Президент сайлауында мүгедек жандарға барлық жағдай жасалады
2019 ж. 23 сәуір
2869
0
Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Құжатқа қол қою рәсіміне орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев пен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Елімізде 680 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның 500 мыңы дауыс беруге құқылы. Сондықтан еңбек министрі сайлау учаскелерінде мүгедек жандарға қолайлы жағдай жасау үшін жергілікті органдармен бірігіп жұмыс істейтінін атап өтті.
"Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы туралы конвенцияны мақұлдай отырып, Қазақстан өзіне міндеттемелер алды. Сондықтан 2 жыл бойы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірігіп, жұмыс жүргіздік", - деді орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев.
Кезектен тыс президент сайлауына дейін сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдай жасалуы шарт. Бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы билік жүргізуі қажет.
"Осыған дейін "Сайлау туралы" заңға өзгерістер енгізілді. Ол бойынша жергілікті атқарушы органдар сайлау учаскелерін дайындаған кезде мүгедектерге арнайы жағдай жасауы керек. Сайлауға келген көзі көрмейтін, құлағы естімейтін және арбаға таңылған азаматтарға жеке-жеке тиімді қызмет көрсетуге мүмкіндік жасадық", - деді орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен.
Айта кетейік, осыған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы үндеу жасап, 2019 жылдың 9 маусымында Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін мәлімдеген еді.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, еліміздегі кезектен тыс президент сайлауына 11 миллион 814 мың 19 адам қатысады.