Дүйім жұртқа қадірлі АЗАМАТ еді
2020 ж. 18 сәуір
2021
0
Қадірлі болмақ қадірлі ісіңнен!
Әліпбек Өсербаев қайтыс болды.
Жүрек сыздатар қайғы! Түркістан қалалық мәслихатына бірге депутат болдық. Өресін көріп, өрісін танып Мәслихат хатшысын алып тастап, орнына Әліпбекті отырғызып едік. Іс ілгері басып жүре берді. Кентауға әкім орынбасары болып барды. Іс ілгерілеп жүре берді. Түркстанға келді орынбасар болып. Іс ілгері жүріп кетті. Әкім қарап отырды десе болады! Алдынан іс қашып жүре берер еді Азаматтың! Топырағын қозғап қалсаң халық тарихы боздап қоя беретін Түркістанның тас-тарихын - қағба, тарих исі аңқыған тұзды топырағын сажда қылған АЗАМАТ Түркістанға әкім болып үш келіп, еселі еңбек беріп, ел сүйіктісіне айналып, үш кетті. Облысқа бірінші орынбасар. Қайда барса да, Әліпбек жүрген жерде қайнаған жұмыс жүрер еді. Айтары жоқ, іскер азамат!
Кітап оқығыш. Әдебиетті айырып түсінетін азамат. "Кітабыңыз шығыпты. Құтты болсын. Оқыдым..." деп ұялтты. Кітап сыйлайтын әдет таптым. Ақырында кітабымды айтқызбай шығарып беретін әдетті ол тапты. Түркістанға қаржы тауып, қақпа салды. Төрт қақпалы Түркістан емес пе?! "Мен біреуін салсам, қалған үшеуін Түркістанның кәсіпкелері іліп алып кетіп әп сәтте салып тастар..." деп күлетін. Міз баққан кәсіпкерлерді көрген жоқпыз. Қақпаның жанынан Түрік халықтары гимнін жазған Мағжан Жұмабаевқа алып ескерткіш тұрғызу керек деп "Түркістан" газеті бетінде көлдей мақала жаздым. Қалалық "Түркістан" көшіріп басты. "Саламыз, тұрғызамыз, аға! Ұлы ақыннан немізді аяйық? " Ол Мағжанның "Түркістан" өлеңін жатқа айтты. Мен сүйсіндім! Түркістан соңғы жылдары тыңнан түледі. Облыс болған соң енді тіпті басқаша. Облыстық қалаға лайықтап бәпелеп дайындап бастаған Әліпбек еді, Түркістанды. Айта берсе Түркістанда Әліпбек іскерлікпен атқарған шаруа шаш етектен. Соның өзінде сын айтатын едім. Әкімді құдай сынауға жаратқан... Көнер еді, төзер еді, жөндер еді! Жәдігер шахар Түркістанға қызмет ету арқылы дүйім қазақ жұртына қызмет етті! Дүйім түрк жұртына Кебе болған Түркістанға қызмет ету арқылы күллі түрк дүниесіне қызмет етті. Қадірлі болмақ қадірлі еңбегінен! Бейбіт күнгі батырлық!
Соңғы кездері Ордабасы ауданына ойыса басшылық жасады. АЗС-тан "атымды" суарып тұрып, жол-жөнекей Ордабасылықтардан сыр тартамын. "Әкімге енді жарыдық.."-дейді бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай олар. Қай жерде жүрсе де халық деп іс атқаратын сабаз! Солай халық құрметіне бөленіп ақтық демін қасиетті Ордабасы жерінде алды!
Қасымхан ақын жүрегі қарс айырыла есіттіргенде төбемнен тастай суды құйып жібергендей әсер болды. Артында қарт әке, аңырап ана, жылап жар, мұң кешіп бала қалды. Уақыт болса мынадай! Үлкен жүрек тоқтады. Амал нешік? Алланың дегені! Алдың пейіш, артың халқыңа кеніш болсын, қадірлі ісімен дүйім жұртқа қадірлі болған АЗАМАТ! Сені Түркістаның әрдәйім жоқтайтын болар! Қиын қыстау заманда салған топырағымыз болсын! Елшіл, мемлекетшіл Азамат жоғалтқаннан асқан қасірет бар дейсің бе, қарағым?! Кімдерден қалмаған дүние?! Сенен де қалды енді...
Ей, дәруіш дүние!
Құлбек Ергөбек,
Қазақ үні