"Жарқын болашақ" - қазақ тілі мен мәдениетінің болашағы! (фото)
2016 ж. 01 мамыр
5721
1
«Жарқын болашақ» кеше Астанада осындай атаумен Халықаралық тіл және мәдениет фестивалі өтті. Бұл фестивалді - «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры осы уақытқа дейін республикалық қазақ тілі олимпиадасы ретінде ұйымдастырып келді.
Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына және 1 мамыр Қазақстан бірлігі күніне орай ҚР Білім және ғылым министрлігі және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге әлемнің 25 мемлекетінен жасөспірімдерді шақырып, айтулы мерекеге тарту ретінде «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасын халықаралық деңгейде өткізді.
Халықаралық олимпиадаға шетелдегі нақтырақ айтсақ Моңғолиядағы, Қырғызстандағы, Өзбекстандағы және Алтай Республикасынан келген қазақ қандастарымыз қатысты. Осы арқылы оларға ата-бабаларының кіндік қаны тамған жерінің әсемдігін көрсетіп, олардың елжандылық сезімдерінің оянуына мүмкіндік беру болды. Сайыс қорытындысы бойынша бес бағыт бойынша жеңімпаздар анықталып, «Әнші бұлбұлдар» бағыты бойынша бірінші орын иеленген Моңғолиядан келген Қатыренқыз Алтынайға Сулейман Демирел университетінің білім гранты табысталды. Ал Абзал Жаңабаев пен Дина Мурашева да аталмыш білім ордасының шәкірттері атанатын болады. Шетелден келген қандасымызға осылайша өз ата жұртында білім алуына қолдау көрсетілді.
Ал, осы Халықаралық «Жарқын болашақ» тіл және мәдениет фестивалінің жабылу салтанатында әлемнің 25 елінен келген жас өрендер Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тарту ретінде өз өнерлерін көрсетті. Олардың арасында әсіресе, Сенегалдан келген қарындасымыздың «Үш қоңыр» әнін орындауы, Угандадан келген қара домалақтың Ибрагим Ескендір және Абзал Жаңабай бауырымызбен бірге «Қазағым» әнін айтқаны көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Бір айта кетерлігі осы Халықаралық шара республикамыз үшін ең маңызды «ЭКСПО-2017» ұлттық жобасын әлемге танытуға жақсы мүмкіндік болды. Өйткені, қонақтарымыз келген күннен бастап Елордамыз Астананы тамашалап жүр. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрінің қабылдауында болып, Қазмедиа орталығын, Ұлттық музейді, Астана телеарасының редакциясын, Бәйтеректі, Ханшатырын және тағы басқа жерлерді аралады.
Жалпы «Жарқын болашақ» олимпиадасын өткізудегі басты мақсат – қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, дамыту, дарынды өрендерді анықтау.
Бұл олимпиадаға оқыту тіліне қарамастан, мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың арасында еліміздің барлық облыстарынан келген қазақ тілі мен әдебиеті бойынша 7-11 сынып оқушылары 5 бағыт бойынша («Тілші-әдебиетшілер», «Жас ғалымдар», «Жазушылар», «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар») білімін сарапқа салды.
«Жарқын болашақ» олимпиадасы 2008 бері, қазірге дейін 7 рет республикалық деңгейде ұйымдастырылды, жыл сайын оған 1000-нан астам мектеп пен 5000-нан астам оқушылар қатысуда, олардың 118-не алдыңғы қатарлы ЖОО-да білім алуларына мүмкіндік беретін білім гранттары табысталды.
Бұл дәстүрлі сайысқа ҚР Білім және ғылым министрлігі, Сенат депутаттары, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Тіл комитеті, Облыс әкімдері, Облыстық Білім басқармалары, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар және атақты әншілер барынша қолдау көрсетуде.
Халықаралық «Жарқын болашақ» тіл және мәдениет фестивалі бұл:
Бірлік пен бейбітшілік бастауы
Тіл мен мәдениет мерекесі
Ұлттар мен ұлыстардың достығы
Әлем халықтарын біріктірген ортақ құндылықтар
Сахна мен сана сыйластығы
Төрткүл дүниені мәдени сабақтастыққа үндеу
Жаһанның жылы жүздері
Ғаламдық құндылықтар!
Биылғы фестивальдің қорытындысы бойынша бақ сынаған оқушылардың 42-не еліміздің түрлі университеттері білім гранттарын берді. Алдағы жылдары аталмыш грант иегерлері қазақстандық ЖОО-да білім алатын болады. Соның ішінде Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Тараз мемлекеттік университет, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік униреситеті, Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті т.б. білім ошақтары бар. Осы орайда Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 грант ұсынған Сүлеймен Демирел атындағы білім ордасын ерекше атауға болады.
Ержан Жаубай
qazaquni.kz