Қазақстандағы атышулы 10 ірі сотталушы
2015 ж. 14 желтоқсан
6669
3
1. Әкежан Қажыгелдин, Қазақстанның премьер-министрі. 1994-1997 жылдар
2001 жылдың 6 қыркүйегінде үкіметтің экс-басшысы Әкежан Қажыгелдин Астана қаласы сотының шешімімен мүлкі тәркілене отырып 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол билігін асыра пайдалану, бопсалау, пара алу, қаруды заңсыз алу, сақтау және өзгеге табыстау, салықты төлеуден жалтару баптары бойынша кінәлі деп танылды. Астана өтініші бойынша, Қажыгелдин екі рет Интерполмен құрықталып, кейін бостандыққа жіберілген.
Қазіргі уақытта Қажыгелдин АҚШ-та тұрады. Орталық Азия елдеріндегі демократия ахуалы бойынша Конгресс тыңдалымдарына қатысып жүреді.
2. Рахат Әлиев, Қазақстанның Австриядағы төтенше және өкілетті елшісі. 2007 жыл
2008 жылдың 15 қаңтарында Алматы қаласы Алмалы ауданының соты Әлиевті “Нұрбанк” топ-менеджерлерін ұрлағаны және рейдерлік жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Ол мүлкі тәркілене отырып, 20 жылға қатаң режимдегі колонияда бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтен 3 жылға аластату үкімі шығарылған.
2008 жылдың наурызында Ақмола гарнизонының әскери соты оны 20 жылға бас бостандығынан айыру шешімін шығарды. Сот Әлиевті билікті күштеп иелену және өзге де әскери қылмыстар үшін кінәлі деп тапқан.
Әлиев Австрияда ізін жасырып үлгерді. Кейін қаза болған банк қызметкерлерінің туысқандары Австрия сотына жүгініп, оның жазалануын талап етеді. Алайда австриялық тарап бұл арызды қанағаттандырмайды.
2014 жылдың соңында Вена прокуратурасы Әлиевке адам өлімін ұйымдастырды деген айып тағады. Әлиев өз еркімен австриялық полицейлерге беріліп, сот ісінің басталуын Венаның Йозефштадт ауданындағы түрмесінде күтеді.
2015 жылдың 24 қарашасында Рахат Әлиев түрме камерасының жуыну бөлмесінде асылған күйде табылды. Австрияның Әділет министрлігі өзіне қол жұмсау фактісін ресми түрде растады.
3. Абылай Мырзахметов, Қазақстанның көлік және коммуникация министрі. 2001-2002 жылдар
2003 жылдың 7 мамырында Қазақстанның жоғарғы соты Абылай Мырзахметовті мүлкін тәркілей отырып, шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар ол 2 жылға басшылық қызметтен аластатылады. Көлік және коммуникация экс-министрі қылмыстық топқа басшылық еткені үшін және 3 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған.
Мырзахметовпен бірге сот жауапкершілігіне тағы 9 адам тартылған. Сот ісі жарты жылға дейін созылып, қылмыстық істің материалдары 120 томды құраған. Үкімді жариялау 4 сағат уақытты алған болатын. Тергеу барысында сот Мырзахметовтің «Қазақстан темір жолын» техникалық қамсыздандыру мәселесінде өз қызметтік бабын пайдаланып, мемлекет бюджетін жымқырғанын анықтады. Ол тендер жариялауға дейін жалған фирмалардың құрылуына себепкер болған. Онда тауарлардың құны әдейі жоғары етіп көрсетіліп отырған. Мемлекеттік айыптаушы соттан Мырзахметовті мүлкін тәркілей отырып 10 жылға қатаң режимдегі колонияда бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұраған.
Дегенмен 2005 жылдың наурызында ол Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы одағының төрағасы болып тағайындалады. 2007-2013 жылдары Қазақстанның Ұлттық экономикалық «Атамекен» одағы палатасының басқарма мүшесі атанады. 2013 жылы Мырзахметов Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы қызметіне отырады. Ол бүгінгі күнге дейін осы қызметін жалғастырып келеді.
4. Серік Баймағанбетов, Қазақстанның Ішкі істер министрі (2009-2011), Кедендік бақылау комитетінің төрағасы (2011-2012)
Баймағанбетов 2013 жылдың 8 қаңтарында қызметін асыра пайдаланып, ірі сомада пара алғаны үшін кінәлі деп табылды. Сот оның мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға қатаң режимдегі колонияда бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
2014 жылдың 9 қыркүйегіндегі президент үкімімен Серік Баймағамбетовке кешірім беріліп, жазасын 5 жыл ғана өтеу шешімі шығарылады. 2015 жылдың 19 ақпанында Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының соты үкім шығарып, Баймағамбетов шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.
5. Жақсылық Досқалиев, Қазақстанның денсаулық сақтау министрі, (2001-2004; 2008-2010 жылдар)
2011 жылдың 5 тамызында қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот Досқалиевті 7 жылға бас бостандығынан айырып, қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеу туралы үкім шығарды. Ол қызметтік бабын асыра пайдаланғаны, ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Үкім шығарар кезде сот оның жасы келгенін, алғаш рет істі болуын және отандық медицинаға қосқан үлесін ескерді. Оның 27 407 854,56 теңгесі, 449 358,95 доллары және 2 005,45 еуросы, сонымен қатар Астанадағы үш пәтері мен жер телімі тәркіленді.
2012 жылдың қаңтарында президент үкімімен Досқалиевке кешірім беріліп, жазасын өтеу мерзімі 7 жылдан екі жылға қысқартылды.
2012 жылдың 29 қарашасында Астана қаласының соты Досқалиевті шартты түрде мерзімінен бұрын бостау шешімін шығарды. 2012 жылдың 16 наурызында Жақсылық Досқалиев бостандыққа шықты.
2013 жылдан бастап Республикалық трансплантация орталығын басқарады.
6. Нұрлан Ысқақов, Қоршаған ортаны қорғау министрі, (2006-2009 жылдар)
Ысқақов 2009 жылдың наурызында қамауға алынған. Екі орынбасарымен бірге бюджеттен млрд теңгеден астам қаражат жымқырды деп айыпталынды. Бастапқыда министр ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп те айыпталған. Алайда сотта бұл айып алынып тасталды. 2009 жылдың 16 қазанында Астананың Есіл аудандық соты Нұрлан Ысқақовты 4 жылға бас бостандығынан айырды. Ал оның орынбасарлары шартты түрде қамауға алынды. Екі жылдан кейін экс-министр бостандыққа шықты.
7. Жақсыбек Күлекеев, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті, (2007 жыл)
Күлекеев 2008 жылдың 1 сәуірінде қаржы полициясының қызметкерлерімен қамауға алынды. Оның көлігінде ақша салынған және микрофон жасырылған портфель табылды. Алайда сот ісі барысында Күлекеевке тағылған негізгі айып – 100 мың доллар көлемінде пара алу болатын. Алайда ол ақталып шықты.
2008 жылдың 13 қарашасында Астананың Сарыарқа соты Жақсылық Күлекеевті «ҚТЖ» президенті ретінде қызметтік бабын асыра пайдаланғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырды. Ол үш эпизод бойынша кінәлі деп танылды: өз көлігін көтерілген бағамен өзі басқарған компанияға сату, қауіпсіздік қызметін жеке мақсаттары үшін пайдалану, мемлекеттік тапсырыс бойынша тендер нәтижелерін өз мүддесіне пайдалану.
2009 жылдың 20 қазанында Алматы қаласы №2 Жетісу аудандық сотымен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.
2010 жылдың 18 қаңтарынан бастап Қазақ мұнай және газ институтының басқарушы директоры.
8. Анар Мешімбаева, Қазақстан Статистика агенттігінің төрайымы, (2007-2009 жылдар)
Ол 2009 жылы бюджет қаржысыннан 700 млн теңге жымқырды деген айып тағылғаннан кейін асығыс Қазақстаннан ізін суытқан. Түркия, БАӘ және Ресейде жасырынып жүрген. 2013 жылдың қыркүйегінде Мәскеуде құрықталып, 2014 жылы 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Сонымен қатар 5 жылға мемлекеттік қызметтен аластатылады және Статистика агенттігіне келтірген 500 млн теңге залалын өтеуге міндеттеледі.
9. Нұрлан Жоламанов, 2013 жылы генерал-лейтенант, Шекара қызметінің экс-директоры
2014 жылдың 27 қазанында ҰҚК баспасөз қызметі Жоламановты қызметтік мансабын пайдалана отырып, аса ірі көлемде пара алды деген айыппен қамауға алғандарын мәлімдеді. Оның пара ретінде алған сомасы 300 мың доллар және 55 млн теңгені құраған. 2015 жылдың 6 наурызында Жоламановқа 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, қатаң режимді колонияда жазасын өтеу туралы үкім шығарылды.
10. Ержан Өтембаев, Парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі
Парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев 2006 жылы 20 жылға сотталған болатын. Сот оны саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісін өлтіруге тапсырыс беруші деп таныды. Жеті жылдан соң – 2013 жылдың желтоқсанында Бас прокуратура саясаткерді өлтіру туралы тапсырысты орындаған Рустам Ибрагимовтың нағыз тапсырыс берушілердің кім екенін айтқанын мәлімдеді.
2014 жылдың қаңтарында бұл іс бойынша сот қайта басталды. Ибрагимов сотта бұл операцияны Әлнұр Мұсаев (ҰҚК бұрынғы төрағасы) жеке бақылауына алғанын айтты, ал Ержан Өтембаев сол кездегі жағдайдың құрбаны ғана болды.
Іс материалдарына қарағанда, Өтембаев бұған дейін Ибрагимовке оппозиционерді ұрып-соғу туралы жоспарын айтқан болып шықты, мұны білген Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев жоспарды өзгерткен. Сөйтіп, Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісі оққа ұшты да, бұдан соң Ержан Өтембаев түрмеге отырды.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 59 жастағы Ержан Өтембаевтың жазасын 20 жылдан 13 жылға қысқартқаннан кейін ол мерзімінен бұрын босатылуға өтініш беруге мүмкіндік алған.
Өтембаев Ержан Әбілқайырұлының мерзімінен бұрын шартты түрде босатылу туралы өтініші қанағаттандырылып, Өтембаев өтелмеген 4 жыл 2 ай 29 күн мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды.