Әлемге ғашық жүрекпен қарады
2021 ж. 13 ақпан
5939
0
Ортамыздан шыққан іскер азамат еді, сүйенішіміз, демеушіміз еді. Жиырма жылдан бері «Балбұлағым» мен «Дертке дауаның» жарық көріп келе жатқаны да ең алдымен Ырымның көмегінің арқасы еді. Сырбаз да сері болатын Ырым. Әлемге ғашық жүрекпен қарады. Қандай тақырып, қай жанрда қалам тербесе де ғашық жүрекпен жазды. Пейілі кең, жомарт, үлкенге қамқор, кішіге жанашыр, ортасына сыйлы болды. Көбіміздің қолымыздан келмейтін ірілігімен, жұмсақ мінезімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, талап қойғыш, қандай да мәселеде жауапкершілікті сезінуімен полиграфия саласында табысқа жетті. Әдебиетте биязы қолтаңбасын қалдырды. Ұлы ұстаздарымыз Шерхан, Сейдахмет үлгісін жалғастырып, өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары жастар газетінде (Сейітқазы Досымов және басқаларымен) астан-кестен төңкеріс жасап, журналистиканың көркем мектебін қалыптастырды, жүздеген шәкірт тәрбиеледі.
Өзгерген заман талабын да қатарластарынан ертерек түсініп, баспалар, басылымдар ашып, жақсы, жайсаңды бауырына тартты, төңірегіне кәсіби мамандарды топтастырды. Мейіріміне бөледі, шуақ шашты. Қазір ойласам, айналасын, алыс, жақынды Ырым ұдайы қолдауға, қол ұшын созуға тиіс тәрізді көрініпті. Шамасы туабітті қайырымдылығынан шығар. Несін айтайын, ортамыз ойсырап қалды, қош бол деуге тілім күрмелгендей.
Бәріміз қадір тұтып, жақсы көретін сүйікті жары Науатқа, балаларына, ағайын, туғанына қатты қайғырып көңіл айтамын. Нұрың пейіште шалқысын асыл досым, руханият кеңістігінде жарты ғасырдан аса қанаттаса, қатарласа ұшқан қимас әріптесім...
Мағира Қожахметова,
жазушы
qazaquni.kz