АЛАШ ЗАМАНЫНЫҢ КУӘСІ ЕДІ
2022 ж. 04 ақпан
17398
0
Ерейментау ауданының құрметті азаматы, қазыналы қария, Алаш арыстарынан тәлім алған абыз ақсақал Амантай Имағанбетұлының қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабыл алдық.
Амантай Имағанбетұлы 1928 жылдың 23 наурызында Еркіншілік ауданы (қазіргі Ақмола облысы, Ерейментау ауданы), Малтабар ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1937 жылы Малтабар ауылында бастап, зейнет жасына дейін комбайн, трактор жүргізіп, бригадир қызметін атқарған.
Амантай Имағанбетұлы аудан тұрғындары арасында үлкен беделге ие, дана пейілді, дара көңілді жан еді.
Абыройлы қызметі үшін КСРО-ның «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі секілді көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Ерейментау ауданының құрметті азаматы.
Амантай Имағанбетұлы Алаш қайраткері, ауылында алғаш мектеп ашып, бала тәрбиелеген ағартушы Перуаш Кәрімұлының тәлімін көрген соңғы шәкірті еді.
Текті кісі, абыз ақсақал еді.
Амантай атамыздың Алла алдынан жарылқасын! Алды пейіш, арты кеніш болсын! Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы саламат болсын. Амал дәптері оңынан жазылсын деп дұға етеміз. Сүрмеген жасы, көрмеген қызықтары артындағы ұрпақтарына бұйырғай.
Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы.
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары.