіз айтсаңыз болды ғой. Отағасына айтыңыз. Болады, болады, – деп енді әйелі апалақтады. Телефонды асығыс қайта алғанында ғарышкердің: – «Нұркен! Нұркен!» деген даусын естіген. – Болды, Тоқа! Айтқаныңыз орындалады! Нұркен – ғажайып есім... Қуаныштымыз... Кеңес артынан аздап ыңғайсызданды. Іштей: «Қап! Батыр мені жаңа дұрыс түсініңкірей алмай қалды-ау! Мен ұсынған есімді қойғысы келмей ме немене, күйеуі біресе телефонды әйеліне береді, одан әйелі қайтадан күйеуіне сілтейді деп»... Ұялы телефонның енді-енді ғана шығып жатқан кезі еді. Кішкене ғана «шайтанқұлақ» аппаратқа күдіктене қарап, жеңіл күрсінді. Сөйтіп, немересінің аты Нұркен деп қойылған. Жағдайды ұққан жолдастары да шулай жөнелісті: – О-о! Ғажап болды ғой. Нұркеннің бауы берік болсын! Нұркен атасындай елдің сүйікті ұлы, даңқты батыр болсын! Тоқтар атасының беделін берсін! *** Міне, енді сол Нұркен де он алты жасқа келді. Ең ғажабы, осы баласы техникалық ілімге бейім! Атасы – актер, драматург, сценарист, режиссер, әкесі Мейрам болса филология ғылымының кандидаты. Қарағанды университетінің журналистика факультетінде кафедра меңгерушісі. Тәржімашы. Абай өлеңдерін, Шәкәрім, Қасым Аманжолов, Серік Ақсұңқарұлы шығармаларын орыс тіліне аударған. Жақын шет елдерде өтетін конкурстарға жиі қатысады. Москва, Калининград, Ереван байқауларының лауреаты. Пьеса, әңгіме жазады. Екі кітабы шығыпты. Оның «Алдаркөсе» туындысын қуыршақ театры қойды... Ал Нұркен өкіл атасы, әйгілі сынақшы-ұшқыш, ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке тартқан ба деп ойлап қояды. Қарап отырсаң, өмірде ондай да болатын сияқты. Мұғалімдері өзін химия пәнінен Алматыда өтетін кезекті оқушылар сайысына жібермекші. Пойызға билетін алып қойған. Бүрсігүні екі құрдасымен бірге сол сапарға шығарып салғалы отыр... Көлігіне немересін отырғызып алып, таң алагеуімде вокзалға зырлатып жетсе, перрон әжептәуір толып қалыпты. У-гу. Топырлаған студент жастардың сақ-сақ күлкісі ауаны жаңғырықтырады. Олардың бір тобы әдеттегіше гитараларын даңғырлатып әнге басып тұр: – Алдымызда үлкен қала Қарағанды, студенттер қаласы ғой Қарағанды. Онда жаңа күй, қызды таңдап сүй, – ешкім сенен ақы алмайды!.. Нұркеннің серіктерінің де шығарып салушылары бар екен. Солармен амандасып, балаларды тоқтаған вагондарына жайғастыруға кірді. – Ал, құлыным, жол болсын! Олжалы оралыңдар! – деді Нұркеннің шашынан иіскеп. Бір кезде дөңгелектері тарсылдаған состав та ұзап бара жатты. Нұркен кеткен пойыздың соңынан үздіге қарап, өз-өзінен көңілі толқыды. Талай қоштасу мен қауышуға куә болған Қарағандының қарт вокзалы да қолма-қол құлазып қалғандай. Себездеп таң ата бастағанын аңдайды. Көк жүзі манаурап тұр. Желпіп самал есті. Қарағанды жүзі албырап, күліп оянған арудай елегзітті. Құлтөлеу Мұқаш qazaquni.kz