БАҒАЛАЙ БЕРЕДІ ЕЛІҢ ЕРЛІГІҢДІ...

БАҒАЛАЙ БЕРЕДІ ЕЛІҢ ЕРЛІГІҢДІ...

Жетісу облысы, Қапал ауданы, Суықсай ауылының тумасы, елге сыйлы, абыройлы азамат Қуаныш Серікболұлы Маңғатты ең жауапты әскери салада абыройлы еңбек етіп, құрметті зейнетке шығуымен құттықтаймыз.

Ол Отан алдын­дағы қалтқысыз қызметті сонау 1997-1999 жылдары Тал­дықорған облысы, Панфилов ауда­нында Жаркент қаласында шекара қызметінде әскери борышын өтеу­ден бастады. Қылмыстық атқару жүйесінде Ла-155/16 мекемесінде режим және күзет бөлімінің бақы­лаушысы болды.

2002 жылы өмірлік серігі, ай келбетті Айнұр екеуі отбасын құрып, Рауан, Әлішер есімді алтын асықтай ұлдардың ата-анасы атанды.

Әке жолын қуып, заң саласында қызмет атқаруды көздеген үлкен ұлы бүгінде Талдықорған қала­сындағы Жетісу университетін заңгер мамандығы бойынша бітіріп жатыр. Кіші ұлы Әлішер 7 сыныптың оқушысы.

Әскери салада 24 жыл маңдай терін төккен Қуаныш Серікболұлы өз ісінің кәсіби білікті маманы атанып, ел алғысына бөленген ардақты жан. Елдік мұраттар бағытында сіңірген ерен еңбегі үшін түрлі алғыс хаттармен, медальдармен марапатталған. Солардын ең беделдісі – Қанды қаңтар қасіреті кезінде көрсеткен батылдығы үшін майор атағы еді. Осынау дәреже оған 2022 жылы Полиция күні қарсаңында 30 жылдық мерейтойына мерзімінен бұрын берілді.

Қанды Қаңтарда иесіз қалған қалада тіпті Ұлттық қауіпсіздік департаменті қызметкерлері басшысынан бастап қызмет орындарын тастап, бас сауға­лап кеткенде, түрмеге ағылған бір топ қарулы экстре­мис­терге қасындағы қызметкерлері­мен бірге батыл тойтарыс жасай білген Қуаныштардың ерлігі бағаланғаны­ ­орынды!

Қуаныш Серікболұлы Маңғат әскери салада 24 жыл еңбек етіп мекеме бастығының бірінші орынбасары лауазымын атқарып, зор құрметке бөленді.

2023 жылдың 23 қарашасынан бастап құрметті еңбек демалысына шыққан атпал азаматты осынау зор қуанышымен шын жүректен құттықтаймыз. Деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!

Ерлердің бірісің ғой сен бүгінгі,

Көрсеттің өмірде бұл өрлігіңді.

Әскери қызметіңе адал болдың,

Бағалай береді елің ерлігіңді!


Нарсың ғой халық жүгін көтерер мың!

Алдыңда ел парызы өтелер күн!

Жер жәннаты - Жетісу перзентісің,

Жетістікке әрдайым жете бергін!

Ізгі ниетпен, құттықтаушылар отбасы, қайын жұрты атынан, атасы Дүйсен және Қазыбек Иса, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.