Ұлылар ұлтқа бөлінбейді
2020 ж. 16 мамыр
1656
0
Ұлты орыс, жаны қазақ Юрий Васильевич Бондаревпен қоштасу
О, опасыз жалған-ай...Қара түнді қақ жарып Мәскеуден жеткен қайғылы хабар Юрий Бондаревтің өмірден озғанын жеткізді. Жазып отырған шығарма жайына қалды. Дене мұздап, жүрек сыздап сала берді... Кім келіп, бұл өмірге кім кетпеген, адамзаттың дұшпаны арсыз ажал кімнің жанын жүдетпеген?... Ешкім мәңгі емес. Мәңгілік бір Алла, сосын адамзаттың анасы киелі Қара жер мен атасы қасиетті Көк аспан. Адам әрі кеткенде жүз жасайды. Өмір ұзақтығымен емес соңында қалатын ізгілікті істеріңмен мәнді. «Есіңде болсын, сен өмірге қонақ емес, өткінші жолаушы ғанасың» депті Лев Толстой. «Өткінші жолаушылықтың» мәнін терең ұғып, ұлағатты өмір сүрген ақиық ақылман еді, Юрий Бондарев, өзі де, сөзі де ірі еді. Ол Қазақстанды жанындай жақсы көрді. Қазақтың жайсаңдарымен кездессе ішкен асын жерге қоятын. Билік оны қанша алақанына салып, атақтың Лениндік сыйлық бастаған неше атасын да, жоғары лауазымды қызмет те беріп, кеудесіне Алтын жұлдыз тақса да ылғи халық жағында болды, ащы да болса ашығын айтудан танбады. Ресей билігі халықтан алыстап бара жатқанда «Бермуд үш тағаны» атты роман жазып, асқақтаған шенділерді тәубасына келтірді. Ресей Президенті Путин «Колоналы залда 80 жылдығыңызды өткізейік, кешіңізге өзім қатысамын» деп Сергей Михалков арқылы өтініш айтқанына өзім куәмін. Кештен де, екінші рет алғалы тұрған Алтын жұлдыздан да бас тартқан Бондарев ол! Ұлылар ұлтқа бөлінбейді. Бір халықтың перзенті болып өмірге келген, сан халықтың сүйіктісіне айналған сом тұлғасы сонадайдан көзге шалынатын сондай алыптың бірі еді Юрий Бондарев. Тағдыр маған орыс Сергей Михалков, Юрий Бондарев, Валентин Распутин, Людмила Щипахина, авар Расул Гамзатов, қырғыз Шыңғыс Айтматов, балқар Кайсын Кулиев, өзбек Зулфия, тәжік Момын Каноат, Гулрухсор, түркімен Берді Кербабаев, қазақ Олжас Сүлейменов, башқұрт Мұстай Кәрім сынды әлемдік деңгейдегі тұлғалармен таныс қана емес, дәмдес, сырлас, дос болу бақытын бұйыртты. Адам өз ортасының жемісі. Араласқан кісілеріңнің ықпал, әсері мол болады. Бүгінде белгілі бір табысқа жетсем жоғарыда аттары аталған ұлыларға қарыздармын. Соларға қарап бой түзедім, Ұлылардан көп нәрсе үйрендім. Юрий Васильевич Бондаревпен 1999 жылы Мәскеуде КСРО жазушылар одағының Шолохов атындағы залында өткен шығармашылық кешімде таныстым. 2000 жылы «Советский писатель» баспасынан жарыққа шыққан «Вторая жизнь» атты бір томдық шығармама «Диалог с читателем» деп алғы сөзді Сергей Михалков жазып еді, соңғы сөз – түйін сөзді «Кардиограф человеческих души» деп Юрий Бондарев жазды. Содан бері соңғы жиырма жыл бойы тығыз қарым-қатынаста болдым Бондаревпен. Юрий Васльевич Мәскеуден қырық шақырым қашықтықта оңтүстік шығысқа қарай Калжунская тас жолымен жүріп, әскери поселканы басып өтетін орман арасындағы саяжайында тұрды. Мәскеудегі төрт бөлмелі үйіне дәрігерге қаралғанда, ауруханаға жатқанда ғана келетін. Саяжайдағы көршісі «С легким паром» кинофильмнің режиссері Эльдар Рязановпен орман ішінде жиі серуендейтін. Сол бір жылдары Мәскеуге жиі баратынмын. Барған сайын Юрий Васильевичке соғып, сәлем беретінмін. Көбіне мен, кейде ол телефон шалып жиі сөйлесетінбіз. Көп сериялы «Освобождение» кино эпопеяның сценариін жазған, «Берег, «Батальоны просят огня» сынды әлемдік деңгейдегі классикалық шығармалардың авторымен сағаттап әңгімелесу дүниенің рахаты еді. Ондай сырласулардан соң жандүниең жаңғырып, ой-өрісің кеңейіп жүре беруші еді... Енді міне, сәуір айының соңғы он күндігінде сол алып бәйтерек те құлады, тоқсан алты жасында. Аз жас емес, әрине. Сонда да Бондарев сынды алыпқа бұл да аздық етеді. Қартайса да ақыл-ойы ортаймаған, қолынан кітап пен қалам түспеген қайратты еді ол. Титандардың соңғы тұяғы Юрий Бондарев те өмірден озды. Онымен бірге тұтас бір дәуір, мол қазына әлі де айтылатын ой, жазылатын шығармалар кетті. Оның орны ойсырап тұр.... Қош, қоштасуға қимайтын, адамзатпен бірге жасай беретін қайран ұлы ұстаз! Сәбит ДОСАНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты qazaquni.kz