ҚАРАЖАТ БАР, ҚИМЫЛ ЖОҚ
2016 ж. 24 мамыр
3164
9
ҚОЛЫНАН ІС КЕЛМЕЙТІН БАСШЫЛАРДЫ НЕСІНЕ ҰСТАП ОТЫРМЫЗ?
Ақордаға Министрлер кабинеті мен облыс әкімдерін тегіс шақырып, кезекті кеңес өткізген Елбасы тұрғындарға жер реформасына қатысты өздерінің пікірлері мен ұсыныстарын мемлекеттік комиссияға жолдауларын сұрады.
Нұрсұлтан Назарбаев қандай күрделі жағдай болмасын өзіміздің ішкі мәселемізді сыртқа дабыра етпей, өзара түсіністік жағдайда комиссия отырысында шешуге шақырды. Тұрғындарымыздың жер дауына қатысты кез келген ұсыныстарын арнайы жасақталған комиссия қарауға міндетті екенін жеткізді. Ордалы отырыста одан кейін еліміздің экономикалық мәселесі майшаммен қаралды. Жыл басынан бергі 4 айдағы елдің даму көрсеткіштеріне мемлекет басшысының көңілі толған жоқ. Себебі, экономиканың негізгі қозғаушы күші болып табылатын кәсіпорындар қимылы баяу. Соңғы 6 жылда елімізде 900 кәсіпорын іске қосылғанымен, оның 21-і тоқтап тұр. Тағы 13 өндіріс орыны жұмысын бастамай жатып тұралаған. Басқасын айтпаған күннің өзінде, елімізді дамытуға бағытталған ең басты «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына бөлінген бюджет қаржысының тек 8 пайызы ғана игеріліпті. Бұны естіген Елбасы қолда бар ақшаны ұқсата алмай отырған министрлер мен облыс әкімдерінің атына қатаң сын айтты. – Қалайша бұлай жұмыс істеуге болады? Ақша бар, бар ақшаны ұқсатып, жергілікті жерлерге жеткізе алмаймыз. Бір облыста бар нәрсе, екінші облыста жоқ. Оны осы күнге дейін істемегенсіңдер. Біз басқа жақтан базар іздеп, шетелден зат әкелеміз, ал сол тауар көрші облыста бар ғой, – деген Президент біздің басшылардың жіберген кемшіліктерін бетіне басты. Әкімдер мен министрлерді Елбасының бұл бірінші рет «дүрелеуі» емес. «Таяққа» еті әбден үйреніп кеткен басшылардың бұл жолы да сыннан қорытынды шығаратынына сенім аз. Осындай қырсыздыққа қатысты «Қолынан іс келмейтін әкімдер мен министрлерді несіне ұстап отырмыз?» деген көпшіліктің заңды сұрағына кім жауап бере алады екен?..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz