ӘР ҚАЗАҚ КӨРУІ ТИІС ӘЛЕМДІК КӨРМЕДЕГІ ҮШ КҮН (фото)
2017 ж. 06 тамыз
8560
42
ЭКСПО дегенді қазақ 1925 жылы Париждегі халықаралық көрмеге қатысқан ән дүлдүлі Әміренің әсем ән - Ақан серінің «Балхадишасымен» әйгілі жазушы Ромен Ролланнан бастап, барлық тыңдармандарды балқытып жіберген кезінен бері естіген шығар. Әміре осы жолы Парижде жүрген біртуар тұлғамыз Мұстафа Шоқаймен кездескенін білеміз. Талай халықаралық көрме өткізген Парижде 1889 жылғы ЭКСПО-ға арналып әлемге әйгілі Эйфель мұнарасы салынған болатын.
Әміренің бүгінгі ізбасары Димаш Құдайбергенге әнді өз елінде, Тәуелсіз Қазақстанның Астанасында өтіп жатқан ЭКСПО-2017-де шырқау бұйырған екен! Әр елден арнайы келген тыңдармандары бар 30 мың адам жас дүлдүл Димаштың саф өнеріне сатырлай қол соқты. Ал Астананың ажарын арттырған алып әсем шар – ЭКСПО-ның сферасы «Нұр Әлем» елорда төрінде ерекше жарқырап тұр. Құдайға мың да бір шүкір дейік.
Жалпы, алғашқы дүниежүзілік ЭКСПО 1851 жылы мамыр-қыркүйек айларында Лондонда өткен екен. Оны Ұлыбританияның патшайымы ІІ Елизаветаның бабасы Альберт ханзада ұйымдастырыпты. Гайд-парктағы Хрусталь сарайы сол кезде бой көтеріпті.
Көрмені 5 айдың ішінде 6 миллион көрермен көріпті - сол кезде Лондон тұрғындары 3 миллион... ғана екен.... Табысы керемет болып, 186 мың фунт стерлинг түсіпті. Бұл қаржы барлық шығындарды жауып, оның үстінде белгілі Виктория мен Альберт мұражайлары бастаған бірнеше мұражай салуға жетіпті.
166 жыл тарихы бар ЭКСПО-ны үш кезеңге бөлуге болады: өндірісті кезең (1851-1938), мәдени байланыстар кезеңі (1939-1987), ұлттық брендинг кезеңі (1988-қазіргі күнге дейін).
Біз де Астананы аптабы қуырып тұрған шіліңгір шілденің қайнаған ортасы 15-16-сы, сенбі-жексенбі күндерін ЭКСПО-ны аралауға арнадық. Бастамашы – Су комитетінің төрағасы Ислам Әбішев. Ағамызды демалыс күні ғана ұстаймын ғой деп, бір шаруамен сенбі күні таңертең жұмысына бара қалғанмын. Қашандағыдай Исекеңнің сенбісі де қайнаған жұмыс – кабинетінен адам үзілер емес. Босаған сәтін күтіп тұрғанда, өзі шыға келді, қолында портфелі. Амандаспай жатып, алғашқы сұрағы: «ЭКСПО-ға бардың ба?» болды. «Жоқ, реті келмей жатыр» деп едім, «Алда жүруі тиіс ақындар, сендер бармағанда кім барады? Кеттік, өзім ертіп барамын» -деді. Жолда тағы үш інімізді шақырып алды.
Сонымен, бүкіл әлем көз тіккен, Тәуелсіз Қазақстан үшін ерекше тарихи оқиға – ЭКСПО қалашығына аяқ бастық. Елдің қарасы мол екен, кассада шұбатылған кезек. Елдің көптігін көріп, Исекең қуанып қалды. Екеуміз кезекте тұрмыз. Елмен бірге кезегіміз жеткенде, Исекеңнің өзі билет алып, бастап жүрді.
Аспанмен астасқан алып шардың етегінен қарағанда да, 8 қабатты ішін аралағанда да, ерекше әсер етеді екен!
-Бұндай әлемдік көрме енді Қазақстанда бола ма, болмай ма, келгеніміз қандай жақсы болды! Отбасымен келіп, бала-шағаға көрсету керек екен, - дедім әсерленіп.
-Е-е, енді мына сөзің дұрыс болды! Шынында бұл еліміздің халықаралық аренадағы рөлі үшін зор жетістік! ТМД елдерінен де ең бірінші біз өткізіп жатырмыз. Қазіргі шыққан шығындар ертең әлем алдындағы ел абыройымен, мына қаптап келіп жатқан көрермендердің арқасында жабылады. Мынау алып ғимараттар да өзімізде қалады, ел игілігіне жаратылады,-деп Исекең сөзін нықтап қойды.
«Ана жылы Астананы басқарып отырған Иманғали Тасмағамбетов қаншама ел қатысқан халықаралық байқауда ЭКСПО өткізу құқын Қазақстанның жеңіп алғанын хабарлағанда, ең алдымен әкімді журналистер, біз құттықтағанбыз» деп, мен де бұл әлемдік көрмені өткізу барысынан әу бастан хабарым бар екенін білдіріп қойдым.
Сенбі күнгі бір күніміз тек 8 қабаттық алып шар-сфера – Қазақстанның ұлттық павилоны «Нұр Әлемді» аралауға кетті. Болашақтың энергиясын болжаған неше түрлі үздік ғылыми жобаларды көзіңмен көріп, қолыңмен ұстағанда еліміздің ертеңіне үлкен үміт оянады. Қазақстанның энергиялық ресурстарын көрсетететін алып көрмесі өзге елдермен салыстырғанда өз алдына бір төбе. Дүниежүзілік осындай дүбірлі алып көрмені айшықты етіп өткізіп отырған өз елің екеніне кеудеңде қуаныш ұялайды. Бір қабырғада ЭКСПО тарихы бейнеленіпті. ЭКСПО-ға тұңғыш қатысқан қазақ әнші Әміре Қашаубайұлының аты жазылып, әні орындалып тұр.
Ертеңіне жексенбі күні Исекең тағы да кешегі құрамды өзі әрқайсымызға телефон соғып отырып, жинап алды. Бұл күні кешкі 9-ға дейін Мысыр, Үндістан, Испания, Сербия, Ресей, Украина, Белоруссия, Орта Азия елдері, Африка елдері бар, барлығы 43 елдің павилонын аралап шықтық. Сербия павилонында әлемге әйгілі инженер-ғалым, электр энергиясы саласында керемет жетістіктерге жеткен Тесло туралы тағылымды анимациялық фильмді көрдік.
Өзбекстанның электромобильді және басқа да автомобилдерін көріп тамашаладық. Украинаның электр техникаларын, Белоруссияның ауылшаруашылық, көлік техникаларына риза болдық. Мысырда, Үндістанда, Африка елдері павилонындағы сауда алаңдарын тамашалаған адамдар толып жүр.
Дүйсенбі күні Ислам Әбішев бізді жұмыстан соң жинап алып, тағы да ЭКСПО-ға алып барды. Жұмыс күні болса да, бұл күні де адамдар аз емес екен. Кассадағы билет сатушысы бізге көрме павилондары екі сағаттан кейін кешкі 9-да жабылатынын ескертуді ұмытпады.
Иә, көрме тоғызда біткенімен, түнімен ЭКСПО қалашығы «Мың бір түн» ертегісіндегі шаһарлардай қызыл-жасыл әсем жарықтарымен жаныңды жаулап алып, түрлі шаралармен, өнер жұлдыздары қатысқан концерттермен көңіліңізді көтере біледі.
Бұл күні Әзірбайжан, Армения, Сауд Арабиясы бастаған 9 елді аралап үлгердік.
Барлық дерлік елдің павилондары жазбалары қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жазылған.
Өз еріктерімен келушілерге тегін қызмет ететін волонтерлар - жап-жас қазақ жігіттері мен қыздары барлық жерде жол көрсетіп тұр. Қазақ тілінде сөйлейді бәрі. Ағылшынша сөйлеген шетелдіктерге де ағылшынша жауап беруде. Көрме ішінде де таныстырушылар осылай қай тілде болса да жауап беруде. Еріктілердің ішінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің қызы да бір ай қызмет көрсеткенін баспасөзден оқығанымды айтып едім, Исекең қатты риза болып қалды.
Ислам Әлмаханұлының ЭКСПО өзін ақтауы керек деген сөзінің жаны бар секілді. Өйткені ЭКСПО-ның жетекшілері үш айдың ішінде кемінде екі миллион адам келеді деп жоспарлаған болса, екі айдың өзінде, кеше ғана 4-ші тамыз күні 2 миллионыншы адам тіркелді. Ол Оралдан келген кәсіпкер Ғайса Жұмалиев. 2 миллионыншы көрермен 4 тамыз күні кешкі 20 сағат 21 минута батыстағы есіктен кіріпті.
«Астана ЭКСПО -2017» АҚ төрағасы Ахметжан Есімов: «Біз үшін бүгін ерекше күн! Біздің алдымызда кемінде екі миллион көрермен жинау мақсаты тұрды. Біз ол межеге міне, бүгін жетіп алдық! Алдымызда әлі бір ай бар. Ендеше, жоспарды алдын ала орындағанымыз, біздің бәрін дұрыс атқарып келе жатқанымызды білдіреді.
ЭКСПО – зор күш пен қыруар қаржы жұмсалған өте үлкен жоба!»-деп мәлімдеді.
Баяғыдан қалған әдет, ауылда той болса, кәрі-жас демей, тайлы-таяғы қалмай бәрі баратын. Сондықтан да, "Той дегенде қу бас домалайды" деп қазақ тегін айтпаған. Ал ЭКСПО еліміз өткізіп отырған, дүниежүзіне дүбірі естіліп жатқан ең үлкен тойымыз. Ендеше, бюджет қызметкерлері бұл тойдан қалмайтыны белгілі болып отыр, ал жағдайы нашар жандарды қайтеміз? Тойдан қалған кәрінің не баланың көңілі жарым болып қалады емес пе? Әр өңірдің өз кәсіпкерлері, өз мықтылары бар. Қазірдің өзінде жүздеген адамдарды Астанаға ЭКСПО-ны тамашалауға жіберіп, игілік жасап жатқан иманды кәсіпкерлерді есітіп, риза болып жатырмыз. Осы үлгіні көпке өнеге етіп, өрісін аша беруіміз керек. "Абылайдың асында шаппағанда" деген қанатты сөзді қарқындап айтатын кез келіп тұр дәл қазір!
Әр қазақ көруі тиіс әлемдік көрмені көруден кеш қалмаңыздар!
Енді бір-ақ ай қалды!..
Ертең елге «Біз ЭКСПОНЫ көргенбіз» деп айта алғанға не жетсін, ағайын!
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz