Бақытын ең көп жыл іздеп тапқан Ерлан
2023 ж. 04 қараша
16665
0
1.Әр адам өмірге келгенде маңдайына жазып қойған өз жұбын іздейді! Іздеп тапқан жұбы - жұлдызы жарасқан, бірге жаралған жан болып шықса, яғни, өмірсерігіне айналғанда ғана адамдар бақытты болады.
Бүгін міне, қасиетті Сыр бойын жырға бөлеп, қуаныштарын халық тойлап жатқан Ерлан мен Бағлан осындай жұлдызы бірге жаралған жұп деп ойлаймын.
2.Мен отыз жасымда үйленгенде, іздеп жүріп тапқан ғашығымды Алматыдан ауылға алып кетерде ол айтып еді: “Танысқанымызға төрт -ақ ай болды ғой, ең болмаса, бір жыл өтсін”-деп. Сонда мен оған: “Мен сені отыз жыл іздегенім, жетеді, таптым, енді кеттік”-деп, мен де Сыр бойына, Шардарадағы Қызылқұмға алып кеткен едім…
Ал Ерлан Астанадан Қызылордаға алып келген Бағланды, яғни бақытын 37 жыл іздепті!!! Махаббат дастанындағы ғашығын ең көп жыл іздеген рекорд жасаған біздің Ерлан мен Бағланға мол бақыт тілеймін.
3.Екі жастың келісті келбеттері де, есімдері де ұқсайды екен. Сол кезде, мен осыдан отыз бір жыл бұрын Қызылқұмға алып барған келіншегім екеумізге қарап, тойда төрде отырған қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулет: “Екеуің ұқсайды екенсіңдер, бір-біріне ұқсаған жұбайлар бақытты болады” деп еді. Құдайға шүкір, бүгінде балалы-шағалы, бақыттымыз! Сендерге де сондай өмірлік бақыт тілеймін Ерлан бауырым!
4.Мен осы ерекше тойға бүгін арнайы ұшып келуім керек еді. Ұшаққа ұшуға жүрегім де жарайды, құдайға шүкір. Өйткені, осыдан бір жыл бұрын, 12 қарашада кардиолог Ерлан мен Әлібек бауырларым бастаған дәрігерлер күрделі ота жасап, емдеген еді.
Жүрегімді емдеп берген Ерлан бауырым өз жүрегінің қалауын 37 жыл іздеп тауып жатқанда неге келмейін тойына? Бірақ 5 қарашаға, жексенбіге Қызылордаға ұшақ бар екен де, түнде қайтып кетуге рейс жоқ екен. Ал ертеңіне дүйсенбіде жұмыс, аса маңызды жиынға қатысып, сөз сөйлеуім керек. Сондықтан, бәріне түнде Қызылодадан Астанаға ұшпайтын ұшақ кінәлі.
5.Бүгін Сыр бойын думанға бөлеп жатқан халыққа құтты болсын айтамын. Ерланның әке-шешесіне, ардақты Мұқанбетқали Деней әулетіне, алақандарыңызға қондырған ақ келіндеріңіз бақ келінге айналсын деймін!
ХХ ғасырдың соңғы серісі, әйгілі әнші-композитор Кенен Әзірбайдың елі Қордайдан келген құрметті құдалардың қадамы құтты болсын!
6.Екі жасқа Алла жар болсын!
Тойларың тойға жалғаса берсін!
Армандарың алға аса берсін!
Жаратқан иеміз жас жұбайларға бақ-береке мен шат мереке сыйласын!
Сөзімнің соңында жырмен шашу шашайын.
Бақыт құсы қонса қолға, саяға,
Қуанбайды қандай әке, қай ана?!
Ерлан деген атыңа сай ер болып,
Бағландай бақытыңды аяла!
Арман тауға аттандыңдар ат мініп,
Алдарыңнан шықсын күліп сәттілік.
Тәтті болсын, өмірлерің әрдайым
Дастарxанға жайылған соң тәттілік!
Шаңырақты көтеріңдер сәнді ғып,
Әлдилерің жүрсін ішін ән ғылып.
Ақ отауға Ақ жол біздер тілейміз,
Жұлдыздарың жарқырасын мәңгілік!
Ақ тілекпен,
ағаларың Қазыбек ИСА, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың иегері,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.