Мұхамедиұлы: Білім сегментіне арқа сүйеу – әлеуметтік саясатты табысты жүргізудің кепілі
2019 ж. 07 қазан
2156
0
Уинстон Черчилльдің мынадай тамаша сөзі бар:
«Болашаққа тіке қарау керек. Кеше теңіз капитаны тұратын мінберге көтеріліп, корабль тұмсығы таудай жал-жал толқындарды қалай жарғанын көрдім.
Еріксіз сұрақ туды: «Айдындағы жалғыз кеме бүйірін соққылап жатқан есепсіз толқынға қалай бой бермейді?»
Жауап өте оңай. Өйткені, онда – мақсат бар, ал толқынды жел қуып жүр – сол себепті ығысуға мәжбүр.
Егер біз алдымызға АЙҚЫН МАҚСАТ қоя білсек, діттеген биігімізді бағындырмай тынбаймыз».
ЖАЛПЫ «АДАМ БАҚЫТЫ» ДЕГЕН НЕ?
Ғалымдардың айтуынша, БЕС-АҚ НӘРСЕДЕН тұрады екен:
- БОЛАШАҚҚА ДЕГЕН СЕНІМ;
- САПАЛЫ БІЛІМ;
- САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ;
- РУХАНИ БАЙЛЫҚ;
- ТАЗА СУ.
ҰЛЫ МАҚСАТ ЖОЛЫНДА ҚОЛ ЖЕТКЕНГЕ ҒАНА ҚУАНЫП, АЛҒА ҚАДАМ БАСУДЫ ОЙЛАМАҒАН – ТОҚЫРАЙДЫ, АЛ ІЛГЕРІ ОЗҒАНЫН ІЗДЕНІСКЕ ҰЛАСТЫРЫП ОТЫРҒАН – БИІКТЕРДІ БАҒЫНДЫРАДЫ.
Индустриалдық жағынан жоғары қарқынмен дамыған елдерде ХХ ғасырдың аяғына қарай жаппай интеллектуалды ресурсқа, соның ішінде БІЛІМГЕ АРҚА СҮЙЕГЕН САЛАЛАР мен ғылыми, ақпараттық технологияларға көбірек иек артқан ЭКОНОМИКАНЫҢ БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН ЖАҢА ТҮРІ пайда болды.
1997 жылы АҚШ-та «АКАДЕМИЯЛЫҚ КАПИТАЛИЗМ» деген атаумен Шейл Слотер мен Ларри Леслидің кітабы жарық көрді.
Бұл терминді ғылыми айналымға алғаш Эдвар Хэкет енгізген екен.
Дүние жүзі жетекші университеттерінің қызметін КОММЕРЦИАЛИЗАЦИЯЛАУ көптеген елдердің ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫН ЖЕДЕЛДЕТТІ деп айтуға толық негіз бар.
Жоғары оқу орындарын БИЗНЕСКЕ АЙНАЛДЫРУДЫҢ өзектілігін білім беру саласындағы тұтынушылық қажеттіліктің өзгеруімен түсіндіруге болады.
Бірінші кезекте, күн тәртібіне жоғары білімді ел экономикасының толыққанды саласына айналдыруды шығарып, сол арқылы қоғамның ауқатты да табысты мүшелерінің қатарын көбейтуді көздейді.
Сөз жоқ, бұған қол жеткізгендер қатары көп екені даусыз.
Әлемдегі ең қуатты Гарвард университетін алсақ, NACUBO зерттеулерінде жарияланған мәлімет бойынша, оның қоры 32,3 миллиард доллар құрайды.
Екінші орында АҚШ-тың атақты Йель университеті (20,7 миллиард доллар).
ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІНЕ көз жүгіртсек, осындай дәрежеге қол жеткізіп отырған әлемдегі алдыңғы қатардағы оқу орындарының бәрі түгелге жуық шет аймақтарда, сонымен қатар кішігірім қалаларда орналасқан.
Мысалы, жаңа біз айтып өткен Йель университеті халқының саны шамамен 130 мың адамды құрайтын Нью-Хэвен қаласында орналасқан.
Бұл білім ордасы, жаһандық рейтинг бойынша, алғашқы бестіктің құрамында. Студент саны – 13 мыңнан астам.
Кэмбридж қалашығындағы әлемге әйгілі Массачусетс технологиялық университетінде 11 мың студент білім алады.
Жоғарыда жер шарындағы ең қуатты жоғары оқу орны деп көрсетілген Гарвард университеті осы Кембриджде орналасқан.
Принстон университеті – Принстон қаласында.
Негізінде АҚШ-та 4,5 мың жоғары оқу орны болса, оның 39-ы ғана Вашингтонда, 94-і Нью-Йоркте орналасқан.
Жалпы алғанда, АҚШ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ОРДАЛАРЫНЫҢ 3%, БҮКІЛ АМЕРИКА АМЕРИКА СТУДЕНТТЕРІНІҢ 3,7% – ВАШИНГТОН МЕН НЬЮ-ЙОРКТЕ.
Ұлыбританияның әлем мойындаған Оксфорд, Кембридж, Манчестер, Глазго университеттері елдің қашық бұрышында, кішігірім графтықтарда орналасқан.
Тұманды Альбион жеріндегі 164 жоғары білім ошағында 2,3 млн. студент оқыса, жастық шағын Лондонда өткізу елдегі барша студент қауымының 20%-на, яғни 500 мың жасқа бұйырған.
Жапонияда да алыс аймақтар айқын басымдықты пайдаланады.
Соңғы санақ бойынша, 343 мың адам тұрып жатқан Жапонияның Синузюку қаласында орналасқан Вакэда университетінде 50 мың студент білім алып жатыр.
Айта кетейік, бұл «Альма-матер» – әлем мойындаған жазушы Харуки Мураками, Sony корпорациясы құрылтайшыларының бірі Масару Ибука сияқты тұлғаларды түлетіп ұшырған білім ошағы.
Әлемдегі алғашқы гуманоид робот осы білім ордасының зертханасында жасалған көрінеді.
Керісінше, 14 миллионға жуық тұрғыны бар Токиодағы Кейо университетінде 33 мың студент оқиды.
Оңтүстік Кореяның 23 000 студент білім алып отырған атағы жер жарған ғылыми-техникалық институты Тэджон қалашығында орналасқан (бұл қаланы осы оқу орны арқылы іздеп табуға болатын шығар), бұл жерде бұдан басқа115 мың студент оқитын 20 университет бар.
Ел бойынша 380 жоғары оқу орындарында 2,5 млн. студент оқиды.
Мұның сыртында дүние жүзінің іргелі университтерінің филиалдарын ашу арқылы өз экономикасын одан әрі дамытып отырған елдер баршылық. Бұл жөнінен әлемдегі алғашқы бестік Сингапур (12), Малайзия (12) мен Катар (11) еншісінде.
Таяу Шығыста жиі-жиі соғыс өрті тұтанып жатқанына қарамастан Біріккен Араб Әмірлігі осы мақсатқа бөлінетін қаржы көлемін жыл санап ұлғайта түсуде. Абу-Даби әмірлігінің үкіметі Нью-Йорк университетіне филиал ғимаратын тұрғызу үшін өз тарапынан 50 млн. доллар ұсынған.
Бір қарағанда мұнайының өзі асырап отырған ел болашаққа осындай инвестиция жұмсап отыр.
Малайзия өз жерінде Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Австралия жоғары оқу орындарының бөлімшелік құрылымдарын құрып, солармен тығыз байланыс ұстау нәтижесінде жыл сайын 50 мың шетелдік жасты оқытуға қол жеткізді.
Бұл елден алған диплом, оқу жылдарында жұмсалған қаржының аздығымен қоса, әлемнің барлық елдерінде мойындалады және тұлғалық та, мансаптық жағынан да өсу жолында сенімді кепіл бола алады.
Малайзия Ноттингем Университеті келесі жылы жиырма жасқа толады. Дипломының беделі негізгі университет бітірушілермен тең дәрежеде. Бір ғана өзгеріс болса, ол – оқу құнының арзандығы. Студент Ұлыбританияға барып оқуын жалғастыру құқығын кез келген уақытта пайдалана алады.
Осыған дейінгі жазғандарымызда Ұлы Даладағы БІЛІМГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ тарихын негізгі тақырыбымызға арқау етіп келдік.
Бірден айту керек, біз бүгін жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп келе жатқан еліміздегі жоғары білім саласының жұмысын талқылауды емес, қайта әлемдік үлгіде ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ӨҢІРЛЕРДІҢ ЭКОНОМИКАСЫН ӨРЛЕТУДЕГІ ЫҚПАЛЫ туралы айтуды мақсат тұтып отырмыз.
Сол себепті оқырман назарын ойға алған мақсатымызға бұрып, ішкі жағдайға оралайық:
№/№ | ЖОО орналасқан жер | ЖОО саны | Студент саны |
1. | Ақмола облысы | 4 | 10 166 |
2. | Ақтөбе облысы | 6 | 24 459 |
3. | Алматы облысы | 3 | 10 410 |
4. | Атырау облысы | 3 | 13186 |
5. | Батыс Қазақстан облысы | 4 | 30 663 |
6. | Жамбыл облысы | 3 | 22 665 |
7. | Қарағанды облысы | 9 | 44 549 |
8. | Қостанай облысы | 7 | 21 169 |
9. | Қызылорда облысы | 3 | 10 660 |
10. | Маңғыстау облысы | 2 | 6 215 |
11. | Павлодар облысы | 4 | 15 892 |
12. | Солтүстік Қазақстан облысы | 2 | 7 530 |
13. | Шымкент қаласы | 10 | 84 813 |
14. | Түркістан облысы | 2 | 9 673 |
15. | Шығыс Қазақстан облысы | 7 | 32 129 |
16 | Нұр-Сұлтан қаласы | 14 | 55 000 |
АЛ, БІР ҒАНА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ – 41 ЖОО, 144 000 СТУДЕНТ.
Кестеден көрініп тұрғанындай, елдегі жоғары оқу орындары дүниежүзі тәжірибесіндегідей алыс аймақтарда емес, керісінше, екі ірі орталықта ғана шоғырланған.
БІЛГЕНДЕРДІҢ СӨЗІНЕ
МАХАББАТПЕН ЕРСЕҢІЗ, – деп үйретеді кемеңгер Абай.
Әлемдік білім мұхитында көш бастап келе жатқан елдер сияқты БІЗДЕГІ ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ОРНАЛАСУЫН ҚАЛАЙ РЕТТЕУГЕ БОЛАДЫ деген сұрақ туындайды.
ҚУАТТЫ ӨҢІР – ҚУАТТЫ ҚАЗАҚСТАН.
Бұл аксиома.
Өңірлердегі жоғары оқу орындарының белгілі бір ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАҒЫТТА көшбасшы болғанын қалар едік.
Солай болса, АЙМАҚТАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ мен КАДРЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН нығайтуда шешуші рөл атқарып, МЫҚТЫ ТІРЕК бола алады.
Оқудың мынадай толық циклін құру мүмкіндігі туады: КОЛЛЕДЖ – ЖОО – ӨҢІРГЕ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ.
Мәселен, еліміздің солтүстік облыстары барлық уақытта аграрлық аймақ болып есептеледі.
Орталық Қазақстан металлургия, ауыр өнеркәсіп пен индустрия саласы кадрларын дайындап шығара алады.
Қазақстан Магниткасының бүгінгі таңда кадр тапшылығын қатты сезініп отырғаны жасырын емес.
ГРАНТТАРДЫ АЙМАҚТАРҒА БӨЛУДІҢ ТИІМДІЛІГІ неде:
- Ішкі көші-қон жоғары қарқынмен дамиды;
- Экономикалық белсенділік артады;
- Өңірлердегі талантты жастарға кеңінен жол ашылады.
Аймақтарда БІЛІМ СЕГМЕНТІНЕ арқа сүйеу – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТТЫ ТАБЫСТЫ ЖҮРГІЗУДІҢ БАСТЫ КЕПІЛІ.
Бірер мысал. Калифорния штатында орналасқан Силикон аңғары Америкадағы үш ірі технологиялық орталықтың бірі болып табылады. Бұл жерде Forbes тізіміне енген әлемнің 80 миллиардері өмір сүріп жатыр.
Осындағы Стэндфорд университеті – нағыз зияткерлік ядро.
Мұнда жыл сайын 7 000 студент пен 8 000 магистрант білім алады.
ТQS Best Student рейтингі бойынша, АҚШ-тың «студенттер қалашығы» болып саналатын Бостон қаласы мен оның маңайында өмір сүру деңгейі жөнінен ең жоғары көрсеткіштерге ие.
Өмір сүру сапасы жоғары, әрі кәсіпкерлікпен айналысуға өте қолайлы болып саналады.
Тап осындай жағдайды Ұлыбритания жоғары оқу орындарының студенттері басынан кешіп отыр.
Бір ғана Оксфорд университетінің жыл сайынғы табысы 5 млрд. долларды құрайды. Бұл іргелі білім ұясының күнделікті қызметін қамтамасыз етуге қаланың барлық кәсіпорындары жұмылдырылған.
Манчестер университеті өзінің білім стратегиясының арқасында әлемнің 66 елінде оқу бағдарламасын жүргізу арқылы өз бюджетіне жыл сайын 1,4 млрд. доллар кіріс әкеледі.
МҰНДАЙ БОЛМАҚ ҚАЙДА ДЕП
АЙТПА ҒЫЛЫМ СҮЙСЕҢІЗ.
Абай.
Жоғарыда біз тілге тиек қылған шетел мемлекеттерінің қол жеткізген жетістіктерін игеруге әбден болады.
ОҒАН АЛҒЫШАРТ ПЕН ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖЕТКІЛІКТІ.
Қолдағы мәлімет, керісінше, білім іздеп сыртқа сапар шегетіндердің саны азаймай отырғанын көрсетеді.
Сөз соңында, жоғары білім беру орындарын ӘР АЙМАҚТЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚАЖЕТТІЛІГІНЕ ОРАЙ бағыттап отыру керектігін айтқымыз келеді.
Дана Абай айтпақшы, «ҚҰДАЙДАН ҚОРЫҚ, ПЕНДЕДЕН ҰЯЛ, БАЛАҢ БАЛА БОЛСЫН ДЕСЕҢ – ОҚЫТ!
...АЛДАУ ҚОСПАЙ, АДАЛ ЕҢБЕГІН САТҚАН ҚОЛӨНЕРЛІ – ҚАЗАҚТЫҢ ӘУЛИЕСІ СОЛ».
Жоғары оқу орындары арқылы ӨҢІРЛЕРДІҢ ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТУМЕН ҚОСА, елімізді ЕУРАЗИЯ КЕҢІСТІГІНДЕГІ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ОРТАЛЫҒЫНА айналдыру мүмкіндігі бар.
Арыстанбек Мұхамедиұлы,
Қазақ үні