ШӘМШІНІҢ ДОСЫ ЕДІ
2019 ж. 07 қыркүйек
5822
0
немесе соңғы сұхбат
Кезінде «Қош бол, альбом» атты әңгімелері мен повестері, кейін «Перизат сезім», «Қыз күнделігі», «Жанарым – жарық дүнием» сияқты хикаяттарымен танылған жазушы Еркінбай Әкімқұлов дүниеден озыпты. Ол әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовпен өмірінің отыз екі жылын бірге өткізіп, композитор бақилық болғаннан кейін оның барлық шығармашылығы мен тіршілік тынысын қайтадан терең зерттеп, «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы» атты роман-эссе жазған еді. Былтыр жыл аяғына қарай мен де осы тақырып аясында Ерекеңнің үйіне арнайы барып сұхбаттасқанмын. Онда: «Биыл сексен бір жасқа өтіпті. Ұлғайған адамды әрі-сәрі көңіл күй билейтіні тағы заңдылық. Сәл шаршаңқылау көрінді. Бәйбішесі Гүлнар апай қайтыс болғалы біраз өткенін білетін ек. Қаламгер көңілін қамықтыратын өзге де жағдайлардан аз-мұз хабардармыз. Содан ба, аса салқын қабақ таныта қоймағанымен, қоңырқайлау күйде қабылдады» – деп жазыппын. (Әдебиет порталы. 31 қазан. 2018 ж.). Сондай-ақ біз кезінде республикалық «Қазақ үні» газетінде жазушының «Ән қанатында. Шәмші Қалдаяқовтың монологі» деп аталатын эссесін жарияладық. *** Еркінбай Әкімқұлұлы 1937 жылы 4 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауылында туған. 1959 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген соң, республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Алматы қалалық партия комитетінде нұсқаушы, «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, Қазақ радиосында аға редактор, «Жалын» баспасы бас редакторының орынбасары, «Рауан» баспасында редакция меңгерушісі, редактор, «Кітап жаршысы» («Друг читателя») басылымында Бас редактор болып істеген. Поляк жазушысы Януш Корчактың «Қайта оралған балалық» повесін, татар жазушысы Р.Мұстафиннің «Кішкентай Мұса» повесін қазақшаға аударған. 1983-1989 ж.ж. «Ты – мой светлый мир», «Дневник девушки» деген атпен екі кітабы орыс тілінде жарық көрген. Мақтаарал ауданының құрметті азаматы. Шығармалары: Қарақозы Әбдәлиев. Очерк. А., «Жазушы», 1969; Қазақтың жас ақындарының творчествосы. Әдеби-сын мақалалары. А., «Жазушы», 1972; Даңқым – дәуірім. Очерктер. А., «Қазақстан», 1974; Қош бол, альбом. Әңгімелер мен повестер. А., «Жалын», 1976; Перизат сезім. Повестер мен әңгімелер. А., «Жалын», 1980; Жанарым – жарық дүнием (орыс тілінде). А., «Жалын», 1983; Қыз күнделігі. Повестер. А., «Жазушы», 1985; Жанарым – жарық дүнием. Таңдамалы. А., 1990; «Жанарым – жарық дүнием» (орыс тілінде). Повестер. А., «Арқас», 2001; Таңдамалы шығармалары, 2 томдық. А., «Арқас» 2003; Өзбекәлі Жәнібеков. Ғұмырнамалық деректі хикаят. А., «Қазақстан», 2006. Бақұл болыңыз, Еркінбай аға! Құлтөлеу МҰҚАШӘН ҚАНАТЫНДА
Шәмші Қалдаяқовтың монологі
Ұстазым Василий Великанов өте жайдары, бауырмал кісі болып шықты. Әнді пианинода тартып көріп, қарап-қарап шыққан соң, қолымды алды: – Дорогой друг, ученик мой, поздравляю вас! Мына әніңіз төгіліп тұрған мелодия ғой, Бағын байламаңыз. Тексін жаздырыңыз да, орындаушысын тауып, радиоға шығыңыздар. Немедленно, мой совет... «Жақсы сөз – жарым ырыс». Төбем көкке жеткендей. Енді қайттім? Ақынды қайдан іздеймін? Жан сасқалаққа түстім. Сөйтіп консерваториядан дәрістерді тәмәмдап, енді бір тамақтанып алмақ оймен, қарсы адым жердегі «Алматы» мейрамханасына соқтым. Әлденіп, қуаттанып алмақ ойым. Қалта қалың емес, сонда да. Ыстық тамақ іздеп, қатқақтап жүретін студент бейшара-ай. Орын іздеп келемін. Залда түс мезгілі болған соң ба, адам көбірек. Жоғары таман екі кісі отыр екен. Орта жастағы әдемі киінген, сымбатты кескінді кісілер. – Ағалар, жандарыңыздағы орын бос па екен? – дедім қиылып өтінгендей. – Бос, бос, отыр, қалқам! – деді мұрты қияқтай, қыр мұрынды кісі сыпайы мәдениетпен. Сәлем беріп амандастым. Жалма-жан жүгіріп келген даяшы қызға «жұқа» ғана заказ бердім. Борщ, котлет, шай... Анау кісілер мәз боп күліп, әңгімелесіп отыр. Анда-санда көз қиықтарымен бір қарап қояды. Ас келген соң қарын әбден ашқан, асығып, аптығып бас көтермей ішіп алдым да, шайды күттім. Сонда барып бақылап отырғандай мұртты ағай: – Жігітім, қарның ашып қалыпты ғой. Төпеп салдың, – деді жымиып. –Бізбен бірге сыра іш... шайды неғыласың?! – Жо-жоқ, рақмет, ағай! Маған шай да болады. – Жақсы жігіт екенсің. Ағаларыңнан дәм татсаң – жаман болмассың. Біз Ізтай аға екеуіміз – ақындармыз. Жаңа одақтан шығып, осында бір әңгіменің, өлеңнің отын жағайық деп келіп едік... Көктен тілегенім – жерден табылғандай. Әніме өлең жаздырсам деп, іздегенге – сұраған, «мақұл» деп жабыса кеттім. – «Мақұл» дегеніңе қарағанда, оңтүстіктің қазағы болдың-ау?! Оңтүстіктің жігіттері қолы ашық, мырза келеді. Нені меңзегені түсініксіз. «Мейлі сөйлесіп көрейін». – Ағалар, мен консерваторияда оқимын. Кешіріңіздер, жазған бір әнім бар еді. Соған мәтін таба алмай жүрмін. Көмектеспейсіздер ме?.. Екеуі де бірден шақ-шақ күлді. – Сен, тегін жігіт емес екенсің. Қане, жайлап әніңді айтып көрші? – Бұл жерде болмайтын шығар, – дедім мен. – Рұқсатсыз, ұят болмасын... – Ұят болмайды, ыңылдап айта бер. Біз талай әндерге текст жазғанбыз. Мен – Қуандық Шаңғытбаев деген ақынмын. Мынау ағаң – Ізтай Мәмбетов. – Жақсы, жақсы, көкелер. Бәсең үнмен жайлап, айтып шықтым. Ұнағандай, екеуі елең ете қалды. – Атың кім? – деді Қуандық ағай шыдамай. – Ш-ш-Шәмші... Қ-қ-Қалдаяқов. – Сен саспа, бала! Қазір рестораннан шыққан соң ойластырамыз. Мына Ізағаңның етегінен ұста. – М-м-мақұл. – Ән не туралы? Ол өткір қой көздерімен маған қарады. Қорқып кеттім. – Бір жігіттің жан сыры: өзі жайлы, ғашық болған қызы туралы. – Әу, мынауың не дейді! Тура сенің тақырыбың ғой, Ізтай. – Иә, бауырым, көрейік. Тағы бір орындашы. Орындадым. qazaquni.kz