Бәріне қамқор Роза
2022 ж. 12 наурыз
19330
0
Бүгін шырайлы Шымқалада мерейлі тойын тойлап жатқан Роза Махымова біздің класта класком (староста) болды. Өзі ұзын бойлы, әдемі келген белсенді қыздардың бірі.
Біз марқұм Батыр досым екеуміз ол кезде мектепте бойымыз шағын болатын. Қатарға тұрғанда ең соңынан мен екінші ол үшінші тұратын. Ең соңында тұратын марқұм Сәбит Тәліповты менен кейін де тұратын бала болғаны үшін ба, білмеймін, жақсы көретін едім. Әрине, кейін Батыр еңгезердей қарулы жігіт болды. Біздің де бойымыз қатардан кем емес құдайға шүкір…
Мектептегі линейкада бойымыз кіші болғандықтан, бойшаң Розаның қасына тұрып қалмауға тырысатынбыз. Иә, Сүгірбаева, Қасқырбаева, Мекеева деген қыздар да ұзын еді де, олардан алыстау жүретінбіз…
Роза староста болғандықтан кластағылардың бәріне қамқор болып жүретін.
Сол қасиеті әлі қалмапты. Кеше “суретіңді, өмірбаяныңды жіберші, саған құттықтау жазып жіберейін” десем, “Мені қойшы, мен сол баяғы Розамын ғой. Одан да тойға келіп, кластағы қыздардың бәріне арнап жыр оқып берші”-дейді.
“Кластастарға арналған “Кездесейік” деген өлеңім бар ғой, барғанда соны оқып берейін”-деп едім, қуанып қалды.
Бірақ, тойға бару бұйырмады. Шұғыл жұмыс шаруаларымен Астанадан шыға алмайтын болдым. Қайтарда Алматы арқылы қайтармын деп ұшаққа алдын ала алып қойған үш билетімді де қайта өткізуге тура келді. “Билеттер қайтарымсыз екен, күйіп кетті”-деп едім, “Ойбу, қиын бопты ғой”-деп, қиналған Роза тойып ұмытып кете жаздады. “Мен сенің тойыңда, кластас достардың ортасында бола алмағаныма күйіп тұрмын, билетке емес”-деп көңілін көтеріп, біраз әзілдеп қойдым.
Бүгін де хабарласып, Сансызбай, Өскенбай достарыммен сөйлесіп, “Тойды жақсы өткізіңдер”-деп, жайымды айттым.
Өзім бара алмағанмен, менің атымнан “Ақ жол” партиясының Шымкент қалалық мәслихаты депутаты, қалалық мәслихаттың комиссия төрағасы Ноян Төлегенов бауырым барып құттықтады. “Ақ жол” партиясының Еңбек ерлеріне арналған “Еңбегім еліме” медалымен марапаттады.
Роза өзі өңді қыз болғанмен, сол баяғы еңбекқорлықпен, Дулат Исабековтың “Әпке” пьесасындағыдай бауырларына қамқор болып жүріп, ақыры тұрмысқа шықпай қалды. Ұзын бойлы, қақ-соқпен шаруасы жоқ, тек бір мекемеде ғана істеген Роза анау-мынау жігіттерді ұнатпаған да шығар… Ұнатқандарының бойы кіші болған болуы да мүмкін… Әйтеуір тұрмысқа шықпай, ақын Фариза әпкесіндей “Шашы ағарған қыз” атанды.
Мерейтойың құтты болсын, Роза! Арман-мақсатыңа жете бер.
Алла жар болып, Жұлдызың жарқырай бергей.
Құрметпен, кластасың Қазыбек ИСА.
КЕЗДЕСЕЙІК
Балалығым алыстап қалды-ау менің,
Бал күндерім қияға самғау ма едің?..
Жүйке бұзар тірліктен жүдегенде,
Сен есіме түсесің Балдәуренім.
Емін-еркін есепті шығаратын,
Көшіргім кеп отырса, ұға алатын.
Ерке қыз-ау, баяғы күйімізше,
Ұстаздардың тыңдайық ұлағатын.
Сақта мәңгі, балалық кезді есіңде,
Зымыраған уақыт тез көшуде.
Көп жыл өтті, бәріміз оралайық,
Алтын ұя – мектепке кездесуге.
Күйбендіктен қашып жүр маза бүгін,
Жүрегіңнің жарасын жазады кім?
Оралғанмен мектепке, оралар ма,
Қайран менің кіршіксіз тазалығым…
Шаттығымның шарасы шайқалмаған,
Сол күндері құдай-ау, қайтар маған.
Ерке қызға енді айтып керегі не,
Баяғы бір сырыңды айта алмаған.
Әрбір бала боп кеттік - әр үй бүгін,
Кездеспесек бір-бірін таниды кім?
Бітпейтұғын тірлікті жиып қойғын,
Бір сәт еске түссінші сәбилігің.
Сақта, мәңгі балалық кезде есіңде,
Зымыраған уақыт тез көшуде.
Мына жалған тірлікте жайың болмай,
Жүрсең-дағы келші бір кездесуге.
Алушы ең ғой сабақтың ұғып бәрін,
Қиялдағыш кезіңді ұмытпағын.
Көңіл- шыны, қирайтын кездері көп.
Құрап алып қайтайық сынықтарын.
Бүгін басқа, беу құрбым, кешегіден,
Мәселелер түйінін шешеді кем..
Бұл тірліктің есебі күрделі екен,
Оқушының ең қиын есебінен.
Шебер едік қиялға шетімізден,
Қайтпаушы едік бір алған бетімізден.
Бұл өмірдің қиыны, қателессек,
Құтылмайды екенбіз «екімізбен».
Мәнді, мәнсіз өтуде тез күндерім,
Ащы-тәтті тірліктің сездім көбін.
Көктем едік, тек қана көктем едік,
Өтудеміз өмірдің мезгілдерін…
Өмір жолын ойлаушы ек тіке деп те,
Ұшырады ұқсасақ үпелекке…
Көктем едік, бәріміз гүл едік-ау,
Кетпейікші айналып тікенекке.
Барлық істі бір сәтке доғарайық,
Балалықты ұмыту болар айып.
Сол күндердің соғып тұр қоңырауы,
Алтын ұя мектепке оралайық!
Қазыбек ИСА
1989 жыл