Ынтымағы жарасқан - Дендер
2019 ж. 02 мамыр
3306
0
Республиканың түпкір-түпкірінде ерекше аталып өтетін 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесі Атырау облысының Дендер ауданында да жоғары деңгейде аталып өтті.
Татулығы тұғырлы, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі Индер халқын алдымен аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов құттықтап, елімізде бейбітшілік пен келісім, тұрақтылық орнаған жерде ғана даму болатынын, көпұлтты мемлекетімізді мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың бірлігін нығайтудың маңызы зор екенін баса айтты.
Бұл күні мәдениет үйінің алдында көрсетілген театрландырылған қойылымдар көрерменге салмақты ой салып, көңіл күйлерін шарықтатты. Тіпті шырқалған әсем ән де, көкте күмбірлеген күй де темірқазықтай мықты татулығымызға, еліміздің жеткен толайым жетістіктеріне арналды.
Аудандағы барлық мекемелер бірлесіп дайындаған мерекелік бағдарламада татулық мекеніне айналған еліміздегі достық ұранын қолдаған әр ұлттың мәдениетімен таныстыру мақсатында түрлі ұлттардың ұлттық киімдері мен өнері дәріптелді.
Айтулы күн аясында ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалаған бұқара байтақ елімізді «Бірлік» атты баға жетпес байлығымыздан айырмасын деген тілектерін білдірді.
Салтанатты шара соңында Дендер аспанында «Атамекен» әні шырқалды.