ЖІГІТТІҢ СҰЛТАНЫ ЕДІ…

ЖІГІТТІҢ СҰЛТАНЫ ЕДІ…

Белгілі журналист Шарафаддин Әмір досымыз да өмірден өтіпті! Екі кештің арасында естіген суық хабар есеңгіретіп, қабырғамызды қайыстырып кетті!..

Жігіттің сұлтаны еді Шараф. ҚазПИ-де, ол филология факультетінде, мен көркемсурет-графика факультетінде оқып, студенттік дәуренді бірге кешіп едік. Факультетіміз бөлек демесек, жүрісіміз де, өрісіміз де бір еді. “Татаркада” пәтерде де бірге тұрдық бір жылдары. 

Шараф негізі жақсы жазушы еді.

“Батсайы көйлек киген қыз” атты әңгімесін аузымыздың суы құрып оқып едік. Қарақалпақстаннан ұлы ақыны Төлеген Айбергенов жатқан Қоңырат қаласында туған Шараф кезінде осы әдемі әңгімесі үшін “Жалын” журналының Төлеген Айбергенов атындағы сыйлығы иегері болғанда достарының барлығы қосыла қуанған едік. “Егемен Қазақстан” газеті заң бөлімінде өзін құқықтанудың мықты журналисі ретінде көрсетіп еді. “Заң газетінің” бас редакторы, “Заң” медиа корпорациясы президенті болды біраз жыл.


“Заң газетіне” қазақтың біраз қаламгерлерін жинап, қамқор болып жүретін. Жерлес досы Орынбек Сахидәулетұлын жанынан тастамайтын қай басылымда жүрсе де. Осы газетте біраз жыл істеген қазақтың дарынды ақыны Аманхан Әлімнің үйіндегі жеңгеміз белгілі заңгер Қайрат Мәмиге жолыққысы келетінін айтқанда мен Шарафтың өзімен келісіп, телефонын берген едім. “Аманхан ағаның үйіндегі жеңгей болса, шаруасын шешіп беремін ғой” деп еді. Оған мүмкіндігі келді ме, жоқ па, ол жағы маған белгісіз.

2014 жылы мен Ресей Халықаралық Жазушылар қауымдастығының Сергей Есенин атындағы сыйлығы - “Алтын Күз” орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері болғанда сол шараның басынан аяғына дейін бірге жүріп еді. Марапатты тапсыруға Мәскеуден арнайы келген Ресей Халықаралық Жазушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары, ұлты украин жазушы-аудармашы Николай Середин мен қасындағы серігіне менің жас кезімдегі серілік жайлы өлеңімді оқып беріп, оны Азат Перуашев сол жерде бірден орысшаға аударып беріп, Мәскеулік құрметті қонақтар бастап, жиналғандардың барлығы көздерінен жас аққанша күлген еді.. 

Әңгімені әсерлі етіп, әдемі айтушы еді. Мәрт еді. Серілігі де бір басына жететін жігіттің жайсаңы еді! 

Мен Парламент депутаты болғанда қатты қуанып жүрді. Биыл 60 жасқа толғанда алғашқылардың бірі болып, өзі басқаратын “Ақиқат арнасы” газетіне өлеңімді бастырып, құттықтау жариялап еді.

Өткенде жазда көргенде жүдеп кеткенін байқап, қорқып қалып едім. “Ота жасаттым, тәуір болдым” деп еді. Қайыр ініміз үшеуміз бір жерден шәй ішіп, біраз әңгіменің басын қайырып едік.

Жазда Отырарда Мұхтар Шахановтың 80 жылдығын тойлағанда Шарафпен бірге оқыған, курсының старостасы Жұмагүл жолығып қалып, дұғай сәлем айтып еді. Басында шырамытып тұрғанымды байқап: “Шарафтың старостасымын” ғой дегенде күліп жібердік екеуміз де. Сәлемін жеткізгенімде Шараф та қуанып қалған болатын.

Өткенде қайыры мол Қайыр інісіне: “Шараф қайда, ауырып, ауыр ота жасатып жатқанда хабарласпады ғой, елдің бәрі көңіл сұрап жатқанда” дегенмін әзілдеп. “Ой, естіген жоқсыз ба, ол кісінің өзі ауырып жатыр ғой, содан соң сіздің ауруханаға түсіп қалғаныңызды айтқан жоқпын” деп еді…


Алматыға барғанда кіріп шығармын деп ойлап қойған едім.

Енді міне, қайран досымыздан мәңгілікке айрылып отырмыз…

Денсаулығымызға байланысты жаназасына бара алмайтыным, топырақ сала алмайтыным, қоштасу сөзін айта алмайтыным да өкінішті…

Жаратқанның үкіміне амал жоқ! Алла алдынан жарылқап, арты қайырлы болсын!

Алды пейіш, арты кеніш болғай! Құдай ұрпақтарына ұзақ ғұмыр бергей!

Отбасына, барлық ыстық-суығына бірге төзген, өмірдің қиындықтарын бірге еңсерген асыл жары Мәншүкке, ұл-қыздарына, туған-туыстарына көңіл айтамыз.

Иманы саламат болсын!

Қазыбек Иса, 

Қазақ үні