Мәжілісмендерге смартфон қолдануға тыйым салынды

 

24 наурыздан бастап Парламент Мәжілісінде ұялы құрылғыларды қолдануға тыйым салынды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Парламенттің төменгі палатасының баспасөз қызетіндегілер хабарлады.

Баспасөз қызметінің өкілдері ұялы құрылғыларға салынған тыйымның аппарат қызметкерлеріне қатысты болғанын айтып берді. Қазіргі уақытта кіреберіске смартфон сақтауға арналған арнайы жәшіктер орнатылып жатыр. Ал Сенаттың баспасөз қызметіндегілер бұл тыйымның онда кейін енгізілетінін хабарлады.

Министрлік ғимараттарында бұл тыйым әлі салынбады. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің кіреберісінде қызметкерлері бұл туралы бұйрықты естігендерін, бірақ оның сәуірдің басынан бастап енгізілетінін айтты. Осындай жағдай ҚР Ұлттық экономика министрлігінде, сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде болды. Бұл ведомствода тыйымның 4 сәуірден бастан енгізілетінін хабарлады. Қазіргі таңда арнайы жәшіктерді орнату жұмыстары жүріп жатыр.

Қазақстандық министрлер мемлекеттік органдардың ғимаратында смартфон қолдануға тыйым салу жайлы айтылған құжаттың түпнұсқа екенін растаған болатын. WhatsApp мессенджерінде биылғы 24 наурыздан бастап барлық мемлекеттік органдардың ғимаратында келушілер мен қызметкерлердің ұялы құрылғыларды (смартфондар, планшеттер, смарт-сағаттар) қолдануына тыйым салынғаны жайлы жазылған қызметтік хаттың суреті таралған еді.

Бұл шараның мемлекеттік қызметкерлердің ұялы құрылғыларды қызметтік мақсатта белсенді түрде қолдануы мен қызметтік мәліметтердің WhatsApp арқылы тарауы жайлы деректердің болғаны үшін қабылданғаны жазылған. Сонымен қатар, "телефон шалу/жауап беру/sms" функциясы бар ұялы құрылғыларды қолдануға рұқсат етілетіні де жазылған, бірақ бұл құрылғыларда Интернет-модульдер мен фото-видеокамералар болмауы керек екен.

Дерек көзі: tengrinews.kz