ПОЛИЦИЯ ХАЛЫҚ СЕНІМІН АҚТАУҒА МІНДЕТТІ
2019 ж. 19 сәуір
2162
0
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ басшылық құрамымен жиын өткізді. Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген бұл алқа отырысына ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Б.Сағынтаев, ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қ.Қасымов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә.Смайылов, Президент әкімшілігінің және Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамы қатысты.
«Полицияның жұмысы қоғамның жіті назарында. Сіздердің қызметтеріңіз ел азаматтарының мүдделерімен және қауіпсіздігімен тығыз байланысты. Сондықтан, Ішкі істер министрлігінің жұмысы айқын әрі жүйелі болуы керек. Полиция ашық болуы тиіс. Бұл үшін халықпен тығыз байланыс қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда ішкі істер органдарының жұмысындағы күшейтуді талап ететін бағыттарды көрсетті. Соның ішінде, полиция мен қоғамның арасындағы өзара тиімді іс-қимылдың болмауы, мал, ұялы телефондар мен автомобиль бөлшектерінің ұрлануына байланысты алдын алу жұмыстарының қажетті деңгейде жүргізілмеуі, есірткі бизнесіне қарсы күрестің әлсіздігі мәселелері бар. «Полицияға қойылатын негізгі талап – тиімді жұмыс. Ал оның тиімділігін бағалаудағы басты шарт – халық сенімі. Тұрғындар полиция қызметкерлерінің дөрекілігі мен біліксіздігіне байланысты жиі шағым айтады. Кейбір жағдайларда полиция қызметкерлерінің өздері заңды бұзады, әсіресе, жол ережелерін сақтамайды. Ішкі істер министрлігі жүргізіліп жатқан реформалар аясында тәжірибелі әрі адал кәсіби мамандарды сақтап қалудың кешенді шараларын қарастыру қажет», – деді.
Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың есебін тыңдаған соң жүктелген міндеттерді орындау үшін бұқаралық ақпарат құралдарының, әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдалана отырып, жүйелі жұмысты жолға қоюды тапсырды.
qazaquni.kz