Кенесары бейнесі ұрпақ санасынан өшпейді

 

«Арқада Бурабайға жер жетпесе, Қазақта Кенекеме ер жетпейді»... Мағжан.

«Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. ...өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады, әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне сеп­тігін тигізіп отыр». Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атақты «Ұлы Даланың жеті» қыры мақаласынан үзінді. Осы еңбектегі «Ұлы даланың ұлы есімдері» тарауында аты ерекше аталатын тұлғалардың бірі – Кенесары Қасымұлы. «Ең әділ сарапшы – уақыт» демекші, ғасырлар бойы бүрке­меленген талай-талай тарихи шындықтың беті кейінде тіптен ашыла түскендей. Ел азаттығы жолында бастарын ажалға тіккенімен, еңбектері ұрпақ санасына теріс сіңіріліп келген арыстарымыздың нағыз бағасы енді-енді айқындала бастағандай. Хан Кене ел азаттығы жолында арыстандай арпалысса да, өз қандастарының басын толық біріктіре алмады. Оның қайсыбір жақын тұстастарының өзі қиын сәтте теріс айналып кетті. Сәтсіздіктің екінші бір себебі, әрине, қарсыластармен арадағы күштің салмағына да тікелей байланысты болды. Сол кездегі азуы алты қарыс Ресей империясы мен сайын сахарада жайбарақат жатқан қазақ елінің экономикасын салыстыруға келмейді. Мұнымен қатар Орта Азияны мекендеген көршілес халықтардың да ел басшылары көрегендік таныта алмады. Мәселен, Қоқан, Хиуа хандықтары империя отаршыларымен арпалысып жатқан Кенесарыға көмек көрсетудің орнына, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, қазақ жеріне шабуыл жасауын тоқтатқан жоқ. Десе де, олар осы қателіктердің сазайын тартты. Олар да дербестіктерінен айырылып, кешікпей өздері де боданға айналды. Бұл тарихи шындықтың мәнін жас ұрпақ мықтап ұғынуы керек – бірлік болмай, тірлік болмайды. Хан Кененің де осы ұлы мүдде жолындағы жанқиярлық ерлік істерін лайықты бағалаған елі, яғни үш жүздің халқы бірігіп, 1841 жылдың қырқүйек айында оны қазақтың ханы етіп сайлаған екен. Қазақ мемлекетін құрудың алғашқы нышандары дәл осы кезде басталды. Осы күнге дейін қазақ елінің тәуелсіздігінен айырылуы 1731 жылдан бері делініп келді. Бұл, біздіңше, жаңсақ. Қаһарман Кенесары Ресей отаршылары мен Қоқан, Хиуа хандықтарының басқыншыларына тойтарыс бере отырып, сол 1841 жылы қазақ мемлекетін құрды. Өкінішке қарай, оның өмірі қысқа болды. Мемлекет алты-ақ жыл тұрды. Әйткенмен, бұл оқиғаның тарихи мәні зор еді. Алдымен ел егемендігі туралы берік идея қалыптасты. Мемлекеттік жүйе, өзге елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнату тәжірибелерінің өзі неге тұрады. Әсіресе, сол тұстардағы елін, жерін сүйген әйгілі батырларымыздың ерлік істері ұрпақ тәрбиесінде әрдайым ерекше орын алады. Батыр бабаларымыздың ерлік істері ұрпақ тәрбиесінде аса маңызды. Алайда осыған ұзақ жылдар бойы терең мән бермей келгеніміз ащы шындық. Отаршыл идеология ықпалымен өзге жұрттың тарихын жетік білгенімізбен, төл тарихымыздан мақұрым қалуымыз жанға батады-ақ. Тіл мен діл халықтың рухани байлығы болып табылатын болса, осы жайлардан құралақан қалып, тарихты білмей, елдікті сақтаған қаһарман қайраткерлерді танымау шын мәңгүрттіктің белгісі. Ресейде де мұндайлар болған. Оларды орыс халқы «Иван не помнящий родства» деп сырттатып отырған. Ал біздің білместігіміз, жасыратыны жоқ, тіптен шектен шығып кете жаздапты. Сондықтан, біздің бүгінгі алдымызда тұрған үлкен міндет – ұрпақ санасына халқымыздың рухани мұраларын дамытып, олардың ұлттық сана-сезімін көтеру. Кенесары ханның еліне деген сүйіспеншілігі, азаттық жолындағы табанды күресі, дербес мемлекет құруға ұмтылуы тарихымызда алтын әріптермен таңбалануға тиісті. Кенесары өз саясатында ұлттық прогресшіл, демократиялық прин­цип­терді ұстанды, өзі жасаған тәуел­сіздік идеяны басшылыққа алды. Қазір құдайға шүкір, тарихи шындық орнына келе бастады. Сол тарихи шындықтардың бірі Кенесары Қасымұлына тікелей қатысты. Ұзақ уақыт бойы қазақтың қанын судай шашқан Ермакты батыр деп, еңіреген Кенесарыларды жау деп келіппіз. Республикалық білім беру мекемелері елді азаттыққа бастаған батыр бабаларымыздың, оның ішінде алғаш тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылған Кенесарының өмір тарихын оқытатын арнайы бағдарлама жасаса деп ойлаймыз. Олардың өміріне, ерлік әрекеттерін тарих, әдебиет оқулықтарына енгізіп, кластан және мектептен тыс тәрбие жұмыстарында пайдаланғанымыз дұрыс шығар. Әдістемелік құралдар, кітапшалар, кинофильмдер, плакаттар мен портреттер шығаруды қолға алу қажет. Балалардың жас айырмашы­лық­тарын ескере отырып жүр­гізілетін жұмыс­тардың тәсіліне орай батыр ата-баба тарихына арналған таңертеңгіліктер, әдеби-мәдени класс сағаттарын, ғылыми конференциялар, мерекелер өткізілуі керек. Мұнымен бірге жасалып жатқан шаралар ақпарат құралдары арқылы мейлінше терең насихатталып отырса дейміз. Ұлттық приоритетсіз біз мешеу күйімізде қала беретініміз анық. Ұрпақтарымыз тарихи салт-сананы, ұлттық дәстүрді білмеген күйде мәңгүрттене бермек. Бодандық деген де осыдан басталмақ. Біздіңше, Кенесарыдай батырлар тәлімін насихаттау осы тұрғыда әбден тиімді құралға айналмақ. Тоталитарлық жүйе кезінде бұл бабаларымыздың тарихи ерліктері мүлдем бұрмаланып көрсетілді. Кенесары көтерілісі сипаты жағынан 1857-1858 жылғы Үндістан ұлт-азаттық қозғалысына, немесе Тайпин бас көтеруіне де ұқсап кетеді. Олардан бір айырмашылығы – Кенесары ел тәуелсіздігі үшін табандаған он жыл бойы соғысты. Бұл айтуға ғана жеңіл мерзім. Табансыз, жалтақ,ойсыз қолбасшы күні-түн ат жалында жүріп осынша күресер ме еді?! Кенесары әскеріндегі қатаң тәртіп, жүйелі де берік тактикалық әрекеттер әлем қолбасшыларын таң­дандырған. Кенекең қазақтың мемлекеттік аппаратын қалып­тастырып, салық жүйесін жасап, шет елдермен дипломатиялық қатынастар орнатуға ұмтылды. Бұл істе біршама табыстарға да жетті. Біздің бірсыпыра ғалымдарымыз осы жөнінде ой-пікірлерін көпшілікке жеткізіп жүр. Солай бола тұра Кенесары концепциясының негізгі белгілері толықтай ашылды дей алмаймыз. Бұл көпшілігіміздің күні бүгінге дейін төл тарихымызды сыйламағандығымыздың жемісі деп ойлаймыз. Енді сол тарихи кезеңдерге мейлінше объективті баға беретін кезіміз жетті. Кенекеңнің ерлігі сонда – ол сол қиын кезеңнің өзінде саяси концепциясын қалыптастырып, мемлекеттік құрылыс жүйесін жасап шықты. Оның бір ерекшелігі – елді азаттыққа бастаған қолбасшы мемлекеттік құрылысты монархия түрінде қалыптастыруға тырысты. Бір қарағанда, бұл санаға сыйымсыздау да болып көрінеді. Бірақ дәл сол кезде осы жүйемен дамыған Франция Еуропадағы ең ірі мемлекеттердің біріне айналған болатын. Абылай хан да осы жүйеге ұмтылған еді. Кенеса­рының жеке қасиеттеріне үңілсек, ол қара қылды қақ жарған әділетті қолбасшы ретінде ерекшеленген. Мұнымен қатар тұрақты әскер қалып­тастырып, оны мобильді жағдайға жеткізіп, бір қолға бағындыру нағыз кемеңгер қолбасшының қолынан ғана келетін іс екендігі аян. Кенесарының дипломат ретіндегі қыры да үлкен әңгіме. Жалпы, Кенесары тарихы шұқшия зерттеулерді талап етеді. Кенесары Қасымұлының хандығы, Ресей және Орта Азия мемлекеттерімен қарым-қатынас, азаттық күресті бастағандығы қолбасшының өнері жөнінде тың деректерге сүйеніп, терең әңгіме қозғауға болар еді. Абылайдың тікелей ұрпағы және оның хандығын қалпына кел­тіруді мақсат еткен Кенесары көтерілісіне дем берген ха­лықтың күші, қолдауы болса, осы қозғалыстың тегеурінді болуына себепші болған басты тірек, сөз жоқ оның саясатшылдығы мен қолбасшылық қасиеті. Франция сияқты қуатты елді талқандап, зор күш пен қару-жараққа сүйенген Ресей отаршыларымен соғысу оңай емес-тін. Кенесарының бір кемеңгерлігі – ол алғашқыда ашық арпалысқа бармай, арадағы кикілжіңді парасатпен, келіссөзбен шешуге ұмтылды. Оның өз қарауындағы орыс әскери тұтқындарына адамгершілікпен қарауы, Герм мен Долговтың елшіліктерімен басын төмен түсірмей теңбе-тең дипломатиялық келіссөз жүргізуі де Хан Кененің ерекшеліктеріне жатады. Қырғыздармен қанды арпалысты бастағысы келмеген Кенесарының осы елдің белді манаптары Орман мен Жантайға салауат жариялауы да қазақ ханының білікті саясат жолын аяғына дейін ұстағанының бір дәлелі. Кенесарының осы қабілетті қолбасшылық, мәмлегерлік өнері туралы бірталай жазылды. Деректер көтеріліс көсемінің бұл қырлары туралы әлі де көптеген жәйттерді аша түсетіндігі сөзсіз. Ханның әскерді ұйымдастыру бағытындағы нәтижелі істерін әлі де тереңдете зерттеген жөн. ХІХ ғасырдың соңында осы көтеріліс жөнінде еңбектер жазған орыс ғалымдары Красовский, Мейер, әсіресе Середа оның ғажайып ерліктері жөнінде тамаша ойлар айтқан. Середаның айтуынша, Кенесары әскеріндегі тәртіпке кез-келген еуропалық қолбасшы таң қалар еді. Оның Кенесарыны ерте және жаңа заманның белгілі қайраткерлерімен салыстыра сипаттауы ханның биік бейнесін жарқырата түседі. Әскерін мылтықпен, зеңбі­рекпен жабдықтаса да Кенесарыға бақайшағына дейін қаруланған қатал тәртіптегі тұрақты орыс әс­керімен арпалысу аса қиынға соқты. Алайда, ханның қолбас­шылық өнері, сарабдал саясаты арқасында көтерілісшілердің отаршылармен он жыл бойы табан тіреп соғысуы шын мәніндегі үлкен ерлік. Болашақта Кенесарыға қатысты осындай мәнді-мәнді мәселелерді тереңдете зерттегеніміз жөн. Кенесары өз заманының нағыз батыры, күрделі тұлғасы еді. Ол өз кезінде-ақ асқан әскери қолбасшы, саясаткер, алғыр ел басшысы ретінде танылды. Ол туралы әсіресе орыс басылымдарында өте қисапсыз көп зерттеулер бар. Ал архив қоймаларында жатқан деректер өз алдына. Қарап отырсақ, Кенесары көтерілісі жайында қалам тербеп жүрген біздің замандастарымыздың көпшілігі сондай мол шежірелерге жүгінбей, тарихи шындықтың бетін қалқып қана, бірден-бірге көшірме жасайтындай екен. Іздегенге ел тәуелсіздігі үшін қан төккен Кенекең өмірі туралы көптеген тың жайларды ашуға болады. Мәселен, дүние жүзі оқырмандарына белгілі, ұстанған бағытына байланысты талай-талай ғылыми диссертацияларды жариялап отырған «Вестник Европы» журналы 1870 жылдың өзінде Кенесарының ерлігіне бірнеше санын арнаған екен. Ол еңбектердің авторы – атақты тарихшы Никита Середа. Кенесары тағдырына әйгілі Жюль Верннің де қызыққаны жөнінде деректер мол. Ол сайын сахарада жатқан халықты бір кісідей еркіндік жолындағы күреске көтерген қолбасшы қандай ер болды екен деп қатты таңданыпты. Тіпті, ол таңданып қана қоймай, бұл мәселені бірталай шұқшия зерттесе де керек. Сол сияқты Кенесарыдай қолбасшы­лардың тарихына арнал­ған «Түркістан аймағы» деген еңбек ертеректе орыс тілінде Ташкентте елу том болып жарияланған екен. Өкінішке орай, сол еңбектің ең болмағанда бес томын біздің өз елімізден таба алмаймыз. Төл тарихымызға қашанғы осылайша немқұрайды қарай береміз? Әрине, бұл тақырыптарда жиналған материалдар мүлдем жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге де болмас. Академиямыздың қорында біршама дүниелер жатыр. Мәселен, Әлкей Марғұлан ағамыздың археологиялық экспедицияларға шыққан кездерінде ел аузынан жинаған төрт томдық еңбегі бар. Қолдағы қазынаны тиімді пайдаланып, тарихты бұрмаламай, ұрпақ қолына тигізуіміз қажет. Және бір айтылатын жәйт – біз Кенесары қозғалысын еске алғанда оның әскері құрамында кімдер болды деген мәселені аттап өте береміз. Кенесары қолы, әрине, негізінен қазақ халқынан құралды. Мұнымен бірге осы Ресей отыршылдығына қарсы күрестегі әскер құрамында өзге ұлттың өкілдері, мәселен, орыстар, башқұрттар. Татарлар, поляктар да көп болған. Кенесары қолға түскен тұтқындарды құлдықта ұстамаған. Оларды қолдарынан келетін кәсіптеріне қарай саралап, тиімді істерге пайдаланған. Демек, сол ұлт-азаттық көтерілісіне жан-жақты талдау жасап, елге беймәлім жайларды әдеби, тарихи тұрғыдан аша түсуіміз қажет. Сөйтіп ұрпақты ұлтжандылыққа, Отанды сүю тәрбиесіне пайдаланғанымыз дұрыс. Кенесары көтерілісі, оның бейнесі ұрпақ санасынан өшпейді. Бұл тарихи оқиғаның ұмытылуы мүмкін емес. Ол қазақ халқының тарихымен бірге жасай береді. Халқымыздың көрнекті өкілдерінің оған назар аудармағаны кемде-кем. Тіпті, осы қозғалысты көзімен көрген орыс әкімдерінің өздері де Кенесарының ерлігін, әділдігін, қолбасшылық талантын, оның не үшін күрескенін де объективті тани білген болатын. Кенесарының тарихы – қазақ мемле­кетінің, қазақ хандығының, еліміздің отарлау тарихымен сабақтас. Олай болса, қазақ хандығы туралы бір кездегі марксистік-таптық көзқарас, яғни, хан феодал, езуші тап халықтың жауы болды деген бір жақты пікір бізді шындыққа жеткізбейді. Жалпы, қайраткерлердің тұлғасын оның тегіне, әлеуметтік категориясына, лауазымына қарап бағалау қате болар еді. Олар өз кезіндегі нақты тарихи жағдайына байланысты бағалануы тиіс. «Өмірдегі орныңды тарихтағы орным деп ойлама» деп Қадыр ақын айтқандай, ең дұрыс баға, әділ баға – тарихтың бағасы. Өкінішке қарай, халықтың ғылыми объективті тарихының жазылуы оңай іс емес. Ғылымның дамуы үшін де белгілі дәрежеде демократиялық жағдай керек. Қазір қазақ тарихын жазушыларға сын көп, сыншы көп. Талап қою дұрыс, бірақ әдептен озбаған абзал. Қазақ елінде патшалық билік кезінде бірде-бір профессионал тарихшы болған жоқ. Қазақ мектептері де жоқ еді. Біздің тарихымызды өзге ұлттың өкілдері, қазақтың тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін білмей, негізінен, Қазақстанды Ресейдің отары есебі санайтын патша чиновниктері, әкімдері жазды. 1927 жылы Мәскеуде тұңғыш тарих профессоры атағын алған Санжар Аспандиярұлының мамандығы – дәрігер, ал тарихшы, өлке танушы болған Мұхамеджан Тынышбайұлы – темір жол инженері еді. Тұңғыш тарих ғылымының докторы дәрежесіне жеткен жалғыз қазақ Ермұхан Бекмахановтың 1943-1961 жылдар аралығында қаншама қуғынға ұшыратылғандығы белгілі. Отаршылдықтың шоқпары, сталиндік репрессиялар, Ресейдің шовинистік рухтағы орталық үстемдігі – осының бәрі тарих ғылымын да құрсаулап, табан аттатпай келді. Мұны ұмытуға бола ма?! Ал соңғы жалдарда өскен тарихшы кадрларымыздың көпшілігі жас өмірін КПСС тарихына сарп етті. Бұлардың арасында қазақтың тілі мен әдебиетін, мәдениетін білмейтіндер де жеткілікті болатын. Оның үстіне ескі қолжазбалар, саны сиреп қалған құнды тарихи еңбектер, репрессияға ұшыраған зиялыларымыздың құнды мұралары жойылуға жақын. Осы айтылғандардың бәрі халықтан, біздің тәуелсіз мемлекетімізден халқы­мыздың тарихына деген жаппай жанашыр­лық пен жан-жақты қамқор­лықты, нақты көмекті талап етеді. Шындық осы. Бір сүйіндіретіні – бүгінгі бауырласта­рымыздың басым көпшілігі өте сауатты, Кенесарыдай бабаларымыз армандаған биік елдік мүддені жақсы түсінеді. Ендігі мақсат – ел ертеңі жас ұрпақтың жас Тәуелсіз мемлекетіміздің дербестігі , іргелі ел болу жолында аянбай тер төгуі деп білеміз. Құлан САҒАТҰЛЫ qazaquni.kz