Ғалым, киноактриса Алтайбаева: Кино менің тағдырыма ықпал етті...
2019 ж. 26 қазан
3491
0
Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі мәдени саясатының тұжырымдамасын ақпараттық сүйемелдеу және түсіндіру мәселелері сөз болғанда, бұдан жарты ғасыр бұрын көрермен жүрегіне жол тапқан «Қазақфильм» киностудиясының туындылары еске түседі. Бір өкініштісі, арада соншама уақыт өткендіктен де шығар, осы інжу-маржан дүниелер бүгінде аса көп айтыла да бермейді. Біз осы төңіректе белгілі ғалым, киноактриса Шолпан Алтайбаевамен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Шолпан, сіз кезінде атақты режиссер Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмінде бас кейіпкер Тайлақтың қалыңдығы Айшаның рөлін кескіндедіңіз. Бұл киноны түсіру туралы ой алғаш қалай туды екен?
– Әлдебір естелікте Халық артисі Каукен Кенжетаев «фильмнің сюжетіне идея ұсынған менің зайыбым, әнші Шабал Бейсекова еді» деп жазғанын естідім. Мүмкін бұл пікір негізсіз де емес шығар. Бірақ кезінде Шәкен Аймановтың өзі айтқанындай, аталған дүниенің сценарийі Әмина Өмірзақова, Әлімғазы Райымбеков және мен үшеуміз үшін арнайы жазылыпты.
– Демек, режиссер сізді Айша рөліне ешбір сынақсыз-ақ бекіткен болып тұр ғой. Сонда да көпшіліктің осы төңіректегі жағдайды нақтылай түсуге құмартатыны анық.
– Бұл өзі әжептәуір ұзақ «тарих». Мен бес фильмге түстім. «Тақиялы періште» төртінші кином екен. Тырнақалды фильмім – «Ән қанатында». Ол, негізінен, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында түсірілді. Міне, Шәкен аға мені бірінші рет сол түсірілім алаңында көріп, қызыққан секілді.
– Сөз орайында сол «Ән қанатында» туындысына қалай келгеніңізді айта кетсеңіз болар еді.
– О кезде Алматыдағы №56-ші мектепте 11-ші класта оқитынмын. Әзірбайжан Мәмбетов түсірген бұл дүниенің екінші режиссері Ғалия Сүлейменова мектебімізге келіп, Ләйла рөліне лайықты қыз іздейді. Бірақ талай адамды көріп, ешкімге көңілі толмаған сияқты. Ақырында о кісі біздің де сыныбымызға кіріп, фотосынақтан өткізу үшін мені таңдап алды.
– Ойда жоқта киноға түсу мүмкіндігі қатты қуантқан шығар?
– Әрине. Бұл оқиға менің өмірімде айрықша серпіліс туғызды. Ләйла рөліне бекітіліп, сценариймен таныса келе, мұның қазақстандық жазушы Николай Ановтың романы желісімен даярланған дүние екенін білгенмін. Шығарма алғашқы қазақ театрының қалыптасу тарихына арналған. Қаламгер кітабына театр корифейлері–Қалибек Қуанышбаев, Иса Байзақов, Шара Жиенқұлова, Құрманбек Жандарбеков, ерлі-зайыпты Қанабек және Күләш Байсейітовтер, өзге де өнер саңлақтары өмірінің кейбір қым-қуыт, қызықты сәттерін арқау етеді. Осыны әлгі тұста «Ана – Жер Ана» спектаклі арқылы бүкіл Одаққа, қала берді алыс шет елдерге аты дүркіреп шыға бастаған Әзірбайжан аға кино тілінде бейнелеуді ұйғарады.
– Қателеспесек, бұл Әзекеңнің кинодағы алғашқы қадамы ғой?
– Иә, солай екен. О кісінің бұл талабына сол кездегі «Қазақфильм» киностудиясының көркемдік жетекшісі Шәкен Айманов қолдау көрсетіпті. Сөз орайында айта кетейік, осы фильмде Қажымұқан рөлін ойнаған Әлімғазы Райымбековтің де тура мен секілді киноға алғаш түсуі көрінеді. Мұндағы бас кейіпкер Мұса – Иса Байзақовтың прототипі. Оны кескіндеген – белгілі актер Әнуар Молдабеков. (Өкінішке қарай, ол өмірден ерте кетті. Ғажайып адам еді. Өзіме деген ыстық ықыласы да жанымды тербетеді. О кісінің жарқын бейнесі әрдайым көз алдымда тұрады). Сәбира әйгілі әнші Майра Шамсутдинова тұлғасынан алынған. Бұл рөлді театр примасы Торғын Тасыбекова ойнады. Мұса Сәбираны сүйеді. Бірақ Қоянды жәрмеңкесінде алма сатып тұрған Ләйлаға көзі түсіп қалып, көңілі соған құлайды. Міне, мен кинода осы қыздың бейнесін жасадым.
– Иә, туындының кейбір шырғалаңға толы, тартысты сәттерін ұмытқан жоқпыз.
– Бір күні түсіру алаңында абыр-сабыр жағдай туындап қалды. Елдің бәрі аяқ астынан әбігерленіп, ерсілі-қарсылы жүгіріс көбейіп кетті. Сөйтсек, Алматыдан Шәкен Айманов келіпті. Жұмыс барысымен танысып, Әзірбайжан ағаға көмектесуге ниеттенген екен. Фильмде Мұсаның Ләйланы, яғни, мені сүйрегендей қылып қымызханаға алып баратын эпизод бар. Ләйла ауылдың ұяң қызы, көпшіліктің көзіне түсуге қысылып, барғысы жоқ. Бірақ, әйтеуір, сонда келеміз. Мұса әлгі жерде қызып алып, шатақ шығарады. Өз буына ісіп-кеуіп, шіреніп отырған байлардың оңбағандығын, арамзалығын беттеріне басады. Әлден уақытта төбелес басталады. Мұндайды бұрын көрмеген Ләйла жылап тұрады. Оны Әлімғазы – Қажымұқан жұбатады. Шәкен аға дәл осы көрініске куә болды. Кейін білгеніміздей, оған қазақтың мына батыр тұлғалы жігіті мен талдырмаш қызын өз фильмімде жұптастырсам деген ой сол жерде келіпті.
– Үнемі ізденіс үстінде жүретін өнер адамына кез келген елеусіз суреттің өзі қозғау салатын болар. «Тақиялы періште» фильмі Әлімғазы аға екеулеріңіздің сонау «Ән қанатындағы» сәттеріңізден басталғандай екен-ау.
– Солай секілді. Кейін әлдебір естеліктен оқыдым, Шәкен аға шахмат ойнап отырып та, ылғи болашақ фильмдерінің сюжеттері туралы толғанады екен. Ойларын демалыс сәттерінде де ылғи пісіріп жүргенін айтатын куәгерлер бар.
–Үлкен режиссермен танысқан кездегі әсеріңіз есіңізде ме?
– Әрине, ондай сәттер ұмтылмайды ғой. Шәкен аға жөн сұрады. Қойған сұрақтарына нақпа-нақ жауап бердім. Әке-шешемді біледі екен. Бірталай тілдестік. Өте қарапайым, қайырымды, мейірімді адам екен деп ойладым. Артистер тобы, негізінен, Шымкент қаласындағы қонақ үйлердің біріне жайғасқан болатын. Ауа райы бұзылған кездерде, жаңбырлы күндерде үзіліс жарияланады. Мен бөлмеде үш-төрт гример орыс қызымен бірге тұрдым. Анда-санда ермек қылып карта ойнаймыз. Ойынның шарты бойынша ұтылған адам белгілі бір тілекті орындайды. Әлгі құрбыларыммен жеңілген жағдайда ән салдыратын еді. Дәл сондай кезде Шәкен аға келіп қалды. Мен о кісінің алдында ән салуға ыңғайсызданып, не істерімді білмедім. Құрбыларым әй-шәйға қарамай: «Кәне, талапты орында! Біздің сүйікті «Возможно...» деп аталатын әнімізді сал!» деп жан-жағымнан шуылдап, жанымды қысып барады. Ол әнді оңашада бір мәрте орындағанымды білетін. Жағдайды түсінген режиссер бұл қайтер екен дегендей, аңтарыла қарап қалыпты. Мен өз-өзімді іштей: «Сонша тартына бергенім ұят шығар, сен актриса емессің бе!» деп қайрап, орнымнан тұрдым да, кәнігі әншілерге ұқсап екі қолымды алдыма ұстап сызылта жөнелдім. Мен о кезде он сегіз жаста едім; ал әлгі әнде мендей жас қыздың Совет Одағының бір түкпірінен сүйген адамыммен жолығамын ба, жоқ па деген үміті баяндалады.
Шәкен аға батылдығыма қатты риза болды. Мәз болып, ха-ха-халап рахаттана күліп, қол соқты.
– Сөйтіп, сәл кейінірек «Тақиялы періштенің» басты рөлдерінің біріне бекітілдіңіз.
– Иә, біз үшін ешбір киносынақ болған жоқ. Әдетте басты рөлге көркемдік кеңестің шешімінсіз бекітпейді. Кеңестің әрбір мүшесі мақұлдап қол қоймаса ешкімнің бекітуге құқы жоқ. Әйткенмен, үш адам сол қағидаға қарамай-ақ қабылданды.
– Әлімғазы ағамыздың да бағы жанған екен. Ал Шәкең Әмина Өмірзақованы ертеден білетін шығар.
– Иә, бұрыннан таныған. Екеуі 1945 жылы «Абай әні» фильміне қатар түсіпті. Әмина Ажардың, ал өзі Шәріптің рөлінде ойнаған. Апайдың драмалық талантын ертеден бағалаған. Өмірде қандай адам екенін білген. Әмина жарқын мінезді, үнемі көңілді жүретін қайсар кісі еді ғой. Ертеректе немере ағасы репрессияға ұшырағанда түрмеден шығарып алуға талаптанып, артынан іздеп барған да көрінеді. Өкіметтің кеңселеріне қаймықпай кірген адам. Ширақ. Оның үстіне Әмина апай Александр Карповтың «Ана туралы аңыз» фильмінде драмалық Ана ролін сомдап, Бүкілодақтық кинофестивальде Үздік әйел ролі үшін бағалы сыйлық алған. Құрбысының осындай қасиетін білетін Шәкен аға енді оны комедиялық рөлге салып көруді ойлағандай.
– «Тақиялы періште» фильміне сіздің туған әпкеңіз Дана Алтайбаева да түсті. Ол мұнда сол Әмина Өмірзақова сомдаған Тана рөлінің жас кезін кескіндейді. Шәкен аға Дананы қалай таңдаған?
– О заманда Алматыдағы біздің үй орналасқан қазіргі «Нұрсұлтан Назарбаев» пен «Абылайхан» көшесіне дейінгі аралық «Бродвей» деп аталатын. Нағыз орталық аймақ болып есептеледі. Қазақтың қаймақ бетіне шыққан тұлғалары көбінесе сол маңайға шоғырланған-ды. Шәкен аға бродвейліктердің үлкен-кішісін жақсы таныған. Әлгі аудандағы Артистер үйі мен опера театры аралығында халыққа ең белгілі адамдар жиі серуендейтін. Байғали Досымжанов, Ермек Серкебаев, Әнуарбек Үмбетбаев сынды адамдардың бәрі сол жерде жүретін. Ағайынды Абдуллиндерді, суретші Калмыковты да ылғи сол жерден табар едіңіз. Біз де оларды бала жастан білетінбіз. Өйткені біздің Дана екеуміз оқыған мектебіміз сол «Бродвейде» орналасқан болатын. Мен ұяңдау, ойшылдау, жайбасарлау едім де, Дана еті тірі, өте сергек қыз болды; Шәкен аға Дананы сол кезден таниды. Және әпкемнің түрі де Әмина апайға ұқсайды. Келбеті, қимылы, ширақтығы да келеді. Сондықтан оны да киноға бірден шақырған.
Айтпақшы, Дана сол кезде Мәскеуден келген белгілі режиссер Юрий Чулюкиннің «Әзіл-шыны аралас» деп аталатын киносына түсіп үлгерген болатын. Мұнда ол белгілі актриса Рая Мұхамедияровамен бірге басты рольдердің бірінде ойнады. Яғни, оның «Тақиялы періштеге» дейін де тәжірибесі бар-тын. Шакен аға бұрыннан танитын. Ол фильм, қателеспесем, экранға 1963 жылы шықты.
– Жалпы, өнер жолында «Ән қанаты» фильмінен кейін жолыңыз бола бастаған сияқты...
– Ол рас. Бұдан соң «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Тақиялы періште», «Кене» фильмдеріне түстім. Атақты режиссер мені ұдайы назарында ұстады.
– Осынау фильмдерге түгел дерліктей студент кезіңізде түсіпсіз. Егер құпия болмаса, гонорар мөлшері қандай еді?
– «Ән қанатында» фильмі үшін жыл бойы айына алпыс сомнан еңбекақы алып тұрдым. Бұл бірінші курс студентіне жаман жалақы емес қой. Оның үстіне оқу орнынан көтеріңкі стипендия алатын едім. Гонорарды нақты қайда жұмсағаным есімде жоқ; ол кезеңде магазиндердің сөрелері бос тұратын, себебі, жаппай жоқшылық дәуірі еді. Әйтеуір, алғашқы айлыққа анама деп лағыл тасы бар алтын жүзік пен шай сервизін алғанымды білемін. Дәл сол жылы «Атамекенге» түстім. Мұндағы бір күндік түсірілімге бола төленген ақы алдыңғы фильм жалақысынан едәуір көтеріңкі-тін. Ал «Тақиялы періште» киносының ақысы айына жүз сомнан айналды. Бұл – республикаға еңбегі сіңген артистің айлығы деңгейіне сай. Мұны да жыл бойы берді. Бұған екі-үш көйлек тіктіргенімді білемін, сондай-ақ голландиялық күдері етік, француздың лакты туфлиі және джерси пәлте алдым. Әпке-сіңлімді де аса ренжіткем жоқ. Әйтеуір, киімім мен кітаптарымды өз еңбегіммен тапқаныма әкем іштей риза болған секілді.
– Тегінде, кино сіздің тағдырыңызға біршама ықпал етті деуге негіз бар ғой?
– Әрине. Реті келгенде тағы бір «тарихты» айта кетейін. Мен он бірінші класта Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Итальян тілі факультетіне түсуге талаптанып жүргенмін. Бірақ әкем жібермеді. Әзірлігім күшті еді. Арнайы курстарға қатысып, ұзақ дайындалғанмын. Сол кездің өзінде француз тіліне де жетік болатынмын. Кез келген сынақтан қиналмай өтетініме сенімдімін-ді. Папам: «Жоқ, айналайын. Жібере алмаймын. Москваға әрі-бері барып қайтуың үшін де қаншама қаражат керек» деп үзілді-кесілді қарсы болды. Менің: «Маған қалай сенбейсің?! Міндетті түрде түсемін. Қайтып келмеймін, сынақтан сүрінбеймін!» дегеніме де қарамады. Басты ділгірлік қаржыда емес-тін. Қызым жападан-жалғыз алысқа кетіп, бірдеңеге ұрынып қала ма деп қауіптенген сияқты. Тауым шағылып, қатты күйзеліске түстім. Балконға шығып, ешқайда шықпай жатып алдым. Мені осы ауыр депрессиядан сонау «Ән қанаты фильміне» бекіткені алып қалғандай. Жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандары басталуға бір күн қалғанда әпкем, ағылшын тілінің маманы Саида келіп: «Тұр, бүгін ең соңғы күн. Әйтпесе бір жылың зая кетеді» деп Шет тілдері институтына құжат тапсыртты. Сабақтарды шекілдеуікше шағатын едім. Оның ішінде тарих, әдебиет пәндерін жақсы білемін. Бәрін де үздік тапсырып, оқуға түстім.
– Әуелде артист болу ойда бар ма еді?
– Жоқ, актрисалықты ешқашан армандаған емеспін. Бірақ киноға қатты қызығатынмын. Кино үйіндегі жабық көрсетілімдерге баруды ұнататынмын. Кино өнеріне қатысты көптеген кітаптарым бар еді. Белгілі кинорежиссерлердің бәрін білетінмін. Сондықтан ба, киноға түсуге аздаған құмарлығым болғаны рас. Егер өнер мен ғылым жолына түспегенде менен тәуір киносценарист шығар еді деп ойлаймын. Әкем, белгілі жазушы Жүсіп Алтайбаевтың қаламгерлік қабылеті балаларының ішінде маған дарыды ма деген жорамалым бар. Орыс әдебиеті мен шет тілдерін жақсы оқығанымды айттым. Әлем классиктерінің көптеген шығармаларын орта мектепті тәмамдағанша қузап үлгердім десем артық емес.
– Кино түсіру кезіндегі ерекше есте қалған оқиғалар қандай?
– «Ән қанатында» киносына түсіп жүргенде біреулер маған атқа мінуді үйретті. Атымның басы қатты екен. Бір күні оқыс жұлқынып, айдалаға қарай зулап шаба жөнелді. Тізгінге ие бола алмай сұмдық қорықтым. Құдай сақтап, қалай ұшып түспегенімді білмеймін. Әйтеуір, аман қалдым. Қапталдаса шапқан адамдар жан-жақтан қаумалап, ақыры тоқтатты. Сөйтсем, сол ауылдың массовкаға қатысқан жігіттері мені қақпайлап, алып қашуды ойластырған көрінеді.
– Түсіру кезінде артистер арасында да нешеқилы ахуал болатын шығар. Әріптестердің өзара тартысқан жәйттері кездесті ме екен?
– Шәкен ағаның да өзіме деген ерекше ыңғайын сезінетін едім. Дегенмен, о кісі ар-ұяттан аттамады. Тіпті, қолымнан ұстаған емес. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай, ата-анамды білетін адам; одан соң тәрбиелі, текті кісі, менің де мінезімді байқады. Көп оқығаным бар, кейбір құлай кетуге даяр тұратын қыздардай жеңілтек емеспін. Мен киноға сонша сақтықпен, үрке қарайтындай едім. Сондай-ақ қайткен күнде де көпшілікке танымал болып, пайдаға кенелейін деген мақсат болған емес. Режиссер сол қасиетімді бағалағандай.
Сол кездері, неліктен екенін білмеймін, Әмина апай мені онша ұнатпайтын-ды. Ылғи маған: «Әй, келдің бе, актриса погорелого театра?!» – дейтін. Осындайда өзара күлкі шақыратын кейбір әрекеттеріміз еске түседі. Рига сапарында болу керек: «Міне, көрдің бе, Шәкен ағаң маған мынаны әперді!» деп су жаңа жемпірін көрсетіп мақтанды. Мен де дереу қызғанып: «Шәкен аға, маған неге алмадыңыз мынадан?!» деп кәдімгіше қызарақтап жатырмын. Жастық албырттық, аңғалдығым бар. Ағай ертеңіне маған да бір керемет көйлек әкеліп берді. Өзі ішегі қатып күліп, мәз болып жүр.
– Шынында да, өнер адамдарының ортасында небір қызықты жағдайлар ұшырасады-ау.
– Мен тұрмысқа шығып, сәбилі болған соң енді кинодағы ғұмырым осымен бітті ғой деп жүр едім, жұмысқа Шәкен аға телефон соғып, іздеген екен. Онда Орта-Азия ғылыми-зерттеу институтында аудармашымын. «Грузия астанасында Қазақ киносының апталығы өткелі жатыр, соған баруға қалай қарайсың?» деп сұрайды. «Барамын, аға. Тек жұмыстан босатып алсаңыз болды ғой» деймін. Мені көрген сәтте: «О, тамаша! Кескін-келбетің ойдағыдай!» – деп қуанды. Толып кетті ме деп қауіптенсе керек. Бұл емеуіріннен режиссердің тағы бір жаңа кинофильмді жоспарлап жүргенін аңғардым. Сонымен Тбилисиге де жетіп, іс-шара лайықты өтіп жатты. Бір күні кешке қарай мейманхана бөлмесінде демалып жатсам, әлде балконнан түсті ме екен, қайдан сап еткені белгісіз, бір құшақ гүл көтерген грузин азаматы кіріп келгені. Қатты шошып, есікті зорға ашып, дәлізге ытқып шықтым. Кейін әлгіге біздің делегация құрамындағы біреудің «мына келіншек саған өлердей ғашық болып жүр» деп «жол» сілтегенін түсіндім. Қасақана менің беделіме нұқсан келтіруді көздегені анық. Қатты ренжідім.
– Сонау кинофильмдерге аралықта қаншама жылдар өткенде сын көзімен қарап, «әттеген-ай, ананы бүгін сәл басқашалау ойнайтын едім» деп өкінетін кездер кездесе ме?
– Әлбетте, ондай сәттер бар. Мысалы, мен өзімнің «Тақиялы періштедегі» кескініме онша риза емеспін. Аса тартымды болып шыға алмадым. Өнерден хабардар ағайынның бәрі: «Ән қанатында» сонша сұлусың, ал «Тақиялы періштеде» неге солғынсың?!» – деп сұрайды. Тіпті, мені ешбір гримсіз түсіріпті. Мәселен, аспалы жолдағы төменнен түсірілген көрініс сондай сәтсіз. Гримсіз отырғаным бір басқа, көзім күнге шағылысып, қабағым кіржиіп тұр. Өйтіп түсіруге болмайды ғой. Бұл – өрескел қателік. Ал Голливудта актерді камераға тартпастан бұрын үш сағат бойы гримдейді. Екі сағаттай уақыт жарық беруге жұмсалады. Міне, осыдан кейін бір ғана кадр жасалады. Ал бізде іске қалай болса солай қарап, кәсіби деңгейге мүлде мән берілмеген сәттер көп екен. Мұндай олқылыққа, әрине, оператор жауапты. Кейбір тісқаққан жасамыс актерлердің жастардың көлеңкесінде қалып қоюдан қорқып, солармен бақталасатын кездері кездеседі. «Әй, ол онсыз да әдемі ғой; сен оған бола бас қатырма» деп операторды азғыратын жәйттерді білеміз. Мен ірі планда бір ғана мәрте көрінеді екенмін. Оның өзінде, жаңа айтқанымдай, көзім кірбиіп отырмын. Ал кейбір адамдар кілең бадырайып, қайта-қайта жарқырата көрсетіледі. Қысқасы, өз бейнеме осындай көңіл толмастық бар. Жекелеген мамандардың да: «Тайлақ Айшаға не үшін ынтықты? Ол фильмдегі ең сұлу адам ретінде көрсетілуі керек емес пе еді! Кейіпкер кескіні лайықты ашылмады. Өте күңгірт» – дейтін пікірі көкейге әбден қонады. Рас, о кезде тәжірибем аз еді. Істің нәзік қалтарыстарын біле қоймадым. Ал қазір көп кемшілік анық көрінеді. Былай отыра сал, анда қара, мұнда қара дегенге көне беріппіз. Ал ол кадр маған жараса ма, жараспай ма. Қазір бұлай салыстыруға қақым бар. Себебі, біздің бұл фильм көрілім жағынан Голливудтың бүкіл рекордтарынан асып түседі. Елу жыл бойы бір киноны ел неліктен жалықпай көреді?..
– Иә, бірқатар өкпе-ренішіңіз бар сияқты. Дегенмен, «Тақиялы періште» сіздің айнымас аксессуарыңыз іспетті емес пе?
– Ол рас, бұл фильмді менің визиттік карточкам десе болады. Жұрттың көбі таныған кезде Айша, Айша деп жүгіреді. Бірге фотоға түскісі келеді, қолтаңба сұрайды. Алайда жасымыз ұлғайып, алды-артқа қарап, аражікті салмақтаған кезде осының не қажеті бар; бос далақтау емес пе деп ойланады екенсің. Фильміміз елу жыл бойы үздіксіз көрсетіліп жатыр деп мақтанамыз, тек еңбегіңді елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Мысалы, қазір Әлімғазы әріптесімнің омырауы орден-медальдан көрінбейді. Бірде өзіне: «Әлеке, соғыс ардагері секілді кеудеңізді толтырып алыпсыз. Ал менде төсбелгі де жоқ екен» – деп әзілдедім. Ол – Алматы облысының Құрметті азаматы. Әкімшілік үш бөлмелі пәтер берген. Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер. Яғни, бірқатар марапат иесі. Мұндай сыяпаттың сыры қалай деп өзінен сұрасам: «Сен неғып отырсың, неге сұрамайсың» дейді. Қайда барып, кімге алақан жаямын? Сұрау деген салтымызда жоқ. Тәрбиеміз ондай емес. Міне, енді мені естеріне қашан түсірер екен деп күтіп отырған жайым бар. Өнерге менен он жыл кейін келген актрисалар да қаншама атақ алыпты. Маған бір режиссер айтады: «Несіне қапаланасың, сен киноға түсіп, бейнең онсыз да мәңгілікке қалды. Нағыз марапат деген сол емес пе!» дейді. Басқалардың да кескіні экранда қалды ғой. Ал олар соған қоса атақтарын да алды. Ондай игілік маған лайық емес пе? Қазақтың кино өнерін насихаттап қаншама мақала жаздым. Шәкен Аймановтың туғанына жүз жыл толуы қарсаңында отыз хабарға қатысып, радио, телевизия, газет-журналдарға қаншама сұхбат беріппін. Бір мәрте: «Апай, сізсіз хабар өтпейді. Құтқара көріңіз!» деп қиылып шақырған соң өз ақшама билет алып, ұшақпен Астанаға да бардым. Қыстың күні еді, хабардан кейін мені ешкім керек те қылған жоқ, түнде дірдектеп далада қалғандай болдым. Тіпті, жаяу-жалпылап, танысымның үйін іздеп жүріп, үсіп өліп те қала жаздадым. Сөйтіп ертеңіне Алматыға қайта қайттым. Әйтеуір, көңілімді Шәкен ағаның әруағы риза болса жетеді деп жұбатыппын. Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі болсам да, жол шығынын да ешкім өтеген жоқ. Ренжімессің, орайы келгенде кейбір мән-жайды базына қылып айтып жатқаным ғой. Мен ешкімнен ештеңе сұрамаймын, бірақ әділдікке сенгім келеді.
– Мұныңыз орынды. Жаныңызды ауыртқан жәйтті өзіңіз сездірмесеңіз, расында, бүгіндері жағдайға кім қарап жатыр. Менің ойымнан Шәкен ағамыздың сонау Грузия сапары қарсаңында түсіруге әзірленген фильмі шықпай отыр. Ол қандай дүние екен? Сізге кейін ойын ашты ма?
– Абай өмірі жөнінде кино түсіруге даярланыпты. Маған: «Іштей әзірлене бер. Бұйыртса, басты рөлдердің бірін ойнайсың» деп еді.
– Қап. Қайран ер арманына жете алмай үзілген екен ғой.
– Иә, ол ойды өзі мерт болатын сол 1970 жылдың аяқ тұсында айтқан-ды.
– Дегенмен, соңында өлмес туындылары қалды. Мәселен, сіз осы «Тақиялы періштенің» өміршеңдігі неде деп ойлайсыз?
– Фильмдегі әрбір эпизодтың ел жадында жатталып қалу сыры нағыз халықтық қасиеттің көрсетілуінде болар. Мұнда ұлттық менталитет сәтті қамтылған. Аңғал да жасампаз, өмірге құштар қазақтың жан әлемі тұңғиық тереңнен, ішкі нәзік иірімдерден соншама бір тылсым шуақ арқылы суреттеледі. Елдің мінезі сүрбойдақ баласын аяқтандырамын деп шарқ ұрған қарапайым әйел образы арқылы ашылады. Мұнда қазақ халқының үлкенді сыйлау, кішіпейілдік сияқты озық салт-дәстүрі кестеленеді. Режиссер елдің рухын көтеретін, ұлттық сананы дәріптейтін дәл осындай фильм қажет екенін жақсы түсінген. Фильмде әсем Алматымен бірге елдің Әубәкір Смайылов, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Лола Ашрапова, Зәуірбек Райбаев, Мұрат Ахмадиев сынды үздік адамдар түсірілген. Және бұл дүниені жалпыазаматтық туынды деуге негіз бар. Мұнда өзге де ұлттардың жайсаң адамдары көрініс береді.
Демографтар осы фильмнен кейін ауыл жастары Алматыға ағылғанын дәлелдепті. Яғни, олар үлкен, жарқын өмірге ұмтылған. Адам болуға талаптанған. «Тақиялы періште» табысының басты «құпиясының» бірі – режиссердің туындыға жанын салғанында шығар. О кісі ешқашан да ақшаны алдыңғы кезекке қойған емес еді. Өйтсең өнерде табысқа жете алмайсың. Ағылшын кинотанушысы Нина Хиббин о кісіні «нағыз өз халқының өкілі, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі зор тұлға» деп бағалапты. Иә, Шәкен аға туған елін шексіз сүйген азамат еді.
Туындының сәттілік сыры режиссердің айрықша қолтаңбасында жатыр. Шәкен Айманов фильмге кәсіби емес адамдарды тартты. Драма артистері басқаша ойнаған болар еді. Қимылдары театрланып, біртүрлі жасанды шығуы мүмкін. Шәкең Италия режиссурасының стилін таңдап алған. Олар массовканың өзін қалың ел ішінен іріктейді екен. Театр басқа. Экранға бөлек ойын керек. Кәдімгі өмірдегідей. Табиғи. Шәкен фильмінің жасампаздық мәні осында. Айша рөлі маған аса қиынға түскен жоқ. Онда бір керемет драма ойналды дей алмайсың. Өзімді өмірде қалай ұстасам солай жүруге тырыстым. Мысалы, саған бір жігіт айт-ұйт жоқ, сүйкеніп тиіскісі келсе, не істейсің... Әлімғазы да керемет ойнады. Кәсіби адам дәл ондай жасай алмас еді. Әмина апайдың шеберлігі онсыз да мәлім. Міне, осындай үштаған ойдағыдай шықты ма деп ойлаймын.
P.S. Қазір зейнеттік демалыстамын, бірақ еңбектен қол үзгем жоқ. Құрманғазы атындағы Консерваторияда он жылдан аса болашақ опера әншілері мен мәдениет қайраткерлеріне италия және француз тілдерінен сабақ беремін. Мені күн сайын сабаққа келіп, кезінде біздің театр мен кино жұлдыздары оқыған, корифейлеріміздің ізі қалған мүйіске келіп, бүкіл Қазақ еліне танымал Айша сұлу отырған дүңгіршектің қасынан өту бақыты қуантады.
Әңгімелескен
Құлтөлеу МҰҚАШ,
ҚР Мәдениет қайраткері
qazaquni.kz