Сенсациялық жаңалық: ШҚО-да сақтардың ежелгі қонысы табылды
2019 ж. 10 маусым
3546
0
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Ақбауыр шатқалында архелогтар сақтардың ежелгі қонысын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
9 маусымда белгілі қазақстандық археолог Зейнолла Самашев облыс әкімі Даниал Ахметовті Ұлан ауданы Бестерек ауылынан солтүстікке қарай 3 шақырым жерде орналасқан Ақбауыр тауындағы археологиялық ескерткіштерден табылған сенсациялық жаңалықпен таныстырды. Бұл жерде жартас суреттері мен петроглифтері бар алаптарымен атақты Ақбауыр шатқалында Зейнолла Самашев соңғы қола дәуіріндегі және ерте темір дәуіріндегі қоныс қалдықтарын тапты.
Соңғы факт ерекше қызығушылық тудырады, өйткені Қазақстан аумағындағы сақтардың отырықшы қоныстары өте аз зерттелген, ал елдің шығысында бұл алғаш рет ашылып отыр. «Бұл жағдай ежелгі сақ халықтарының экономикасы мен қоғамдық құрылымын жаңаша зерделеу тәсілдерін ашады, өйткені ежелгі дала көшпенділерінің тек көшпенді салт-ғұрпы жайындағы пікір әрдайым басым болатын. Атауы Ақбауыр-1 аталған елді мекеніндегі көп мөлшерде дәнүккіштердің, ою-өрнексіз керамикалардың, қайрақ тастардың, жылқы, қой, ешкі сүйектерінің көп мөлшерде табылуы осы ескерткішті қалдырған адамдар шаруашылығының кешенді сипатын айқын дәлелдейді.
Жұмыс жетекшісі, профессор Зейнолла Самашев айтқандай, бұл ескерткіштің шамамен уақыты б.з.д. XI - IX ғғ», делінген хабарламада. Зейнолла Самашевтың тұжырымдарымен Ресей Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы мемлекеттік институтының археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері (Санкт-Петербург қ.) Николай Боковенко келіседі. Ол Ақбауыр-1 елді мекенінде өте маңызды ғылыми жаңалық жасалғанын атап өтті. «Шығыс Қазақстан аумағында алғаш рет ежелгі сақ қонысы ашылды, бұны қазба жұмыстары кезінде табылған көптеген артефактілер растайды. Әсіресе, ерте сақтардың көшпенді шаруашылығын көрсететін қайрақты тастарды атап өткен жөн. Қола және ерте темір дәуірінің қабаттарын бөлу үшін керамика сипаттамаларын мұқият қарау керек», - деді Николай Боковенко. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан аумағында бірнеше жыл ғана жұмыс істеп келе жатқан Н. А. Боковенко экспедицияның тамаша ұйымдастырылғанын, әлемдік археологиядағы бірегей жаңалықтар ашатын әртүрлі археологиялық ескерткіштерді зерттеуге ғылыми көзқарасты жоғары атап өтті.
Барлық жұмыстар облыс әкімі жетекшілік ететін облыстық археологиялық зерттеулер бағдарламасы аясында өтуде. Табылған заттар аймақтың ерте дәуір сақтары отырықшы өмір салтын жүргізгенін, оларда егіншілік, мал шаруашылығы, металлургия, қолөнер өндірісі қатар дамығанын білдіреді. С. Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттері мен оқытушылары мыңнан астам қыш ыдыстар сынықтары табылды. Бұл материалдар камералдық жағдайда өңделеді. Барлық артефактілер облыстық этнографиялық мұражай қорына беріледі, бірақ университет студенттері Қазақстанның ежелгі тарихының шешілмеген көптеген сұрақтарына жауап табатын осы көрнекті артефактілерді алдын ала зерделеуге үйренетін болады.
Ғалымдардың пікірінше өте перспективалы болғандықтан, ескерткішті қазу жұмыстары келесі жылы жалғасады. Ғылым алдында осы шағын аудан аумағында орналасқан ескерткіштердің әр түрлі түрлерінің мәні мен мағынасын анықтау, типология, классификация, оның ішінде оларды синхрондау міндеттері тұр. Өткен жылдардағыдай аймақ ескерткіштерін зерттеу халықаралық сипатқа ие, оған Ресей Федерациясы, Түркия, Әзербайжан археологтары қатысады.
Ал, мұнда М. Қариевтің жетекшілігімен жұмыстар атқарып жатқан ШҚМУ студенттері жақсы ғылыми тәжірибе алатындары сөзсіз.