Сырбаз да, сері замандастан айырылдық
2021 ж. 13 ақпан
5764
0
Жетпіс төрт жасқа қараған шағында белгілі жазушы, журналист, баспагер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері Ырым Кененбай дүниеден озды. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы хабарлады.
Ырым Суанбайұлы Кененбай 1947 жылы 19 маусымда Алматы облысы Талдықорған ауданының Жетісу Алатауы дүниеге келді. 1969 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
Өткен ғасырдың жетпісініші жылдарынан бастап жан-жақты, сан қырлы журналистік талантымен танылып, әр жылдары республикалық басылымдарда, баспа саласында қызметтер атқарды. Ол «Лениншіл жас» газетінде 11 жыл бойы қызмет жасап, газеттің мәдениет және ғылым, жастар, насихат бөлімдеріне жетекшілік етті, редколлегия мүшесі және 1979-1985 жылдары «Қазақстан» баспасында аға редактор, «Мектеп» баспасында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болды.
Арнайы үкімет каулысымен жаңадан ашылған «Ана тілі» баспасының ұйымдастырушыларының бірі, бас редактордың орынбасары, директордың бірінші орынбасары, директоры сынды жауапты қызметтерде көрінді. Сонымен қатар, «Білім» баспасын ұйымдастырып, басшылық етті. Ы.Кененбай ұзақ жылдар «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорациясының Президенті болған.
Оның «Лабасы етегінде», «Қырда өскен қызғалдақтар», «Жас шопандар ауылы», «Інжу-маржандар», «Бір уыс дән», «Қолғанат», «Ер жүрегі», «Мәңгі жаз елі», Таңдамалы шығармалар жинағы (1,2 том) сынды көптеген кітаптары жарық көрген.
Еліміздегі баспа саласының қарқынды дамуына, жаңа белеске көтерілуіне айрықша үлес қосқан, қазақ баспасөзі мен әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, өзіне жүктелген жауапты қызметтерді абырой биігінде атқарып, айналасына, ел-жұртына сыйлы болған қаламгердің жарқын бейнесі оқырман жадында, әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.
qazaquni.kz