ЖЕҢЕШЕ
2021 ж. 20 мамыр
23075
0
Қайны мен жеңгенің арасындағы тіл жеткізіп болмайтын, әркім тек ділмен сезіне алатын байырғы болмысымызға тән тұмса жарасымды ерекше сезініп, қазақтай қадірлеген ұлт жер бетінде бар шығар, болса да тым сирек-ау. Жеңге десе баяғы қосетек көйлек, қынама бешпет киген, қашан көрсең алшын жүзі алаулап тұратын келімі келіскен келіншектер көз алдында сап түзей қалады. Қайны жайын сөз етсе де шоқпардай кекіл қойған қара тірсек, жалаңаяқ жар кешіп, қамыс ат мінген бала батырлар елестейді. Міне, біздің ұлттың танымында бұл егіз өрім осы табиғатымен қалыптасып, сана түкпірінде статикалық бейне ретінде сіресіп қалған. Бір ғажабы, тастауға көзің қимайтын көне альбомның суреті сияқты, әлгі бейнені де көңіл төрінен түсіргің келмейді екен. Өкінішке қарай, мұндай жарасым, дәл осындай бояуы қанық этнографиялық өрнек қазір қала түгіл далаңда да жоқ. Бұдан былай шам алып іздеп, қос атты парлап жегіп сабылсаң да таппайсың-ау. Мүмкін енді мүлдем болмас?!
Өткен ғасырдың 70-жылдары әуетолқыны мен көгілдір экранның сәніне, тыңдаушының көзайымынаайналған «...Жеңеше-ай, еркелейін, еркелейін, / Сенің ерке жаныңа. / Бұлбұл әнін мен төгейін, / Өзің еккен бағыңа...» деп, мына жадау ғаламды ерекше шуаққа толтырып, мейірімге малшып шырқап ала жөнелетін ғажап әннің тамаша мәтіні болушы еді ғой. Қазақ ән өнерінің арғы, бергі тарихында, әсіресе бізбен қатар жетілген соңғы 50 жылда жеңгенің ешкім түсіне бермейтін ерке жанын осы әннен артық әлдилеп, аялап, қызғыштай қорыған шығарманы мен өз басым естімеппін, осы күнге дейін бір тыңдамаппын да. Мүмкін біздің таным-талғам мына зымыран екпінді қоғамның ізіне ілесе алмай жүрген шығар, әйтеуір, оңаша отырып ыңылдасам болды, көмейіме «Аралдағы жеңеше-ай» деп қайырмалататын әлгі ән құйыла береді. Бұл менің аралдық болғанымнан да емес, ол жерде біз дегенде емешесі құрып, сарғая күтіп отырған жеңге түгіл ағаның да қатары сирегенін жақсы білемін. Жарықтық, Нұрағаң – Нұрғиса Тілендиев пен Адам Мекебаев соңына қай ғасыр, қандай заманда да өлмейтін, тозбайтын, қайта, заман бедері жаңғырып, буын ауысқан сайын түрленіп, түгін төге құлпырып отыратын ғажап дүние қалдырған екен-ау.
Есебін тауып, қайным деп еркелететін есті жеңгең болса, алау шағы Жалағаштың күрең топырағында қалып кеткен баяғы қарасирақ, кекілді бала секілді, кейде риясыз еркелелегің де келеді екен. Иә, бірақ ондай жеңге қайда? Қазақтың қайта оралмайтын салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен бірге олардың да ұлтқа белгілі базарлы бейнесі мына арты қушырылған заманы құрымағырдың пәрменді көлегейімен бұлыңғырланып кетті ғой. Балалығың еске түсіп, еркелік қысқан сәтте «Су сұрасаң сүт берген, айран берген... қайран жеңгем!» дегеннен басқа амалың жоқ.
Бұл жеңгеміз көріскен сайын, «Жырау қайным-ау» деп бар болмысымен бәйек болып жатады. Әрине, ондай әдет біреуге жарасса, енді біреулерге тіпті жараспай-ақ тұратынын қайтерсің. Бірақ осы жеңгемнің өзіне жарасымды. Содан соң қанша қайнаса да ортаймаған, 40 жыл оттан түспеген қара қазанын көтеріп, ағынан жарылып елпілдеп, жаны қалмай желпілдеп, жылы-жұмсағын көтеріп, ас бөлмеге қарай зуылдайды. Осы сөзді, жырауды айтамын да, арғы діліммен онша қабылдай алмасам да, жеңешемнің бізге деген мүлдем бөлек мөлдір ықылас, әппақ пейілі үшін ғана үнсіз жұта беремін. Сол баяғы қасқа қазақ айтқан, «Сүймесімді сүйемін, сүйгенімнің көңілі үшін». Мен де солаймын, әсіре ақжелең болғанның бір қиын жері осы екен.
Бүгінде баяғының күй таңдағыш қазағынша түсетін үй таңдағанда беретін тамағына емес, танытатын райлы қабағына қарай әрекет ететін заман келді ғой. Елге барғанда ат басын тіреп, жайланатын шаңырағым Жәкең мен Шара жеңгейдің үйі. Ағайдың жақсылығы шығар, оны жеңгеміздің уызына жарыған жайсаңдығы толықтыра түскенде, бұл жарасымы келіскен жұпты тура бір сәтті күні құрылған ансамбль ма дерсің. Бұларға қоса алдыңнан бұрала басып Назым қарындас, таудай болып Нұрлан, баудай көңілімен Алтынбек інім, аға деп сызылып Айгерім, Гүлжайна келін, ерке қылығымен Алтынай шыққанда, бесікте бұлөынған Батыржанды көргенде, улап-шулап, үйдібасына төңкеріп Ерасыл, Назар, Сартай жиендер жүргенде кәдімгідей марқаясың. Содан соң екі иінінен демалып жез самаурын, буы бұрқырап дәм келгенде, сол ықыласына еріп, Шара жеңгейдің езуіне күлкі үйіріліп ерекше сән келгенде, «Ой, біздің Шара мықты ғой...» деп, біздің ағай самал желдей әзілімен жеңіл желпіп отырғанда, мына жалғаныңның жарты қобызы бүтінделе бастайды.
Содан ешкімге, еш нәрсеге зияны тимейтін, саясаттан тыс, ағайын арасының сыпсыңынан аулақ, зілсіз тақырыптардың тиегі бір риясыз ағытылады дейсің. Менің Сырға баруым мен қайтуым осындай ықыласқа көмкерулі. Осының бәрінің ұйытқысы, шиырып отыратын ұршықбасы біздің Шара жеңгей! Бүгін сондай ерекшеқасиеттерінің шет-шепірін жарияға жар салуға тура келіп тұр, оның мінәйі себебін сөз соңына қарай айтармыз. Әйтпесе, мұндай ұлықтауды әйел затына абайлап қолдану керек екенін білеміз ғой.
Қызылорданың іргесіне тиіп тұрған Жалағаш деген қойыны құтты аудан бар. Адамдарының табиғаты жайсаң, топырағынан түк тартсаң түбінен құт құйылатын, әйгілі ақмаржанымен аты шыққан ырысты, күрішті мекеннің бірі осы. Бұл топырақта біздің де ақжелең шағымыз өтіп, алау күніміздің белгісі қалған. Атыңнан айналайын, өскен өлке, ескінің есті дерегін сөйлетсеңіз, кезінде жолбарыс жорытқан жал-жалнар қамысынан Жалағаш атаныпты.
Біздің Шара жеңгей 1961 жылдың 21 мамырында Бұқарбай Естекбайұлы атындағы ауылда (бұрынғы революционер Михаил Иванович Калинин шалдың атын иеленген совхоздың қабасақал Карл Маркс ауылдық округі ғой) дүниеге келіпті. Әкесі Әбдімәлік қарияны көрдік, дәмдес болдық, иманы жолдасы болғыр, бір жайсаң жан еді. Жеңгеміз қыз дәуірдегі Исмайлова деген сойына ерекше адалдық көрсетті. Тегін ауыстырмады, ол жағынантым қатал екен. Шамасы, ол дәуреннен де бір белгі қалу керек деп шешкен-ау. Қазір көп еркек келіншегінің тегіне көшіп алуды ойлап жүргенде бұл да дұрыс шығар.Кім білсін алда әлі қандай заман барын? Бұл жағынан біздің ағайда анау-мынау емес, қосымша үлкен «аэродром»тұр.
Жеңгеміздің ата тегін тым әрілетіп айтсақ Ресеймен белдеулес, Қарақалпақстанмен қапталдас, Алтаймен жапсарлас шекаралық аймақтарды, сәл берілетсек Ақтөбенің Байғанин, Аралдың бірталай жерін жайлаған Жетіру бірлестігі құрамындағы батыр да, би де өнік шыққан Тостаған ұранды Табын жұртының Жақап тармағының қызы. Осыдан соң қайын жұртына қызыметімен жаққан біздің ағайдың жүрегінде түгі бар демей көріңіз!
Қай кезде де ұран-сүрендетіп жүруді қалап тұратын халықпыз. Оның небір көкаман көкқасқасы кешегі Кеңес өкіметі тұсында болды. Қазіргідей, кім боларын білмей сандалып жүретін уақыт емес. Бесіктен белі шықпай жатып өндірістің үздік жас маманы болуға асығатын кезең ғой. Кеңес заманының жиі қолданатын «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарын тіленбей!» дейтін мақал да ғажап еді-ау. Жатып ішер жалқаулық, «Бере бер, Құдай, бере бер!» деген бүгінгінің басты қағидасы ол кезде модада жоқ.
Жеңешем әлгі текесақал Калинин атындағы совхоздан орта мектеп бітірген бойда, ешқандай қисаң, қылтың, сылтыңға қарамастан, «Мектеп бітірушілер өндіріске!» деген үндеуге қосылды да кетті. Мұны баяғы большевиктердің батыл қимылды прокламациясы екен деп ойлап қалып жүрмеңіз.Жәй кеткен жоқ, сол кеткеннен мол кетуге айналды. Кеңес кезіндегі бұқаралық саяси үгіт құралдарының пәрменін қараңыз, бәрін жиып тастап, бірден құж қайнаған еңбек майданына араласып, әп-сәтте колхозшы болып шыға келді. Өзі бәле, жұмыс арасында қысқа мерзімді механизатор даярлайтын курс оқып алып, мықшыңдап техника руліне жармасып, тырмысып жүріп, ортаңқолдай трактаршы қыз атанда. Сосын бұрқыратып жер жыртты, солқылдатып соқа салды. Әйтеуір тек, кейбіреулер сияқты совхоздың шөбін ұрлап арзанға сатқан жоқ, шамасы болашақ қызмет сатыларына зияны тиеді деп жүрексінсе керек.
О, менің қайран, жеңгем,сен онымен де тоқтап, тоқайрап қалмадың. Әлемнің әміршісі еңбек десек, ол жайындағы ұрандар күллі даланы жаңғыртып тұрған кезде және бір майдан шебінен табылдың. «Қарлығаштар» тракторшы қыздар комсомол-жастар бригадасы» барын біліп алғасын, мазасыз жеңгем тыным тапсын ба? Ұйымның құрамына кіріп, сол күннен бастап белсендісібола қалды. Тоба, мына мамандықты еркек таңдаса сөз басқа ғой. Камшат пен Жадыраға еліктеп жүргендершалбарланып алған кілең ғана қылқандай қыздар. Гүр етіп оталғанда олар түгел басқаның да айтуға болмайтын нәзік жерін солқ еткізетін сондай алып техниканы менің жеңгем оп-оңай-ақ тізгіндеп алды. Тізгіндегені сол, кейін қыз-бозбала жиналған вешірлерге мініп баратынды шығарды. Ақыры, әлгі ұйымның бригадирлігін алып тынды. Тынды дегенім жәй сөз, сәл тыныс алды, содан соң білекті түріп жіберіп, қайта кірісті...
Ол тындырмаған тағы не қалып еді? Көп ұзаған жоқ, түсіне кірген Ильич«көкесі» аян беріпті. Сөйтсе, компартия мүшелігіне өтуді ұмытып кетіпті ғой. Содан барлық шаруаны жиып тастап, «қайдан шықса одан шықсын» деп, шуылдатып жүріп, партбилет алып үлгерді. Бір қайрылғанда құрбысынан«Биыл өзі қай жыл?» деп сұрап көріп еді, жасы тап 19-дың нақ өзінде тұр екен. Келесі жылы, «Қой, уақыт жоғалтпайын, әлі қандай заман болады?» деп бригада жолдамасымен туристік сапарға шығып,Балқан аралдарына барып суға шомылып қайтты.
Оның арасында, қолы тиген кезде облыстық, аудандық комсомол комитеті ұсынған «Құрмет грамотасының» бірнешеуін алып тастады. Дүркін-дүркін ауылдық, аудандық, облыстық кеңестің депутаты болып сайланды. Қазіргідей бармақ баспай, көз қыспаймен өткізе салатын емес, еткең еңбегіңе қарай, айналайын өкіметтің өзі сайлайтын орган ғой. Тіпті соған қызығушылық танытып жүрген менің жеңгем жоқ. Өзі әлгі жерде қамалып алып мүлгіп отырғаннан, бірмайдан жел қағып, трактордың кабинасында жүргенді қалайды. Қолды бір сілтеп, «Қара тігілсінші!» деп тастап кетуге, ара-арасында өкіметтің қаһарынаұшырап кетуден де сескеніп қояды. Оның үстіне, осындайға кейбір кержалқаулардың қолы жетпей жүргенін біледі. Бірақ оны місе тұтып тұрған жеңгем жоқ. Мұны айтасыз, Қазақстан комсомолының ХV сьезіне Қызылорда облыстық комсомол ұйымының атынан делегат болып сайланып, Қырымбек қайнағасымен (ол кезде қайнаға болатынын білген жоқ, әрине) суретке де түсіп қайтты.
Ең қызығы содан кейін басталады. Бос жүргенше деп ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумы бұйрығымен «Еңбектегі ерлігі үшін»деген медальмен кеудесін бір жарқыратып алғасын, баяғы тракторынан жерінейін деді. Бірақ онысын жан баласына білдірген жоқ. Осы ой мазалай берген соң, оңашада май-май алақанына бір қарады да, өзіне жедел шешім шығарып, Қызылорда пединститутын бітіресалды. Қолына қатиршат тиген күні «Гудбай, Америка!» деп, Жалағашқа қолын бір-ақ бұлғады. Онда қалған қасқа тракторымен қимай қоштасса да, ендігі жердемүлдем басқа трактор керек екенін білді. Одан әрі аз ғана жыл мұғалім болып, мектеп директоры орынбасарына дейін көтерілді, ақыры мақсат-мұратынатолық жетіп, өмірдегі ең үлкен байлығы – біздің ағайды кезіктірді!
Үздіксіз өсу дегеніңіз осы!
Қашан күйеуге шығып, бар шаруасын әпі-шәпі қылғанша, әйтеуір, бір тыным тапқан жоқ. Солай дейміз-ау, қарап отырсам, сол белестердің бәрін бағындырып, небір қызметті ұршықша иіріп жүрген кезде ерте піскен марқадай менің жеңешем бар болғаны 21-ақ жаста екен ғой. Жұрттың ондай қыздары әлі күнге дейін оң жақта отыр, тіпті,көбісі жыламай тамақ ішуді білмейді. Десе де, советтің өте сапалы техникасы сияқты, бұрынғының қыздары да мықты екен ғой, айналайындар. Сол бетіңмен тоқтамай ұра бергеніңде, бұл күнде Қызылорда облысының әкімі Гүлшара емес, өзің болатын едің, ақ жеңеше! Әй, бірақ сенде «Ағаң алғанша, жеңгең жегенше» деген бақай есеп саясат жоқ қой. Әкімдік таққа ұрынбағаның да дұрыс болған шығар.Есесіне ұйқың тыныш, күлкің орнында, ішкенің де, ішпегенің де алдыңда дегендей.
Былайғы жұрттың жеңгесінде не шаруам бар, ал менің жеңешем осындай. Әйел келген алпыс талтүс емес, оны жақсы білеміз. Дегенмен,аман-есен жеткен белгілі белесің құтты болсын!
Берік ЖҮСІПОВ,
Қазақ үні