Таныс та бейтаныс Теменов
2019 ж. 23 қараша
3121
1
Тарланбоз талант Талғат Теменов өнер әлемінде өзіндік өрнегімен танылған ерекше тұлға.
Алпыс бес жасқа толған ҚР Халық артисі, профессор Талғат Теменовтің шығармашылық апталығы қарашаның 27-30 аралығында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында өтпекші. Көрермен іс-шара барысында «Аққудың көз жасы» (Ш.Айтматов), «Қызыл орамалды шынарым» (Ш.Айтматов), «Тыраулап ұшқан тырналар» (В.Ежов) атты лирикалық драмаларды тамашалап, У.Шекспирдің «Отелло» трагедиясымен қайта қауышады.
Төменде белгілі жазушы, өнертанушы Өтен Ахметтің осынау дарынды інісі туралы бір үзік толғанысы ұсынылып отыр.
Мен бұл астарлы сөз тіркесін студент кезімде ең алғаш кемеңгер жазушы, ұлағатты ұстазымыз Мұхтар Әуезовтен естіген едім. Біртүрлі тосын көрінген. Ойландырған. Осыны бүгінде белгілі өнер қайраткері Талғат Теменовке қаратып айтсам болады екен.
Әрине, мен оны білемін ғой: кино әртісі, кино мен театр режиссері деп, және бәйге алыпты, атақ алыпты деген даңқы мен дақпыртын... Ол түсірген кинолардың біразын көргенмін. Өзі жазып, өзі қойған «Алма бағы» спектаклін тамашалағам. Ұлттық киномыз үшін де, өзі үшін де кесек көркем туынды – «Көшпенділер» фильмі туралы осы уақытқа дейін жұрт аузынан түспей жүрген әңгімелерге де біршама қанықпын. Бірақ бәрібір ол мен үшін (өнер мен саясат адамдары бір мен емес, көпшілік үшін де таныс бейтаныс сияқты көріне ме деп ойлаймын – Ө.А.) таныстығынан гөрі бейтаныстығы басым жұмбақ жан, әрине. Өмірде кездейсоқтық деген бар, кездейсоқтық біреуді күтпеген жерде сүріндіріп, опық жегізіп жатса, біреуге жаңа таным, түсінік ұсынады. Кездейсоқтық па, білмеймін, биылғы театр күніне орай «Хабар» телеарнасы өткізген «Жекпе-жек» хабарында мен сынаушылар жағында болдым да, Т.Теменовке неге В.Ежов шығармасындағы «бұлбұлдарды» «тырналар» деп өзгерткенсіз деп қаттылау пікір айттым. Әлбетте, пьесаны спектакльге айналдырушы режиссердің авторлық өз құқы бар; өзгерген уақыттың ыңғайына және көрермен талғамы мен сұранысына қарай түрлентуге де, түлетуге де ерікті. Сынауын сынасам да, осы жағын ойлап, артық кеттім бе дегендей көкейімде бір түйінді дық қалғандай еді. Осы күндері Т.Теменовтің «Айғағым болшы, ақ сәуле» деген әдеби еңбегімен таныстым. Өмірбаяндық естеліктері, әріптестері туралы әңгімелері, ой толғамдары, баспасөзге берген сұхбаттары және пьесалары топтастырылған бес бөлімнен тұратын қалың кітап. «Астана Медиа Пресс» баспасы шығарыпты. Маған, әсіресе, «Өмір суреттері» деген бірінші бөлімі қатты әсер етті. Әр сурет шағын новелла сияқты оқылады. Ортақ желіден ажыратып алған күннің өзінде де тақырыбына сай оқиға қисыны да, айтпақ ойы да бұзылмайды, даралығын сақтайды. Дегенмен «суреттерді» роман – эссе деуге лайық тұтас дүние ме дедім. Өйткені, автор отбасын, балалық шағын, өскен ортасын, өнерді таңдау жолын, шығармашылық ізденістерін зымыраған уақыт ағынымен, қоғамдағы өзгеріс-сілкіністермен тонның ішкі бауындай үйлестіре баяндап, кино мен театрға қатысты кемі бір қырық жылдық тарихтың өзіндік соны беттерін көз алдыңа бар нақышымен жайып салады. Шығарманың тілі көркем, ойы жарқын да нәрлі, деректері нақ, суреттері айшықты да айқын. Жасында әдебиетке, киноға, театрға құмарта жүріп, жазушы, журналист, философ болсам ба деп ойының сан саққа жүгіруі тегін емес екен. «Сыртқы көрініс – жалғандық», «Өзіңе сену – менмендік емес», «Шынайы өнерді жаны сұлу адамдар жасайды», жиі кездесетін осындай қанатты сөздерімен оқыр-манды өзіне бірден баурайды. «Мені» жоқ, намысы жоқ адам – мақсатсыз адам. «Мені» бар, намысты адам ғана мақсатына жетеді. Жаңбыр жауған күні үй төбесінен тамшы тамады: тырс-тырс. Бала ойланады: «Неге кішкентай үйде тұрамыз… Өскенде әке-шешеме үлкен үй салып беремін…» Демалысқа келген студент баласы үшін анасы көршіден қарыз ақша сұраған еді. «Сендер-ақ ештеңеге жарымай жүреді екенсіңдер» деген тым ауыр, ащы жауап алып, ана байғұс бүк түсіп жатыр. Мұны көрген студент Талғат «Бұдан кейін әке-шешемді ешкімнен ақша сұрауға мәжбүр етпеймін» деп өзіне-өзі серт береді. Болашақ режиссер оқып жүріп аула сыпырушы боп жұмысқа тұрады. Осыдан кейін автордың «Намыс – үлкен қозғаушы күш» деген сөзіне, әрине, риясыз сенесің. Әр адамның бойында сөздің кең мағынасында осындай нағыз шынайы махаббатпен қуаттанған «мені» мен «өзімшілдігі» болса ғой деп ойлайсың. Бірақ Теменов «мені» тәкәппар емес екен, кеуделеп, ешкімді иықпен қақпайды екен. Керісінше, өзіне ықыласы түсіп, қол ұшын бергендерді, әріптестерін алдына сала сөйлейді. Олардың өзіне жасаған жақсылығын, ілтипат-ықпалын баса айтады. Жазушы, марқұм О.Бөкеймен алғаш танысқанда қалтасындағы жалғыз бір сомын беріп, оның құрметіне музыка ойнатуында да ғибрат бар.
Автордың өмірдің бетіне сәулелі жақтан қарайтынына мысал көп. 1983 жылы курстық жұмысы «Шаңырақты» түсіру үшін Мәскеуден келеді. Бірақ «Қазақфильм» басшылығы бұған самарқау. Сәуір дейді, мамыр дейді, Маусым мен шілдені де күткізеді. Жаз аяқтала Мәскеуге оқуға кетуі керек. Амалсыздан ұстазы Сергей Соловьевқа хабарласады. Ал ол үн-түнсіз ұшып келіп, мәселені тез шешіп бере қояды. Осы оқиғаға қатысты «мені төрт ай бойы босқа сенделткен еді» деп ренжіп Талғат ешкімді тіліне баспайды. Оның орнына атағы жер жарған ресейлік режиссер Соловьевтің беделін пайдаланып, ВГИК-тен қазақ тобының ашылуына мұрындық болған Олжас Сүлейменовтің іскерлігі мен ұлтжандылығына тоқталып, соның арқасында Абай Қарпықов, Рашид Нұғыманов, Ардақ Әмірқұлов, Дәрежан Өмірбаев, Серік Апырымов, Сәбит Құрманбеков, Мұрат Мусин, Ләйлә Ақынжанова сынды жастардың кейін қазақ киносының жаңа толқынын құрағанын сүйсіне баяндайды. Әрине, қырық жылдан астам уақыт өнер ішінде жүрген адамның осы салада елеулі еңбек еткен айтулы тұлғалар жайында білерлігі мол болуы заңды ғой. Сүйсінтетіні – Н.Жантөрин, А.Тоқпанов, А.Әшімов, т.б.туралы жазғанда олардың болмысындағы өзі ғана білетін жаңа қырларын айтумен шектелмейді, әрқайсының өз уақытына сәйкес ортасын да көрсетіп, өнер сабақтастығының тінін үзбей мол-мол мағлұматтар беріп отырады.
Кино өнерінің кереметтері көп. Кейде белгісіз біреулерді аяқ астынан даңқты етіп жібере салады. Талғат та өз киноларын түсіру барысында, мысалы, «Қайдасың, Чапайда?» оқушы бала Айқын Халықовты, «Адамдар арасындағы бөлтірікті» түсіргенде, «Кескінім киноға түсуге келмейтін секілді» деп, есік аузында бақ сынауға кеткен достарын күтіп, шеттеп жүрген Ерболат Оспанқұловты таңдайды және қателеспейді. Олар кейін кино өнерінің танымал актерлары боп өмірден өз орындарын тапқан. Бірақ өтпелі кезеңдерде кешегіңнің бүгінгіңнен артық көрінуі таңғаларлық та, күстаналарлық та жағдаят емес.Талғат та толғанады: «Дағдарыс кезінде… қолдарынан қаламдарын тастап, күн көруге көшкен жазушыларды кінәлай алмайсың… Қысқасы, не керек, бүгінде шығармашылық адамдары күн көру үшін әлдекімдерге тәуелді… Қазақтың режиссерлері мен жазушылары өзінің шығармашылық еркіндігін сезіне алмай қиналады. Мұны түсінетін кім бар? Үкімет оларға шығармашылықпен еркін айналысуға мүмкіндік жасамай, қаламақы мәселесін шешпей, олардан жақсы шығарма күтуге болмайды». Тек, әттең, кино мен театрдың білгірі Талғат Теменовтің осынау қынжыла айтқан жайларын түзетуге келгенде кежегеміз кейін тарта беретіні түсініксіз. Қапысыз шындық, қоғам үшін қай кезде болмасын ең жаманы – адам рухының жасығаны. Ал сондай жасыған рухты қайта көтеретін де, асқақтататын да бірден-бір қуатты жалғыз құрал – әдебиет пен өнер. Бұл – әлмисақтан белгілі жәйт. Оны мансұқ ету – қауіпті. Т.Теменов соны меңзейді.
Астана қай жағынан алсаң да елге үлгі болуға тиіс қой. Осы орайда Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі қызметіне Т.Теменовтің келуі өнер сүйер қауымды елең еткізгені сөзсіз. Сол себепті, мен де жаңа қызметіндегі алғашқы қойылымында ол үлкен бір кесек дүниесімен көрінер деп ойлаған едім. Олай болмады, В.Ежовтың бұрыннан бар байырғы дүниесін сахналады атын өзгертіп. Жеңістің 70 жылдығына деп. Мұндайдан театр да шет қала алмайды ғой. Түсінеміз. Бардым. Көрдім. Әрине, көзімді тырнап ашқалы бұл соғыстың жай-жапсарын мектепте, университетте, адамдар ортасында тыңдап өскен; әдебиеттен оқып, кинодан көріп өскен маған айтар жаңалығы да, әсері де… Жә, болды, егер залдағы жастардың көзі және санасымен қарасам ше? Жетінші, сегізінші сыныпта оқитын балалар екен. Сөзге тарттым. «Ағай, керемет. Шын сүйген жандарға соғыс та, ұлтының бөлектігі де тосқауыл бола алмайды екен ғой». Иә, бұлбұл – махаббат символының әуезі. Соғыс біткенде бақта төрт жыл сайрамаған бұлбұлдар сайрай бастайды. Неміс қызы мен қазақ солдаты арасында сүйіспеншілік оты лап ете түседі. Ал соғыстағы солдаттың жау жақтың қызын сүюіне болатын ба еді? Болмайды дейтін күштер бар екен. Болдырмауды қадағалап жүрген қырағы адамдар бар екен. Жас көрермендерді тебіренткен де, ойлантқан да осы көріністер. Әрине, бұл – өнер үшін үлкен жетістік. Мен де спектакль атының өзгеруіне байланысты өз пікірімде қала тұрып, «тыраулап ұшқан тырналар» деп соғыстан аман қайтқан солдаттарды, оларды асыға күткен жандарды меңзеген екен ғой деп режиссер қисынымен де іштей келістім. Көкейімдегі түйінді дық тарқады. Иә, Т.Теменовтің «Айғағым болшы, ақ сәуле» деген жаңа кітабын оқып, оның Астана театрында қойған тұңғыш спектаклін көрген адам үшін таныс та бейтаныс өнер қайраткерінің таныс келбеті бұрынғысынан да жылы ұшырап бедерлене түсері хақ.
Өтен Ахмет 2015 жыл
ТАРЛАН Талғат Теменге Бәйгелерден топ жарып келеді атың, Асуларың асқар бел сен алатын. Кітабыңды қызығып оқыған соң, Гүлназ қойды апамыз немере атын! Әр сағатың маңызды, өте тығыз Әр шығармаң алысқа жететін із!.. Жансүйер қыз таптық біз Жаркенттен, – Бір екен ғой «Махаббат бекетіміз». Батып жүріп өмірдің азабына, Өнеріңе ел қол соғар таза мына... Шекспирлік шешімге шекпен жауып, Отелломен ой салдың қазағыңа!.. Әр сапарың әлемге – Жеңістерің, Қатып қалса қағида – Келіспедің... Арқалаумен келесің өнеріңмен! Күнәләрін «Күнәсіз періштенің». Махаббат – бұл емес қой бір күн аңыз.. Туындыңа тұнықтық тұнды нағыз! Жүрегіміз сезімнен жаралған соң, Бегімай мен Әселді жыр қыламыз! Текті өнер ғой тербеген жүрегіңді, Терең бойлай алғандар біле білді... Талғат десе – тарлан деп ұғады жұрт Таңғалдыра бер дәйім ұлы еліңді! Қазыбек ИСА 20.11.2019 qazaquni.kz