Жадымызда дауысы Жәнібектің
2019 ж. 28 қыркүйек
4252
1
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ,
жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Жәнібек Кәрменов біраз жыл «Жалын» баспасында қызмет істеді. Үлкенді ағалап, кішіні айналып-үйіріліп, адамның бауырына оп-оңай кіріп кететін. Әңгімені ол бастап, мәнерлеп, барлық ықыласымен, барынша беріліп, өз айтқанына өзі де сүйсініп, өзгені де сүйсіндіріп айтатын. Тыңдаушысын тәнті ету үшін, ептеп әсерлеп те жіберетін. Сондықтан, жұрт оған үйір еді. Әлдекімдердің қағытпа сөзіне, іліп-қаққан әзіліне шамданбай, шарт ете қалмай, бипаздап, байсалды шешендікпен жауап қайтаруға тырысатын. Жалпы, шешен сөйлегенді жаны ұнататын.
Оның үлкенді сыйлауында мін болмаушы еді. Қазақтың қай ауылында да Жәнібек ағалаған жасы үлкендер жетіп жатыр. Бүгінгі сыйласқанымен ертең араздасып, бүгін бірге жүрген адаммен ертең бет көріспей кету оның табиғатына келмейтін. Құшақ жая қарсы алу, аңқылдап амандасу, іші-бауырыңа кіріп жөн сұрасу, ізеттіліктен жазбау – оның ең жақсы қасиеті.
Жаны таза Жәнібек тәнін де таза ұстайтын. Үлкен қызметкерлер де, қатар жүрген қарапайым қазақтар да оны жиын-тойына жиі шақыратын. Ол той да басқаратын, ән де айтатын; ән айтып, күй шертетін іні-қарындастарын зиялы қауымның ортасына үйір қып баулитын. Сондай-сондай ортаға барар алды міндетті түрде моншаға түсетін.
Оны білетінім: «Ертең Бәленшенің тойына барушы ем, аға. Ән айтқан соң ағыл-тегіл терлеймін ғой. Моншаға барып, тазаланып алайын деп ем, бүгін жұмыстан ертерек жіберсеңіз», – деп талай рет сыр айтқаны бар. Ол әнді сахнада ғана емес, той-томалақта, қонақта отырып та көп айтатын.
Жәнібек әйгілі әнші ғана емес, шебер жазушы да болатын. Оның ауызша әңгімені майын тамызып айтатынына талайлар таң қалатын. Өзінің айтуынша, жазушылық өнеріне жөндеп мән беріп, алғаш кітап шығаруына ақыл қосқан Қалдарбек Найманбаев болыпты.
Бір жылдары, эстрадалық студияда істеп жүрген кезінде өзінің радиода, теледидарда ән шырқауына әлдекімдердің тосқауыл жасап жүргендігін айтып қалды. Ол кезде Төлен Әбдіков Орталық Комитетте істейтін. Бір күні жиында онымен жолығысып қалдық. Жәнібекті алып кеп, жоғарыдағы жайсыз жағдайды көзінше түсіндіріп ем.
– Оны реттейміз, – деді Төлен ойланбастан.
– Ұмытып кететінің бар еді, телефонмен тағы есіңе салайын ба? – дедім оған.
– Жоқ, Жәнібекті ұмытуға болмайды ғой, – деді Төлен әншейіндегі уәде бермеуге тырысатын әдетін ұмытып.
Жүзі нұрланып, көзі күлімдеп, әлденеге риза болғандағы әдетінше демін ысылдай ішіне тартып, тамсана жұтынып жымиды да:
– Бұл бір біткен шаруа болды, аға, – деді Жәнібек. Сезімнің адамы емес пе, Төленнің сөзі төбесін көкке жеткізіп кеткендей көрінді.
Араға біраз уақыт сап, тағы бір басқосуда жолығысып қалдық. Жағдай сұрастық.
– Ой, жақсы болды, аға. Радиодан да, теледидардан да тоқтау жоқ, – деді салтанатты рапорт бергендей сандақ сөйлеп.
Біреудің шын қуанғанын көрген де ғажап нәрсе ғой, оның қуана білгенінің өзінен жан тазалығын көріп, көңілім өсіп қалды.
Жәнібек жап-жақсы карта ойнайтын. Менің байқауымша, онша көп ұтыла да бермейтін. Алайда, ұтып отырса да, қолы жүрмей отырса да, маңғаз сөйлеп, майдалап әзілдеп, жарқындығынан бір жазбайтын. Сондай бір сирек жайсаңдығы бар еді.
1984 жылдың мамырында Жәнібек пен Несіпбек Айтовты Жаркентке шақырдым. Әпкемнің қызы той жасайтын болып: «Аға, жора-жолдастарыңызбен келіп қайтыңыз», – деген.
Алматыдан екі мәшине болып келдік, Жаркенттен екі мәшина ағайын-туыс тағы қосылды, сөйтіп, төрт мәшинамен Жаркент қаласының желкесіндегі Сарыбек ауылына думандата кеп түстік.
Жаркентке келген соң, менің мектепте бірге оқыған досым Ақжолдың үйіне тоқтағанбыз.
Ал Ақжол мен Жәнібек бұрыннан жақсы таныс болатын. Ақжолдың тұңғышы Ерболдың үйлену тойын Жәнібек өзі басқарып, ол тойға: «Менің ең талантты шәкіртім, керемет әнші», – деп, Бекболат Тілеухановты ала кеп таныстырған-ды. «Жәнібек келгенде ақ түйенің қарнын жарам», – деп Ақжол, «Ақжол аға у берсе де ішем», – деп Жәнібек, екеуі сөйтіп өліп-өшкен соң, біз де жарыла жаздап шашбауларын көтеріп едік, содан Сарыбелге келген соң, тағы жұрт тыныштық бермей, кешкі той басталғанша бізді Тышқан тауын көрсетуге алды да кетті. Тышқан – Арқас (Жоңғар) тауының күнгей бетіндегі сан таудың бірі.
Тышқан өзенінің сайдан шығып жатқан тұсына кеп тоқтадық. Арғы беттегі Қытай шекарасының қай арамен өтетінін алыстан бағдарладық, тау етегіндегі көгалды, тауға жалғасқан жондар мен жоталарды тамашаладық. Көктемгі ызғар тау етегінен әлі мүлдем кете қоймаған кез ғой, шаршаңқырап тұрған Жәнібекке суық тигізіп алдық. Ортамызда Әбділда Ысқақов деген дәрігер ағамыз да бар еді.
– Ештеңе етпейді, той қызғанша Жәнібек жанды жазып аламыз, – деді ол кісі.
Тамақ ішпей, дәм татпай, Жәнібегіміз жантайып жатып қалды. Тынықсын деп жеке бөлмеге жатқызып, ауық-ауық дәрі-дәрмек, сорпа, сусын апарып, бар мүмкіндігімізді салып емдедік.
Біз өз тобымызбен жеке үйде оңаша күтімде болдық, ауыл адамдары үлкені бөлек, жастары бөлек, басқа бөлмеде күтіліп жатты. «Алматыдан ақын-жазушылар келіпті», – дегенді, Құдай біледі, жұрт біз тау аралап кеткенде-ақ естіп алған. Ішімізде әйгілі әнші де бар екенін бұл ауыл біле ме, білмей ме, сол жағы ғана беймәлім.
Шай әлденеше ішілді. Қазақ, ұйғыр, дүңгеннің тамақтары бірінен кейін бірі желінді. Сөз дегенді гулетіп жатырмыз, бірақ әлі ешкім ән бастаған жоқ. Күтіп жүрген қыз-келіншектердің, інілердің: «Ал, ән бастаңыздар!» – дей қоятын да ыңғайы жоқ еді. Бір кезде отыздың ар жақ-бер жағындағы әдемі ақ сары келіншек екі-үш нөкерімен кірді. Әлгі әйелдің жүріс-тұрысында, жымиысында жатырқаудан гөрі бізге деген жақындық, іштарту басым сияқты.
– Сіздермен танысқалы, қарсы болмасаңыздар бірге отырғалы келдік, – деді. Сөйтті де өздерін таныстырды. Келіншектің аты есімде сақталмапты, ұлты дүңген, қазаққа келін екен.
Біз де өзімізді таныстырдық. Қасымызда отырмаған соң, Жәнібекті айтпадық, тағы біреулеріңіз бар емес пе еді деп дүңген келіншек оны жоқтамады. Әдейі бізге қозғау салу үшін келген болу керек, ә дегеннен-ақ ән сап көңілді отыруымызды қолқалады. Біз де тіл мен жағымызға сүйеніп қалғандар емеспіз бе, әуелі ауылдың алты ауызын естиік деп қарсы қолқа салдық. Оған келіншек аузын да жиған жоқ, ал ендеше деді де, ән сап қоя берді.
Ойпыр-ай, әдемілік дегенде шек болсайшы, әлгі әйелдің әдемі өңіне әдемі дауысының жарасатыны-ай! Сыңғырлаған күміс қоңырау үн үй ішін кернеді де кетті. Үн қосып, нөкерлері де сүйемел жасап жатыр, бірақ дүңген әйелдің дауысы бәрін басып құйқылжиды. Бізді баурай қоятындай не қауқарың бар дейсің дегендей бейқам отыр едік, демімізді алуды да ұмытқандай, тым-тырыс тындық та қалдық. Күндіз өзіміз көрген тау суындай таза, ерке назды сыңғыр дауыс буынымызды алып, балқытып барады.
Ауылым көшіп барады белден асып,
Белден асқан бұлтпенен араласып.
Ауылың алыс кеткен де,
қимас қалқам,
Қара жерге жыладым бауырым басып.
Желбір жекен, желіп жүрген
жайлауда мен бір бөкен-ай, –
деп қайырды келіншек.
Бөкен болса, бөкен-ақ шығар деп мойындадық. Ән біткенде барып, бірақ дем алғандай бәріміз ду қол соқтық, ризашылығымызды білдірдік.
– Ал, ағалар, біз міндеттен кұтылдық, енді кезек сіздерде, – дегенде барып, бір-бірімізге қарастық.
Әйелдің дауысы мысымызды басып, бізде ән айта қоятындай хал қалмаған еді. Суға кеткен тал қармайды деп «ауылдың алты ауызы әлі біткен жоқ, түгел айтып шық» деген сылтау таптық.
Өз обалдарың өздеріңе деген болу керек, келіншек енді қайым айтысқа шақырып, менен бастап сипай қамшылап, әрқайсымызға өлең құрастыра бастады. Өлеңінің басты екі жолы белгілі қара өлең боп келеді де, соңғы екі жолы бізге қатысты айтылып ұйқасады. Басқаны қайдам, басқы сөзді маған қадап айтқан соң, жауап бермей құтылудың қиын боларын болжап, састым. Бұлай боларын кім білген, әйтпесе ерте қамдансақ, ауылдан айтыскер біреуді біз де ала келетін едік қой.
Енді амал жоқ, бетпе-бет келген дүңген келіншек бұлтартатын емес. Ақын ғой, бір шара жасай ма деп Несіпбекке жаутаңдасам, қызара бөртіп, әйелге шүйліге қараған қалпы міз бақпайды. Қасымдағыларға ымдап жатып, зорға қараттырдым. Бір лаж жасай аласың ба дегенді аңғартып, ақырын иек кақтым. Көзін бағжаң еткізіп, бір-екі қағып жіберді де, Несіпбек қомданып, қозғалақтап, қолма-қол мазасыз күйге түсті. Өлеңді жазып шығаратын ақын суырып салуға сасып отыр-ау деп шамаладым. Жылы үй, жылы жағдайда тершіп отырған Несіпбек екі беті бөртіп қызарып, көзі қағылатын шегенің қалпақшасындай дөңгеленіп, өзі де жау жақындағанын сезген кірпідей жиырылып, не дүңген келіншекті жеп қоюға, не оған өзі жұтылып кетуге дайындалғандай көрінді.
Келіншек тоқтаған кезде, ал баста дегендей Несіпбекке қарап қолымды сілтедім. Үй ішіндегі жұрт жым болып, бәрі соған тесілді. Жауапты сол қайтаруға тиіс екенін бәрі де түсінді. Жақсы ақын екенін білемін, суырып салуға қалай екенін Құдай білсін, қысылғанымнан борша-борша боп терлеп кеттім. Жөтеліп, жөткірініп алып Несіпбек үн қатты-ау ақыры. Мәнін де, ұйқасын да шып-шымыр қылып бір шумақ айтқанда, үстімнен тау түскендей бір уһ дедім-ау.
«Әуелі бұ шіркінді бастау қиын» дегендей, келе-келе Несіпбегім көсілді дейсің, оның әр сөзін қошеметтеп, бәріміз дуылдап жетісіп қалдық. Келіншектің әні әдемі, Несіпбектің сөзі әдемі, екеуіне кезек сүйсініп отырып, Жәнібек есімізден шығып кетіпті.
– Мені іздейтін қазақ қалмаған ба? – деп, бір кезде өзі кіріп келгенде барып ду ете қалдық.
– Кел, Жәнібек! Кел!
– Сені жоқтатпаймын деп, Несіпбек қан сорпа болды, қолыңа домбыраңды алшы! – дедік дереу арқамыздың кеңіп сала бергенін сезіп.
– Бір әдемі келіншектің дауысы жатқан жерімнен жұлқылап тұрғызды. «Қайда жатырсың? Неғып жатырсың?» – деп жазғырған соң, жата алмадым, – деді жымиып.
– Ол – мына келіншек, – деді Несіпбек дүңген әйелді нұсқап. – Мені өлтіріп қоя жаздады, енді өзің ие болшы!
– Ал, ағайын, Жәнібектің жазылып кетуіне себепші болған, дауысымен дуалап тұрғызған бәленше үшін! – деп, дүңген келіншекке тәнті екенімізді бір білдіріп алдық та, кезекті Жәнібекке бердік.
Кейде майда қоңыр ән айтып, алдымен дауысын ашып алатын Жәнібек бұл жолы бірден шырқау әнге бастады. Дәл бүгінгі кешке лайық келетін Біржанның «Айтбайын» шырқап қоя берді. Алғашқы сөзін сәл өзгертіп, «Тойларың кұтты болсын, ардақты елім», – деп бастады. Домбыраны қағысынан-ақ сол әнді айтатынын сезіп отырғанбыз, саңқ ете қалған үні бәрімізді бөлмеден көтеріп әкеліп Сарыбелдің шалғын жотасына әкеп отырғыза салғандай болды. Қабырға-керегесіз, шаңырақ-түңліксіз, есік-терезесіз ғажап шалқар кеңістікке шыға қалғандаймыз.
Жер шоқтығы Көкшетау,
Бауырың толған бақша-бау.
Бауырыңда сексен көл,
Иісің жұпар аңқиды-ау, – деп қайырды. Жері ғажап, әні ғажап, әншісі де ғажап ел екеніміз еске түсіп, төбеміз көк тіреп әп-сәтте биіктедік те кеттік. Көкшетау мен Сарыбелдің сұлулығын Жәнібектің әні біріктіріп, тұтастырып жіберді. Көкшетау үшін де, Сарыбел үшін де, Жәнібек үшін де бойымызды мақтаныш биледі. Биіктен еңіске сорғалап, төменнен шыңға қарай шамырқана өрлеп, баяулап кеп бұлқына еркелеп, Жәнібектің дауысы тұла бойымызды тінте қуалап, тәтті балқытады. Соза кеп шырқаса, дүниенің іргесі көсіліп кеңіп кеткендей көрінеді. Қоңырлата баяулатса, жүрегіңді шымырлатып, жан дүниеңе әлдебір шырақ жағып жатқандай жылы әсер етеді. Тіл жетпейтін, теңеуі табылмайтын ғажап!
– Ой, үніңнен айналайын-ай!
– Ой, көсегең көгергір-ай! – дескен сүйсініс қошемет Жәнібекті де, оның қасындағы бәрімізді де бақытты етті. Жәнібек әнін аяқтағанда үй іші, босаға, дәліз, бәрі толған тыңдаушыдан аяқ алып жүргізбейтін жағдайға жетті. Енді өзіне демалыс болмайтынын Жәнібек те жақсы түсінді, қолқалатып жатпай-ак бір әннен кейін бір әнге өз қалауымен ауысты да отырды.
Жақсы әншінің де жақсы айта алмай қалатын кездері болады. Ондай-ондай Жәнібекте де кездесетін: шаршайды, бабы болмайды, зауқы соқпайды, сондай сәттерде де зорлап ән салғызамыз ғой. Сезімтал, бауырмал, көпшіл Жәнібек жанын түсінетін ортада айрықша жанып кетуші еді. Ондай сәттегі ол айтқан ән, ол құбылтқан дауыс құлағымызда мәңгі қалып қойған сияқты: іздейміз, сағынамыз, бірақ ешқашан дәл өзіндей ғып ол үнді өзіміз де қайта ести алмаймыз, өзгеге де естірте алмаймыз – оның үні жанымыздың жадында ғана сақталған, өзіңмен бірге жүріп, өзіңді сағындырады.
Жәнібектің дауысы сонымен ғажап. Оның дәл сондай сәттегі дауысын ешкім жазып ала қойған жоқ, жазып ала қояйық деген ақыл бізде болған да жоқ. Жәнібек бітпейді, таусылмайды, мәңгі деп сенген болуымыз керек.
Біреулер біраз ән айтқан соң шаршай бастайды ғой. Жәнібек айтқан сайын ашыла берді. Үй толы жұрттың ең алдына ақ кимешекті кейуаналардың шығып алғанын байқап, қай кезде қай әнді, қай ортада қалай дәл болжай қоятын Жәнібек ұзатылған қыздың мұнды әнін зарлата жөнелгенде, адамдар түгіл, бүкіл үйдің қабырғалары да көз жасын сығып өксіп жатқандай күй кештік. Шалқытып аспанға, биіктен биікке көтеріп әкетіп отырған Жәнібек енді бәрімізді бидайдың бір қауызына сыйдырып жібергендей сезілді. Өнердің құдіреті бәрімізді бірдей қып жіберді.
Ауыл адамдарының Жәнібекке жаудырған алғыс-қошеметтерінде шек жоқ. Шабыттанған Жәнібегім таң қылаң бергенге дейін талмай ән салды. Үйдің ішінен Жәнібектің жалпақ бетінен басқа жұрт ештеңені де, ешкімді де көрмейтұғын күйге жетті.
Өнердің, Жәнібектің бір бақытты сәті сондай еді. Ондай сәттерін Құдайға шүкір, талай көрдім. Сол көргендерім қазір жүрегімді сыздатады. Қазақ әнінің, қазақ үнінің ғажап кемеңгері Манарбекті сағынсам да, әнді мәнерлеп айтудың майталманы Жүсіпбекті ойласам да, қазақ даласының бүкіл дарқандығын көмейіне ғана сыйдырған Рәбиға Есімжанованы тыңдағым келсе де, есіме ылғи Жәнібек түседі. Атаның ұлын емес, қазақтың ғажап азаматын, ұлтымның өлмес өнерін өрге сүйреген бауырымды сағынам. Ол арамызда жүрсе, қазақтың халық әндері көбірек шырқалар ма еді, әніміздің ұлттық нақышы молая түсіп, оны үйренушілер де көп болар ма еді деп қиялдаймын. Сөйтіп, оның орны ылғи өзін жоқтатады да тұрады.
Толғау
Жәнібек КӘРМЕНОВ
ӨМІР ТУРАЛЫ
Ойламаңдар, жігіттер,
Баста дәурен тұрмайды.
Өтіп кеткен сұм жалған
Қайтып бір мойын бұрмайды.
Адам қонақ өмірге,
Бір күні қолын бұлғайды.
Тірліктің түбі белгісіз,
Ағын бір судай зырлайды.
Опасыз мына дүние
Тұтқа болған кімдерге?..
Өмірдің соңы өкініш
Санамен ойлап білгенге,
Қадірі болмас адамның
Ортаңда тірі жүргенде.
Орны қалар ойсырап,
Бір күні көрге кіргенде.
Қызыл түлкі секілді,
Уақыт сайқал алдайды.
Байлықты қусаң базарлап,
Түбінде саған сол қайғы.
Еңбекпен еккен бәйтерек
Күтімін тапсаң солмайды.
Қулықпен тапқан мал – арам,
Өзіңе қайыр болмайды.
Мансапқа жетсең, адал бол,
Қызмет ет халқыңа,
Әнін тыңда, күйін ұқ,
Басыңды и салтына.
Қарашада қара үй тұр,
Қарайлай жүр артыңа.
Жолдас болма жаманмен,
Көзің жетпей парқына.
Өзіңді біреу мақтаса,
Желігіп, оған тасыма.
Бетіңе айтар адал дос,
Жау деп одан жасыма.
Бәрін де кейін көрерсің,
Іс түскенде басыңа.
Күн үшін жүрген қулардың
Бірі де қалмас қасыңда.
Өмір – базар қайнаған,
Өмірдің тосқан таласын.
Атыңды сайлап бір күні,
Додаға сен де барасың.
Жеңілсең де, жеңсең де,
Көппенен бірге боларсың,
Жалғыз шықпа сапарға,
Өкініште-ау қаларсың.
Қайырым түбі – даналық,
Жақсылық етпе есеппен.
Аулақ ұста бойыңды
Әзәзіл жалған өсектен.
Қара жер жұмсақ жамбасқа,
Махаббат жоқ төсектен.
Қорлықта өтер өмірің
Қосақталып, есеппен.
Пенденің көзі жалғанда
Дүниеге тоймайды.
Моласына бірақ та
Алтыннан белгі қоймайды.
Бағыңда өскен бәйтерек
Күтімін тапсаң, солмайды.
Арманы биік асыл ер
Ұрпақтың қамын ойлайды.
Мұңайма, көңілім, мұңайма,
Тыныштал енді, жүрегім,
Бір күні сен де тоқтарсың,
Оны да жақсы білемін.
Бас имей жүрген тағдырға
Текті бір жанның бірі едім.
Адам боп келдім өмірге,
Адам боп өту – тілегім,
Бәріңе соны тіледім!
qazaquni.kz