Сол күндердің соғып тұр қоңырауы...

Біздің мектеп бітіргенімізге де 40 жыл толып қалыпты-ау! Қайран, өтіп жатқан өмір-ай десеңші…

1979 жылы Түркістан облысы Шардара ауданы Қызылқұм кеңшарындағы Қызылқұм орта мектебін тұңғыш бітіруші 23 түлек, әрқайсымыз әр жаққа ұшып кеттік... Ордалы Оңтүстікте, қасиетті Түркістан өлкесінде, шағалалы да, шағылды Шардара ауданында, Қызыр қонған Қызылдың құмында, тарихы да, суы да терең, сұлу Сырдың бойында өскен желкілдеп тұрған жас құрақ едік. Олардың бәрі қазір еліміздің әр жерінде еңбек етуде. Мен өзімнен бастасам, астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газеті Президенті болып, Алланың аузыма салғанын айтып, жазып, құдайдың берген несібесін теріп жеп келе жатқан жағдайымыз бар... Мектепті алғаш Алтын медальмен бітіруші Дүрия Қанжігітова Жамбыл облысында жақсы дәрігер болып, ел алғысын алып жүр. Озат оқушы болған Сұлушаш Тұрысбекова да Шымкентте денсаулық сақтау саласында қызмет етеді. Уәзір Исақов та елордада ел қатарлы кәсіп етсе, Шалқар Үсіп­беков, Бақыт Сәрсеновтер ауылда жемісті еңбек етуде. Сапаралы Ахметов Қызылқұм ауылында қауымдастық жетекшісі, «Желтоқсан Ақиқаты» қоғамдық ұйымының Түркістан облыстық филиалының төрағасы болып жүр. Қырық жыл бұрын мектептен түлеп ұшқан әр түлек те бүгін әр қияда, әр салада жемісті еңбек етуде. Өмір болған соң осы, кейбір достарымыз, Бақыт Сейданов, Байтуған Жұманов, Бауыржан Мелденов, Шарапат Ақжігітова, Райхан Мекебаевалар о дүниелік те болып кетті. Жатқан жерлері жайлы, имандары салауат болсын! Ұрпақтарына құдай ұзақ ғұмыр бергей! Менің Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Қаз ҰПУ) көркемсурет-графика факультетін 1984 жылы бітіріп, өз ауылым Қызылқұмға мұғалім болып келген кезіме де, биыл 45 жыл болған екен-ау… Мен өзім білім алып, кейін ұстаздық қызмет істеп, алғаш еңбек жолымды бастаған Қызылқұм орта мектебіндегі кезеңім туралы талайдан бері жазып келе жатырмын. Қызылқұмға деген құмның ыстығындай ықыласым мен ойларымды бүгін тағы да қайталауыма тура келіп тұр... Алматыға суретші боламын деп барып, ақын болып қайтқан арынды жастың, 22-ден енді асқан арманшыл жігіттің сол кездегі жалындаған көңілін елес­тете беріңіз. Мен келесі жылы құрылғанына 45 жыл толғалы отырған, қазығын белгілі ел ағасы Батырбай Сейданов қаққан осы Қызылқұм ауылының, осы мектептің тұңғыш түлектерінің бірі, тұңғыш жоғары оқу орнын бітіріп келіп отырған жас маманы едім. Өзім оқыған мектепке келіп, өзімді тәрбиелеп өсірген ұстаздардың қолына түстім. Мектепті өз қолымен құрап, қазіргі дәрежесіне көтеріп кеткен ұлағатты ұстаз, білікті басшы Сүлеймен Тілегеновтың тікелей тәрбиесін көрдік. Қазір өмір мен өнер майданында өрге тартып келе жатсақ, ол ең алдымен осы Сүлекең бастаған ұстаздардың еңбегі деп білемін… Алматыдан арындап келген албырт ақынды ауылдың жағ­дайындағы күнделікті өмірге бейімдеген де осы бір дана да дара ұстаз еді. Астаналық талаппен келген жас маманның өрекпіген көңілін ауыл деңгейіне түсіріп, «Өмір дегеннің бәрі көңілдегідей болмайды және сен оқып келген кітаптағыдай емес…» деп, өз кабинетінде отырып, алғаш ақыл айтқан кезі әлі бүгінгідей көз алдымда… Жарықтық, өте тынымсыз, еңбекқор адам еді… Мектептің әрбір шегесіне дейін сол кісінің қадағалауымен қағылатын. Қай мезгілде болсын, таңғы жетіде қақайып мектептің алдында тұрар еді. Бүкіл бала мен мұғалімдер көз алдынан өтер еді… Әрине, ең соңынан, соғылған қоңыраумен жарысып, асығыс басып, кешегі шәкірті, бүгінгі мектеп мұғалімі, ертеңгі… қазақ­тың ұлы ақыны (Сүлекеңнің көңіл­денгендегі сөзі) Қазыбек Иса өтіп бара жатар еді… Алатаудың салқын баурайын­да, биікте жүріп аңсаған Қы­зыл­құмның кең жазира кеңіс­тігі мен ыстығына орана бастады өлеңіміз. Ауылда жүріп те, Алматы­дағы ақындарға көңілімізді берген жоқпыз. «Сенің орның Алма­тыда, ерте ме, кеш пе, кетуің керек» дегенді ауылдықтардан бұрын Сүлекең жиі айтатын өз мұғаліміне… Жатқан жері жайлы болсын, жарықтықтың… Әлі есімде, Алматыдағы ақын-жазушылар жиындарынан (ол кезде жиі болатын) қалдыр­май жіберіп тұратын ағайы­мыз. Мектеп комсомол комитеті секретарының Алматыдағы ақындар бәйгесіне қатысуына сол кездегі Шардара аудандық комсомол комитетінің басшысы, бүгінгі елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбішев те игі ықпалын тигізіп жататын… Сондай дүбірлі додаларда дүрілдеп кетіп, ауыл бары еске түскенде кешігіп келіп, кінәлы болып қалған кездерде Сүлеймен ағайымыз: «Ақмарал мен Айман бар, не қам бар», деп жүргенсің ғой, дуылдап…» – деп зілсіз ұрсып алар еді. Сол 1990 жылғы өзім класс жетекшісі болған түлектерімнің көбісі Алматыға кетті. «Әй, бір күні кетесің ғой» деп ағай айтқандай, арттарынан мен де кеттім… Жүрдім, жүрдім, жүрдім де, Кетіп қалдым бір күнде… Немкеттілеу ағайын, Неге кеттім, білдің бе?.. Сөз жүгіртіп әр саққа, Ілінсем де қанша атқа… Жырды жығып бермедім, Мыңды жыққан мансапқа… Қызылқұмның қуатын, Бойға жинап бір ақын, Алматыға аттанды, Алладан деп рахым… Сыздауын-ай жараның, Сызданып-ақ бағамын… Жамырап-ақ келіп ем, Жалғыз кетіп барамын, Жалғыз кетіп барамын… Дүбірі көп мынадай, Бұлдыр күндер бұлағай, Шылбырымды шарт үздім, Жылқы жылы шыдамай… Мектепке Сүлеймен Тілегенов­тан кейін Әбдіәшім Момынов директорлық етті. Ұлбала Жортанова біраз жыл Сүлекең салған сара жолды жақсы жалғастырып, мектеп түлегі Марат Байыровқа табыстап кеткен болатын. Мектепті біраз белеске көтеріп кеткен Мараттан кейін осы мектептің тағы бір түлегі, қазақ күресінен мықты спортшы Нұрлан Сазанбаев басқаруда қазір. Нұрланға да мектепті баяғы Сүлекең кезіндегі биікке шығарып, бүгінгі заман жетістіктеріне сай ету басты мақсат болу керек. Жаңа ғасыр – білім ғасыры екені, ел болашағы білімді де, білікті жастарда екені үнемі басты назарда болу ләзім. Биыл 1979 жылғы мектеп біті­рушілерге – тұңғыш түлек­тері бізге 40 жыл болады. Біз, түлектер, 2019 жылдың 25 мамырында соңғы қоңырауды тәтті сыңғырып тағы бір тыңдап, алтын ұя – мектебімізде бәріміз кездессек деген ақ ниетіміз бар. Өзіміз он жыл білім алған мектеп­тің бүгіндегі түрлі кабинеттеріне кіріп, парталарымызға отырып, ұстаздар дәрісін тағы бір тыңдасақ дейміз. Қасиетті Рамазан айында Алла сол тілегімізге жетуге нәсіп етсін! Балалығым алыстап қалды-ау менің, Бал күндерім қияға самғау ма едің? Жүйке бұзар тірліктен жүдегенде, Сен есіме түсесің, Балдәуренім. Барлық істі бір сәтке доғарайық, Балалықты ұмыту болар айып. Сол күндердің соғып тұр қоңырауы, Алтын ұя мектепке оралайық.

2019 жыл, 16 мамыр

КЕЗДЕСЕЙІК Балалығым алыстап қалды-ау менің, Бал күндерім қияға самғау ма едің?.. Жүйке бұзар тірліктен жүдегенде, Сен есіме түсесің балдәуренім. Емін-еркін есепті шығаратын, Көшіргім кеп отырса, ұға алатын – Ерке қыз-ау, баяғы күйімізше, Ұстаздардың тыңдайық ұлағатын. Сақта мәңгі, балалық кезді есіңде, Зымыраған уақыт тез көшуде. Көп жыл өтті, бәріміз оралайық, Алтын ұя – мектепке кездесуге. Күйбеңдіктен қашып жүр маза бүгін, Жүрегіңнің жарасын жазады кім? Оралғанмен мектепке, оралар ма, Қайран менің кіршіксіз тазалығым… Шаттығымның шарасы шайқалмаған, Сол күндері құдай-ау, қайтар маған. Ерке қызға енді айтып керегі не, Баяғы бір сырыңды айта алмаған. Әрбір бала – боп кеттік әр үй бүгін, Кездеспесек бір-бірін таниды кім? Бітпейтұғын тірлікті жиып қойғын, Бір сәт еске түссінші сәбилігің. Сақта, мәңгі балалық кезде есіңде, Зымыраған уақыт тез көшуде. Мына жалған тірлікте жайың болмай, Жүрсең-дағы келші бір кездесуге. Алушы ең ғой сабақтың ұғып бәрін, Қиялдағыш кезіңді ұмытпағын. Көңіл – шыны, қирайтын кездері көп. Құрап алып қайтайық сынықтарын. Бүгін басқа, беу құрбым, кешегіден, Мәселелер түйінін шешеді кем.. Бұл тірліктің есебі күрделі екен, Оқушының ең қиын есебінен. Шебер едік қиялға шетімізден, Қайтпаушы едік бір алған бетімізден. Бұл өмірдің қиыны, қателессек, Құтылмайды екенбіз «екімізбен». Мәнді, мәнсіз өтуде тез күндерім, Ащы-тәтті тірліктің сездім көбін. Көктем едік, тек қана көктем едік, Өтудеміз өмірдің мезгілдерін… Өмір жолын ойлаушы – ек тіке деп те, Ұшырады ұқсасақ үпелекке… Көктем едік, бәріміз гүл едік-ау, Кетпейікші айналып тікенекке. Барлық істі бір сәтке доғарайық, Балалықты ұмыту болар айып. Сол күндердің соғып тұр қоңырауы, Алтын ұя мектепке оралайық! 1989 жыл    

             

Қазыбек ИСА, Қызылқұм орта мектебінің 1979 жылғы түлегі. Ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты , Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың иегері, ЮНЕСКО Әлемдік өнер және мәдениет академиясы академигі

qazaquni.kz