«National Geographic» ұсынған 50 үздік сурет Жетісу жерінде
2017 ж. 11 тамыз
2580
0
Талдықорған қаласында «National Geographic» ұсынған үздік 50 сурет» тақырыбында ұйымдастырылған фотокөрме өз жұмысына кірісті. Аталмыш көрме көрсетілімдерін өңірлер ішінен бірінші болып Жетісу жерінен бастады. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз-конференциясында айтылды.
Шараға Облыстық Ішкі саясат пен Туризм басқарма басшылары, «National Geographic Қазақстан» журналының өкілдері мен осы кездесуге арнайы Қытайдан шақыртылған белгілі фотограф Екпін Хасенжан қатысты.
Оқушылар сарайында бір айға жалғасатын фотокөрмеде 128 жылдық тарихы бар суреттердің ішінен ең үздік 50 сурет іріктелініп алынды. Онда Стив Маккарридың дүниені шарлаған әйгілі «Ауған қызы» суретінен бастап, Джейн Гудоллдың таңғажайып кадрлары, Томас Аберкромбидің 1965 жылы түсірілген Мекке көрінісі және «National Geographic» тарихындағы басқа да танымал фототуындылар паш етілді.
«Көрмедегі мақтанышпен айта алатын суреттер өте көп. Соның бірі Эмори Кристоф тірілткен Титаникті 10 000 ваттық жарықпен 4022 метр тереңдікте түсірілген суреті. Бұл сурет барлық ұлы істерге бастау бола білді. Себебі, осы бір тамаша туындыдан кейін Титаник тарихы қайта зерттеліп, әйгілі «Титаник» фильмі түсірілді», - деді "National Geographic" журналының жауапты редакторы Әділханов Мақсат.
Шара соңында «National Geographic Қазақстан» журналының қызметкерлері Алматы облысының ең көрікті жерлеріне экспедицияға аттанады. Олар Әулие ағаш, Шарын каньондары, Көлсай көлдері, Қайыңды көлі, Торайғыр тауы, Есік қорғаны, Таңбалы мемориялдық кешені секілді тарихи-мәдени орындар.
qazaquni.kz