Мектептер құрылысына қосымша тағы 50 млрд теңге бөлінбек
2019 ж. 17 сәуір
2373
0
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынуы тиіс кейбір мектеп құрылысы мердігерлер кесірінен тоқтап тұр. Ал енді бірі мекемеге керек жабдығы жетіспеген соң, пайдалануға әлі берілмеген. Бұл туралы «Nur Otan» Фракциясы жанындағы комиссия отырысында белгілі болды, - деп хабарлайды astanatv.kz.
Енді жергілікті бюджеттен ақша бөлініп, білім мекемелерінің құрылысы қайта жанданбақ. Ал үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептерге 2021 жылға дейін қосымша тағы 50 млрд теңге бөлінеді.
Бибігүл АСЫЛОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Аталған қаражаттың 28 млрд теңгесіне 38 нысан құрылысы басталады. Келер жылы оның 19,6 млрд теңгесіне 28 мектеп саламыз. Сонымен бірге 2021 жылы Түркістан облысында 2 мектеп бой көтереді. Тағы 2 мектептің құрылысын толық аяқтаймыз. Бұған 4 млрд теңге қарастырылып отыр.
Ал Мәжіліс депутаты Павел Казанцев жекеменшік мектептер санын арттыруды ұсынды. Дамыған елдерде мұндай оқу орындарының саны 19 %-дан асса, Қазақстанда 1,5%-ға да жетпейтін көрінеді. Білім саласына жекеменшік секторды әкелу - ашық жұмыс істеуге мүмкіндік береді,- дейді депутат.