ЖАҢА СӨЗ
2019 ж. 09 қараша
3732
0
Академик, жазушы Ғарифолла Есім
Жел соқты. Саяси жел. Ел жаңалық күтуде. Жел – табиғат емшісі. Ескі ескіріп, жаңа, жас жапырақтар көктейді. Бұл әлемнің табиғи заңы. Солай болған, солай бола бермек. Жаңа мемлекеттік басшы Қасым-Жомарт Тоқаев халық қолдауымен билікке орнықты.
Өткен жүз күндік Президенттік тәжірибе сәтті болды. Көптеген игілікті істердің нышаны аңғарылды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа жолдауында бірнеше көңілге қонымды жаңалықтар ұсынды. Атап айтсақ, «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейтіледі. Менің ойымша, ол ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келеді. Алайда мұндай мәртебеге жету үшін біз қажетсіз әңгімелерсіз бірге жұмыс жасауымыз керек. Сондай-ақ біз ұмытпауымыз керек, тіл – үлкен саясаттың құралы», – деді Мемлекет басшысы. Бұл көптен күткен іс еді. Бүгінгі күнге дейін ұлтаралық тіл орыс тілі болып келді. Ендігі жерде акцент мемлекеттік тілге ауысты. Тамаша бастама. Бұл тұжырымды халық жылы қабылдады. Анығын айтқанда, бұл тезис мемлекеттік тілдің мәртебесінің нақты нығаюына қызмет ететін тұжырым.
Жолдауда Президент: «Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн. Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді қамтамасыз ету қажет», – деді. Бұл батыл шешім. Алтын Ордаға қазақ тарихы тікелей қатысымызды білдіреді. Шынында да, Жошы ханнан тараған ұрпақтардың ең соңғы тұяғы – Кенесары Қасымов, одан бергіде Алаш көсемі – Әлихан Бөкейхан нағыз қазақтар. Сондықтан, Жошы ханның тұлғасына ерекше назар аударуда тарихқа, өткенімізге – тағзым. Жолдауда келешекте орындалуға тиісті мәселелер жеткілікті, соның айтулылары коррпуцияға қарсы күрес, жаңа кадрлық саясат, партияларға деген жаңа көзқарас, жаңғыруға деген түбегейлі тың түсініктер және жастар саясатын даңғазалықтан, ұраншылдықтан байыпты арнаға түсіріп, шын мәнінде жастарға жол ашу.
***
Президенттен жұрт әлі де әрі қарай жаңа заман сөзін күтуде. Ол жаңа сөз болмақ. Жаңа сөз, жаңа саяси тұжырым. Өзгеше қалай болмақ?! Заманға желкілдеп жастар енді. Ол – ардың қуаты орасан, ол қуат қызықтырады, ынталандырады, күдіктендіреді, үрейлендіреді. Хакім Абай айтқандай, «Жастарға жаппас жала жоқ».
Ілгеріде қоғамда үнсіздік орнығып еді. Үрей болғанда үн шықпайды емес пе?! Үн шығуы үшін саяси өріс қажет! Саяси өрісті толқындап заман туғызады...
***
Санаға шідер салған дәуір болды. Есімде, мінезді жылқы еркінсіп кетпесін деп, аяғына тұсау салатын. Алдыңғы екі аяғы және артқы бір аяғына. Оны халық «шідер» дейді. Сол шідер біздің түйсігімізге, сезімімізге, санамызға салынды. Сол санамен 70 жыл жүрдік.
Тәуелсіздік шідерді шешті, бірақ өзімізді «шідерлі ат» секілді сезінуімізді қоя алмадық. Еркіндікке көндігу де қиын екен.
Тұлпарға тән еркіндікке, яғни сана, сезім, түйсік тәуелсіздігіне шыға алмадық. Тәуелсіздікке жиырма тоғыз жыл, әлі өз ана тілімізде сөйлесуді ерсі санаймыз. Өзге тілде сарнаймыз. Бұл сол баяғыда салынған «шідер» тұсаудың салдары. Ендігі жерде Тәуелсіздік жастары өсіп шықты, олар түгілі, сірә 40-тан бергі жастар шідер-тұсауды білгісі келмейді. Олар еркін ойдың иелері. Жаңа сөз қажет болса, солар сөйлесін!
***
Жаңғыру үнемі жаңашылдықты талап етеді. Жаңғыру – жаңару. Бұл партия мәселесіне аса қажет.
Партиялар заман талабына сай өзгеріп отырады. Нұр-Отан ауыр мәселелерді шешті, алайда заман өзгерді, адам, қоғам сапалы өзгеріске түсті. Хакім Абай:
Жас қартаймақ, жоқ тумақ,
туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір
қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық
артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның, бәрі өзгермек, – деген.
Өзгеріс – жаңалық. Оны түсінбеген саяси басшы елді өрге қалай сүйремек. Шәкәрім: «Мен жетелеп өлемін, өрге қарай қазақты», – деп айтып еді.
Нұр-Отан екі мәселені түпкілікті шеше алмады, бірі жемқорлық. Екінші, экономиканы либералдық рельске түсіре алмағаны.
Иә, әкімшілік басқару өз нәтижесін берді, бірақ әр нәрсенің өзі және көлеңкесі бар. Көлеңкесі – теневая экономика.
Кәсіпкерлерге экономикалық еркін өріс қажет. Кәсіпкерге керегі заң, одан өзгенің бәрі бөгет.
Жаңа партия қажет. Ол либералдық принципке құрылуы табиғи жағдай. Ескі өзімен-өзі кетпейді, оған «ем» қажет. Ем жаңа саяси тұжырымдама.
Елбасы – реформатор болды. Нәтиже айқын. Заман өзгерді, ендігі жерде өзге мәндегі саяси реформа қажет. Бұл ақылды жанға таңның атып, түннің батуы сияқты түсінікті жағдай.
Таң қалатын ешнәрсе жоқ. Жаңа партия жаңа заман талабына туындайтын саясаттағы, басқарудағы жаңа сөз болмақ!
Заманды кім билемек? Мәңгілік сауал. Осы тақырыпқа арнайы ХІІ ғасырда Жүсіп Баласағұн «Құт білімі» деген көлемді шығарма жазған.
Қашан болмасын заманды билей алатын Кемел-Тұлға қажет. Билік символы – әділеттілік.
Кемел-Тұлға кім, оны халық біледі, уақыт анықтайды. Кемелдікке жету осал шаруа емес. Мұсылмандық дүниетанымда кемелдіктің кілті де – қанағат, әділдіктің мазмұны – қанағат.
***
Жаңа партияға біз секілді жасы келгендерді қабылдаудың еш қажеті жоқ. Партия – жастардікі болуы табиғи жағдай. Қазақ қырықта қамал алады дейтін, яғни негізінен қырық жастағылар партиясы болғаны жөн.
Біздің қуат Нұр-Отанмен сарқылды. Жаңа сөз жастардікі. Біз ақсақалдармыз. Жастармен желкілдеген жөн емес! Жастарға жол ашу қажет! Мағжан ақын «Мен жастарға сенемін», – дегенде өз заманындағы жас толқынды айтқан. Бүгінгі толқын жастар қандай.
Жастар толқын – толқын. Ресми жастар деп он төрт жас пен отыз жасқа дейінгілерді айтады. Ол да дұрыс шығар, алайда жастарды саяси, әлеуметтік, мәдени және демографиялық құндылықтар жүйесіне орай былайша жіктеймін.
Бірінші толқын қырық пен елу жас аралағындағылар. Мен бұларды «қола ұрпақ» өкілдері деймін. Қазақтың қырықта қамал алады дейтіндері осы жас шамасындағылар. Бұл жағдай Украинада өткен сайлауда айқын көрінді, билікке қырықтан жаңа асқан азамат келді. Демек, осы жастағы азаматтарды қақпайламай, оларға өріс ашқан жөн. Бұл жастағылардан елге пайдалы әсер коэффициенті көп.
Екінші толқын отыз жастан қырыққа дейінгілер, мен бұл жастағыларды «күміс ұрпақ» деймін. Қазақтың тағы да айтқан аталы сөзі бар, «отызда орда бұзады», – деген. Бұл ұрпақта қуат ересен мол, демек Пайдалы Әсер Коэффициенті (ПӘК) де мол. Келешек-ресурс осы отыздағылардан шықпақ.
Үшінші толқын, жиырма жастан отызға дейінгілер, бұларды «алтын ұрпақ» деу орынды. ПӘК – бұл жастағыларда орасан, тек бағыттай, бағдарлай, баули білу қажет. Бұлар тәуелсіздік құрдастары, бұлар ХХІ ғасыр азаматтары.
Төртінші толқын, өмірге еніп жатқан бөбектерден бастап, жиырма жасқа дейінгілер. Бұлар «бриллиант ұрпақ» болмақ. Бұлардың ПӘК-ті орасан мол. Осы ұрпақ билікке жеткенде, ат жалын тартып азамат болғанда қазақ елі бұрын болмаған керемет жағдайға өтеді, тамаша ғұмыр кешеді.
Біздер алпыстан асқандар осы толқын – толқын жастардың арбасына керексіз жүкті артпай, келешекке аса қажетті құндылықтарды артсақ, оларға жасаған ағалық, аталық борышымыз болмақ.
***
Жастар және құндылық дегенде тағы бірер айтар мәселе бар. Ол жастардың мәдени-бағыт ынталарында. Қазақ елінің жастары бұл бағытта бір текті емес.
Біріншіден, қазір батысшыл бағыттағы жастар толысып келеді, олардың тілі де, мәдениеті де – ағылшын. Бала жасынан, тіптен балабақшадан ағылшындық тәрбиеде болған жастардың діни сезімдерінің өзгеше болуына да таң қалуға болмайды. Бәрімізге белгілі ағылшын тілімен простестанттық тәрбие бірге. Сонда нәтиже не болмақ? Балаларын, немерелерін осылайша тәрбиелеп оқытуды өркениеттік деп түсінетін қазақ ата-аналар қаншама. Ағылшын тіліндегі арнайы орта мектепті тәмамдағандар, әрине оқуларын әрі қарай Англияда, Америкада жалғастырмақ. Сөйтіп, қазақ жастарының түйсік-сезім-саналарына бөгде мәдениет мейілінше сіңе бермек. Оларға ұлттық ортадан ағылшын тіліндегі орта жақын бола бермек.
Екінші араб тілі және ислам діні негізіндегі бірыңғай мұсылмандық бағытқа бұрылған жастар да қаншама. Олар үшін ұлттық құндылықтардан араб тіліндегі құндылықтар жақын. Бұл айтарлық мәселе.
Үшінші бағыт, орыс тілі және мәдениеті негізінде тәрбие, білім алған қазақ жастары. Олардың дені қазақша сөйлемейді. Қазақ тілін өлі тілдер қатарына қосатындары да бар. Қазақ тілі тұрмыстық тіл, ол тілде ғылым, техника, технология болуы мүмкін емес деушілер де шығуда. КСРО құрамында болғанымызда мұндай көзқарас үстем болды, ал Тәуелсіздік жылдары өзгеруі керек еді, ол болмай тұрғаны. Бұл қауіпті.
Төртінші бағыт, бұл күннен күнге күшейе беретін қытай тілі негізінде жат тәрбие. Құндылықтар жүйесі қытай құндылықтар жүйесімен бәсекеге түскенде, қалай боларын болжау қиын.
Бесінші бағыттағы жастар, ол өзіміздің төл мәдениетімізбен, ана тілінен сусындап келе жатқан дәстүрлі тәрбие кеңістігіндегі жастар. Бұлар қазақ елінің іргетасы, бүгіні және келешегі. Олардың жастардың ішінде үлес-салмағы басым болса керек. Сірә, арнайы социологиялық зерттеулер қажет болар.
Осы бес бағыттағы жастар арасында ауытқуда, толқуда, ойлануда, ізденісте жүргендер бар, олардың да қаншама екенін нақты айту қиын.
Осы мәселені неге арнайы сөз етіп отыр дейсіз ғой, айтайын. 1926 жылы дүниеден өткен араб Халел Жебран деген суретші-ойшыл болған. Сол кісінің кезінде қазір бүлініп жатқан Сирия туралы айтқаны бар. «В Сирии, например, все образование как милостыня получено от Запада, и до сих пор мы едим хлеб этой подачки, как голодные и алчущие. Этот хлеб позволяет нам жить, но, даруя жизнь, он несет одновременно и смерть. Дает жизнь, потому что будит наши духовные силы и вливает свежую струю в наши умы, убивает, потому что разобщает наши мысли, ослабляет единство, расторгает союзы разъединяет сообщества. Ведь страна наша превратилась в небольшие колониальные территории, разные по характеру и склонностям. Каждая колония привязана к одной из западных наций, живет под ее знаменем и воспевает ее достоинства и славу. Юноша, вкусивший немного науки в американской школе, легко превращается в довернное лицо Америки. Юноша, испивший глоток науки в иезуитской школе, становится посланником Франции. Юноша, надевший рубашку, сшитую из материи русской школы, делается представителем России. И так далее: каждая школа каждый год выпускает своих представителей. Самое яркое доказательство того, как далеко в настоящее время зашли различияч во взглядах и устремлениях, дает вопрос относительно политическую будущего Сирии».
Халел Джебран диагнозды дөп қойған, Сирия бүлінді. Неге? Тіл бірлігі болмады. Сол заманда Сирияда кім Халел Джебранды тыңдады. Қандай дерттің болмасын емі бар. Сөз рухани дерт туралы болғанда ойланып, толғанып атқаратын іс көп. Сириядағы орын алған қауіптің алдын алу үшін елімізде қазақтығымызды нығайтуымыз қажет. Бес бағыттағы жастарды біріктіріп, бір тілде сөйлейтін елдің азаматтары етіп топтастыру аса қажет. Қазақ тілі – ұлттық идея!
***
Қазақ тілінде тарихымыз, тұрмысымыз, ойлау жүйеміз, арман-мұңымыз, сенім-қиялымыз, кешегіміз, бүгінгіміз, келешегіміз, қысқаша айтқанда, ел болып өмір сүру дәстүр-тәжірибеміз сұрыпталған.
Елдік мүдде төңірегінде топтастыратын қазақ болу идеясы.
Қазақ елі мәңгілік болуы үшін қазақтана бастауымыз керек. Ол туралы Сұлтанмахмұт Торайғыров 1919 жылы жазып еді:
Мен – қазақ, қазақпын деп
мақтанамын,
Ұранға Алаш деген
атты аламын.
Сүйгенім қазақ өмірі,
өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан
сақтанамын?
Бүгінгі күні басты мақсат қазақ болу, Қазақ елі болу, ол елді мәңгілік ету. Бұдан асқан биік идея болуы мүмкін бе?
Бізге ұлттық тәрбие емес, тамыры терең, қарға тамырлы халықтың тәрбиесі керек, азаматтық, елдік тәрбие қажет. Жас ұрпақты азамат етіп өсіру – Қазақ елінің патриоттарын даярлау деген нысаналы бағыт.
Қазақ халқында «азамат» деген өте мағыналы сөз. Азамат атану, адамның жеке тәуелсіздікке көтеріліп, оны мемлекеттік (елдік) мүддемен ұштастыруы.
Бабаларымыз ұлдарына «Азамат» деп ат қойғанда, осы мақсатты көздеген. Махамбет Өтемісұлы:
Арғымақ, сені сақтадым,
Құлағың сенің сергек деп.
Азамат, сені сақтадым,
Бір күніме керек деп, – деген еді.
Қазақ елінің азаматы болу – мемлекетшіл болу деген сөздің синонимі. Ел болу халқымыздың сан ғасырдан бергі арманы емес пе еді, ел сөзінен үріккендер ойында не бар екен. Әнұранында «ел» деген сөз жеті рет қайталанады.
Жастарға, тіптен, бала-бақшаларда өсіп жатқан бүлдіршіндерге де ел деген ұнайды.
***
Өркениетке қазақ болып енуіміз керек, ол үшін азаматтық сана, яғни елшілдік, діни сана және байлық пен кедейлік мәселесі. Қазақ болуға қауіп те, үміт те осы үшеуіне қатысты.
Жаңа сөз айтуда да осы үш мәселеге саяды. Осы үшеуін заманауи тұрғыда тарқата білу деген жаңа сөз болмақ.
***
Біздің ұрпақ көп сөз айтты. Керегі де, қажеті жоғы да болды. Пайдалылары да, залалдылары да болды. Ендігі сөз – жастарда. Мінбер – жастардікі. Ақыл заманмен толысатын – феномен. Қырықтан бергі жастар ақылдылар, себебі замандары солай, жаңа сөз солардікі...
Мәселе сабақтастықта. Сабақтастық жалғасу, жіптің үзілмеуі. Бұл дұрыс қағида. Сонымен қатар, сабақтастық ішкі мазмұны бар, оның мәнісі мынада. Сабақтастық болуы үшін сыншылдық қажет. өткенге сыни көзқарас қажет, сонда ненің сабақтас екенін анықтай аласыз. Сабақтастық әншейін реттік сан емес, ол эволюция, ол өзгеріс, ол ескіден жаңаға өту. Сонда ескіден нелер өтуі керек, нелер өтпей қалуы керек деген сараптамасыз нағыз сабақтастық болуы мүмкін емес. Мысалы, ауыл шаруашылығына қатысты экономикалық жүйе тиімділігі жеткіліксіз. Ауыл экономикасы шаруа қожалықтарына бірікпеген жеке шаруаларға тиесілі десек, қателік жоқ. Білім мен ғылым саласындағы ұстаздар еңбек ақылары мүлдем сын көтермейтін деңгейде, профессорлар қауымы кедейлер қауымы, бұл қалай?!
***
Сөз соңында бәрімізге қатысты әңгіме. Нарықты білдік, нарықтық қатынастарға ендік деп бір марқайдық. Ол жақсы. Нарық қатынастағы елдер қатарына қосылдық. Алайда біз нарықтық қатынастарға Еуропа елдерінен кеш ендік және де авторитарлық социалистік жүйеден келдік. Ол қоғамның дерттерінен, әдеттерінен арылу мүмкін бе еді деген сауалды өзімізге қоюымыз керек секілді.
Айтарым, нарықтық қатынастарға әбден енген елдер, оның бар пайдасын көре отыра, енді нарықтық кемшілігін сезіп, біліп, танып айта бастауда. Сірә, бұл тақырыпты қозғау бізге ертерек көрінеді, алайда мәселе барын біліп қойған жөн. Айталық, Нобель сыйлығының лауреаты, американдық экономист Пол Кругман былай дейді: «Нарық экономикасының заңдылығы бойынша, бір адамның шығыны – екінші адамның табысына айналатыны белгілі аксиома. Бірақ билік басындағы кейбір саясаткерлер бұл заңдылықты жете түсіне бермейді. Демек, экономикалық дағдарыстар мен репрессиялардың кейбір себептері саясат тізгінін ұстағандардың әлжуаз экономикалық доктриналарынан туындайды».
Шет елдік экономистердің бір парасы экономиканы адамшылықтан (моральдан) тыс қарамауды айтуда. Экономика адамшылық ұғымы деген тезис жатымды. Мәселені қалай қойсаң да біз бәрібір адам мүддесіне орала береміз. Экономика адамға емес, керісінше адам экономикаға тәуелді болмағаны табиғи түсінік. Адам мүддесі деген мемлекетте кедейлер мен байлардың арасы алшақ болмауы деген мағына бермек. Әйгілі коэффициент Джини соны айғақтамай ма? Байлық бір пайыз адамдардың қолында болса, тоқсан тоғыз пайыз адамдардың күні не болмақ, міне нарықтық экономиканың аса қауіпті салдары.
Қазақ еліндегі кедейлер мен байлар арақатынасы қандай?
Ар, ұят, намыс дегендер біздің елде экономикалық ұғымдарға айналды ма? Бұл жайында экономистер не дейді?
Біреудің бай болуы көпшіліктің кедей болуына тікелей қатысты болса не болмақ? Сауал экономист мамандарға.
Дәстүрлі қазақ қоғамында кедейлік пен байлық дәстүрмен реттеліп отырғаны экономикалық тәжірибе емес пе екен?!
Ақсақал – қажеттілік. Ақсақал аса белсенді болмай, көбінесе сабыр сақтағаны жөн. Оның ақылын қажет етушілер болса жақсы. Ақсақалдан ақыл сұрау түсінікке қонымды. Ақсақал ерсілі-қарсылы сөздерге араласа берсе, ұнасымды бола ма?
Ақсақал – кеңесші қызметін атқарса, құба-құп, бірақ ақсақал сөз айтпай қалмайтын бір жағдай бар, ол Ел қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Ел басына күн туса, ақсақалдар қалай үнсіз қалмақ?!
***
Әлем үздіксіз өзгерісте. Өзгерістің өлшемін анықтау қиын мәселе. Өзгерістің векторын анықтау да қиын. Ғылым тарихында прогресс деген – даулы мәселе. Біз ертеде капитализмнен социализмге өттік. Бұл прогресс дедік, даму дедік. Мұнымыз мүлдем қате «теория» болып шықты. Өзгерістің мазмұнын анықтаушы адам және адамзатқа тиесілі төл құндылықтардың қызмет етуі және оларға уақыт пен кеңсітікте (оны «қазақ жыраулары» заман деген) өріс ашу. Хакім Абайдың «Заманды қай жан билемек» дейтіні де осындай жағдайдан туған сұрақ. Заманды билейтін адамдар, яғни кемел жандар өзгерістің мағынасын да аша білген. Алдағы өтетін Әбу Насыр Әл-Фарабидің және Хакім Абайдың мерейтойларын той қылып қана өткізбей, қазіргі заманның ойлау кеңістігінің мағынасын, мазмұнын, мәнін ашуға ниет ете отырып, қазақ халқының келешегін, оның сапалық өзгерісінің бағыт-бағдарын анықтауға қызмет ететін игілікті іс-шаралар деп түсінуіміз қажет.
qazaqunui.kz