Колбиннен қаймықпаған ректор
2019 ж. 14 желтоқсан
7207
0
1986 жылдың Желтоқсан көтерілісі жөнінде әңгіме ел ішінде әлі бар. Сол бір тарихи оқиға кезінде Алматы қаласының мыңдаған жастары қатысса, олардың арасында студенттер де аз болмаған. Әсіресе, Брежнев алаңына жақын орналасқан Ауыл шаруашылық институты (СХИ) мен Зоотехникалық-малдәрігерлік институтының (АЗВИ) студенттері де белсенді қатысып, алаңда болғандығы жөнінде деректер аз емес. Біз сол жылдары Зоотехникалық-малдәрігелік институттың ректоры болған, ауыл шарушылығы ғылымдарының докторы, профессор Қалдыбек Сәбденовпен жолығып, әңгімеге тартқан едік.
– Сіз 1983-1996 – жылдар аралығында Зоотехникалық-малдәрігерлік институтта ректор болыпсыз. Ренжімесеңіз 1986 жылдың 16-17 желтоқсан күні қайда болдыңыз?
– Желтоқсан айының 14-16 күндері кезекті еңбек демалысымды алып, Алматы санаторийінде демалып жүргенмін. Демалғаныма не бәрі екі күн өткен. Менімен қатар Семей обкомның бірінші хатшысы Сағидолла Құбашев та санаторийдің люкс корпусында дем алып жатты. Ол кісімен бұрыннан таныстығым бар еді және қарым-қатынасымызда болды. 17 желтоқсан күні таңертең ем қабылдауға барғанымызда екеуміз кездесіп қалып амандастық. Әңгімені Сәкең бастады. «Қалыбек, кеше Орталық Комитеттің Пленумы өтті. Димекең өз өтінішімен босады. Орнына Колбин деген біреуді сайладық. Пленум болардың алдында мен Димаш Ахметұлына кіріп шықтым. Ол кісі өзі өтініш бергендігін айтып, Қазақстан жігіттеріне ризамын деді. Құдай ғұмыр берсе, сендердің жақсы еңбектеріңнің нәтижесін көріп, әлі де бірге өмір сүреміз ғой деді. Мен Димекеңе бұдан кейін сенім көрсетіп өсіргеніне шын рахметімді айттым. Жалпы Димекеңнің көңіл-күйі жаман емес сияқты», – деп жаңа хабарды жеткізді. Сағидолла Құбашұлының берген ақпараты маған бір түрлі әсер етті. Екеуіміз бұдан кейін ем алуға кеттік. Палатаға сағат 11-лер шамасында келсем телефон безектеп жатыр. Қоңырау соққан проректор М.В.Хван екен. Амандықтан соң, ол қобалжығанын жасыра алмай, асығып-үсігіп, үлкен алаңға студент жастар жиналғанын, оның ішінде біздің институттың балалары да бар екенін айтты. Республика мен қала басшылары институттарға қоңырау соғып, шара қолданыңдар деп жатқанын хабарлады. Жағдайдың қиын болғанын естіп, түстен кейін институтқа бірден келдім. Институттың проректорлары мен декандарын, партия, комсомол, кәсіподақ жетекшілерін және белсенді студенттерді жиып, жағдаймен таныстым. Студенттердің қауіпсіздігі және бір нәрсеге ұрынып қалмау керектігін ұжымға қадап айттым. 17-желтоқсан күні таңертең біздің институттың студенттерінің 70-80 пайызы сабаққа келіпті. Оқиғаны осында келгенде бірінен-бірі естіп, көбісі алаңдағы жиын не екен, не істеп жатыр деген жастық сезіммен барған көрінеді. Бірақ сағат 10-11-лерде алаңға Ішкі істер министрлігінің милициялары мен жауынгерлері қоршап алғандығы туралы әңгіме айтылды. Сырттан алаңға адам кіргізбей қойыпты. Біздің студенттер алаң айналасында жиылған халықпен араласып жүрген. Бірі қоршалған алаңда болса, бірі сыртта жүрген. Олардың көбі алаңдағы жағдайды көріп, жатақханаға, кейбіреулері кесте бойынша сабағына оралған. Біздің басқосу жиынымызда алаңда болып жатқан жағдайды ескеріп, олардың бір нәрсеге ұрынып қалмауына және қауіпсіздігіне мән беруді ойластырдық. Оқу корпусынан тысқары тұратын студентерді жатақханаға жиып, түнімен үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Негізгі мақсатымыз студенттерімізді қауіпке ұрындырмау, әскери күштің таяғынан қорғау, жағдайды түсіндіру еді. Сол күні түстен кейін Алматыға шеттен Ресей, Украинадан біраз қарулы қол алып келіп, САВО-ның зеңбірек –танкілерімен алаңды, Орталық Комитетті, Үкімет үйін қоршап, қорғауға алыпты. Кешке қарай сол әскери күш біздің институтты қоршап, барлық жатақхана, оқу-лабораториялық корпустарды тінтіп, «жауды» оның «қару-жарағын» іздеуге кірісті. Олар менің ректор екенімді және партия хатшысымын дегендерге пысқырып қараған да жоқ. Біздің бәрімізді «жау» деп білген сыңаймен күшке салды. Бірақ еш жерден ештеңе таба алмай, түннің бір уағына дейін бізді әбігерге салды. Бұдан кейін әр жерге күзет қойды да өздері кетті. Көп кешікпей институт, мекеме басшыларын партия активіне шақырды. Институттан мен және партия ұйымының жетекшісі Е.Есентаев екеуміз бардық. Партактив түнгі сағат 2-3-терде облыстық партия саяси үйінде (Құрманғазы мен Ленин (қазіргі Достық даңғылы) көшесінің қиылысында) өтті. Оған жаңадан сайланған ОК бірінші хатшысы Г.Колбин, СОКП ОК бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары Разумов, саяси бюроның мүшесі Соломенцев, Орталық Комитеттің хатшылары Мирошхин, Камалидинов, Алматы обкомының бірінші хатшысы Мендібаевтар қатысып отырды. Активте менің есімде қатты қалғаны Камалиденов сөзінің ішінде студент жастарды кінәлай келіп, алаңдағылардың басым көпшілігі қазақ балалары көбі зоовет пен ауыл шаруашылық институтының балалары, бұған оқу орнынның басшылары кінәлі деген сөздері ауыр тиді. Жиында мардымды қаулы қабылдаған жоқ. Орталықтан келген және Қазақстанның жаңа басшылары облыстың еңбекқор, өте жауапты қызметте ысылған басшыларына ұрсып-ұрсып алаңдағы жастарды жинап тезге салып, тәртіп орнатыңдар, – деген бұйрық беріп жіберді.
18-желтоқсанда сағат 10-ға барлық ректорларды Орталық Комитетке шақырды. Колбин, Мирошхин, Камалидиновтер бәрімізді әбден «қорқытып», орындарыңнан аламыз, отырғызамыз деген сөздерді аямай айтып, «бүгін алаң тазаратын болсын, тыныштық орнатыңдар» деп тапсырманы берді. Ол күні біздің институтта студенттердің 80 пайызына сабақ болды. Бірақ түске қарай қаланың жағынан қолдарына темірсойылдар алған жігіттер топ-тобымен келіп, оқу орнының ғимараттарының есік-терезелерін сындырып, оқып отырған студенттерді мұғалімімен қоса сыртқа айдап шықты. Содан балалардың біразы жатақханаға, біразы өз беттерімен көшеге кетті. Түннің бір уағында институт мұғалімдері студенттерді жатақханаға жинап, тыныштық көрмей жұмыс істеді. Осының арқасында студенттер өз орындарында болып, орынсыз жазалаудан жастарымыз аман қалды. 19-желтоқсанда саяси дүрбелең саябырси бастады. 21-желтоқсанда таңертеңгі сағат 10-да Орталық Комитетке ректорларды және шақырды. Жиналысты Колбин ашып, сөзді Камалидиновке берді. Ол қайтадан баяғысына басып, Қазақстан Компартиясының ХҮІ-съезіндегі сөзіне сілтеме жасап, жоғары оқуы орындарында соңғы жылдары тек қазақ балалары оқиды. Әсіресе, зоовет, ауыл шаруашылығы, ҚазМУ-де көп. Бұл жоғары оқу орындарының басшылары ешқандай шара қолданбайды деді. Сөз кезегін алған Мирошхин біраз ректорларды жамандады. Колбин сөз алып, қортындылай берген кезде мен «Геннадий Васильевич, бізге сөйлеуге бола ма?» деп сұрақ қойғанымда, «сөйлеңіз-сөйлеңіз», деді. Мен өзіміздің студенттеріміздің алаңдағы оқиғаға еш қатысы жоқтығын ақтау үшін дайындалып барғанмын. Және де жаңадан келген Колбиннің Ульяновск облысының бірінші хатшысы болып жүргенде «Правда» газетіне жазған мақаласымен де танысып келген едім. Мақалада Ульяновск қаласында Кавказдан келген студенттердің үлкен көтерілісі болып, соның шығу себеп-салдары көрсетілген екен. Мен Колбинге қарап, «Сіз Ульяновск облысында бірінші хатшы болып жүргеніңізде «Правда» газетіне мақала жазыпсыз. Ол мақалаңызда жерлікті орыс халқының балалары ауыл шаруашылық институтына оқуға келмейді.Институт жабылып қалмау үшін біз Кавказдан балалар әкеліп оқыттық делініпті. Мақалада студенттердің әлеуметтік жағдайы төмен болғанын, жатақханалардың жетіспеуі, жас ғалым отбасылардың үй-жайының болмағанын да атап өткен. Мәдени ошақтардың жетіспеуі, оқу базасының материалдық жағдайының төмен болуы деген сияқты мысалдар мақалада келтірілгенін оқи бастауым сол еді, екінші хатшы:
– Сіз бұлай ақталмай-ақ қойыңыз, – деп сөзімді бөлді. Мен:
– Қазірше өз сөзіме мен өткен жоқпын. Бұл мына төрде отырған Г.В. Колбин сөздері, себептері, – дедім мақаланы көрсеттім. Бюро мүшелерінің барлығы бір-біріне қарап, біраз қолайсыз күй кешкендей болды. Бұдан кейін менің сөзімді ешқайсысы бөлмеді.
– Бізде де олай емес, деп сөзімді жалғастырып, – елуінші жылдары орыс халқы селода көп тұратын. Олардың балалары ауыл шаруашылығының мамандығына оқитын. Қазір селода тұратын орыстар азайды.Олардың да жастары қалада өмір сүру үшін өнеркәсіптік мамандыққа оқуға түседі. Біздің АЗВИ-ға, СХИ-ға келген орыс балаларын қайтармай қабылдаймыз. Бірақ біз шет республикалардан оқуға бала әкелмейміз, себебі бізде ауыл шаруашылығының мамандары жетіспейді. Республикамыз ауыл маманына мұқтаж. Бұл бірінші айтайын дегенім. Екіншіден, Камалиденов зоовет пен СХИ нашар мамандар дайындап келеді деді. Ол сөз – негізсіз. Себебі, қазіргі Қазақстандағы ауыл, аудан басшыларының жартысы институт түлегі. Ал белгілі облыс басшылары Бородин, Алыбаев, Құбашев, Зарицкий сияқты көптеген азаматтар біздің институттарды бітірген. Қорғаныс министрлігінде бас мал дәрігер-генералы да біздің түлек. Қазіргі болған оқиғада біздің институттың небәрі 20 студенттің аты жүр. Олардың дені дүрлікпен, әшейін адами ана жерде не болып жатыр деген ниетпен ешқандай жаман оймен бармағандар.Сондықтан, болған оқиғаға бағаны асықпай зерттеп-зерделеп барып беру дұрыс болар еді дедім де, сөзімді көбірек экономикалық, әлеуметтік факторларды мысалға келтіріп, көтерілістің себептеріне де тоқталдым.
Шынында да құқық қорғау органдарының күні-түні жұртта жоқты бар жасап, тексергеннің өзінде біздің институттан қатысқан адамдар аз болып шықты. Бірақ асыра сілтеумен, қалайда жауапқа тарту керек деп артық қаралап бір студентті соттады. Ол кейін шығып келіп, институтты бітіріп шықты. Ал мені содан кейін Орталық Комитет те, обком да шақырған жоқ. Сонда да аудандық партия комитеті бәрімізге «кінәлісіңдер» деп қатаң сөгіс жариялап тастады.
– Сізден басқа Алматы жоғары оқу орындарының ректоры жазаланды ма?
– Жазаланды. Елдің ардақтысы Өмірбек Жолдасбековті ҚазМУ-дың ректорылығынан кетірсе, Халық шаруашылық институтың ректоры Нұрғали Мамыров та қызметінен алынды. Кейін қос азамат ақталып, жемісті еңбек етті. Білікті басшылар еліміздің жоғары білімі мен ғылымына өзіндік үлестерін қосты.
– Желтоқсан көтерілісінен кейін Колбин сізді мазалаған жоқ па?
– Араға екі ай салып, баяғы бюроға мені қайта шақырды. Бұл жолы маған оқу орнының дамуы бойынша үлкен жобаның дайындалуы және іске асыру керектігін жүктеп, сенімдерін білдірді. Сенімді ақтау үшін біздің ұжым игілікті істерге белсене араласты.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Жексен АЛПАРТЕГІ
qazaquni.kz