Қазақстандықтар Қадір түнін қалай қарсы алды? (фото)
2016 ж. 03 шілде
5273
0
Бірінші шілде — Рамазан айының 26-сынан 27-іне қараған түні, яғни, Қадір түні. Қасиетті Қадір түнін қазақстандықтар қалай қарсы алғанын "Отырар" сайты жазды.
Қадір түні – Рамазан айының ішіндегі қадірлі түн. Бріақ, нақты қай түні екені белгісіз. Ислам ғұламаларының мәліметі бойынша, қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінде жасырылған. Қасиетімен зор мағынаға ие түнде алғаш рет Құран сүрелері жерге түсірілген. Сондықтан, мейілінше дұға етіп, құлшылықпен өткізген абзал.
Қасиетті түнде жасалынған бір құлшылығымыз 83 жыл жасалынған мінәжәттің сауабына татиды. Сондай-ақ, бұл кезде түнімен ұйықтамай дұға ету міндет емес дейді имамдар. Әркім өз шамасына қарай ниет етеді. Ал, бұл түнді қарсы алуда көпшіліктің пікірі әртүрлі.
Қасиетті Қадір түні қарсаңында Шымкенттегі Сіргелі баба мешітінде әдеттегідей Құран оқу жарысы өтті. Сайысқа қаламыздың барлық мешіттерінде діни дәріс алып жүрген, мектеп жасындағы 50-ден астам шәкірт қатысты.
Киелі кітап сүрелерін жатқа айту сауапты амалдардан екені бесенеден белгілі. Сондықтан болар, жас өрендер Құран жаттауды әдетке айналдырған. Айта кетейік, облыста 256 сауат ашу курсы жұмыс істейді. Оған қатысып, дәріс алу тегін.
Ал Жамбыл облысында Қадір түніне орай қайырымдылық науқаны өтті деп хабарлайды muftyat.kz.
Аталмыш науқанда әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы, мұқтаж жандарға ет үлестірілді. Бұл іс-шарада 150 отбасыға көмек көрсетілді. Науқан барысында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Данияр қажы Жұмабаев көпшілікке Ораза айы туралы және қадір түні туралы сүбелі сөз сөйледі.
Қайырымдылық нысаны болған жанұялар қасиетті қадір түніне арналған қайырымды іс-шара үшін мешіт әкімшілігіне алғыстарын білдірді.
«Әзірет Сұлтан» мешітінде Құран Кәрім хатым батасы жасалды. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мешітке келген мыңдаған жамағатпен бірге еліміз бен жеріміздің амандығын тілеп, қасиетті Қадір түнінде бата жасады.
Бұдан соң «Әзірет Сұлтан» мешітінің жамағатын қасиетті Рамазан айында әсерлі қырағатымен ұйытып, тарауих намазына имамдық еткен қариларға құрмет көрсетілді. ҚМДБ-ның наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы мешітке жиналған жамағатқа қариларымызды қысқаша таныстырып өтіп, өз алғысын білдірді. Бұдан соң қазақы дәстүрімізге сай қариларымызға шапан жабылып, арнайы «Алғыс хат» табыс етілді.
Орталық Азия бойынша теңдесі жоқ алып мешіттің ішінде ине шаншарлық орын табу қиын болды. Қадірі мың айдан да қайырлы деп Құран Кәрімде баяндалған Қадір түнін құлшылық ордасына келіп, құлшылықпен өткізгісі келген жамағаттың санына жету қиын. Жамағат санының жылдан-жылға артуына байланысты былтырғы жылдан бастап мешіт сыртына LED экрандар қойылып, құлшылық ордасына сыймаған жандар іштегі оқиғаға сол жерден тамашалап келеді.
«Әзірет Сұлтан» мешітіне келген жамағатқа мешіт мінберінен таң рауандап атқанға дейін уағыз жұмыстары жүргізілді. Нәпіл намаздар оқылып, жамағатпен бірге дұға жасалды. Сондай-ақ, Қадір түні жасалатын құлшылық-ғибадаттар мен пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде келген дұғалар жазылған парақшалар да таратылған болатын. Осылайша, Қадір түнін мейлінше сауапқа толы өткізгісі келген жандар үшін барынша жағдай жасалынған.