Геноцид: Мьянмада үкіметтік күш 500-ге жуық мұсылманды қырып тастады (ФОТО)
2017 ж. 03 қыркүйек
8918
7
Мьянмада үкіметтік күш пен мұсылмандар арасындағы қақтығыс кесірінен 400-ден астам адам қаза тапты.
Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасап stan.kz хабарлайды.
Жергілікті билік мәліметінше, Ракхайн штатында “рохиндж әскерлері” бірнеше полиция бекеті мен армиялық казармаларға шабуыл жасаған. 25 тамыздан бері 90 қақтығыс болып, 370 содырдың көзі жойылған.
Үкіметтік күштер арасынан 15 адам көз жұмды. Қақтығыстан қашқан 27 мыңнан астам босқын-рохинджар Бангладеш шекарасынан кесіп өтіп кеткен. Олардың арасында қырық шақты адам Наф өзенін кесіп өту кезінде қайтыс болған. Көпшілігі әйелдер мен балалар.
Рохинджа – олар Араканға қоныстанған этникалық бенгалдық мұсылмандар. Олардың көпшілігі қазіргі кезде Ракхайн штатында тұрады, алайда біразы Мьянма азаматтығына ие. Ресми билік пен буддалық сенімдегілер рохинджаларды Бангладештен келген мигранттар деп есептейді екен.
Рохинджалар мен аракандықтар арасындағы дау – бұрыннан келе жатқан ескі дау.
Түркия президенті Тайып Ердоған Мьянмадағы оқиғаны “мұсылман геноциді” деп атады.
“Бұл геноцидке көз жұма қарағандар, солардың сыбайласы. Аракандағы бұл адамдарды еш маңызсыз деп санайтын әлемдік БАҚ-тар да осы қылмысқа қатысты болып саналады”, – дейді Ердоған.
“Сондай-ақ, мен БҰҰ бас хатшысымен телефон арқылы сөйлестім. 19 қыркүйектен бастап БҰҰ қауіпсіздік кеңесі осы мәселе бойынша отырыстар өткізе бастайды. Әлемдік қауымдастыққа осы мәселені лайықты түрде жеткізу үшін Түркия барлық мүмкіндікті жасайды. Басқалар үндемей қалған күннің өзінде, Түркия айтады”, – деді Ердоған.