Грантқа түсіремін деп жұрттың миллиондаған ақшасын жымқырған алаяқ ұсталды
2019 ж. 17 сәуір
3358
0
Грантқа түсіремін деп жұрттан миллиондап ақша алған алаяқ ақыры қолға түсті. Алматыда балаңды грантқа оқуға түсіремін деп елден ақша жинаған ер адам құрықталды. Полицейлердің айтуынша, күдікті 40 адамды тақырға отырғызып кеткен. Жәбірленушілердің барлығы Алматы облысының тұрғындары екен. Олардың әрқайсы уәдені үйіп-төккен алаяққа 3-4 миллион теңгеден ұстатыпты.
Бұл туралы КТК телеарнасының сюжетінде айтылады.
Телеарна тілшілеріне Қастер Сəметұлы деген жігіт алаяқтан қалай алданғанын айтып берді. Оның айтуынша, тесттен төмен бал алған інісіне білім грантын ұсынған күдікті 650 мың теңгесін қалтасына басыпты. Алайда, грант тұрмақ ақшадан бір айырылған жəбірленуші, тіпті інісінің құжаттарын қайтара алмаған.
"Алматыдағы Сайран автовокзалына апарып бердік. Құжатты қолына ұстаттық. Қыркүйек айында оқуға түсесіңдер деді. Барып едік, ешқандай оқу жоқ. Телефоны да жоқ, хабарлассақ көтермейді", - дейді жәбірленуші.
Полицияның дерегінше, жоғары оқу орындарында қызмет істеймін деп елді арбаған 30 жастағы азамат 40 адамды тақырға отырғызған. Күдікті тізбектеген оқу ордаларының арасында Қазақ спорт жəне туризм академиясы да бар. Бірақ кейін оның ешқандай білім мекемесіне қатысы жоқтығы анықталады. Ал жəбірленушілердің арасында оған 3-4 миллион теңгеден санап бергендер бар екен. Аңқау ата-ананы білім грантымен қызықтырған алаяққа жем болғандардың дені Алматы облысының тұрғындары. Алайда полиция департаментіндегілер зардап шеккендер саны əлі де көбеюі мүмкін дейді.
"Бұл азаматтан зардап көрген тағы да адамдар болса, 254 46 01 және 254 46 02 телефондарына хабарласуын сұраймыз. Негізі қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-тармағы бойынша аса ірі көлемде жасалған алаяқтың дерегі бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделеді", - деп хабарлады Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.