Қазақстанда президенттік кадрлық резерв қалыптасатын болады
2019 ж. 14 мамыр
2911
0
Қазақстанда президенттік кадрлық резерв қалыптасатын болады. Бұл туралы БҚО жұртшылығымен жүздескен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысының айтуынша, оның құрамына конкурстық негізде 300 жас маман іріктеліп алынбақ. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысы да келешекте еліміздің басқару элитасына енетін лайықты мамандарын, жастар өкілдерін ұсына алады. Президент жастар кадр саясаты 300 адаммен шектелмейтінін атап өтті.
«Біздер мемлекеттік қызметтің маңызды орындарына білікті кадрларды іздеп, барлық өңірде таңдау, іріктеу жұмыстарын жүргіземіз. Елімізде жастардың өз әлеуетін іске асыруға барлық мүмкіндігі бар. Соның ішінде министрліктер мен әкімдіктер, басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлері кадр құрамының тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуі тиіс. Ел ертеңі жастар екенін ұмытпай, эстафетаны қабылдап алатын лайықты буын тәрбиелеуіміз керек. Бұл - өмір заңдылығы. Тұтастай алғанда, біздер талантты жастардың экономикада, ғылымда, өнерде, спорт пен мәдениет саласында өздерін таныта алуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Жастардың бизнес бастамаларына жол ашатын "Жас кәсіпкер" бағдарламасын әзірлейтін боламыз. Жастардың болашағы бар стартаптарына жүйелі қолдау көрсетіледі. Жұмыс тәжірибесі жоқ жас мамандарды қызметке алған жұмыс берушілерді ынталандыру тетіктері жасалады. Осылайша жұмыс жасамайтын немесе оқымайтын жастардың мәселесі шешіледі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.