Ақтолқын Тажикова, ақын: «Өнердің мәні – тазалықта...»
2019 ж. 14 маусым
3222
0
www.Qazaquni.kz редакциясы атынан әріптесіміз Ақтолқын Орысбайқызын Түркия елінде өткен 12 мемлекет арасындағы Халықаралық «МУЗА» жыр додасында Бас жүлдеге ие болуымен құттықтаймыз! Жазарыңыз таусылмасын!
- Ақтолқын, өнерге құлшыныс сізге кімнен дарыған?
- «Өнердің жаны құштарлық» дегендей ес білгелі өнерім — өмірім бір тұтас ұғымға айналды. Ақтолқын бала болып ойнамады. Жаныма серік қалам мен ақ парақ болды. Алла әр адамға түрлі дарын береді ғой. Мен үшін мақала, өлең жазу жанымның егізі. Анамның табиғаты өнерге жақын, кезінде ақын болған. Демек, өнер анамнан дарыған. Кішкентайымнан бастап жазған өлеңдерімді жинап жүретін. Ең алғашқы ұстазым да анам. Әрдайым, жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беріп тұрады. Мектеп кезінен поэзиядан түрлі Республикалық, Халықаралық Түркия мен Кореядағы байқауларға қатыстым. Кейіннен Түркі тілдес ақындардың мүшесі атандым. Ал басқарушылық қабілет — жобаларымды тұрақты түрде сапалы жасап, белгілі нәтижеге қол жеткізуден басталды. Жұмысыңызға деген адал махаббат болған кезде барлығына үлгеруге әрі жеңуге болады.
- «Қылаусыз сезім — мейіріммен», «Менің інжу-маржандарым» атты жыр жинақтарының авторысыз. Ақындардың өнердегі мүддесі не болуы керек?
- Өнердің мәні – тазалықта. Шығармашылық адамның мүддесі — руханиятты байыту. Өз туындыңыз арқылы азда болса, адамзат құндылығына, ізгілікке өз үлесіңізді қосу.
- Сіздің музаңыз?
- Мендегі муза — жанның тазалығы. Адамның жүрек түкпірінде бір арманы болады ғой. Сол арманды қағазға түсіріп, жырлаудың өзі керемет. Жалпы, өлең жазуға ішкі жанның тазалығы, ауа райының өзгеруі, адамдардың эмоциясы, сіздің әдемі болып отырғаныңыз т.б әсер етеді. Бірақ, жоқтан бар жасай алмаймын. Себебі, дінде де «Ақындар адасушыларға ереді, егер жоқтан барды жасаса» деген сөз бар. Болған жағдайды жазу қажет. Шариғаттың шеңберінен асуға болмайды. Өлеңдерімнің көбісі философиялық бағытқа ауып кетеді. Не жазсам да, халыққа берері болуы тиіс.
- Өнер жолында ұстаз атанып, шәкірт тәрбиелеп отырсыз?
- Ең алғаш «Жас талап», «Жас қайың», «Шұғыла» мәдениет орталығында поэзиядан сабақ бердім. Қазіргі таңда «Поэзия» мектебінде «Ақындық өнер» сабағынан, ал «Данали» музыкалық мектебінде «Сахна мәдениеті», «Журналистика» курсынан дәріс беремін. Оқушыларым Халықаралық, Республикалық конкурстардың жеңімпаздары. Үлкен додаларда оза шауып жүр. Соның бірегейі, еліміздің намысын қорған жүрген Асылжан атты жас ақын.Болашағынан үлкен үміт күтемін.
Өнерде жүргендіктен, сахна мәдениетінен хабарымыз болған соң, ата-аналардың өтініші бойынша балалардың ақындық өнерлерін дамытып, сахна мәдениетін үйретіп, сонымен қатар шешендік өнер мен шығармашылыққа, журналистика мамандығына баулуды жөн көрдім. Мен үшін балалардың сауатты білім алғаны маңызды. Баланың қай салаға көбірек бейім екенін анықтап, кемшілігіне назар аударамын. Маған келген балалардың көбінің көкірегі сайрап жатыр, бірақ сыртқа шығара алмай, ойларын ашық жеткізе білмейді. Қорқыныш пен үрейді жеңіп, көпшілік алдында қалай сөйлеу, сахна мәдениетін игереді. Одан өзге журналист боламын деген оқушылар журналистиканың қыр-сырын үйренеді.
- Қазақ шоу бизнесінде бірнеше ірі жобалардың авторы әрі продюсерісіз, Осы тұрғыда қазіргі қазақ эстрадасы жайлы не айта аласыз?
- Саны бар, сапасы жоқ дүниелер көбейіп кетті. Батысқа еліктеушілік басым. Біреудің қаңсығы, бізге ешқашан таңсық бола алмайды. Жаның қазақ болғаннан кейін бірінші орында ұлттың болмысы маңызды. Кей жандар елдің айнасы — өнер екенін ұмытуда. Жылтыраған нәрселер жаулап бара жатыр. Ең өкініштісі, ол жылтырағаның ішінен бос нәрсе ғана көресіз. Шөпте, шөлгеде ән болған уақыт. Қай тарихтан көріп едіңіз, қазақтың «Аймалайын жеңешем» деп ән салғанын. Әйтеуір, айту керек деп не айтып жүрегенін өздері білмейтін жандар бар. Түптеп келгенде, ол өнерге жасалып жатқан қастандық!
- Ақындық қырыңызбен қатар, қара шаңырақтан журналист мамандығы бойынша білім алғаныңызды білеміз. Сол салада қызмет етіп жүрсіз. Бүгінгі қазақ телеарналарындағы отандық телебағдарламаларға қаншалықты көңіліңіз толады?
- Ақындық — өнерім болса, журналистика — мамандығым. Бүгінгі таңдағы телебағдарламаларға көңілім толады деп айта алмаймын. Тіптен, теледидар көрмейтініме бірнеше жылдың жүзі болды Халықты тәрбиелейтін идеологияға қызмет ететін хабарлар жоқтың қасы. Белден төмен тақырыптар көбейіп кетті. Ашылған мен шашылғанды көрсете берсек, қазақтығымыз қайда?!
- Еліміздегі PR саласының дамуы туралы көзқарасыңыз қандай?
- Қазіргі уақытта елімізде PR саласы дамып келе жатыр деп айта аламын. Тәжірибені ғана емес, теорияны да білу міндетті. Екеуін ұштастырғанда ғана кәсіби сауатты маман ретінде нәтижеге қол жеткізесіз. Мәскеудегі Алла Пугачева сынды танымал аңыз әншілермен бірге жұмыс істеуге продакшннан 3 рет шақырту алдым. Бірақ, бас тарттым. Оның өзіндік себептері:«Аманат» өнер студиясында қызметтемін. «RAYYAN» тобына продюсер болып келген кезім. Мен үшін аманат, намыс бәрінен биік. Сырттан ұсыныс ең бірінші 2011 жылы Түркиядан түсті. «Барлық жағдай жасаймыз, бар болғаны барлық байқауларға Түркияның атынан қатысасың» деді. Көпшілігі «Берілген мүмкіндікті жіберіп алма» деп ақылдарын айтты. Ақша үшін сол қадамға барсаң, елің мен Отаныңды сатып кеткенмен бірдей болады ғой. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қағиданы ұстанатындардың қатарындамын.
- «Айла ғұмыр» атты өлеңізде «Әнсіздердің, Әлсіздердің, Ешкімге жоқ керегі»... деген жолдар бар екен. Бүгінгі дейінгі жобаларыңыз әлсіз болған емес. Жаңа жобаңыздан не күтесіз?
- Өзгені бауырыңа өз балаң ретінде басуға болмайды. Продюсер болуға болады жарың мен балаңа не бауырыңа ғана. Қазіргі таңда продюсер ретінде бірнеше жобалардан ұсыныс түсуде. Оларды сараптау керек болып отыр.
Ал жаңа жобамның бірін жуырда көретін боласыздар. Инстадағы @ato.arzu атты парақшамды үзбей оқысаңыздар, жаңалық құр қалмайсыздар. Ерекше тембр иесі. Өте сауатты әнші, кәсіби музыкант. Алла қаласа қазақ өнеріне парасат деңгейінде үлес қосатын әншімен таныс боласыздар.
- Сіз үшін бақыттың мәні неде?
- Бақыттың мәні — сабыр мен шүкірде. Раббысын таныған жүректе. Таңның нұрлана атқаны, манаурап батқаны әр сәтте бір жақсылық жасырынған. Соны байқай алсаңыз, міне бақыт. Негізі көп адам бақытты, бірақ оны өздері байқамайды. Шүкіршілік еткеннің айы оңынан туады. Алла шүкір етушілерді жақсы көреді, әрі оларға нығметін арттырып береді.
- «Сабыр» бейнебаянның тұсаукесерінде көпшілік қауым сізді іздеді. Көрінбедіңіз. Ұзынқұлақтан тұрмысқа шықты дегенде хабар бар. Осыны өзіңіз ашық айтсаңыз...
- Естімеген елде көп (күліп)... Әрине, жалған ақпарат. Ол сөзді кім айтсада, нені көздесе де сол адамның арына сын. Табалдырық аттамаған қыз баласы туралы олай айту, тіптен, ұят нәрсе.
- Сіздің жүректің таңдауы туралы білсек?
- Мен жарқырап жүру үшін үнемі, Сіз емендей мықты болу керексіздеген Жарық Күнім бар. Ақыретім сол жанға тікелей байланысты. Қазақтың салт-дәстүрінде де шариғат бойыншада екеудің әңгімесін үшінші адам талқылауға болмайды.
Жалпы қарасақ, жүректің тақырыбы ақылға салынбайды. Менің ойымдағы азаматтың тақуалығы мен тегі, мінезі мен жанның үйлесімділік табуы маңызды. Қандай жағдай болғанда да арқасүйер азаматым болу керек.
- Тойдың ауылы...
- Ол жағы құпия болып қала берсе (күліп)...
- Басты арман-мақсатыңыз қандай?
- Өнерде сұрасаңыз, ақ жолдан дара жол қалыптастыру. Ал өмірде, Алланың разылығына бөленген пенде, жарының разылығын алған салиқалы жар, ата-ана разылығын алған перзент болу!
Назгүл АСАНҚЫЗЫ
«AINARA.KZ»