Халқының бақыты жолында жан қиған
2020 ж. 14 қаңтар
2431
0
«Елім-айлаған» заманда қазақтың ұлт болып қалыптасуына, жер-суымызды қорғауға, шекарамызды айқындауға, елдің сауатын ашуға, ұлттық дәстүрімізді сақтауға, кедей мен жетімнің өсіп жетілуіне айрықша үлес қосып, елге үлкен жүрекпен, парасатпен, сүйіспеншілікпен қызмет еткен,баянды болашақ үшін күрес жолында тайғақ тағдыр кешкен асыл азамат, тәуелсіздігіміздің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанов болды. Жыл өткен сайын С.Қожановтың әр ісі тарих төрінен бағасын алып, ұрпаққа айбын болуда.
Әрине, ұлтты сүйіп, оған жанкештілікпен қызмет ету – мыңның бірінің ғана қолынан келетін ұлы іс. С.Қожанов ұлтымызға жанкешті қызмет еткен қайраткердің бірі. Ал ғалымдардың пікіріне сүйенсек, ол әлі толық зерттелмеген тұлға. Демек, Ташкент пен Мәскеу мұрағаттарының «өте құпия» грифтермен белгіленген құжаттарында, әлі беті ашылмаған тың деректер жатуы мүмкін деп ойлаймын.
Тарих парақтарын ақтарып отырсақ, қайсар, табанды, өткір мінезді, шешен тілді Сұлтанбек замандастарының қай-қайсысынан болсын озық тұрған. Оның қазақ үшін, тұтас ел үшін атқарған еңбегі ұшан-теңіз екенін бүгінде тарих деректері таңбалап берді. Ұлтын сүйген ұлы тұлға өз заманында ұлтшылдығымен де, қайраткерлігімен де көзге түсіп, кеңес одағының қылышынан қан тамған көсемі – Сталин мен оның айналасындағы озбырлардың жүректерін шайлықтырып, іштерін қыж-қыж қайнатқаны тарих беттерінен белгілі болып отыр. Заман талабы Сұлтанбектей баһадүрді еш қаймықтырмады. Ол қандай қызмет атқарса да, іске жұдырықтай түйіліп кірісетін қасиетімен елдің жүрегіне сенім ұялатты, болашаққа сендіре білді.
Социалистік дәуірдің алғашқы жылдары өте ауыр болғандықтан, ел ішінде түрлі әлеуметтік қайшылықтар орын алды. Оның үстіне қарапайым халық хат танымайтын кезеңде, Сталиндік зұлмат саясаттың шылбырына шырмалып, ел басқару ісіне араласу – жүректі азаматтар ғана атқара алатын аса жауапты жұмыс еді.
Сұлтанбек социализмді қалыптастыру жылдарында Ташкентте, Қызылордада, Түркістанда, Мәскеуде жүріп, ұлтқа, елге, жалпы Орта Азия халықтарына беріліп, отанын сүйіп қызмет етті. Ташкентте қызмет атқарған жылдарда (1920-1924) үш мәселеге айрықша көңіл аударған. Соның бірі – жер мәселесі. Жер мәселесі туралы жиналыстарда ашық айтып, өзі редактор болған «Ақжол» газетінде жиі мақалалар жазып, мемлекетіміздің жерін қорғауға бар ақыл-ойын, күш-жігерін жұмсаған. Қоғамдағы түрлі қарама-қайшылықтармен күресе жүріп, елді сауаттандыру мәселесіне де баса назар аударған. Ұлтының өзге ұлттардан биік, білімді болғанын армандаған ол жастардың, жалпы халықтың білім алуы үшін барлық мүмкіндіктерге жол аша білді.
Ұлт мәселесі Сұлтанбекті түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырды. Заман қаншалықты күрделі болса да, елбірлігін нығайтып, ұлт мүддесін күн тәртібіне қоюды өзекті мәселеге айналдырды. Ол тіпті 1921 жылы 21 сәуірде өткен Түркістан орталық атқару комитетінің кезекті сессиясында, ұлт мәселелерімен айналысатын арнайы бөлім, немесе комиссия құру туралы ұсыныс айтады. Осындай өткір ойлары мен замандастарының санасын сілкілейтін семсер сөздері Сталинге де, оның айналасындағыларға да, Голощекинге де ұнамады. Өйткені, отаршылдарға ұлтты алға сүйрейтін, халқының жоғын іздейтін, кемел келешегі үшін күреске тоймайтын зиялылар тіпті қажет емес болатын. Яғни, отаршылдарға өз саясатына, бір ұлтқа ғана бағынып, табынып өмір сүретін бұратана халықтар мен жандайшап қызметкерлер керек еді.
Әсіресе, Қазақ өлкелік партия комитетінің басшысы Голощекин С.Қожановтың ұлтшылдығын жаны сүймей, соңынан шам алып түседі. 1927 жылдың наурызында Голощекин Сталиннен «Менде оны БК(б)П-дегі оппозицияға ықпалы бар және қатысы бар деп айыптауға ешқандай негіз жоқ. Мен Қожанов жолдаста ұлтшылдық көзқарастар бар екенін білемін. Менімен әңгімелескенде Қожановтың өзі де Қазақстандағы жұмысында ұлтшылдық бағдар болғанын растады... Меніңше, өлкелік комитет оған бұл істе көмек көрсетуі қажет сияқты...», – деген мазмұндағы хат алады. Осы хатты алған соң, Голощекин Қожановтың атын өшіру үшін зымияндық іс-әрекеттерге көшеді. Сұлтанбекті ұлтшыл етіп көрсету арқылы оған күйе жағуға кіріседі. Сталин де Голощекиннің зымияндық пиғылын қолдайды. Сталиннің:
– Ал сөйле, Орта Азияның Шыңғысханы, – деп Сұлтанбекке қадап айтқан сөзіне:
– Сөйлесек, сөйлейміз. Мұнда грузиннің князі де сөйлеп жатыр ғой, – деп жауап қатып, көсемнің өзіне деген өшпенділігін туғызғандай.
Сұлтанбек Сталинмен де, Голощекинмен де сөзтартысып жүріп, ұлтқа жасап жүрген адал еңбегімен халықтың өзіне деген құрметін, сүйіспеншілігін оятады. Голощекин елдің Сұлтанбекке деген зор құрметін көріп:
– Қазақстандағы «Қожановшылдықтан» құтылудың бір ғана жолы бар. Ол Қожановтың өз атынан жазылған «Мойындау хат», – дейді.
Сұлтанбектің отаршылдықпен күрес жолында серіппедей ширығып қимылдайтыны, сөзді нысанаға атқан оқтай дөп тигізетіні, Сталиннің де, Голощекиннің де өңменіне жебедей қадалғаны сөзсіз. Оның ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятыны Сталиннің қабылдауына барғанда айтылып, қатал генсек Сұлтанбекке «кемшіліктерін» мойындатып, оған «мойындау хатты» жазуды мәжбүрлейді.
Алайда ұлтының, елінің тағдыры Сталин, Голощекин сияқты озбыр отаршылдардың қолында тұрғанын көргенде, жүрегі тітіркеніп, амалсыз ой кешеді. Бірақ ол еш жасымай, мойымай ұлтты алға сүйреу жолындағы ұлы күресін жалғастыра береді. Оны елден жырақтатып, Мәскеудегі орталық комитеттің ұлт республикалары мен облыстары бойынша жауапты нұсқаушысы қызметіне тағайындайды. Сол қызметте жүріп орталықтың құйтырқы саясатының қатпарларын жете түсінеді, іштей ұғады. Ал, 1926 жылдың ақпанында оны Мәскеудегі марксизм-ленинизм курсына тыңдаушы етіп жібереді. Екі жыл курстан өткен соң, оны Ташкентке қызметке қайта аттандырады. «Қожановшылдықтан» сескеніп қалған Орта Азия бюросының басшылары оған үгіт-насихат бөлімінің орынбасары қызметін береді. Ұлтшылдығымен, күрескерлігімен елді аузына қаратқан басшыға бір бөлімді басқару қызметін де қимайды.
Табиғатынан төзімді, жігерлі Сұлтанбек бұған да мойымай, іске білек сыбана кіріседі. Қызмет бабымен қайда барса да, алдынан қызу майданның есігі ашылып тұрады. «Қожановшылдық» деген сипаттама жалынды күрескердің азаматтық позициясы жолында үлкен кереғарлықтар мен түсінбеушіліктер туғызады. Саясатты ұғатын көкірек көзі ашылмаған тобыр қауым Қожановқа жоғарыдан таңылған теріс көзқарастарды отқа май құйғандай өршітіп, «науқаншылдық» танытады. Оны жауапты партиялық жұмысында қалдыру, қалдырмау мәселесін талқыға ұсынады. Иә, Голощекиннің Сұлтанбектің жеке басына жасаған «ылаңы» мұнымен біте қоймайды. Оны қаралау үшін ұйымдастырылған жымысқы әрекеттер жалғаса береді. Орға жығуды көздеген әрекеттер оны одансайын ширықтыра түседі. Сөйтсе де, жеке басына жасалған қиянаттарды, жаланы көтере жүріп, ұлт болашағы жолындағы қиындыққа толы күресін тоқтатпай, алға баса беруден танбайды, жауларынан тайсалмайды. Алдына кім келіп көмек сұраса да, ешқайсысынан бас тартпайды, қолынан келетін жақсы істен аянбайды. Талантты жастарды үнемі қолдап, шығармашылықтарына кең жол ашу жолында мүмкіндіктің бәрін іске асырып отырады.
Одан кейін Орта Азиялық мақта дайындау Одағы басқармасының орынбасары болып белсене еңбек етеді. Шаруашылықтың дамуына зор үлес қосады. 1934 жылы КСРО Жер Халық Комиссариатының Орта Азия бойынша өкілі болып, Ташкентке қайтадан қызметке келеді. Бірнеше айдан соң, оны Кеңестік Бақылау комиссиясының Өзбекстан бойынша өкілінің орынбасары қызметіне ауыстырады.Өмірінің соңына дейін сонда еңбекетеді. Оның ұлт мүддесін қорғай білетін қайсар мінезі, ақиқат үшін ештеңеден қаймықпайтын рухани батырлығы, отаршылдықты сүйетін Сталиннің де, айналасындағылардың да жүректеріне у құйғандай әсер етеді. Ақыры 1937 жылы НКВД-ның жендеттері С.Қожановты үйінен ұстап алып кетіп, оған «халық жауы» деген жала жабылып, әскери коллегияның үкімімен ату жазасына кесіледі. 1957 жылы КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының шешімімен ақталады.
Бүкіл өмірін ұлт тағдыры жолындағы күреске арнаған Сұлтанбек аққан жұлдыздай өте шықты. Артында өлмейтін іс қалдырды. Ұлтын сүйіп, өзегін жарған жалын күшін елінің дамуына, мәдениетінің көркеюіне, экономикасының нығаюына арнаған Ақсүмбенің ақсұңқары – бүгін Алаштың тау тұлғасына, халқының құрмет тұтып, мақтан етер даңқты қайраткеріне айналды.
Білімімен, іскерлігімен, табандылығымен қылышынан қан тамған көсемнің санасын сансыратқан, ерік-жігері найзағайдай ойнаған Сұлтанбек қалың қазақтың жарқын болашағын, өркениетті өмірін аңсап, тоталитарлық жүйе билеушілерімен ымырасыз күресті.Қожановтың тамыры терең тектілігі Сталиннің өзінің арқасына аяздай батқаны анық. Бірақ мәңгі айналудан танбайтын тарих тегершігі ақиқат пен жаланың ара-жігін ажыратып, әрқайсысына уақыттан өз бағасын алып берді. Ұлтқа өлермендікпен адал қызмет еткен қайсар тұлғаның өлшеусіз еңбегі қалың қазақтың жүрегінен берік орын алды. Сондықтан да, қилы тағдырды басынан кешіп, ел алдындағы азаматтық-күрескерлік парызын адал атқарған Сұлтанбектің бірегей тұлғасыкеш мойындалды. Сірә, мына дүниеде асыл адамдардың адал ісін уақытында мойындау – қауызы тар пенделер үшін «азап» болса керек.
Ел намысын болат шарықтай қайраған, дәуірінің асқан шешені болып сайраған, өткір талабы саяси тартыстар тудырған Сұлтанбек жасын ғұмырында өмір-күреске тоймады. Озық ойымен қоғам санасын сеңдей сілкіген іскерлігі, қайтпас қайсарлығы, болаттай берік ерік-жігері, елге жасаған адал күрескерлік қызметі зар заманның тізгінін тартты десек, артық емес. Зар заманның тізгінін тарпаса, неліктен онымен отаршылдар айтысып, жек көріп, ату жазасына бұйырды? Сұлтанбек Қожанов – тәуелсіздіктің рухани батыр көсемі деген мәртебеге лайықты тұлға. Ұлттың мүддесін қорғап өткен, қазақтың бағына туған тұғырлы тұлғаның бірегейі.
Абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов 2014 жылы С.Қожановқа арналып Созақта өткізілген ғылыми конференцияда: «Қазақтың тарихи-рухани қалыптасуы – Бұхар жырау дәуірі, Абай дәуірі және Қожанов дәуірі болып үш кезеңге бөлінеді», деп ой түйген болатын. Ғалымның бұл тұжырымдамасы – Қожановтанудың жаңа кезеңі басталғанын ұқтырды. Оның ұлт болашағы үшін сіңірген,тарихи деректермен дәлелденген толағай еңбегі – ешқандай дау туғызбайды.
Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуына зор еңбек сіңірген, ұрпақ жүрегіне өшпестей ұшқын тастаған,талантты мемлекет қайраткері – С.Қожановтың есімін бүгінгі күні қалың қазақ ұлықтап жатыр. Оның асқақ арманы баршамызға аманат. Ұлтын сүйген, артына өшпес із қалдырған тау тұлға жастарға патриоттық тәрбие беруде мәңгі мақтанышқа айналмақ. Оны әлі де тану, бағалау, жарыққа шығару ұрпақтың еншісінде. Жақында «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен, С.Қожанов пен Т. Рысқұловтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Ақсүмбе мен Ақсу Жабағылы арасы» аттығылыми-танымдық іс-шара Созақ, Түлкібас аудандарында өткізілді. Тарихи құндылықтардан бастау алғанғылыми конференция, кездесулер, ақындар мүшәйрасы, автосапар және спорттық жарыстар қатысушыларға рухани азық силағаны сөзсіз. Алаш арыстарыныңұлттық мүдде бастауында тұрған жанқиярлық еңбегін насихаттау, асыл қасиеттерін ұрпақ бойына дарыту мақсатында,болашақпен тін жалғайтын ауқымды іс-шаралар жалғасын табуы тиіс. Идеялық тұрғыдан қарағанда, Алаш ардақтыларының ұлтқа сіңірген жанкешті, адал еңбегі – тәуелсіздік жолымен өркениетті ел болуға бастайтын игі істерге ұласуда.
Ділдәгүл НҰРМАХАНБЕТ,
журналист.
P.S.
Тарихи деректер жазушы Жолтай Әлмәшұлының 2005 жылы Алматыдағы «Арда» баспасынан шыққан «Сұлтанбек Қожанов» атты кітабынан алынды.
qazaquni.kz