"АНА ТІЛІМ - АЙБЫНЫМ" АЙТЫСЫ (ФОТО)
2019 ж. 24 қыркүйек
3715
0
Алматы қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығы ұйымдастырған қалалық жас ақындар айтысы өтті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Айтысқа Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Темірхан Тебегенов, белгілі ақын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, Алматы қаласы әкімі аппаратының тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет, Республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақын Серік Қалиев сынды белгілі тұлғалар қазылық жасаса, айтыскер ақын, «Қазақ» және «Шалқар» радиоларының Алматы қаласы бойынша жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы айтысты жүргізіп отырды.
Алғашқы жұпта Ақниет Жұбаныш пен Жеңісхан Қазыбек айтысты. Екеуі де төселген жақсы ақындар екенін көрсетті. Одан соң Нұрбол Жауынбаев пен Өтеп Райымбек шықты. Екеуі тақырыпты таратып, жақсы шарпысты. Айтбек Тұрсынбай мен Қуаныш Әлімберді айтысы да алма кезек сөз қағысумен өтті.
Алтынбек Ибрагимов пен Жалғас Садырұлы да жақсы айтысты көрсете білді. Сатыпалды Әмір мен Мейрамбек Саламатовтың айтысында алғашқысы басым көрінді.
Қазақ Өнер академиясы студенті Жанарыс Тілеубек пен Абай атындағы дарынды балалар мектебінің 11 сынып оқушысы Алтынай Қанапияның айтысы нағыз қыз бен жігіт айтысы болды. Екеуі де ең көп ұпай жинап, тең түсті.
Жұбы келмей қалған Әділбек Бүркітғазы мен сахнаға екінші рет шыққан Айтбек Тұрсынбай қайым айтысты. Бұнда Айтбек тапқырлық көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен айтыстың Бас жүлдесі Қанапия Алтынай жеңіп алды. Бірінші орын Садырұлы Жалғастың еншісіне тисе, екінші орынды Жауынбаев Нұрбол місе тұтты. Ал, жүлделі үшінші орында Ибрагимов Алтынбек пен Тілеубек Жанарыс бөлісті.